30.12.2022
  125


Автор: Жанұзақ Аязбеков

Шал мен Жолдас

Бір кемпір шалына құдайы көршісін үнемі, – жүріс-тұрысы сұйық, ұры, – деп жамандап жүреді. Күндердің бір күні шал үйіндегі отын жаратын балтасын іздесе, орнында жоқ. Әрі-бері іздеп, таппаған соң, көшеге атып шықса, көршісі келе жатыр екен.                                                    Көршісі мұның балтасын ұрлап алып, содан өзінен-өзі қуыстанып келе жатқандай көрінді. Тіпті, амандасқаны да бір түрлі, ұрлық істеген кісідей. "Бұл өзі не деген сорлы адам еді, менің көршім?" – деп ойлайды шал. Көршісінің кейпін көріп аяп, шал үйіне қайтады. Қораға кірсе, бір бұрышында жоғалтқан балтасы жатыр екен. Сірә, балалардың бірі ойнап алып, орнына қоймай тастай салған-ау?!


Қуанған шал сыртқа шықса, тағы да көршісі өтіп барады екен. Ол енді балта ұрлаған кісіге ұқсамайды, мұның көзіне тура қарап, бейкүнә кісідей күлімсіреген кейіп танытты. "Менің көршім қандай адал адам еді?!" – депті, шал іштей қызарақтап. Бұл бар болғаны өткен ғасырлардан қалған әфсана.


Ал енді бүгінгі өмірде ше?..


Бірде сыралғы бір жолдас жігіт ойда жоқта кездесе кетті. (Тіпті атын атағым да келмейді). Әңгімеден әңгіме шығып, әлгі өзінің бел құдасы – Жалғасты жатып кеп жамандай жөнелді. "Апырай! Екеуің баяғыдан көңіл сыйлас едіңдер, араларыңа кім түсті?" – дедім сыр тартып. «Мәселе сонда, ешкім де түскен жоқ, – деді ол әңгімесін сабақтап, – Жалғасты білмейді екенбіз, оңбаған екен. Біздің үйдегі Мәрияш өз құлағымен естіпті, туған інімді біле тұра нақақтан-нақақ жұмыстан шығартып жіберіпті» .


Жолдастың көңілін аулап: "Е, егер олай болса, әттеген-ай екен!" – дедім де, екеуміз жөн- жөнімізге кеттік.


Арада бар болғаны екі-ақ күн өткен. Тағы сол көшеде әлгі танысым кездесе кетті. Салған жерден құдасы Жалғасты мақтап, жер көкке сыйғызбай барады. Мен болсам, – кешегісі анау, бүгінгісі мынау, мынаның есі дұрыс па, өзі?! – деп аң-таңмын. Зорға тоқтатып, өткендегісінің мәнісін сұрадым.


– Е, осы біздің үйдегі Мәрияш та асығыс қой, інімді өздеріндегі цехтағы жұмыстан босатып, басқа зауытқа бастық етіп қойыпты. Әй, өзі бір мәрт жігіт қой, кеше оны көрдім, ананы-мынаны айттық, бірақ ініңді қызметке қойдым деп маған тіс жарып ештеңе деген жоқ, во, құда! – деп бармағын көрсетті.


Ойлап тұрсам, шал жолдас жігітімнен әлдеқайда артық-ау?.. Ол қалай ойласа да, ішінен, өзімен-өзі кеңесіп, өзі түсінді.


Ал, мына пәтшағар құдасы туралы енді екі күннен кейін тағы не дер екен?..





Пікір жазу