Түңілу...
Өрт қосып жүр... жүректің өртіне өлең,
Көз сатпаймын «көзсіздің» көркіне мен.
Өз ажалым өзімде... «Емші» аурудың
Айықпадым ауырып «дертіменен».
Ұша алмай жүр мен жазған өлең әлі.
Өлең әуен арқылы дем алады.
Асты лай су... тақтайы шіріп біткен
Сынық көпір үстінде келем әлі...
(Өмірімді өзгертті жылдар бояп,
Сәлем алам, дұшпаннан бұлданбай ақ)
Бір-біріне шалынып, соғылады
Сынған көңіл, сынған бас... сынған аяқ!
Кімге үнім жетеді кімге қайғым,
(«Малға кедей, мендағы жырға баймын».)
Өрден солай, еніске сырғып келем,
Сынған жұлдыз... астынан сынған айдың.
Атағына «біреудің» ағасы алаң,
Тауға шығар, атының тағасы аман.
Жел - өсекке иланған... басын шайқап –
Жан - жағымнан қарайды ағаш адам.
Төр алдады білмеймін, жер алдады,
Көптен сенім көңілге оралмады.
Туған едім таласып жарыққа мен
Мені жарық бірақ... бір көре алмады...
5/VII-1996 ж