Әке
.. Әкем сексен алтыдан сексен жетіге қараған жасында, ауырмай-ақ, қоңыр күзге таман өзінің «Қызылжарындағы» қара шаңырағында дүниеден озды. Жаратқан ием төсек тартқызбай, келінге күнімді қаратпай, ешкімге салмақ салмай-ақ кетсем деген тілеуі бергендей. Қайтарынан бір апта бұрын қалада тұратын құрдасы Ысқақты шақыртты. Немересінің сүйеуімен құрдасы да жетті. Бірақ Ысқақ көкем ширақтау көрінді. Сонау құлдыраған бала кезімізді осы кісі бізді көргенде: «Өй әкеңнің!» деп тұра қуатын. Енді міне, шау тартқан, баяғы әдетіне басқысы келсе де, менің есейіп кеткен шашы буырыл тартқан пошымыма енді олай деп айтуға ыңғайсызданды ма сыпайы сөйледі. Оның үстіне көрмегелі де көп жылдар.. «Жарылмаған қауындай кезі қандай» деп жастық шақтың бір сәтін еске түсіп кетті ме екеуі де әлденеге күліп алды. Таң атқанша күбір-күбір әңгіме айтып шықты...
Менің әкем де, Ысқақ көкеміз де қылшылдаған жаста майданға аттанып, фашистермен соғысқан.
Әкем Аязбек Айтбаев небір жантүршігерлік шайқасты көрсе керек. Ондай айқас әсіресе Қара теңіздің оңтүстік жағалауындағы Кавказ жотасының бөктеріндегі Туапсе қаласы аумағында болды. Себебі осы өңірді алу үшін Гитлер «Эдельвейс» жоспарын жасап, орасан күш жұмсаған. Кеңестің әр қадам жеріне бола жан беруге әр жауынгер дайын еді.. Небір атан жілік атпал азаматтар жер жастанды, қыршынынан қиылды. От пен оқтың арасынан тірі қалғандардың қатарында әкем де бар. Оқ әкемнің оң көзінен тиіп, оң иығы мен қолтығын талқандап тесіп өткен.. Менің білетінім осы ғана.
Әкем қабақты, қасы қалың, қыр мұрынды, ақбуырыл сақалы мен мұрты да сояудай-сояудай. Мұртының ұзын екі ұшын шиыра сипап қоятыны да бар. Біз Ұлы Отан соғысын көп оқып, кинодан көріп, естіп өскен ұрпақпыз. Бірақ, сол соғысты өз көзімен көрген, жан-тәнімен сезген адам қасымда болса да жарытып әңгімесін тыңдаған жоқпын. Өйткені.. әкем соғыс туралы айтқысы келмейтін. «Оны қайтесің, құдай сендерге көрсетпей-ақ қойсын» дейтін де қоятын. Әкемнің ағасы Адырбек Айтбаев соғыстан оралмады, белгісіз кетті. Артында қалған жалғыз тұяқ – Мейірбек. Бүгінде атамыздан тараған әулеттің ақылшы-абызы, парасат иесі.
Әкемнің тағы бір інісі Сейдан Айтбаев та соғыста болған, жараланып оралды. Келісімен мұғалім, кейін демалысқа шыққанға дейін мектеп директоры болып ұзақ жыл қызмет істеді. Өңірге сөзге жүйрік шешендігі, озық парасат-пайымы, кісілік қадір-қасиетімен ел есінде қалды. Әйтсе де, осы ағайындылардың соғыс хақында сөз болса, сол сәтте түнере қалып, жүзінен бір суық үнсіздікті сезетінмін. Одан әрі әкеме бірдеңе деуге батылым бармайтын. Бір сұраса олардың өкшелес інісі, ағалары еркелетіп өсірген, әрі паң әрі мырза марқұм Кенжәділ жәкем ғана сұрайтын. Оның өзінде де әңгімені тым ұзатпай басқаға аударып жіберетін. Себебі.. себебі түсінікті ..
Соғыс әкемнің жалындаған жастық шағын ойран етті. Екі айналып келмейтін адамның қысқа өмірінің ең бір шырын шағында азап көрді. Көз алдында жаңа ғана арқа-жарқа жүрген қанды көйлек дос-жолдастарының бірінің басы ұшып түсіп, бірінің қол-аяғын жұлып түсіп , қызыл-жоса қан, қасіретті ойран, баудай қырылған адамдар.. Мұндай қасіреттің жүректі ұшырғаны, жаныңды қан жылатқаны аян. Тұла бойыңды, жұлын-жүйкені қуалай мелдеткен қайғы-нала. Мұндайда айтуға ерін де илікпейді. Айтуға оңай емес. Не деп айтады? Аузын ашса, жүрек айниды. Қасіретті қалай үлгі етеді?! Қайтпаған қайсарлық, жүрек жұтқан батырлық болды. Бірақ ол айтуға оңай емес. Батыр болайыншы, ержүрек атанайыншы деп отқа түскен жоқ. Атым шықсын, даңқым артсын деп кеудесін оққа тосқан жоқ. «Ажалға тура ұмтылғанда көз алдыңа өз туған шаңырағың елестейді» деген сөзді майдангерлерден талай естідім. Ал енді, оны айтамыз, адам қартая бастағанда туған жерін жиі есіне алып, өлсем туған топыраққа қойса дейтін инстингте не құдірет бар?