03.01.2023
  228


Автор: Қанипа Бұғыбаева

Жыр жорғасы

Болғанда жыр арманың, ән мұратың,
Даусыңа тау мен дала жаңғыратын.
Атыңды «қара жорға» атандырып
Бағаңды беріп кеткен Жамбыл ақын.
Жазылып өміріңнен дәурен дастан,
Ашылып жол беріпті сағымды аспан.
Өлеңге сапар шектің о, бастағы
Жорға күй, жүрісіңнен жаңылмастан.
Кез келді, домбыраңды қолға алатын,
Кез келді, тебіреніп, толғанатын.
Семсердей сертке ұстаған жарқылдайды,
Өзге емес, өзіне - өзі сенген ақын.
Асыл сөз, кімге қымбат, кімге тегін,
Асқар тау, толтырыпты гүлге етегін.
Айтсын деп арман-мұңын туған елдің
Туғанын міндет еткен Үмбеті едің.
Ұшыпты көкірегіңнен сырың асыл,
(Асылдың біліп сырын, шын ұғасың,)
Кеңдікпен, кенге айналып кейінгіге,
Түсіріп тұрсың жырдың шұғыласын.
Барасың жыр боп алғы, күнге тағы,
Жолаушым таң да атады, күн батады.
Бүгін де жүзге келіп Үмбетәлі,
Саңқылдап болашаққа тіл қатады...
Кім келіп дүниеге кім кетпеген,
Ақынның жүрегіне гүл көктеген.
Жырлап тұр, Жамбылдан соң Үмбетәлі
Өмірін туған елге міндеттеген.
Барады теңізден бір кеме көшіп,
Алдымнан жорға самал, өлең есіп.
Жұлдызға тұғыр болған Жамбыл
таудың
Жанынан Үмбет тауы келеді өсіп!..
20/августь 1989 ж





Пікір жазу