01.01.2023
  116


Автор: Жанұзақ Аязбеков

Бақжарыс

Ой-хой! Бұл бір кездері бөрі ойнақтаған, жалын желге таратып, жирен айғыр айдақтаған                  қиыр дала болатын. Сол жазықта қойын құрттап, қойыртпағын ұрттап, мамыражай өмір сүрген қоңырқай ауыл еді. Жазмыш кеңес дәуренін бастан бұл-бұл ұшырды. Қазынаның бүкіл дүние-мүккамалы таланды. Азу-тозу, көшу-безудің ақыр аяғында мыңға жуық үй, мыңғырған ауылда үйден қалғаны – жетпіс шақты түтін, малдан – жетпіс шақты тұяқ. Көштен қалғандар күйі, күші жоқ, тілерсегі дірілдеп, буыны былқылдап, діңкесі қатқандар. Шөккен түйеге міне алмайтын ынжық, жуас. Тәңір де тарылып, жылдан-жылға жерге дым тамбай, даланың таңдайы кеуіп, қурап семіп, қу тақыр дендеді. Көл тартылып, кұс қашты. Құдықтар суалып, суалмағаны тұзданып кетті. Ең сұмдығы, ауызсуды көктемгі іркілген қар суы, иістенген қақ сулардан таситын болды. Ауылда ішек, сүзек аурулар көбейіп, сәбилері айдың күні аманында шетінеп кететінді шығарды. Зар илегенмен құрсағында бала тұрақтамай, жас келіншектер өздерін арақпен жұбатуды әдетке айналдырды. Достың наласы, дұшпанның жаласы, ағайынның аласынан көресіні көрді. Осылайша, маңдайымызды тайқы жараттың деп Аллаға арыз айтып жүре берер ме еді, қайтер еді?..


Күндердің бір күні ойда жоқта ауылға қаракөк «Ланд Крузердің» бір емес екеуі шаңдатып келіп тоқтады. Ауылда Қоңырбай деген шал болған. Өмір бойы қоңырқай дәулетімен-ақ таршылық көрмей, елде сыйлы болып өткен. Қала жақта жарықтықтың немересінен қалған аузын үріп, табанын қырып өсірген бір қызы бар дейтін. «Әуеден ұшқан бұлдырық, құбыладан соққан ызғырық. Жаратқанмен қыз қылып, жатқа кетпей-ақ, байға тимей-ақ болымды болыпты. Оң жақтан кетсе де, қыз еркелеп ұл болыпты. Фирмалары, дүкендері, мейрамханалары әр облыста, әр қалада. Таяуда Астанадағы хайуанаттар паркіне үндістерден пілдің баласын сатып әкеліп беріпті, – дейді ел езуі. Келген сол Қоңырбай шалдың немересінен туған Айзада ханым екен. Ауылдың қырындағы зиратқа барып, атасы мен әруақтарға құран оқытқан соң, ауылдың тайлы-таяғын жинап ас беріпті. Ас біткен соң, ел алдына шығып былай депті: «Ауыл қарияларының есінде шығар, «Ораздының ойын берсін, Қоңырбайдың қойын берсін!» дейтін әулеттің кенжесімін. Маған бала кезімде шөлімді басып, жаныма қуат берген осы ауылдың, Қоңырбай атамның есігінің алдындағы құдығы, оның зәмзәм суы. Мен оны өлсем де ұмытпаймын. Қазір атамның үйі де, құдығы да жоқ. Аты да өшкен. Мен сіздерге жердің астын қазып, терең көлінен су тартып шығаратын құбыр салып, станса орнатып беремін. Ауылдағы үйді-үйге сол стансадан су ағатын құбырлар төсеп, әр үйде шүмектен су ағып тұрады. Көк тиын да алмаймын. Судың да, жердің де иесі сіздер боласыздар. Тек сол су стансасын «Қоңырбайқұдық» десеңіздер жетіп жатыр, – депті. Халық аяқ астынан табылған жаңалыққа сенерін-сенбесін білмей алғашқыда есеңгіреп қалыпты. Әбден жігері құм болып жаутаңдап қалған жаутаң жұртқа Айзада ханымның төлеңгіттері екі бағлан сойып, құдайы тамақ таратып бергенде ғана есін жиса керек. Кетерінде қоғадай жапырылып, «айтқаныңа құлдық» деп шығарып салады. Айзада ханымның кеткенінен келгені жылдам болды. Арада он шақты күннен соң, Айзада өзі бас болып жасақ-қосағымен сау ете қалды. Барлығын да ойластырып келіпті. Рұқсат құжаттары реттелген. Ала жаздай тыным көрмей, құдық қазылды, құбырлар жүргізілді. Жабдықтары орнатылды. Қоңыр күзде ауылда ақ түйенің қарны жарылып, ауыз суға қарық болып, риза болған халық қуанғаннан жылапты. Қара басымыз        қара жерге жеткенше жадымыздан кетпейді деп ант су ішіпті.


Арада небәрі жарты жыл өтеді.


Күндердің бір күні ауылға ақсұр «Хаммер» қаңтарыла көрінеді. Одан ұзын бойлы ақсұр жігіт түседі. Түсе салысымен ол да зират басына барып, ата-баба, туған-туысқандар әруағына зиярат етеді. Содан ол да іле шала ауылдың тайлы-таяғын жинап былай дейді:


– Менің арғы ата-бабам – Паң-Тұрсын әулетінен. Алысса білегі бар, арбасса жүрегі бар, ақыл мен жігері бар батыр болған. «Аттандағанда!» Паңтұры қалмайды, Жантұрысы қосыла кетсе, бәрінің де тамтығы қалмайды, – деген сөз википедияға жазылған. Ел аузында тағы «Паң-Тұрсын айтса – баптап айтады, қыршаңқыларды таптап айтады» деген сөз қалыпты. Мен кіндік қаным осы топырақта тамған.


Ал әлгі Қоңырбай әулеті... Арғы аталары болса болған шығар... Айзада ханымның әкесі қотыр тайын кісіге қимайтын сараң еді. Құдайдың құдіретіне амал который. Короче, қандай мұқтаждық бар? – деді Нұрбай есімді ақсұр жігіт нығыздай сөйлеп.


Мұны ести сала ауылдағы бас көтерерлер онша қинала қойған жоқ. «Жүз мектеп, жүз аурухана» бағдарламасы әне, қазына қаржысына су жаңа мектеп пен дәрігерлік фельдшерлік пункті бар.


Ал, жоғы.. қазір қызталақ бозбас-бұйрабас қыз-жігіттерге обал. Қас қарайса, өздерін қайда сыйғызарын білмей көрінген бұрышта гөй-гөй, айқай, мазаны алып бітті. Мәдениет үйі керек!


– Базар жоқ, Евростиль, бәрі болады! Рас болып шықты. Он бес күннен соң ауыл көшесінде ерсілі-қарсылы жүк тиелген «КАМАЗдар» қаптап кетті. Қирағалы тұрған клубсымақты сырды да тастады. Айтып-айтпай не керек, ауыл ортасында әппақ жұмыртқадай әдемі Мәдениет үйі алыстан көз тартатын болды. Ауылдың қызталақ жастарының қуанышы қойыны тұрмақ, бойынан асып кетіп, үйге түнемеуге бар.


Нұрбай ақ бата, көп бата алғыстың астында қалды, мұрнынан есек құрт түсіп отырған азамат екен. Ауылдан бір ту бие сойдырып, әруақтарға құран оқытып, ас беріп кетті. Кетерінде «завклубқа» айлық төлеп тұрамын дегенде, Күләнгүл қыз естен танып қала жаздады.


Күн артынан күн, жыл артынан жыл өте бергенде, ауылға үш түрлі жалт-жұлт маркасы белгісіз көліктермен бір топ адам сау ете қалды. Ішінен ерекшеленіп бір домаланған қызыл шырайлы жігіт шықты. Өзі ыңқиып тойып апты. Сабазың жан-жағына шырт-шырт түкіреді. Кеудесі жанартау-лапылдап тұр: «Қоңырбайдың Айзадасы, байтал шауып бәйге алмас. Сасық құдығының дәмі әлі аузынан кетпей жүр екен, ә?! Сағанақтай болған шәлтік! Ал         Нұрбайдың арғы аталары болса, болған кісілер шығар. Біз қалаға кеткенде, үйіңде шымылдырығы жаңа желбіреген бозбас еді. Кеңкелестеу еді, сіңбіруге қолы тимей жүретін ол да енді... бізге партнер, что ли? Бұлардан дәулетім де, әуелетім де кем емес. Менің ата-бабаларым да осы ауылдың қорымында жатыр. «Білсең – Болғанбаймын, білмесең – зордан баймын» деген атамыздың бір бұтағымын. Күні ертең шаруаның бәрін тындырғанда, Болғанбайдың кім екенін әлі көресіңдер! Айтыңыздар, елге не керек? – дейді ғой баяғы. Ауылдың қоң бітіп, еркетотайлана бастаған төрбасарлары екі сөзге келмей: «Бізге монша, тұрмыстық шеберхана керек», – деп шалқая сөйлейді. Бірақ Болғанбайдың тұқымы айтса айтқандай болып шықты. Болғанбай зордан бай болып шықты!


Ауылда еркек пен әйелге арналған дербес екі бу бөлмелі, бассейні, демалатын бөлмелері бар қаладағыдан да керемет монша; көйлек-көншек, құрақ көрпе, терезе перде тігетін тігінхана; қамыр илейтін, салма тартатын, нан-тоқаш пірісетін шағын наубайханасы бар тұрмыс үйі салынып бітті. Түгелімен, бәрін өзі көтерді. Елден, қазынадан көк тиын ақша сұраған да, жинаған да жоқ. Ауылдағы бос жүрген ер-азаматтар, қыз-келіншектер жұмыс табылып жүрегі жарылардай қуанды.


Сөйтіп, тарағалы, қирағалы отырған ауыл гүлденіп шыға келді. Тәуелсіздік мерекесіне орай, сол үш оғыланды ауыл қонаққа шақырды.


Үшеуі үш бөлек, бірақ бір уақытта келді. Үшеуін де қоғадай жапырылып, күтіп алды. Үшеуін де бір дастархан басына қатар отырғызды. Үш күн, үш түн ауылдықтар барын салып, думандатты-тойлатты.


Үш «олигарх» кетерінде тұңғыш рет құшақ айқастыра, төс қағыстыра бірге аттанды.


 


 


 





Пікір жазу