
Атадан алтау тусаң да..
Ауруханадағы екі адамдық палатада түс қайта отыздардағы жігіт келіп орналасты. Сидиған, шүңірек көз, шашы қап-қара,жылы жүзді екен. Өзі оқығаны көп, сөзден сөз шығып, ақтарыла сөйлеп кетті:
- Сонау ит арқасы қиянда орталықтан жеті жүз шақырым «Құмдала» деген жерде тұрамын. Қалаға ат ізін салмағаныма үш жылдан асып кеткен.. Өзіме де обал жоқ, егер жаным көзіме көрінбесе, дәрігер десе ат-тонын ала қашатын қазақтың бірімін. Биыл белім қозғалтпай, аяқ-қолым сырқырап, түн баласы кірпік ілмей, әбден діңкем құрығасын қалаға қаралуға келгем. Бір жағынан осында тұратын бірге туған аға-апа, іні-қарындастарымды көре кетейін дедім.
Алдымен үлкен ағамның үйіне бардым. Астанаға ісапарға жиналып жатыр екен. Есен-саулық сұрасқан болдық. «Не шаруа бар? » деді, асығыс, жүргелі тұрғанын сездіртіп. Еш шаруа жоқтығын, амандықтарыңды білу, өздеріңді көру дегенімді айтқанымда, бала кезде мені арқалап еркелететін қайран ағам, «Жақсы ендеше» деп, бұрылып көлігіне мініп кете барды. Қалай десем де қызметтегі кісі , жолынан қалдырмайын дедім әрі ағам да, жеңгем де қона кет демегесін, қаланың екінші шағын ауданындағы апамның пәтерінің қоңырауын бастым. Есікті апам ашты. Бас салып құшақтап айналып-толғанып жатыр. Ел – жұрттың амандығын сұрап үйіріп әкетті. Бұрын ондай емес сияқты еді. Кәдімгідей көңілім толып кетті. Ас бөлмеде шай ішіп отырдық. Жездем жұмыста, балалары интератта, ал өздері бүгін кешкісін тойға бармақ екен. Сен «Жанмұраттікіне бар, үйінде. Олар қайда барып жатыр» деді, бір уақытта апам маған сұраулы жүзбен. Мен не дейін. Ойбай, шақырғаннан қалма, маған алаңдама деп үйінен тез шықтым.
Содан салып ұрып інім Жанмұраттікіне барайын. Иір-иір жербауыр жатаған үйлердің қатарындағы жертөледе екен. Үйде келінім емізулі баласымен отыр. Менім ойда жоқта сап ете қалғаныма онша қуана қоймағаны бірден сезілді. Жанмұрат тиіп-қашып, әр жұмыстың басын бір шалып жүрсе керек. Келін қашан келетінін де, келмейтінін де білмейді екен.
Несіне күтейін. Одан да неде болса ендігі қалғаны кенжеміз - қарындасым Гүлімдікіне тартып отырдым. Таяуда оқу бітірген. Қызметке орналасқан. Бір бөлмелі пәтер алғанын да білетінмін. Сәтін салды деген осы да, үйінде екен. «О, ағатайым келді» деуін деді. Құшақ жайып көрістік-те. Бірақ, байқаймын, бала қылығынан ештеңе қалмаған, есейген секілді ме, ашық-жарқыннан ада, байсалды бола қалыпты. Оның үстіне жарылып өздігінен ештеңе айтпады, ауылдың жай-күйін, туған-туыстары сұрамады. Тіпті ондай әңгімеге құлқы жоқ сияқты. Бір уақытта «Аға, кешкілік Серікпен кездесуге келісіп қойып едік. Ол менің жігітім. Ну,сами понимайте..»деп тұр. Кешегі үйдегі ұяң Гүлім емес, қаланың тікбақай қызы. Мен түсінбейтін кеще емеспін, үйден шығып кеттім. Бір құрсақтан шыққан қарындасым лә-мимсіз қала берді..
Содан Қостанайдың орталығындағы «Турист» қонақ үйінде бір түн қонып шығып, бүгін осында келген бетім.. -деп үнсіз қалды. Мен де үнсіз. Сәлден соң барып:
- Аға, «атадан алтау тусаң да бір жалғыздық бары» рас екен. Осы бірге туған төрт бауырымның біріне қонып, мауқымды басам ғой деп ойлағанмын. Бүртүрлі айдалада жападан-жалғыз қалғандай, көңілім құлазып сала берді. Құйрығы жоқ, жалы жоқ, бір мүсәпір болдым да қалдым,-деді үні жарықшақтанып. Мен болсам: «Атадан алтау туғанның, жүрегінің бастары алтын менен бу болар. Атадан жалғыз туғанның, жүрегінің