Сауысқанның қызғанышы
Қырғауылдың әдемі қауырсындарын көрген сауысқан:
– Шіркін, менің қанат құйрығым қырғауылдікіндей болса ғой, – деп үнемі армандайды екен. Ол кезде сауысқанның түсі ақбоз екен. Мұны естіген түлкі бір күні оған:
– Ол менің қолымнан келер еді, – депті. Сөйтіп түлкі жемістердің түсті бояуларымен сауысқанды әртүрлі түске бояпты.
Бұған мәз болған сауысқан қырғауылдың қасына ұшып келіп:
– Менің көркім сенен де әдемі, – дейді екен. Осы кезде жаңбыр жауады. Сауысқанның үстіндегі бояулардың барлығы ағып кетеді. Ұялғаннан ағаштың тасасына тығылып қалған сауысқанның қасына қырғауыл келеді. Қырғауыл оған:
– Достым-ау, көрсе қызарлық пен жалған сұлулықтан ештеңе шықпайды. Керек болса мен – ақ берейін, – деп бірнеше тал қауырсынын ұсынады. Сауысқан оны алудан ұялып:
– Қызғаныштан осындай күйге түстім! Кешір мені, – деп алысқа ұша жөнеліпті.
Ол содан бастап, қырғауылдың маңын баспайтын болған екен. Ал әлгі бояулардың кесірінен өн бойы ала-ала болып қалыпты.