Баланың тапқырлығы
Ерте, ерте, ертеде қазақ даласын шегіртке жайлапты.
Егістіктер тақырға айналып, ағаштар жапырағынан айырылып, жалаңаш қалыпты. Киіз үйлерге қонған шегіртке туырлық екеш туырлықты да жеп кетіпті. Үйлер уық керегесімен ғана қалып, арса-арсасы шығыпты. Бұл апат патшаны састырып, уәзірлерді қарбаластыққа түсіріпті.
Шабармандар тұс-тұсқа шапқылап дал болыпты. Шегіртке әдейі басынғандай, патшаның алтын ордасына дейін басып кіріпті. Патша уәзірлерінен ақыл сұраса, бірі:
– Дәрімен құрту керек, – десе, енді бірі:
– Отпен құрту керек, – дейді екен. Енді біреуі:
– Оның жұмыртқа жасайтын жерін құртуымыз керек, – десе, тағы біреуі:
– Қыста барлығы үсіп өлмей ме? – деп бас қатырыпты. Шегіртке мәселесіне қатысты бірнеше уәзір орнынан кетіп, бір қанша шабарман зорығып өліпті. Ақыры мұның шарасын табатындығын айтып, ордаға құс бағушы бала келіпті. Бірақ, оның сөзіне ешкім нанбапты. Әуелі уәзірлері келеке етіпті. Амалы таусылған бала ақыры қара торғай қамаған құс шарбағының аузын ашыпты, сол-ақ екен, топ-тобымен дүркірей ұшқан қара торғай шегірткелерді жей бастапты, әбден тойған қара торғайлар дереу бұлақ бойын барып суға шомылып, тұмсығымен қанаттарындағы шегіртке майын жуып тастап, қайта шегіртке аулауға аттанады екен.
Халық бір жағынан баланың тапқырлығына таңқалса, бір жағынан қара торғайдың еңбекқорлығы мен тазалығына таңқалыпты. Орда уәзірлері өздерінің надандығынан қатты ұялып:
–“Ақыл жастан, асыл тастан” деген осы екен-ау,– дескен екен.