Жиренше
Бір күні Жиренше ханның үйінде отырғанда бір адам ханға сыйға бір піскен қаздың етін алып келген екен. Сонда хан Жиреншеге:
— Сен сөзге де шеберсің және әр нәрсенің бәріне де шебер шығарсың, мына қаздың етін мен, ханым, екі ханзада, екі қаныкей, өзіңмен жеті адамға бірдей қылып бөлші, — депті.
Сонда Жиренше ойланбай, пышағын қынынан суырып алып, әуелі қаздың басын кесіп алып:
— Міне, сіз әрі хансыз, әрі халықтың басысыз, бұл басты сіз тұрғанда кім жейді? — деп, басты ханға беріпті. Екі аяғын кесіп алып, екі ханзадаға: «Сіздер атаңыздың ізін басып, хан боларсыздар»,— деп, екі ханзадаға береді. Екі қанатын кесіп алып: «Сіздер жатжұртқа барсаңыздар, осы екі қанатпен ұшып барарсыздар», —деп, екі қанатын екі қаныкейге береді. Қаздың көт жағын кесіп, бәйбішеге: «Сіз әрі ханымсыз, әрі бәйбішесіз, бұл — қаздың жаясы. Бұл жаяны сіз тұрғанда, кім жейді?» — деп, ханымға береді.
— Мен бас жейтін хан емеспін, жая жейтін ханым емеспін, аяқ жейтін ханзада емеспін, қанат алатын қаныкей емеспін, маған қаздың ортасы да жарайды, — деп, қаздың бар етін алып, үйіне жүріп кетіпті.