Шырмауық
..Есіктің қоңырауы шырылдап үй иесіне әлдекімдер келіп, ол басқа бөлмеге шығып кетті. Отырған екі-үш дос әңгімесі одан әрі қайта сабақталған. Әйтсе дағы үй иесі біраз уақыттан соң бір-ақ оралды. Манағыдай емес, жүзі сынықтау, көңіл-күйі бөлек. Оны қонақтарына сездіргісі келмеді. Ортақ әңгіме қайта жалғасты.
- Осы біздің қаракөз жігіттерімізге не болып барады өзі ,ә?-деді, Сәрсен бізді көзімен шола қарап.- Шашы - шөтке, құлағында – сырға, бұтында – жыртық джинси, онысы мықынына зорға ілініп, шибұтына жабысып қалған. Тыртиған көйлектері мен жейделеріне түйреуіш түйреп жүретіндер шығыпты. Ертең осылар әскерде автомат ұстай алар ма екен,ә?
- Сырға дейсіз бе, көне заманда римдіктерде сырғаны - құлдар, гректерде - жезөкше еркектер тағыпты. Айтсаң мысалдар толып жатыр. Әйтеуір сәннің де, салтанаттың да жөні осы екен деп тарта береді, еріккендердің ермегі көбейді.
- Біздің үйде де бір «сұлтан» бар, айналдырғаны теледидар мен ғаламтор. Компьютерде ойын мен әлеуметтік желілерге жегіледі де отырады. Таңертеңнен кешке дейін келін, я біз жұмсай қалсақ, тұяғын әрең қимылдатады-ау, сабазың. Оның өзінде де қабағын тыржыңдатумен, істі аяғына дейін тындырғанша өзінің де, өзгенің де мазасын алып бітеді.
- Осы күні қара басын алып жүре алмайтын жігіттерге өкпем қара қазандай. Шетінен бірді екі, екіні үш ете алмайтын боскеуделер көбейді. Білім десе білімі, білек десе білегі, түр десе түрі бар. Сөзден де есе жібермейді. Айыбы - өз бетінше тірлік істеп, табыс табуға ерінеді. Дайынға еті үйренген. Ізденбейді, ұмтылмайды. Біреудің көмегіне, жәрдеміне мұқтаж.
Осы кезде әңгімеге құлақ түре үнсіз отырған үй иесі:
- Жаңа маған туған ағам келіп кетті. Ортаншы баласы былтыр университет бітірген. Қызметке де орналасқан. Бірақ, табысы мардымсыз. Айлығы шайлығына жетпейді. Соны әлгі мықты танысыңа айтып, майлы жерге орналастыр деп қолқа сала келіпті . Қолқа дегенім, жұмсартқаным ғой, мырзалар-ау, шындығы ақыреттік сөзін айтып кетті.. Өйткені, бауырым жас қой, ысылып қызмет істей тұрсын дегендей болып едім, ағам шарт ете түсті. Менің мақұл демеске амалым қалмады. Қайтейін, «Жаман да болса ағамыз, жақсыны қайдан табамыз!»-деп, үй иесі бас бармағын қайта-қайта уқалай отырып қалды..
Сол күнгі әңгіме-дүкен біразға дейін көңілден кетпей жүрді.. Кеше қызметте отырғанымда, сол үйде болған, сол әңгімеге қатысқан замандас телефон шалды:
-Ауылдағы артымнан ерген жалғыз бауырым хабарласты. Жалғыз баласы істі болып қамалыпты. «Адам тауып, қайтсең де құтқарып ал. Осы жасыма дейін сенен бір нәрсе де сұраған емеспін. Енді осы жалғыз тілегімде орында, ағатай » -дейді. Соған басым қатып отыр. Сен не дейсің,ә?-деп күмілжиді. Білемін: бұл кісі ғұмыр бойы табан ақы, маңдай терімен ұл-қызын өсірді-өнгізді. Ал балаларының қай-қайссы да өздігінен өмірден орнын тапқан. Отағасы ешқашан кісі алдына барып жалынып қызмет сұрамаған, кіріптар болмаған. Енді міне, туған бауыры қияндағы қиынға салып отыр..
Таяуда белгілі ғалым әрі ұстаз Рахман Алшанов бір сұхбатында қазақ жігіттері хақында :«.. Оқу оқыса да, қызметке тұрар болса да ағасына арқа сүйейді. Шырмауық сияқты. Шырмауық шырмап алған өсімдіктің жайқалып өскенін кім көрген? Сондықтан