Тентек қошақан
Қошақан аса тентек болды. Ол лақтармен бірге тастан тасқа секіріп, жар басында ойнақ салатын еді. Енесі оған:
– Айналайын қозым-ау, тентек болма, - деп үнемі ақыл айтатын. Ал қошақан болса:
– Қозы емеспін қошқармын,
Биік таудай асқармын, – деп әндетіп өз бетінше кететенді тапты.
Ол кейде қойлардын оза жайылып кетсе, кейде ойын қуып топтан бөлініп қалатын.
Күндердің бірінде қатты жаңбыр жауып, даланы тұман басты. Қошақанның енесі:
– Мәһа, мә,мә, қошақаным. Мәһа мә,мә, – деп іздесе қошақан да оған:
– Мәһа, мә,мә, адаспаймын мама, – деп жауап беретін. Бірақ, қалың тұман ештеңені көрсетпей, ол өзінің адасып қалғанын білмейді. Кенет, бұталардың арасынан жылтыраған шырақтар көрінгендей болады. Қошақан соған қарай жүгіреді.
Мәссаған! Алдынан қасқыр көрінеді. Қошақан тұра қашады. Қасқыр қуады.
- Мама, мә,мә, мама, - деп жылап келеді. Қашып келеді. Қошақанды қуып жеткен қасқыр оның бір сирағынан тістеп лақтырып жібереді. Осы кезде қасқырдың алдынан мүйізі шаңырақтай екі қошқар шығады. Қошқарлар қасқырға тап береді. Қасқыр қашып кетеді.
Қошқарлардың қасына қошақанның енесі де келеді. Олар талып жатқан қошақанды зорға тұрғызады. Қошақанның бір аяғы ақсақ болып қалады. Қошақан анасынан кешірім сұрап жылайды:
Мама, енді ешқайда кетпеймін. Мә, мә! – дейді.
Сөйтіп, осыдан бастап, «бөлінгенді бөрі жейді» деген мәтел тарапты.