10.01.2023
  401


Автор: Жәди Шәкенұлы

АТАНЫҢ ОН АҚЫЛЫ

(Мұхаммед пайғамбардың хадисінің ізімен)
Жақсы адам – дос тұтар айналасын,
Жаман адам – ойлайды пайда, басын.
Өсекші, досты айырып жала жапқан,
Жек көрінішті болады – қайда барсын?!
***
Ой құмарлық – ақылдың қайнарындай,
Таза жүрек – пенденің айбарындай.
Жақсы мінез – жаныңның шам-шырағы,
Абырой бұдан артық қайда мұндай?!
***
– Қияметте ең жақсы – айтшы, неңіз?
– Көркем ой, көрікті сөз, жақсы лебіз.
– Алланың жек көрерін білесің бе?
– Аузы лас, мінезі сұм, тентек-тебіз.
***
Ғибадат пен құлшылық та ең ірі,
Жаныңа да тәніңе де жеңілі –
Ол пенденің аз сөзі мен көп ісі,
Періштедей пейілі мен көңілі.
***
Шыншыл болсаң жақсылықтың келгені,
Жұмаққа да Алланың жол бергені.
Жалған сөйлеп бұзықтыққа бет бұрса,
Тозақ оты күйдіреді пендені.
***
Шындық, еңбек – бақытыңның бастауы,
Жалған, жалқау – адамдықтың қас жауы.
Желбіресе ақиқаттың ақ туы,
Өтіріктің көтерілмес шашбауы.
***
Бір ісім бар Алла алдында алаңдар,
Күнәданда ауыр бәлкім, соны аңғар.
– Ол кім? – десең,
– Жалғыз басын мақтаған,
Өзін-өзі пір тұтатын адамдар.
***
Ізгілік пен ізетің садақадан кем емес,
Ағайынға әрқашан ашық жарқын есендес.
Су сұраса сүтің мен балыңды бер, аяма,
Алла сенің құр қоймас елге берген есеңді еш!
***
Шарапатты айтар болсам, қарағым –
Білместерге білгендікпен қарағын.
Зұлымды кеш, садақа бер сараңға,
Араздардың араларын жамағын!
***
Шын ұялсаң Алладан – таза ұста тәніңді,
Көркем мінез, көрікті ой – адалдыққа бәрі үлгі.
Өлім, ауру, сәтсіздік – ескертуі Алланың,
Қызығам деп жалғанға бұлғап алма арыңды!





Пікір жазу