03.01.2023
  268


Автор: Қанипа Бұғыбаева

Ұлым үйленгендегі сөз

6/I-1990 ж. Арман кафеде оқылған өлең
Иітіп бір уақыттың омырауын,
Соқсын көңілім өмірдің қоңырауын.
Шайқалмасын өмірдің дауылында
Көтерілген көгімнен шаңырағың.
Ақ көңілмен қабылда дос тілегін,
Ата-анаңның кешегі жастығы едің.
Айдындағы ән қосқан қос аққудай
Соқсын сұлу, үндесіп қос жүрегің.
Бір жағылған болсын деп нұрлы
шамың,
Тебіреністен мен бүгін күн құшамын.
«Мен келдім» деп дүниеге жар сал мынау,
Іңгалаған тұңғыш ұл, тұңғыш әнім..
Балапандай баулумен жем бергенбіз,
Еркесінен кімдердің кем көргенбіз.
Кеше ғана екі үйдің баласы еңдер
Енді бала болайық сендерге біз.
Жасыл қырым, жастығым, көк белдерім,
Көкірегімді тербеген көптен менің.
«Ұя басар қыран құс қыста» деген,
Гүл ашқан қар үстінде көктемдерім.
Көп сағынып көрген бір сәулем бе едің,
Көшіп өткен басымнан дәурен бе едің.
Жолдарыңды күтейін әр күн сайын
Келеді деп Талаппен Зәурем менің.
Қалар мәңгі есімде бұл ғажап күн,
Ғажап күннің бояуын гүлге жақтым.
Келер ғасыр ғашығын өсіріңдер
Отан етіп отауын бір қазақтың.
Біреуге іні, біреуге дос ағасың,
Төрің құтты қонақтан босамасын.
Көтерілген шайқалтпай шаңырағың,
Бақыттыңның күзеткін босағасын.
Солмаса екен, өмірге іңкарлығың,
Шашу шашсын өмірге шырқау күнің.
Қоңыраулы құлыным, арманыңа
Алып ұшсын қанатты тұлпар жылың.
Әлі талай сынайды тағдыр ағын,
Армандай бер, шығыпты алдыңа кім?
Өмір күйін шертіңдер қос жүрекпен,
Қос ішегіндей үндесіп домбыраның...





Пікір жазу