01.01.2023
  182


Автор: Жанұзақ Аязбеков

Қан туысқандығы, жан туысқандығы..

 


 


 


 


Ағайынды екі кісі әлі күнге дейін көршілес ауылда тұрады. Екеуінің де әкесі бір -қаны бір, екеуі де анасы бір - бір емшек емген. Бірақ, сізге өтірік, маған шын отыз жыл бірі-бірінің есігін ашқан емес. Отыз жыл бір-бірінің қызық-қуанышын бөліспеген. Отыз жыл бетпе-бет келсе де тіл қатпақ тұрмақ, тым болмаса бас изеп ишаратын да жасамапты. Әке-шешелері дүниеден озғанда, топырақ салғанымен, бір – біріне көңіл де айтпаған. Бала-шағасы да сондай. «Аллам сақтасын, ата жауың да мұндай болмас. Аталарымыздың тұқымың құрсын дейтіні                осындайларды көріп айтады екен-ау, өздерімен кетсінші бәтшағарлар », - дейді ауылдағы бір жеңгеміз, шошына сөйлеп. Неге бұлай? Қандай себеп болған? Білетіндер айтады: бала кезде ойнап жүріп оқыстан                     інісі     кесекпен атып, ағасының көзін шығарып жібереді, кектенген ағасы інісінің аяғын ұрып сындырады. Бүгінде ел ішінде сырт көз                                                  ағайынды екеуін «соқыр – шойнақ» деп мысқылдайды. «Ағайын-туған не керек – аңдысып күні өткен соң, бес күн дәурен өтеді – ажал қуып жеткен соң» - деген Төле би бабамыз тегін айтпаған-ау..


Талай үлкен лауазымды қызметтерді істеген, қазір зейнеткер көкем : «Мен туған-туысқандардан гөрі дос-жолдастарым қай жағынан болса да жақын. Қызық-қуаныш та, қайғы-қиындықта    да                                     алдымен      соларды                көремін.      Ал      туған-туыстарымның жанашырлығынан бұрын, жағдай айтып, салмақ салып, қинайтыны таусылмайды. Кейде солардың шаруасы деп жүйкең жұқарып кетеді. Шыным, достарым туғаннан артық» деген. Сөзінде шындық бар.                              Оны ағайыннан-туғаннан безгендік деп жазғырмай-ақ қоялық, мәселе ағайынның азарында жатса керек. Ағайынның азары демекші, бұл өзі шеті шығып тұрған бөлек әңгіме..


Өзіміз ұзақ жыл қалада тұрамыз. Кезіне түрлі себеппен танысып, аралас-құралас жүріп етбауыр дос-жарандымыз. Олардың туған-туысқандардан айырмашылығы – сенің ішкі шаруаңа (отбасы, туған-туысқан)              араласпайды, жанды жеріңді сезсе де орынсыз мазаламайды.          Әрқайссы бір-бірінің шама-шарқын, ой-көзқарасын, түсінік-пайымын білген соң, ретсіз кіріспейді.          Белгілі бір шекте бір-бірін  сыйлайды, құрметтейді. «Сыйлық қымбат емес, дос көңілі қымбат» - деген бар. «Жауымның дәлдеп салған найзасынан, досымның саусағымен шерткені ауыр» (М.Көпеев), «Жаман туғаның болғанша, жақсы жолдасың болсын» деген сияқты мәтелдер еске түседі.. Іштей бір жазылмаған заңға бағынасың.


Ал туған-туыс, ағайындар арасындағы қарым-қатынаста туысқандық түйсік басым, ағайындық сезім басым. Қазақы бауырмалдық.. Туысқандар сенің қоғамдағы орныңмен, өз ортаңдағы абырой-беделіңмен санаса бермейді. Піл көтермегенді тіл көтереді. Буынсыз жерге пышақ ұрады. Күндейді, жүндейді. Бірақ , айналып келгенде, бірі болмаса екіншісі келеді, әйтеуір мінәйі себеп табылады, бәрібір кетісе алмайсыз.


Ілияс Омаров дүниеден озғалы жатқанда айтқаны: «Туысқандықты туысқандарымның арасынан ғана іздеген жан емес едім. Ұлы, жаңа дүнемізге кім үндес болса, соны дос көруші едім. Ондай туысқанды өзім іздеп тауып алатын әдетім де болушы еді. Сондай туысқандарым аз да бола бермес. Бәріне де езіліп, елжіреп, шыжылып күйіп жатқан жүректен сәлем айт!... Ілияс сондай зәбір етіп еді деп ешкім айта алмас. Бәріне де көп-көп сәлем» - депті.


Бәрін айт та бірін айт: «Бәріңіз бір енеден туғандай болыңыз: жат жанынан түңілсін, айнала алмай ат өлсін, айыра алмай жат өлсін» (Бұхар жырау).


 


 





Пікір жазу