Құл
Құдалық ауылда өтетін болды. Құдалар Астанадан, жоғары жақта үлкен қызметте істейтін көрінеді, әрине күйлі - қуатты екені де аян. Мұндайды жаным қаламай тұрса да, қимас достың көңілін қайтіп қалдырарсың. Баруға тура келді. Бірақ бәрі де мен ойлағаннан ада, керісінше тартымды болды. Екі «Land Cruiser Pradoмен» келген құдалар паң да маңғаз, әдепті, биязы да зиялы екен. Отырыс та, алыс-беріс те жарасымын тауып жатты. Бір оңаша қалып, үлкен қызметтегі бас құдамен әңгімелесіп қалдық. Сөзден-сөз шығып отырып, әңгімені иненің көзінен лып еткізіп сабақтай қоятындай епті жігіт ағасы «бәріміз де, жүрген құлмыз ғой» деп қалды да: - так называемая бюджетная интеллигенция» -деп орысшалап жіберді. Әңгіме қазіргі ортаңғол элита, елдің көзінде жүрген атқамінер, зиялылар турасын көшкенде:
- Мысалы, мен құлмын. Жоғарыдағы бастығымның айтқанын бұлжытпай орындаймын. Өздігімнен ой-пікір, ұсыныс айтуға, бірнәрсені өзгертіп, істеп тастауға хақым жоқ. Тек айтқанды ғана істеймін. Таза киініп, қымбат көлік мінген, инабатты құлмын,-деді ол байсалды кейіппен. Менің таңданысымды елеген жоқ. Сірә, бұл түсінікті нәрсе, оған таңданатын несі бар деген сыңайлы.
Ал енді..
Осы күнделікті тірлікте оқыған –тоқығандар қит етсе, құлдық мінез, құлдық психология, құлдық дерт деу әдетке айналды. Бір-біріміздің болым-бітісіміздегі барлық осалдықты содан көреміз.. Бір есептен мұның қисыны да, тарихи дәйек-деректі, себеп-салдары да бар. Десек те..сол құл, құлдық адамзат қоғамының даму-дағдарысына қалай ықпал еткен? Бұл өзі қазып, тарқатып көрсең, бір тұнып тұрған ілім-ғылым тақырып. Жәй бір шолып көрейіші.
Гегельдің түсіндіруінше шынайы мәдениетті тудырған - құлдар. Сол мәдениеттен барып құл құлдық бұғаудан құтылған. Өркениет құндылықтарын құлдар жасаған. Қожайын құлын ит пен мысықтан да төмен ұстаған. Бірақ сөйте тұра қожайын өзі де құлының құлына айналғанын сезбей қалған. Құл күн көрісі үшін қожайынның жан дүниесін әбден түсініп, білді. Психология ғылымы да осылай пайда болды. Құл енді әміршіге айналды. Бірақ ол өзінің ар-ұятының барын ұмытты. Төңкерісті де құлдар жасаған. Сөйтіп құлдар қоғамның қозғаушы күшіне айналды.
Бірақ, құл құлдығын істейді..
…Сақ сарбаздары жаугершілікпен жүріп, жаулаған қиыр елдерде көп уақыт тұрып қалады. Күндерде - күндер, жылдарда - жылдар өтіп, сарбаздар туған жер, өскен елін сағынады. Содан елге қайтып келе жақанда бұларға мұздай қаруланған беймәлім әскер қарсы кездеседі. Мәмілеге келмей екі жақ бетпе-бет соғыса кетеді. Бірақ небір қас жаудан қайтпаған сақ жауынгерлері мына белгісіз сарбаздарды жеңе алмайды. Қылыш, садақ, найзаға да алдырмай, әлгі жауынгерлер бет қаратпайды. Бір уақытта ойы сан-саққа кеткен сақ сардары өз сарбаздарына жауды қамшымен сабауға бұйрық береді. Сол-ақ екен, жау әскері сартылдаған қамшыдан тым-тырақай қаша жөнеледі. Көп ұзамай-ақ мұның сыры ашылды. Кезінде алыс жорыққа кеткен сақ сарбаздардың әйелдері есікте жүрген құл-құтандармен көңіл қосады. Құлдан туған ұрпақпен есейген соң ел әскерін жасақтайды, биліктің де тұтқасын ұстайды. Құл қасиетін таныған сардар осылайша, құлдың құл екенін
есіне түсіріпті. (Геродот)
Қазақтың “Қозы Көрпеш-Баян сұлу” жырында – Қодар құл, “Алпамыс батырында ” – Ұлтан құл бар. Сәбит Мұқановтың «Сұлушаш» поэмасында Алтынай сұлуға «тоқсан нарға жүк артып безеп, жасап, әкесі Шұнақ деген жігітті,Тезек деген қызды құл мен күң»