01.01.2023
  209


Автор: Жанұзақ Аязбеков

Аға тұрып іні сөйлегеннен..

Зәулім              мейрамхананың             дәлізінде              лық             толған              адам. - Апырай ә, екі сағатқа жуықтады , жұртта маза кетті, тойды бастай берсек қайтеді?-


деді, буырыл шашты ағасы, қасындағы пошымы боулинг кеглиінен аумайтын інісіне жаутаңдай қарап.


- Жоқ, бастамайсыз, Бәкеңді күтесіз. Сіз де бір өлетін жеріңізді білмейді екенсің. Осының бәрі соның арқасы емес пе? - деп мейманасы тасыған інісі ағасына ала көзімен бажбаң етті. Бәріміз де бүртүрлі оқыс көрініске үрпиісіп қалдық. Мына неме туған ағасына елдің көзінше зіркілдеуін қарашы-ей деп күбірлегендер де болды. Күні бойы жиналғандарды жарасымды әзілі, сыпайы сөзімен тәнті еткен бурыл шаш ағамыз іні сөзін елемегенсіп , жұрттың сөзін естісе де естімегендей.. Бірақ қайтсе де ол үшін емес, әлгі сөз сол жердегі           көзі көріп, құлағы естігендердің көңілін қоңылтақсытып жіберді. «Аға-бордан, іні зордан..»


Бірде жаздық та, осы Қостанайда бір байшыкеш даңғарадай коттеджінде туған інісін құлша жұмсап, үйінің күтуші –жалшысы етіп қойған. Бір жерде ағайындылар бір-бірінің жағасынан алып, енді бір жерде бірін-бірі атып кеткен сұмдықтар..


Несін айтайық, мұндай жағдай бүгінде қазақы ортада таңсық емес. Басқаны былай қойғанда,                     ағайын,    туған-туысқандар арасындағы    қатігездік, әдепсіздіктің әдет боп кеткені алаш баласының ең бір қасиеттісін тәрк еткендей...Іштей қынжыласыз, бірақ одан не қайран? Сол замандастарымыздың көбінің қайрансыздығы жаныңды ауыртады.


Осындайда тағы сол кешегі өткенге жүгінесің...


Пайғамбардың сахабаларының бірі    әл-Бара Ибн Мәлiктiң туған бауыры соғыста жаудың қолына түсіп қалады. Мұны көрген бойда әл-Бара қорғанның қабырғасына жолбарысша атылып, бауыры iлiнген шынжырға жабысады. Ол бiрден балқыған iлмектi ұстап, одан інісін босатуға тырысады. Әл-Бараның қолы қуырылып, түтiндей бастайды, әйтсе де ол інісін құтқарып алғанша балқыған темiрден қолын босатпайды. Ақыры інісін алып жерге түскенде, ағасының бұлшық еттерi күйiп, қолы жалаңаш сүйекке айналған екен...


Бауыржан Момышұлы мен Мұқағали Мақатаев қазақы дәстүрмен                      аға-іні болып сыйласып өтіпті. Бірақ әділеттікке келгенде екеуі де қара қылды қақ жарған оғыландар. Бірде Қазақстан Жазушылар одағында Мұқағалидың тәртібін қарап, оны одақ мүшелінен шығарады. Мәжілістен ренжіп шыққан бетте Мұхаң Баукеңмен бетпе-бет кездесіп қалса керек:


- Аға-ай, Мәскеуді немістен қорғап қалғанда, жалғыз ініңізді жазушылардан қорғап қала алмадыңыз-ау!-депті. Інісінің назын ағасы көңіліне дық алмай көтеріпті.


«Қыз Жібектің» фильмдегі әкесі Сырлыбай ролін сомдаған тарлан талант Кененбай Қожабековты екі сериялы кино түсіріліп біткенше белгілі ғалым Өмірзақ Айтбайұлы арқасына салып арқалап жүріпті. (актер екі аяғы сал, дімкәс) Асанәлі Әшімов бір сұхбатында бұл « інінің ағаға деген ілтипаты рольді сәтті ойнап шығуда үлкен моральдық демеу болды» дейді.


Мына бір әфсана еске түседі: Ағайынды екеу бір нәрсеге ренжісіп қалады. Содан ағасы « Жасы кіші, інім келіп кешірім сұрар» деп күтіп жүреді. Бірақ інісі келе қоймайды. Ақыры шыдамы таусылып бір күні інісіне келеді. Інісі ағасын көре салып, бас салып құшақтап жылап жібереді. Ағасы тұрып:


- Сен кіші болып, неге бірінші келіп кешірім сұрамадың?-дейді.


- Ағатайым, қымбаттым, кім бірінші болып кешірім сұраса, сол мол сауап алады дейтін. Сол сауапты өзіме қимай Сіз алсыншы деп күткен едім,-депті інісі ағасына елжірей қарап.





Пікір жазу