Әділетшіл бақа
Бақа кезінде өте әділетшіл болыпты. Ол әрі сол шақта аңдардың тобында екен де, әдемі қызыл қоңыр жүні, ебедейлі төрт аяғы бар екен.
Күндердің бірінде бақа арыстан мен жолбарыстың үстінен аң-құс тәңіріне шағым беріпті. Олардың бейуаз аңдарды қалағанынша қырып-жойғаны мен зорлық-зобалаңын мейілінше әшкерелепті. Мұны естіген аң-құс тәңірі арыстан мен жолбарысты алдырып, оларды тергеуге алыпты, әрі жолбарысқа жүз дүре, арыстанға жүз күндік құрсау жазасын кесіпті. Ол кезде жолбарыс біріңғай қызыл сары өңді екен, дүре аямай соғылғандықтан, оның денесіне оса тиген қамшы қара теңбіл дақ салыпты. Осы күнгі жолбарыстағы белдеу теңбіл сол дүренің ізі екен. Ал арыстанның денесі құрсауға салынып жүз күн қысылғандықтан, оның басы бұрынғы қалпын сақтап жуан болып қалғанымен, дене-тұрқы одан жіңішкеріп кетіпті. Осындай ауыр жазаға ұшыраған арыстан мен жолбарыс бақаға қатты өшігіпті. Одан кек алудың орайын қарастырыпты. Сөйтіп, олар бақаның таудың етегінде жайылып жүрген орайында үйдей тас домалатып, оны бастырып тастапты. Бірақ, әділетшіл бақа бұған өле қоймапты де, “бақ-бақ-бақ” деп зарланып жата беріпті. Бақаның мүшкіл халін көрген жан-жануарлар оның әділет жолында жолыққан қиындығына жандары ашып, оған тамақ, дәрі шөп әкеліп беріпті. Бірақ тасты аударып оны құтқара алмапты. Арыстан мен жолбарыс аң-құс тәңіріне бақаны шағып:
– Бақа құстардың жұмыртқасын қидай сыпырып жүріп, тастың жақпарын қазып жатқанда, тас домалап жазым болды, – дейді. Әрі оны аң-құстар тізімінен өшіртеді.
Бақаның халін көрген жан-жануарлар оны құтқарудың жолын қарастырып бас қатырады. Сонда су тышқан орнынан секіріп тұрып:
– Таптым, таптым, – деп алақайлайды. Ол соны айтып бақа жатқан жердің қасындағы қара судан бақаға қарай ін қазады, іннің аузын бақаның астынан шығарады, әрі ауызды кеңіте қазып, бақаны жерасты жолымен қара суға алып түседі. Бұл кезде тасқа ұзақ басылып жатқан бақаның басы жалпайып, аяқтары да жазылмай бүгіліп қалған еді. Ол енді аң-құстар арасында жасай алмайтынына көзі жетіп, қара судағы тышқанмен достасады. Ол кезде су тышқанның үстінде жүн жоқ, балық тектес жылтыр қара еді, оның өзінің жүніне қызыға қарай бергенін сезген бақа:
– Мен енді аңдардың арасында жасай алмайтын болдым, әрі денем де сиықсызданып кетті, сен мені ажалдан арашаладың, жүнімді саған берейін,– деп жүнін су тышқанға береді. Содан бастап су тышқанның үстінде қызыл қоңыр жүн пайда болады да, бақа су мен құрлықта жасайтын қос мекенді жануарға айналады. Жазықсыз қорланғанына ашынған бақа көл бойларында түнімен айғайлап:
Бақ, бақ, бақ, Ісім менің ақ, ақ, Бақ, бақ, бақ, Ісім менің ақ, ақ,
Бақ, бақ, бақ, бақ! – дейді. Осы күнгі біз естіген бақалардың бақылдағаны, әне, сол әділетті бақаның өзін ақтаған жан айғайы екен.