Алдану...
Жанның бәрі ақылды-ақ,
Күнім бұлдыр алдағы.
Алыстаған, жақындап,
Арман мені алдады.
Жұрттың бәрі сөзуар,
Жетпейтіндей бірдеңе.
Тірлік темір көзі бар,
Ұқсайтындай түрмеге
Тіршілік тұр алқымдап,
Жанымның жоқ салмағы.
Жанарымда жалтылдап,
Жалған мені алдады..
Көңіл иттей қарғылы,
Уаққытты өткен, жүр тілдеп.
Шексіздіктің барлығы
Тарылғандай біртіндеп..
Өрге сүйреп кеудені,
Құс қиялым самғады.
Кімге сенсем... сол меніАямады, - алдады...
Жүрек тулап, алқынған,
Алдаған соң жан жағы.
Шартарапқа шарқ ұрған,
Көңіл мені алдады,
Өмір мені алдады...
Өнді, солды көңіл гүл,
Іздей болып қардағы.
Алданып өткен өмірдің
Қалмағандай бар мәні.
Күнге қарап иілген,
«Жұрттың» көбі күнбағар.
Жетім ойдан түйілген
Қабағымды кім бағар?...
Адам мені алдады,
Заман мені алдады.
Жетпей туған толғағы
Бағам мені алдады
Қоғам мені алдады!..
10/X-1991 ж