10.01.2023
  176


Автор: Жәди Шәкенұлы

Есек пен жираф

 


 


Ерте, ерте ертеде есек пен жираф дос болыпты. Ол кезде екеуінің бойы да бірдей екен. Таңертең екеуі екі бағытпен кетіп, тағам тауып келіп, кеште онысын бөлісіп жейді. Әрі оңашада әңгіме айтып, сыр шертіседі екен. Сонда есек тұрып:


– Менің құлағым сондай тыңдағыш, аса сақ, әлгінде жайылып жүріп, жердің арғы бетінде өрмек тоқып отырған кемпірдің ұршығы жерге түсіп кеткенін естідім, – деп өтірік-шыны аралас көпірме сөзді көп айтады екен.


Ал жираф болса:


– Құлақ естігеннің бәріне сену қиын, көзбен көрген нәрсе нағыз шындық, – дейді екен.


Осылайша есек әр күні өсек тасып, өтірікті айта-айта дауысы зорайып кетіпті. Ал жираф көп үндемейтін болғанымен, шындыққа көз жеткізем деп, алыстарға созылып қарай бергендіктен сұлу мойыны ұзарып кетіпті. Ақыры шыншыл жираф мен өтірікші есектің достығы екіге айырылыпты. Осы күнде есектің алыстан әлдененің төбесін көрсе, аңырап қоя беруі ішіне сыймаған өсекті айтқысы келіп, жирафны еске алған екен. Ал жираф болса, шындыққа көп жеткізем деп, әлі күнге дейін мойынын созып, алыстарға қарай беретін болыпты.


 





Пікір жазу