03.01.2023
  104


Автор: Қанипа Бұғыбаева

Жібекке

Суып кеттің, менен сен суып
кеттің,
(Өнерді емес, дүниені қуып кеттің.)
Тіл қатпадым, ешкімге, еш адамға,
Көңілімді сағыныш буып көп күн.
Аруы боп жұлдызды айна көктің,
Кеттің бе ұшып, білмеймін, қайда кеттің?
Қас қағым сәт, дәуренді есіме алып,
Қанша түнді қиялдың майданы еттім.
Мініп ұшсақ таласып бір арманға,
Арманымыз ап шығар тұманнан да.
Оттан да ыстық арамыз, суып кетті,
Ашып айтшы, алдыңда кінам барма?
Жақын етсе қайтемін тағдыр мұңға,
Жасты көзбен жылдарым қарғыр жылға
Маған шексіз құлаған көңіліңді
Арқаланып, байқаусыз қалдырдым ба?
Жалғызсырап, болмай жүр күйім көптен,
Құйқылжытып төксе де күйін көктем.
Басқа емес-ау бір кеткен дос көңілін
Қайта өзіңе қайтару, қиын, неткен?
Үзіп алдық әйтеуір қалыпты әнді,
Келе бермес басқа бұл шабыт мәңгі
Опасы жоқ өлеңге қалған көңілің,
Мүмкін, суып, менен де қалып қалды…
4/VI-1991 ж





Пікір жазу