АҚ КЕПТЕР МЕН КӨК КЕПТЕР
Ағайынды ақ кептер мен көк кептер дән теріп жүргенде, кенеттен қырғи шүйлігіпті.
Ақ кептер болса: «қырғиды өз соңымнан ертіп кетсем, көк кептер аман қалады ғой», – деп ойлапты. Ал көк кептер де: «мен қырғиды ертіп кетсем, ақ кептер аман қалар», - деп біліпті. Сөйтіп екуі де тасаға тығылудың орнына, көтеріле ұшып қырғиға тап беріпті. Кептелерден мұны күтпеген қырғи қатты сасып қалыпты. Осы кезде әр екі кептер оны шырғалап, өз соңдарынан ертіп кетпекке екі айрылып ұшыпты. Олардың екі айрылғанын күткендей қатты дауыл тұрып, нөсер құйыпты.
Дауыл мен нөсер екеуін екі өңірге апарып тастапты. Екеуі бірін-бірі таба алмай, өзге жерде өмір сүріпті.
Ақ кептер адамдарға үйір болып, солардың қарайласуымен күн кешіріпті. Қартайған кептерді «мысық жеп кетпесін» деп жаны ашыған адамдар оны торға қамап бағатын болыпты.
Даланың жабайы құсына айналған көк кептер күндердің бірінде самғай-самғай қанаты әбден талып, бір қаланың тұсына келгенде, биік үйдің төбесіне қоныпты.
Осы кезде әйнек терезелі үйдің ішінен торға қамалған баяғы ақ кептерді көріпті. Көзіне жас үйріліп, терезенің сыртқы жақтауына келіп қоныпты. Торда ұзақ отырған ақ кептер болса оны бірден тани алмай, жәудірей қарапты.
– Мен – көк кептер, ағаңмын ғой, ағаңмын, – деп шиқылдапты анау.
– Рас, менде сендей аға болған, бірақ тани алмай тұрмын, – деп шынын айтыпты ақ кептер.
– Мен қырғиды шырғалау үшін, алысқа ұшып кетіп, сол беті адасып кетпедім бе, – депті көк кептер.
Есіне әлде нелер оралған ақ кептер сонда барып:
– Сені қырғиға жем болған шығар деп күдерімді үзген едім, тірі екенсің ғой, – деп жылапты, – енді менің түрім мынау, тордамын. Шау тартып ұша алмайтын болып қалғанмын!
Амалсыз қалған көк кептер, көк аспанға самғай ұшып, әр күні таңсәріден ақ кептердің терезесінің жақтауына қонып, ән салып береді екен.
Екі кептердің тағдырын сабақ еткен кейінгі кептерлер осыдан бастап, бір-бірінен бөлінбей, топ-тобымен ұшып-қонып жүретін болыпты. Ал үй дөдегесіне қонған кептерлердің гүжілдеген, қырқылдаған үндер шығарып айналып жүретіндігі сол көк кептерден қалған жол болса керек.