Бұғының бұзауы
Бұғының бұзауы енесінен алыстап жайылып жүріп бұрын көрмеген екі дәу аңды көріпті. Қайтып келіп шешесіне:
– Орманның арасынан екі дәу көрдім, бірі қатты қорқынышты екен, зәрем ұшып кетті, енді бірі сүйкімділеу көрінді, өңі де әдемі екен, – деді.
Енесі:
– Ол қандай аңдар екен, айтшы? – деп сұрады. Бұзау:
– Оның бірі ерекше дәу, екі құлағы бар, иірілген сұмдық жаман тұмсығы бар, айқасқан екі тісі орсиған, күлгін қара көк түсті мақұлық, – деді. Енесі күліп:
– Ол піл деген дәу, бірақ ондай қорқынышты емес, басқаларға жәбір көрсетпейді, жақсы айуан, – депті. Әрі:
– Енді біреуі қандай аң? – деп сұрапты. Бұзау:
– Әдемі құлағы бар, сұлу қара мұрты, шұбар теңбіл, ұзын құйрық, басқаларға қарауы да момақан, жүрісі жеңіл, – деп түсіндіріпті. Сонда енесі: – Е, ол жолбарыс деген жауыз, оның түрі әдемі көрінгенмен, өзі нағыз жыртқыш, ол біздің ата жауымыз, балам, жауыздық пен бауырмалдықты түске қарап ажыратуға болмайды, – деген екен.