Қазір тұлға керек пе?
– Керек. – Жоқ.
– Білмеймін...
Бұл осы күнгі замандастарымыздың жауабы.
"Керек" деген кісінің айтқандарының бір парасы мынаған саяды: біздің заманымызда тұлғаға лайық замандастарымыз бар.
Бірақ біз оны менсінбейміз. Жақсы атқа, мадаққа, марапатқа қимаймыз. Қызғанамыз. Күндейміз. Көзінше күле қарап, бас изеп, риясыз кейіп танытамыз. Әйтеуір мойындамаймыз. Сонымен тұлғасызбыз...
Ал ешқандай кесек мінез, сұңғыла ақылы жоқ, пысықсыған пысықайларды асыра орынсыз, лайықсыз мақтаймыз. Көбік, өтірік мадақ. Біліп тұрып, сезіп тұрып жалған айтамыз. Сөйтіп қолдан тұлға жасауға тырысамыз. "Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын" дегенді теріс айналдырып түсінеміз. Біле білсек, жақсы кісі істеген жақсылығын айтпайды, керісінше біреу жақсылығын көзінше айтса, қысылады. Адамдық, азаматтық этикет осындай. Сыпайылық – имани әдеп. Мәдениетті айтуды үйреніңіз. "Қолда бар алтынның қадірі жоқ" деген рас. Күнде көріп, етжақын араласқан соң, асыл азаматтың абзал қасиеттеріне бой үйреніп, әбден қадірін елемей, аяқасты етіп жібереміз. Ел мойындаған, қадір тұтып, сыйлап құрметтейтін азамат. Мансабын емес, мамандығын емес, адамдығын, адалдығын сыйлаудың жөнін білмейміз.
Ал енді осы жерде мысалға жиі алынып жүрген ұлы Мұхтар Әуезовтің Құнанбайдың Абайға айтқанын тағы бір еске түсіріп көрейікші. Құнанбай Абайға: "Ең әуелі, жұрттың бәріне күліп сөйлейсің, жайдақ су сияқтысың. Жайдақ суды ит те, құс та жалайды, кісіге қадірің болмайды. Екінші, көрінгенмен жақын боласың, кісі талғамайтын желбегей жүрген кісінің басына ел үйірілмейді. Ел алатын қылық ол емес. Үшінші мінің – орысшылсың", – дегенде Абай: "Қолында құралы бар бірен-саранға ғана тиетін шыңыраудағы судан да қойшы-қолаңшы, жалшы-жақыбайдың бәріне бірдей пайдасы тиетін жайдақ су артық деп білемін. Екінші сөзге – біздің заманымызда ел жылқы тәрізді болды. Мұны ақ қар, көк мұзда қар төсеніп, мұз жастанып, етегін төсек, жеңін жастық қылуға шыдаған жылқышы ғана баға алады. Еңбек сіңірген адам ғана ие боп, басшы бола алады. Орысшылсың дегенге – оның қолында зор қуат, өнер, білім бар. Егер сол өнер-білімді үйренуден қашсақ, ол – надандық болар, жақсылық болмас. Мен өнер-білімі үшін орысшылмын", – депті. Абайдың өз жауабы өзінікі.
Ал енді сәл-пәл ойланып, Құнанбайдың айтқанын осы біздің заманымыздағы қоғаммен, адаммен салыстырып, көзге елестетіп көрейікші. Барлап кеп жіберсеңіз, Құнанбайдікі түгелімен дұрыс, шындық сияқты.
Айналаға қараңызшы: "жұрттың бәріне күліп сөйлеп, жайдақ су сияқты, ит те, құс та жалап, кісіге қадірі болмай жүргендер аз ба?! Шынымен де көрінгенмен жақын болып, кісі талғамай желбегей жүрген кісіге ел үйірілмейді. Арзан мен қымбаттың парқын айырмайтын, өзіңдегі барын арзан ұстайтын, бұлдай білмейтін, көп күлкі, болымсыз ермекке асылын шашқандар ше? Амал жоқ абыз ақынның осыдан жүз елу жыл бұрын айтқан: "Мықтыны құрметтейін десең, жаманшылыққа елдің бәрі мықты, жақсылыққа мықты кісі елде жоқ. Есті кісіні тауып құрметтейін десең, әділет, ұят, нысапқа есті кісі елде жоқ. Қулық, сұмдық, арамдық, амалға елдің бәрі де есті. ...Елді пысық билегені несі? Тоқал қатын өр келетұғыны несі? Кеселді кісі ер келетұғыны несі? Кедей кісінің кер келетұғыны несі?" – деп (Қара сөздерінен) қайталай бергің келеді.
Ал екінші "жоқ" дегеннің тоқетері: осы заманға тұлғаның керегі жоқ. Әр адам өзін-өзі тұлға сезінетін болды. Өзі сұңғыла, парасатты, бәрін біледі. Үйренем десе, меңгерем десе, жүрем-тұрам десе ғаламтор бар, ақпарат тасыған дәуір. Керегін, қалауын, талабын, талғамын бәрін-бәрін көзді ашып-жұмғанша тауып алады. Жақсы әнші-сазгер, ақын-жазушы болса, өнерін тамашалауға бар. Еруге, еліктеуге бар. Бірақ оны тұлға деп мойындамайды. Оны тұтыну көзі ретінде сезінеді. Пайдасын көргенше ғана. Жастардың әнші-әртістердің жұлдыздары десе "қырылып" қалатыны сондықтан. Сонда да көріп, естіп алғанша. Сәл бірдеңесі ұнамай қалса, сол тұлғаны балағаттап, тіпті сабап кетуден тайынбайды. Ондайлар топ емес, тобыр. "Тобырда ақыл болмайды", ал ол жұлдыздарда тұлғалық қасиет жоқ.
Үшіншісі... білмесе білмейді де. Нанын тауып жесе болды, оған тұлғаның не керегі бар?!..