Оңай олжа
Жүрсең көре бересің, көрсең біле бересің. Қай жағынан атып шыққанын аңдамадық, қаламыздағы Әл-Фараби даңғылымен «Land Cruiser» джипі жүйткігеннен жүйткіп Алтынсарин көшесінің бұрылысында бағдаршамға тоқтап тұрған жолаушылар автобусын келіп соқты. Байқасақ, автобустың артқы «белі» болар-болмас майысқаны болмаса, айтарлықтай бүлінгені шамалы. Ал джиптің алдыңғы тұмсығы «бұзылып», бір жақ үлкен «көзі» ағып түскен. Джиптің ішінен шыққан өндірдей жап -жас қазақ қызы көлігінің жүзін көріп:
- Ех, көкеме проблема болады енді, -деп, қалта телефонын алып, әлдекімге қоңыраулата бастады. Бірақ, тым жайбарақат қалпы : - айттым, сәл үйрене тұрайын деп едім, болмадыңдар. «Мін-мін»-міндім, «саспа» дедіңдер, саспай тұрмын енді. Короче, вот, вам сюрприз!-деді телефонға лақ еткізген еркетотай қарқыл күлкісімен . Бірінші рет өзінің апатқа ұшыраған үр жаңа көлігіне риза болған адамды көрдім. Ешнәрсеге белі ауырып тұрған жоқ. Әкесі жуырда ғана мұның 18 жасқа келіп, туған күніне сыйлаған «Land Cruiser» екен. Қыз естідіңдер ме дегендей айылын жимастан аңқылдап айтып тұр. Ал автобустың жүргізушісі де бір жас жылпос болып шықты. Мұны қызымыз оңаша шығарып сөйлескен еді, сәлден соң ойбай жолаушылар күтіп қалды деп томпаңдап, МАИды шақыртпастан түк те болмағандай ыржаң қағып кетіп отырды. Сірә, ақшамен дымын шығармады дейді, куәгер- көргендер. Ана сүті аузынан кеппегендердің тұрпатынан жан шошиды.
Университет ғимараттарының алдындағы көліктен көз сүрінеді. Көбі студенттердікі. Оны айтасыз, оқытушылар мен студенттер көлік қоятын орынға таласып жағаласып жатқанын да көрдік . Ал сол түбітмұрт, шөпжелке жастарымыз керек реферат, баяндама, т.с.с тапсырмаларды ғаламтордан дайын күйінде көшіріп алады. Көбіне курс жұмыстарын сатып алып, курстан-курсқа өтіп жүр. Қазір оқу орындарында қызып тұрған оқу емес -баға саудасы жасырын болудан қалды.. Бірақ, көңіл қалатыны - қай жерге барсаңыз да көбіне - жан қинамай табыс табу, оңай олжаға кенелу. Оңай олжаның да түр-түрі көбейген.. Тіпті «КТК» телеарнасы «Оңай олжа» деген хабар ашып, жұртты қарық қылды. Қатысушы, әнші Нұрлан Еспанов: «Оңай олжа» десе, оңай олжа екен. Тек қана зыр жүгіріп жүріп, 1 сағаттың ішінде керекті затты алып үлгеру керек екен». Ол үшін студияда 5 сұраққа жауап берсең іс бітті. 1400 доллардың дүниесі сіздікі. Бәрі де су жаңа. Небәрі 8 күннің ішінде 16 отбасы «Оңай олжа» шоуынан пайда тапқан. Көбі аса қымбат ұялы телефон, тұрмыстық техника мен атақты дизайнерлердің киімдері. Несін айтасыз, дөңгеленген дүниені оңай көріп тұратындардың заман ма..осындай да еске түседі:
Баяғыда бір бай баласына жұмыс істеп 100 теңге тауып кел деп жұмсайды. Еркетотай бала әкесінің көзін ала бере шешесінен ақша сұрап алып, әкесіне апарып береді. Әкесі мұны біліп қояды да, әкелген ақшаны жанып жатқан отқа тастай салады. «Бар тағы тауып кел»- деп қайта жұмсайды. Бірақ бала әдетіне салып, анасынан барып тағы ақша алып әкесіне береді. Әкесі тағы да ойланбастан кешегісін қайталайды. Не керек, бала үшінші рет анасына емес, бір шаруаға барып жалданып жұмыс істейді. Бірнеше күн өткесін еңбек ақысын алып әкесіне 100 теңге әкеледі. Бірақ әкесі тағы да ойланбастан отқа лақтырып жібергенде , бала жанұшыра жанып жатқан оттан жалаңаш қолымен ақшасын алып шығады. Сонда әкесі тұрып баласына: «Көрдің бе, балам, өз еңбегіңмен тапқан ақшаның қадірі осындай болады» деген екен.
Қазір жалаңаш қолымен лапылдаған оттан ақша суырып шығатын кісіні көрдіңіз бе? Көрген шығарсыз. Солар туралы айтайық та!