01.01.2023
  305


Автор: Жанұзақ Аязбеков

Мысы басым

Әбдіжәміл Нұрпейісов Ілияс Омаровты үлкен қызметтен түсіп қалып, бір елеусіз қызметте жүргенде іздеп барыпты. «Күркентайдың ұясындай құрттай қораш кабинетте, онан көрі құрттай, онан көрі қораш столда қағаз ақтарып отырғанын» көріп, Әбдіжәміл өзінен -өзі қысылады ғой. Жазушының мына жұмыс қалай екен деген сұрағы «кәперіне де кіріп шығатын емес, өзінің әншейіндегі әзіл-қалжыңы, әшейіндегі қысқа қайыратын күлкісі бәз-баяғыдай, қаз- қалпында қарап тұр. ..Ол кісі, апырай, кішкентай жұмыста да кішіреймейтін. Қайта кішкентай жұмыс ол барғанда кәдігідей үлкейіп, жұмыс та көбейіп шыға келетін.»


Баукеңді (Бауыржан Момышұлы) сонау көз ұшынан шырамытқаннан-ақ, Ғабең (Ғабит Мүсірепов) бастаған жақсылар мен жайсаңдар тұрған жерінде қозғалақтап, үлкен алыптың мысы мен сұсынан дегбірсізденіп әлдебір күйге түсе бастайды екен.


«Ал алып тұлға, байсалды» Дінмұхаммед Қонаев Кремльдегі Саяси Бюро мәжілісіне кіріп келгенде, мәжіліске келгендер бір көргеннен орнынан атып тұрып ізет көрсеткенін байқамай да қалатын көрінеді.


Ұлыбританияның даңқты мемлекет қайраткері Уинстон Черчилль делегаттардың ішінен арнайы Қаныш Сәтпаевқа бұрылып келіп таңырқай қарап: «Қазақтардың бәрі сіздей алып па?» – деп сұраса керек. Сонда ғалым: «О не дегеніңіз, Черчилль мырза, олай емес, мен қазақтардың ішіндегі ең кішкентайымын», – деп жауап берген екен.


Бүгінде, құдайға шүкір, жер-жерде сыртқы сымбатына, құдай берген тұрқына бір қарағаннан-ақ көзің сүйсінетін қандастарымыз аз емес. Айталық Тоқтар Әубәкіровтің бір өзі бәріне дәлел.


Бірақ...шыны керек, сыртында мін жоқ, атақ - дәрежесі көл-көсір, қызметі де именшектейтіндей замандастарымызды кездестіріп қалып жүрміз. Сәтін салып сөйлесе келе, сыр ала келе, оның ішкі дүниесі сыртының бел ортасынан да келмейтін, не мысы, не сұсы, кішірмейтін ірілігі жоқ, бос кеуде екенін сезесің. Сезгесін арғы жағы түсінікті. Көңілің құлазып сала береді.


Тағы сол Момышұлы хақында: «Батыр атандың, жазушы атандың, тарихқа мәңгі өшпестей аяулы атыңды жаздың. Өзінің көзі тірісінде мұндай әйгілі болу тарихта кездесе бермейді» -деп жазыпты, Ілияс Омаров Баукеңе. Бәлкім, тарих әл-әзір ондай адамдарды туғыза қойған жоқ шығар.


Әйтсе де, кім біледі, туған шығар, бар да болар, қадірін білмей жүрміз бе? Бәлкім, бұл да құндылықтан шығып қалды ма?


Қырықтың бірі қыдыр деген, кездесіп қалар, үміттімін...





Пікір жазу