Небәрі үш жыл..
Дарынды ақын досым Ұлықбектің (Есдәулетов) «Атаңа нәлет көнбістік» деген жырының шыққанына көп болған жоқ. Сонда «Атаңа нәлет көнбiстiк! Қолында өлер адамға, құшақ жайып, қол қыстық; таспен атқан тажалға, табақ тартып, төр бердiк; аса жұртқа теңгердiк, қонақжайлығымыз қыр асып, дара қылығымыз – дарақылыққа ұласып, кiшiпейiлдiгiмiз гүл ашып, төменшiк тартсақ – оң көрдiк» деп, ұлттық қасиетіміздің әлсіз тұстарын ашына айтатыны бар. Несін айтасыз, аңғал да ақжарма, аңқылдақ халқымыздың ардаемген қасиеттері мына заманда қадірсіз, тиімсіз. Ал оның үстіне құнтсыздыздық пен көнбістікті қосыңыз.. Сондықтан ба осы алаш баласының төлтума дүниесіне былайғы жұрт құмар да құмар. Жылқы, қымыз, шұбат, қазы-қарта, май-құртымызға дейін патенттеп алсақ деп жалаңдап жатқан атасы бөлек өзге ел. Сонау Американың қыршын желбір жекендері біздің «Балбырауын» мен «Сарыарқа» күйлеріне үйріле билейтініне бұрынырақ естісек, көрші қызғыз ағайындарымыз бен бірқатар басқа ел енді «Қаражорғамызды» өз тіліне аударып алып, айтып билеп, түбі біздікі деуге емеурін танытатын сыңайлы.
Осыдан 5 жыл бұрын қазақтың аса көрнекті этнограф ғалымы Жағда Бабалық Алматыдағы алқалы бір басқосуда: «Қазақ отбасында дүниеге келген әр сәбидің 2 жасқа дейін жамбасында көк таңба болады. Табиғи, биологиялық бұл таңбаны ұлттық ерекшелік ретінде заңдастыратын кез келді. Мұндай таңба қазақ халқында 100 пайыз кездеседі. Сондай-ақ белгілі бір деңгейде қырғыз бен моңғолда бар. Өзбек, ұйғыр, татар сияқты өзге халықтарда жоқ. Осы биологиялық таңбаны біз ғылыми түрде дәлелдеп, қазақтың биологиялық таңбасы дейтін сөзге ие болуымыз керек»,-деп жұртты елең еткізіп еді. Ал ел аузында жүрген аңызда оны «періштенің алақаны», бала құрсақтан шықпай, «қиқарлық»танытқанда періште ұрады екен, көкпеңбек із содан қалыпты-мыс.
Бірақ осының мән-жайын анықтап, зерттеу жүргізілді ме, жоқ па, ғалымдарымызда үн жоқ.
Жоңғарлармен соғыста Бөгенбай батырдың алдына қалмақтың тұтқыннан қашып шығып келе жатқан екі қазақты алып келіпті. Біріншісі – еңгезердей төртбақ жігіт те, екіншісі –отты көзді шынашақтай ғана екен. Бөгенбай батыр әлгі кішкентайынан : «Тұтқында қанша уақыт болдың?» -деп сұрапты. Ол : «Екі ай тұтқында болдым» -депті. Сонда батыр : «Мына сарбазға қылыш беріп, таңдаулы жауынгерлер қосына жіберіңдер!»-депті. Ал енді алпамсадай төртбақ жігіттен сұрағанда ол «: «Үш жыл тұтқын болдым » депті. Сонда қас қолбасшы: « Мынаған құрық беріп, жылқы бағуға жіберіңдер!»- депті.
Осыны көзбен көріп куәгер болып отырғандар Бөгенбай батырдан мұндай оқыс шешімнің мәнісін сұрайды. Сонда Бөкең: «Анау бәкенедей жігіт тұтқында екі-ақ ай болыпты, әлі рухы сынбаған екен. Қалмақтан көрген қорлығы бетіне шыққан, қаны қайнап тұрған нағыз оғылан. Сондықтан таңдаулы қосынға жібердім. Көзіне қалмақ көрінсе қасқырдай шабайын деп тұр. Ал, мына еңгезердей сабаз 3 жыл тұтқында болған. Қалмақтың тепкісін әбден көрген, жігері құм, құлдық сүйегінен өткен. Көзіне қалмақ көрінсе жата кетейін деп тұр. Оған жылқы баққаннан басқа не берейін» -депті.
Апырау, батыр бабамыз оғыланның қасиетін қор етуге небәрі үш жыл жетеді деген екен. Ал біздің халқымыз бодандықта қанша жыл, ғасыр болған?. .