Әлі де ізбасармыз...
Бір күні қарт абызға бір жас жігіт келіп: "Мен сізден үлгі-өнеге үйренейін, шәкірт етіп алыңызшы", – деп өтінеді. Сонда абыз:
– Сенің менен үйренуіңе қарсы емеспін. Тіпті басқа шәкірттерім сияқты менімен бірге жүріп, бірге тұруыңа да болады. Сен бірақ менің ізбасарым боламын деп ойлама.
– Онда мен кімнен үйреніп, кімге еремін?
– Ешкімге де емес. Егер біреудің соңынан ерсең, онда шынайы жолдан адасасың.
– Ал Сіздің шәкірттеріңіз ше?
– Олар менің қасымда, бірақ әркім өз жолын іздеп жүр. Ал тапқан күні олар мені тастап кетеді, – депті абыз.
Сонау бір кеңес дәуірінде өмірде де, әдебиетте де әркім ешкімге ұқсамайтын өз жолын іздесін деген пәлсәпа, қағидат жиі айтылушы еді. Сол кеңес заманында жаппай лениншілдер, еңбек ерлері, өнер шеберлерінің ізбасарлары тәрбиеленді, үйретілді, өсті, қалыптасты. Небір ұстаздар, ардагерлер жүздеген, мыңдаған шәкірттер оқыттық, тәрбиеледік деп мақтан етті. Ал шәкірттері болса ұстаздарын пір тұтты. Қазақтың ортасынан марқасқалар мен оғыландар шықты. Олар ұстаздарынан үйрене жүріп, өмірден өз жолдарын, өз даралығын тапқан тұлға еді. Халық шынайы талантты таныды, дарынды екшеп алды. Халық өздігінен оларды айрықша құрметтеді, қадірлеп-қастерледі.
Ал енді қазір жүйе де, құндылық та алмасты. Бүгінгі дәуірімізде замандастарымызға не істеймін, кімнен үйренемін, қайда оқимын десе де, еркі өзінде, қалауы біледі, жол ашық. Алды шетел асып төрткіл дүниені шарлап кетті. Әркім қолынан келсін-келмесін бір-бір кәсіптің тұтқасын ұстаған. Айналаға қарасаңыз қазақтың айналыспайтын тірлігі қалмаған секілді. Қуанасың. Бірақ бәрі біркелкі, қоңторғай. Үлкен-кіші, ұстаз-шәкірті де бірдей. Жеке, дара кісі көрінбейді. Тіпті бай-бағыландарыңыз да бір-бірінен аумайды. Табар табысы да, ішіп-жемі де, сөйлеген сөзіне дейін бір-бірінен айнымайды. Бір қарағанда көпшілігі өмірден өзін-өзі іздеп тапқан жандарға ұқсайды. Себебі, елдің көз алдында , теледидарда, газет беттерінде "мен-менмін", "мен мұндаймын, ол сондай", "көріңіздер, мен осындаймын" дегендей жалт-жұлт, төр менікі дегендер бір-бірінен асып түсіп жатыр. Бірақ оларға халықтың шынайы құрмет-ықыласы аз. Аз-маз көңіл көтеруге болмаса, риясыз ләззат алған кісі көрінбейді. Оның себебі...
Неге екенін білмеймін, бұрын халық өзі таңдап, өзі сыйлап, өзі қастерлеп, алақанға салатын тұлға жеке адам (индивид) сирек болса да бар еді. 1947 жылы кеңестік делегацияның құрамында Қаныш Сәтбаев Лондонға барған екен. Сапар барысында Ұлыбританияның әйгілі мемлекет қайраткері Уинстон Черчилль зор денелі, сымбаты келіскен Қаныш ағаға тесірейе қарап: "Қазақтардың бәрі сіздей алып па?" – деп сұраса керек. Сонда Қанеке: "О! Не дегеніңіз, Черчилль мырза, олай емес, мен қазақтардың ішіндегі ең кішкентайымын", – деп жауап берген екен. Тумысынан дара, ісі, ойы, жүріс-тұрысы, сыр-сымбатына, тіпті қалжың сөзіне дейін ешкімге ұқсамайтын Қаныш Сәтбаевтай халқына асқан беделді де қадірменді көзі тірі тұлғадан қазір кімді атар едіңіз? "Жұртым" деп жұмылып, "елім" деп езіліп қызмет ет немесе "Тізе бүгіп тірі жүргеннен, тіке тұрып өлген артық" деген Баукеңді, Момышұлын осы бүгін неге іздейміз, неге қажетсініп жүрміз осы? Шынымен-ақ, өмірден өзін тапқан дана да, дара да біздің замандастарымыз кімдер, қайда жүр? Небір басылымдардың, сахналардың төрінен көрініп жатқан "дарабоздар", "жұлдыздар" мен "жампоздар" т.с.с. Әсілі, осындай сауалдар бірінші рет қойылып отырған жоқ. Ал толық та тұщымды жауап табылғанша... әлі де бар болғаны ізбасармыз...