Өзіңді өзің ізде
Бір шипая бозөкпе имене кіріп: "Сізге мыналарды көрсетіп алайын деп едім", – деп бірнеше бет қағазды қолыма берді. Ашып көз жүгіртсем, өлеңдер екен. Оқи бастадым. Үйіріп әкетіп барады. Жып-жылы, ұйқастары да келісті.
– Жақсы екен, – дедім бас көтерместен. Ол кенет:
– Мен әлі өзімді таппай жүрмін, ағасы. Ізденіп, іздеп жүрмін. Әл-әзір таппақ тұрмақ, қарам да көрінбейді, – деді маған емес, жалюзидің арасынан сыздықтай ағылған терезе жарығына қырын қараған бойы. Менің жауабымды күтпестен:
– Отыз елдің қатарына жетуін жетеміз-ау. Бірақ солардың ішінен бізді, "Міне, қазақ!" деп қай түрімізге, қай қасиетімізге қарап таниды? – деп, сірә, бүкіл қазақтың тағдырына жауапты адам мен секілді маған безірейе қарап қалыпты. Сол екі арада телефон шыр ете қалды. Жанашыр газетіміздің ардагері екен.
– Ертеңгі мейрамда ұлттық киіммен келіп, ұлттық дастархан жасаймыз, соны суретке түсіріп, бірінші бетке берсеңіздер, қатып кетер еді!" – дейді.
– Жақсы, – дедім әңгімені ұзатқым келмей.
Ал мына аяқ астынан пайда болған мына тықақ кім? "Қазақтың іші-сыртына күмәндануыңа жол болсын! Өзіңді таппай жүріп, бүкіл қазақта нең бар? Ел тағдыры сен сияқты бозбастың босаң сенім-нанымына қарап қалмаған шығар. Ал, тіпті, сеніңше елдің болмыс-бітімі қандай болу керек?"– деген дүр еткен сапалақ ойлармен дүрсе қоя берсем бе екен деп.. алдымда орындық бос тұр! Бозбас жым-жылас. Есіктен хатшы қыз кіріп, қолыма бір флешка ұстатты. Дереу компьютерге қоса қойдым. Жаңағы бозөкпе: "Көке, мен өзімнің тұрғыластарыма айтарым бар. Дүние-мүлкің, киімің тозар, тәніңнен де жан кетер. Дүниеде қатып қалған еш нәрсе жоқ, өзгерер, құбылар, жаңғырар. Бірақ әр ұлттың айнымас, бұлжымас ұлттық рухы, құндылығы, серті болса керек-ті. Жаратқан Ие: "Алланың жасаған нәрсесінде кемшілік болмайды. Мен сендерді ұлттарға, ұлыстарға бөлдім..." деген аятта. Ендеше жүз жерден өркениеттің алдыңғы сапында алшаң басып кетсек те, қазақ қазақ болып қалуы анық. Бірақ мәселе – қандай қазақ болып қалады? Жауап айқын: қазақ рухани мінез-құлқы бар, ұлттық парасат-пайымы сұңғыла, заманауи технологияны меңгерген, сымбатты да сырбаз болуы шарт. Бірақ менің осыған күмәнім бар. Себебі, замандастарым ізденгісі келмейді, дайынға құмар, – деп бір түйіп тастады да, одан әрі осы талапқа сай болудың жолдарын білмей басы қатып жүргенін айтып, – қандай кеңес бересіз? – деп келіп ем, байқадым кабинетте бұл әңгіме жараспайтын сияқты, – деп нүкте қоя салды. Сөздері түйеден түскендей. Еріккеннің ермегі емес.
Ал енді балаңмен жасты бозбасқа қапелімде не кеңес беріп жарытамын? Күні кеше ҚМУ-дың журналистика факультетінің үш студенті бізде практикада, өзара пікірталас ұйымдастырып қырықпышақ болғаны бар.
Қазір жеке меншіктің заманы. Капитал билеген дүниеде жеке меншік ғасырлар бойы қалыптасып, нығайған. Бірақ оларда ұлттық иммунитет жойылған. Біз олардың қазіргі нұсқаларын, кейпін өзімізге көшіруге жанталасудамыз. Адамзаттың алпауыт топтарының ентігіне елітіп, оларға қызыға, етегін ала ілесе жөнелдік. Олар не істесе, біз де соны істеп жатырмыз. Олар не ішсе, не кисе, не көрсе, соны қайталаймыз. Тіпті алпауыт деген орыс та мемлекеттік ресми төл атауларының орнына "Президент", "Премьер-министр", "Мэр", "Департамент" деген сияқты еуропа стандартына алмастырып, байырғы атауларын қолданыстан шығарып жіберді. Әр ұлттың ұлттық ерекшелігі, болмысы (менталитеті) құндылық болудан қалып барады.
Біз ұлттық қасиет-құндылықтардың бәрін, мереке салтанаттардағы сахнада, көшеде декорацияға, жасанды дүниеге өзімізді-өзіміз алдаңғыртатын арзан әуеске айналдырып жібердік. Біз ұлттық киімді, ұлттық тағамның түр-түрін тек наурызда ғана жасаймыз. Семинар кеңестерде ұлттық құндылықтарды сөз етеміз. Бірақ күнделікті тұрмыста, тірлік-тіршілігімізде әдетіміз бен ғадетімізге сіңгені шамалы. Кедей «бай болсам» дейді, бай «құдай болсам» дейді. Бірақ соның бірі де нағыз қазақ болғысы келмейді. Елімізде неге отбасыны тәрбиелейтін институт жоқ? Жылқы шаруашылығымен айналысатын мемлекеттік институт қашан ашылады? Қазақы қасиеттің бәрі осы шаруашылықта жатқан секілді.
"Біреуге малай болып, еңбек іздеп жүрген дүниеде ешбір қазақ жоқ", – деді Елбасы Тәуелсіздік мерейтойында.
Әр қазақтың бойында ұлттық гендік код бар. Оны тек ізденген, үздіксіз өзін-өзі іздеп тапқан адам ғана аша алады. Ашқан адам – нағыз қазақ!
Осыны студенттер қалың жастар ортасына алып шығамыз деп пәтуаласқан. Мен шипая бозөкпеге осы төңіректе айтқым келді. Бірақ ол менсіз де білетін, сезетін сияқты. Өйткені ол өзін-өзі іздеп жүр!