Номад немесе Кейкі...
Егер әлемдік көркемөнер аренасына барлай қарасаңыз, Еуропа мен Америка елдердің тарихи-аңызға айналған ғажайып батырлар ерлігін баяндайтын туындылары тарих қойнауында қалды. Ф.Купер, М.Рид романдары бойынша түсірілген кино картиналар да аға ұрпақтың жадында. Гойко Митич сомдаған өжет, айлакер үндістер, Сильвестр Сталлоне, Дольф Лундгреннің ковбойлары, мексикалық аңыз-батыры Зорро қайтпас та елжанды ерлердің бейнесін елестетеді. Өткен ғасырдың 1960 жылдары Италия Спагетти-вестерн көркем фильмдерін ойлап тауып, он жыл ішінде 600-ден астамын шығарған екен. Бірақ олардың да дәурені өтті десек те, зымыран уақыт экшн-туындылардың әлі де өміршеңдігін аңғартып отыр. Жыл сайын әлемде 500-ге тарта осындай кинотуындылар прокатқа жіберіледі екен. Батыстық өнер сайыпқырандары өнерге өзек боларлық материалдар өз елдерінде таусылғанын мойындаса да, қол қусырып қарап отырған жоқ. Енді тың дүниені Орталық Азиядан іздей бастаған сыңайлы. Әсіресе, көшпелілер, мына біздердің кешегіміз, тарихтағы номадтар ғұмыры қызықтырады. (Қазақтың "Көшпенділер" картинасына түскен шетелдік кино жұлдыздарының бір мақсаты осында жатыр). Бұл тегін емес. Бізде шынымен-ақ, төрткүл дүниені таңдай қақтыратын тың материалдар көзі бар. Ол кино басқыншылардың тырнағына іліне қоймаған – қазақтың фольклорлық, эпостық, тұрмыс-салттық жырлары, аңыз-әңгімелері. Әсіресе, ноқтаға басы сыймаған, тауқыметті, шытырман тағдырлы, тарихта болған баһадүр-батырларымыздың ғұмыр-қарекеті. Айталық, дала рыцарлары – біздің Кейкі, Нарындағы Құныскерей, Жетісудағы Жақыпберді сияқты оғыландар. Осы сияқты айрықша тұлғалар туралы көркем, драмалық шығармалар, ғұмырнамалық-құжатты әңгімелер жазылған, әлі де жазылуда. Мысалы, құралайды көзге атқан мерген "Аманкелдінің көзі мерген, Кейкінің қолы мерген" деген артында сөз қалған Кейкі (Нұрмағамбет) Көкембайұлының (1871-1923) көркем тұлғасы кезінде Ғ.Мүсіреповтің "Аманкелді" пьесасында, М.Жұмағұловтың "Қыран қазасы қияда" кітабында, А.Нұрмановтың "Құланның ажалы" романында, Серік Тұрғынбекұлының "Кейкі батыр" тарихи дастанында азды-көпті көрініс тапты. Ал Кейкі хақында Әубәкір Қылышбайұлы көп құнды дүниелер жазды. Жорналшы-қаламгерлер Сабыржан Шүкірұлы, Ахметжан Байжан, Хамитбек Мұсабаев, Мақсұтбек Сүлейменов және басқалары. Бірақ бәріне де тән ортақ кемшілік, тіпті тұтастай қазақ әдебиетінің бір осал жері – нақты әрекеттің шынайы көрінісі, суреті жоқ. Рухани, әлеуметтік астарын баяндау, сырттай сипаттау. Кестелеген көркем тіл табиғат, ел көріністерін бергенмен, бірақ мергендік өнер жоқ. Төтесінен айтсақ, Кейкінің мергендік технологиясының, яғни, мергендік әдіс-тәсілінің, айла-амалының бүге-шігесіне дейін жазылған материалды таба алмайсыз. Кейкі көтерілісшілердің мергендер жасағын қалай, қайтіп басқарған, жиі-жиі барлауға қалай шыққан? Күйік қопасындағы соғысты, Торғай қаласын қоршау кезінде және Доғал шайқасындағы ерекше ерен ерлігінің жасалуын, тактикалық көрінісін сөзбен бейнелегенін таба алмадық. Дәл осындай басты геройларға қатысты штрих, детальдардың, айшықты фигуралардың жетіспейтіндігінен қазақ әдебиетіндегі небір туындылар киноға, сериалдарға тартылмай, жарамай жатыр. Кейіпкерлердің даралық қасиеттері нақтыланбаған жерде бейнесі көмескі, күңгірт тартады. Бәлкім, Хамитбектер (Мұсабаев) осы орайда назар аударар. Елге етене ғой, әлі де талай кеудеде тұнып, талай мұрағаттарда көмулі жатқан шығар...