«Қоңырдың» әні
Иә, «Алтын бесік» аңқылдай бергеннен-ақ , әннің әр сөзі әуенімен жібектей есіліп, санаңның сонау бір түкпіріндегі ең бір аяулы , ең бір нәзік пернелерін баса, маң - маң жүріске салып, жүрегіңді лүпілдете, жаныңды сөгілтіп, сыздатып қоя берді. « Шөбі майса, жұрты жайсаң, туып, кіндік кескен жер. Жаңбыр жауса лай - батпағын жалаңаяқ кешкен жер. Алқам - салқам қой қайырып, тай құлынмен ілескен жер. Қарның тойса, құрбыңды аңдып қайғы көрмей өскен жер.» Кеудем тербеліп, көзім де мөлдірей мөлтілдеп, шүпілдеп барады. Бұл ән тура менің туған ауылымның «Кеңесімнің», Жығылдыойылы «Қызылжар» - «Қызыларығымның» борпылдаған ақ топырағын, қызыл жантағы, боз шеңгелі, тобылғы-жыңғылы, жоңыршқа қораларын, алаботасы ұйысқан, өзегі мен оман арығы сылдыраған, ойхой несін айтасыз, кіндік қаны тамған « мысыр шаһарымды» көз алдыма келтірді. Ішкі түйсігімнің зынданында жатқан иненің көзіндей ғана шоқты көсеп - көсеп жібергендей. Тұла бойымды қыздырып әкетіп барады. Сонау құдыраған балалық шақ.. Қоңыраулы шеңгел. Жел тұрса құмалақтай-құмалақтай қауашағындағы дәндер сылдырап барып, сыбырлап қоя береді. Жел үдей түссе әндетіп кетеді. Шеңгел әні! Топ шеңгелдің қалыңның арасынан атты кісі көрінбейді. Ішіне кірдің бе, өрім-өрімің шығады. Шеңгелдің тікені жұқа көйлек, жұқа шалбарда босаң инесін сұққылап, удай ашытып, көзіңнен бырт-бырт моншақ үзіледі. Екі саның балтырыңнан шып-шып қан шығып, ат бас бермей жорта жөнелгенде көресіні көресің. Кершабақ баз, Астырт, Жыңғылдой, Қызыл кесік, Көкдала, Зәмиддин баз.. Қосарықтың сағасы, Ақкесене, Көккесене, Атбайлар жақтағы баялыш-жусанның түбін ашып қарасам ғой, біздің жалаңаяқ бала табанымыздың ізі көзіме оттай басылар-ау..
..Апамның қағаберісе түйген науатын, өреден қауыншегінен алып, ескі тамның көлеңкесіне ләңгі тебуге асығатын кез. Ойынның қызығына беріліп, үй шаруасын ұмытып кетіп, қас қарайған шақта артымыздан шыр-пыры шығып іздеп жүретін ата-апамыздың: «Қауынның мәлегіндей болған тұқымың өскірлер», «Қызталақ бар бол!», « Әй, дуайтпаттар, жүгермектер-ау, сендерді ме! Садағаң кетейіндер, қайтыңдар түге!» дегендерді де енді қайтып естімейтініміз анық. - «Қайран, қамсыз бала күнің, қайрылмасын кім білген?!» - Жаны бар ән, көзі бар ән! Әннің жүрегіне, жанына тимеу керек. Киесі ұрады. Жалпы «Қоңырдікінің» бәрі сондай! Қоңыр болғанда да ашық тұнық таза, тұнықтығы сондай, тыңдап отырып сіміріп жібергеніңді байқамай қаласың да, көкірек көзің шайдай ашылып кетеді.
Туған жер не себепті құдіретті? Балалық кездегі тұрғылыстарымыз мен құрбыластарымыз неге қымбат ? Неге бәрі еске түскен сайын жүректі елжіретіп қоя береді? Сірә, оның жауабы да қарапайым болса керекті: ол - біздің о бастағы мөлдір бастауымыз , біздің таза шағымыз, ол со саф күйі санамызда шегеленіп қалған. Ал адам егде тартқан сайын бейкүнә шағын, таза да аңғал кезін сағынады. Адамзаттың бәрі де сағынатын шығар. Бірақ қазақтыкі бөлек: қазақ сағынып туады, қазақ сағынып өледі.
Ендеше Жәудір Артықбаеваның сағыныштан өзегін жарып шыққан «Алтын бесігі» бір ұрпақтың кеудесін тербеткен күйі тербеткен. Тарихта бір әнмен қалу деген осы шығар.