01.01.2023
  105


Автор: Жанұзақ Аязбеков

Тіленшілік

Қараша басталғалы    күн     бірте-бірте суытып келеді. Қаңғыбастар қаладағы бейімдеу орталығын айналшықтап жүр.


Базар, вокзалдарда ертелі-кеш қайыр садақа сұрап, алақан жайып өткен-кеткендердің шалғайына жармаса кететіндердің де қарасы жиі байқалады. Ал бұл мешіттердің айналасындағы ежелден келе жатқан дәстүрлі көрініс.


Бірде сол қала орталығындағы мешіттің қасынан отыз бен қырықтар шамасындағы бір қазақты көрдім. Мен назар салғаным сол еді, қолын жайып, ақша сұрады. Алақанына дөңгеленіп екі жүздік тиындар түскенде, көзі жалт етіп: "Рахмет, ағасы, рахмет!" – деп, үсті-үстіне жалпылдап қалды. Түр-тұлғасына қарасаң аяқ-қолы балғадай, тепсе темір үзетіндей-ақ. Бейімдеу орталығына баратындар да, базар-вокзалдағылардың да дені – он екі мүшесі сау пәтшағарлар. Олардың мәртебесі: еш жерде тіркелмеген, жәрдемақы, зейнетақыдан жұрдай, кәсібі – сұрау. Мұның Алматыда, Алтын орда сияқты сауда орталықтарында кәдімгі жабайы бизнеске айналғалы ондаған жылдар болғаны аян. Ал көшеде, автобустарда, пойыздарда        түр-түрі шыққанын қарапайым жұрт көріп жүр.


Енді өзге елге қарасақ, Түркияда көше мен қоғамдық орындарда қайыр сұрау заңмен тыйым салыныпты. Мұндай тәртіп Литваның Вильнюсында бар екен. Қайыр сұрап немесе садақа беріп жүрсеңіз, айыппұл салынып, жауапкершілікке тартыласыз. Бұл іс қоғамдық тәртіпті бұзу болып саналады. Қайыр сұрау мен садақа беру тек шіркеулер мен діни мерекеде ғана рұқсат. Жергілікті билік мұны ұлт имиджіне нұқсан келтіру деп түсіндіреді. Мейіріміңіз тасып бара жатса, арнайы орындарға келіп, үйсіз-күйсіз жандарға арналған қорға өткізуіңе болады. Ресейде балаларды пайдаланып, қайыр тілеген бизнес тым белең алғандықтан,                 ересектерді қылмыстық жауапкершілікке тарту көзделген. Біздің елде де осы мәселе күн тәртібінде тұр. Оны айтасыз, тағы бір сұмдығы, Алматыдағы қаңғыбастарға арналған бейімдеу орталығына бизнесмендердің 136-сы "паналапты". Яғни, тіркеуде бар да, бірақ онда тұрмайтыны айдан анық. Кәдімгі жекеменшік кәсіпорынның қожайыны, банктен қомақты несие алуға жағдайы                                бар азаматтар қаңғыбастар мекемесіне заңсыз тіркеліп алған. Мұның астарын өзіңіз түсіне беріңіз. Осы біз қазақтың менталитетін мансұқтап, жетімін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған елміз дейміз. Осыған бүгінгі көзбен қарап көретін кез келді. Қаңғыбас, қайыршы, жетім, жесір деп жүргендерге жаппай қазақы пейілмен жанашырлық танытудың жөні жоқ секілді. Өйткені...


...Атымтай жомарт қаладағы кәріптерге киім, тамақ беріп болған соң, енді даладағы кедейлерді іздеп шығады. Келе жатса, үстінде тоз-тоз киімі бар бір адам кездеседі. Атымтай: "Бүгін Атымтай кәріптерге киім, тамақ беріп жатыр, соған баруыңызға болмас па екен?" – дегенде, әлгі жарлы айтыпты: "Сен Атымтайдың жіберген адамы болсаң, оған сәлем айт! Адал еңбекпен қатын-баласын асырап, артылған еңбегімен өзінен төмен кем-кетікке жәрдем қылуға әлі жетіп, соған әбден құмарланып кеткен адамға Атымтайдың керегі жоқ. Мен бүгін қатын-баламды тойғызарлық отын жиып алдым. Енді анау отырған ақсақ шал үшін отын алып жүрмін. Дені сау адамды Атымтай асырап, тіленшілікке салып жібермесін. Кем-кетікке қарассын! Атымтай малмен мырзалық қылады, мен еңбек, теріммен мырзалық қыламын, қайсымыз мырза екенімізді Атымтай өзі сынасын", – депті. (Шәкәрім Құдайбердіұлы)


ХІХ ғасырда атақты Медеу бай Пұсырманұлы Алматыдағы Медеу мұз айдынының орнындағы ен жайлауды мекендеген. Осы Медеу бай жағдайын айтып алдына келген адамды ауылдың іргесіндегі мыңғырған малдың ортасына апарып: "Көзіңе түскенін ал да, өз ісіңді баста", – дейтін көрінеді. Егер мал алған адам алған малын сойып жеп қойып, тағы сұрап келсе: "Сен масыл екенсің, енді қайтып маңайымнан жүрме!" – деп ұрсып, қуып жібереді екен. Ал егер алған малдың басын құрап, көбейтіп жүрсе, "Несібең арта берсін!" – деп, тағы бір ірі қараны ақысыз-пұлсыз жетектетіп жіберетін болған дейді.


Айналып келгенде, табан ақы, маңдай термен болған тіленшіліктің арғы жағында ізгілік бар!


 


 


 





Пікір жазу