03.01.2023
  126


Автор: Қанипа Бұғыбаева

Біреуге

Кішіге өр, зор алдында майда тілді,
Біледі, от жақпай су қайнатуды.
Өтірік күліп көзі, желдей есіп –
Қалдырар тілдескенде ойға түрлі!..
Керемет, бір көргенге, сезбегенге,
Таңдайды, сәлем бермес кез келгенге.
Сырыңды суыртпақтап біліп алып,
Өткізер өңдеп қайта өзгелерге…
Тұрғандай бір басында жүрек емі,
Сен болып арманы да тілегені.
Құрғақтан қу сөзбенен балық аулап,
Жаныңды елжіретіп жібереді.
Көрінер сырлы, сегіз қырлы адам боп,
Бас қатырып жатпайды ол кім болам деп
Пысықтығын айтпа сен, таңданасың –
Осынау уақытқа сай туған-ау деп.
Біреудің құрығанын бақ көреді,
Әйтпесе құрытам деп тап береді.
Күн барда көлеңкедей еріп жүріп,
Басыңа іс түскенде жалт береді…
Ай жоқта ай жарық, деп күнді алдайды,
Нұрсыз деп жамандайды, күн барда айды.
Мәз болып соғып кеттім деп мен оны
Сойған түлкі секілді ыржаңдайды…





Пікір жазу