Аю мен қасқырлар
Аюдың жайлай төсіндегі көгалда құнжыңдап жүргенін көрген бөлтірік енесінен:
– Ана аюлар не істеп жүр? – деп сұрайды. Енесі оған:
– Ол қыста жейтін азығын жинап жүр ғой, балам, – деп жауап береді. Ал бөлтірік тағы да:
– Апа, біз неге азық жинамаймыз? – деп сұрайды. Енесі:
– Е, балам, алжыған аюлар қыста азық таба алмай қаламыз деп қорқады, біз қыс болса да азық тауып аламыз деп мақтанады.
Күндер өтіп қыс болады. Даланы аппақ қар қымтайды. Жер бетінде ақ түтек боран соғады. Аю таудың қуысындағы жылы үңгіріне кіріп, өзі дайындаған азығына тойып алып, алаңсыз ұйқыға кетеді.
Неше күн, неше түн жорытқан қасқырлардың тырнағына ештеңе ілікпей әбден ашығады. Сонда баяғы бөлтірік:
– Апа, сіз қыста азықты оңай тауып аламыз деп едіңіз ғой. Аюлардікі қандай рахат. Менің қарным ашты, – деп жылайды. Бөлтірікке басқа жауап таба алмаған енесі:
– Келесі жылы болсын, келесі жылы..., – деп міңгірлейді.