Кім қалай ойнап жүр?
Есік сарт ашылып, ақын інім түрі өрт сөндіргендей диванға сылқ отыра кетті. Сөйлеуге асығар емес, тұтығып қалды ма, түрі сұрланып, өзін-өзі әзер жұбатып отырғандай көрінді.
– Не болды? – дедім, ақырын сыр тартып. Менің сұрағым оған жетпей ауада ілініп қалғандай, ол сол күйі үнсіз. Сабасына түсер деп назарымды өз шаруама аудардым да отыра бердім. Қанша уақыт өткенін білмеймін, кенет ақын інім ұйқыдан оянып кеткендей:
– "Қыз Жібектің ақтығы, наурыздың ақша қарындай, ақ бетінің қызылы ақ тауықтың қанындай. Екі беттің ажары, жазғы түскен сағымдай, білегінің шырайы, айбалтаның сабындай!" Иә, дәл сондай! Ал, көке, күле көрмеңіз, шынымды айтайын, ақын атымыз бар, мен қиссаға бұрын онша сене бермейтінмін. Өйткені ол көркем туынды, тыңдаушыны қызықтыру үшін әсірелеп жырланған. Тіпті олай емес екен! Сыртқы сұлулығы айна қатесіз! – деп ақын інім әңгімесін есе жөнелді, – өткен жетіде "Астықжанға" барып, оны-мұны алып, енді шығар есікке бұрыла бергенімде, екінші қабаттағы баспалдақтан бір сұлу бойжеткен түсіп келе жатты. Енді сұлулығы жаңа айтқан Қыз Жібектей-ау! Қамбар батырдағы "Қыз Назым шықты, бұраңдап" дегеннің нақ өзі, жүрісін айтсаңшы! Жымиғанын айтсаңшы! Ерекше. Артынан қалай салпаңдап еріп жүре бергенімді өзім де аңғармаппын. Автобусқа отырып, жаңа шағын аудандағы бір бес қабатты үйдің қасынан түсті. Мен де түсіп еріп келемін. Бірінші есікке жақындағанда кілт бұрылып маған тағы бір әдейі жымиғандай болып, зып беріп кірді де кетті. Мен тоқ ұрған адамдай, жүрегім кеудеден шығып кетердей атқақтап тұрып қалдым. Бәрі таза. Риясыз. Шынайы. Апырай, бұл Қостанайда жиырма жыл тұрып, мұндай хор қызын бірінші көруім! Содан несін айтасыз күнде сол жерден өтіп аңдитын болдым. Бір апта өтті, кездестіре алмай қор болдым. Жүректе – шоқ. Көруге зармын, жандырып, күйдіріп барады.
Ақыры... бүгін көрдім. Әдеттегімше талдың тасасынан "хор қызы" кірген есікті аңдып тұрғам. Кенет есік сарт етіп ашылып, сыртқа бір орта жастағы ірі денелі әйелді жетелеп, аңсаған арманым – аруым шыға келгені. Ай маңдайы жарқырап, жетелеген кексе әйелді тура аялдамаға қарай сүйрей жөнелгендей болды. Кенет айдай ару: "Әй, соқыр-ай, сен-ақ сорлатып біттің, тез жүрсеңші енді!" – деп дүр ете қалғанда, біреу мені шапалақпен тартып жібергендей болды. Сол екі арада автобус та келіп, жетектегі мосқал әйел денесін ауырсынып баспалдаққа аяғын қоя алмай мықшыңдап жатқанда, әлгі қыз: "Бол енді, не өлмедің, не қоймадың, сука!" – деп, жұлқи тартып түйіп жіберді. Тағы басқа да лас сөздерді шаңқылдап айтып жатты. Айдалада тұрып, жердің тесігі болса кіріп кете жаздадым. Сенейін бе, сенбейін бе?! Апырау, мынандай түрден, мұндай тіл шығады деп кім ойлапты?! Тіл емес – у, у емес – құсық! Көрген жоқсыз, сенбейсіз, көке! – деп айқайлап жіберді. – Мен түс көргендеймін. Жиырма бірінші ғасырдың он төртінші жылында. Қазақ қызы! Құдайақы, қасындағы шешесі! – деді інім көзін алайтып.
– Сен оған тым қапалана берме. Сенің көргенің – мыңнан біреуі дейікші, – дедім. Сәлден соң ініме кеңесейік деген ағалық ниетпен: "Біздің барлық өміріміз – ойын, ал ондағы адамдар – актерлар" деген (Шекспир) сөзді терең түсінсек, жарық дүниеге келген әр адам бұл фәниде өз ойынын ойнайтыны аян. Мәселе, кім қалай ойнайды, әркімнің ойнау қабілеті әр түрлі ғой. Адамның бақыт-бағы оның сыртқы-ішкі дүниесінің үйлесімінде. Осы бар ғой, сенің таңғала, жаның ауырғанына қуанып отырмын. Әйтпесе қазір жұрт бір нәрсеге таңғалмайтын болғалы қашан. Небір сұмдыққа етіміз әбден үйренген. Замандастарымыздың ішкі мәдени иммунитеті тозған. Бәрін бір көргеннен кесіп-піше салу оңай. Сен асықпай бағала. Өмірде бәріміз де ойыншымыз. Бірақ әр кісі өзінің шамасы келгенше, ой-өрісінің жеткенінше ойнайды.
Әсілі, шынайы әйел сұлулығының өзі де ойын. Тек сол сұлулықты, шырайына келтіріп, табиғи үйлесімді ойнай білсе. Бақытын тапты, бағы жанды дейтін сөз сонда айтылса керек.