«Әріптестер, үйде отырған жоқсыздар»
«Әріптестер, үйде отырған жоқсыздар. Парламенттің мінберіндесіздер. Сондықтан әдеппен сөйлейік!» - «Жас қазақ газеті (№ 40,2014) екінші бетінде Мәжіліс депутаты Г.Б. ханымның сөзін осылай оймақтай ойып беріпті. Япырай, ә.. үйде отырған жоқсыздар, әдеппен сөйлейік дегені жанға батып кетті..
Үй деген - отбасы, қасиетті мекен еді ғой.. Рас, кеңес заманында үйде отырған жоқсың, беталды сөйлей бер ме деген тиымды естіп өстік. Сонда осы сөзбен, осындай ұғыммен үйіміз, яғни қара шаңырағымызды тәрк етіп жатқанымыз туралы ойланбаппыз. Қара шаңырақ деп қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған мамыржай тірлікте ғана сөзбұйда, жел сөз ғана болған екен. Оның үстіне ол кезде арды адақтайтын, иманды ұйытатын үй емес, ұжым дедік. Отбасының бар міндет - жүгін ұжымға арта салдық. (Мысалы, «Менің атым Қожадағы» Қожаны класс жиналысына, педсоветке салып талқылайтынын, «тәрбие» беретінін еске түсіріңіз) Баланы үйдегі ыстық құшақ пен мейірімнен айырып, интернат деген тобыр-тәрбиешінің сызды қабағына бердік. Содан барып, безбүйрек бала қайдан шығады деп таңғалдық. Ұжым кісінің тағдырын шешеді, ұжым тәрбиесі ұшпаққа жеткізеді, адам тағдырын ұжым шешеді деп әбден санаға сіңіріп, әдет-ғұрыпқа айналдырдық. Ақырғы жеткен жеріміз, нәтижесі белгілі – «үйде отырған жоқсыздар, әдеппен сөйлейік». Әдепсіздіктің бәрі үйде қалсын: үй ішінде не болса, соны айта бер, ауыздан ақ ит кіріп, көк ит шықсын , бәрібір..
Адамзат қоғамы отбасының қадір-қасиетін, мән-маңызын жоғалтып алды. Иманы мен ибасынан айрыла бастады. Ірі елдер бұл дағдарысқа бұрнағы ғасырларда алдымен ұшырады. Несін айтасыз, талай отбасы драмалары том-том сага - романдарға арқау болды. Өткен өткенімен, адамзаттың кемеліне келіп, ізгіліктің шыңына шыққан, өркениеттің жоғары дамыған сатысында тұрған осы заманымызда төрткіл дүниенің түкпір-түкпірінен отбасындағы небір айуандық, сұмдық оқиғаларды естіп жүрміз.
Мысалды тіпті, алыстан іздеудің керегі болмай қалды. Біздің облыста бұрнағы жылдары бір отағасы өз үйіндегі шиеттей бала-шағасын қырып салғаны әлі ұмтыла қойған жоқ. Тепсе темір үзетін ер азаматтың ет-жақындарын, бір дастарханнан ас ішіп өскен жандарды өлтіруге қолы қалай барды? Заң да, заман да дер кезінде бұл сауалға ақиқат жауабын берген жоқ! Бір ғажабы қоғам отбасының азғындауының, құлдырауының себеп-салдарын білгенімен , оның ойран-топандарын болдырмауға, тосқауыл қоюға дәрменсіз.Адам баласы дүниеқоңызды, материалдық игілікті өңдеуде қарышты қадам басты да, рухани жағынан мешеу қалды. Отбасы институтының тағдыр-талайына арналған дәрежелі басқосулар,шаралардың түр-түрі өтті. Бірақ нақты нәтиже жоқтың қасы. Тіпті болмағасын, 1993 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының қарарымен мамыр айының 15 күнін халықаралық Отбасы күні деп жариялаған. Өкініштісі, ондай күндердің декларациялық сипаты басым. Біздің еліміз де бұрнағы жылы қыркүйектің екінші жексенбісінде Отбасы күнін мерекелеуді бастады. Бірақ әл-әзір шынайы отбасы бақытын үлгі ететін мысалдар некен-саяқ.
Отбасын қоқыс салатын жәшікке ұқсатып жібердік пе деп те қорқасың. «Үйде отырған жоқсыздар, әдеппен сөйлейік» дегенде ең алдымен санаға сарт еткен ой осы. Шыныда үйде не болмайды? Қайсысын айтып тауысарсың? Ең қорқыныштысы, үйде бала туу жылдан-жылға азайып барады. Немерені ата-әже емес, бала бақша тәрбиелейді. Ал алдағы жылдан бастап перзентханаларда тастанды балаға арналған жәшік, яғни бэби-бокс орнатуды ұсынуда. Бұл перзентханада дүниеге келген бала шаранасы үйден бездіріп, түзге тастауға ықпал етпесіне кім кепіл ?