30.12.2022
  160


Автор: Жанұзақ Аязбеков

Жылтыр, жылтыр...

Қараңызшы, мына дүние қандай? Бәрі жылтыр! Көк тіреген зәулім шыны үйлер – жып-жылтыр, лыпылдаған, зуылдаған көлік атаулы – жып-жылтыр. Табан асты асфальт та, киген киіміңіз де, ішкен асыңыз да жып-жылтыр.                 Сәніміз        де,                   әніміз        де      жып-жылтыр! Өтірігіміз            де, жағымпаздығымыз да, өзіміз де, сөзіміз де – жып-жылтыр. Кедір-бұдыр некен-саяқ. Жасасын, жылтыр дүние! Жасасын, жалтыр, жарқыл! Сұмдық-ай, дүниенің де жаны жылтыр... (Бірақ расында жаны бар ма өзі?)


Абайдың үлкен атасы Өскенбай елді күшпен, зорлықпен меңгерген морт мінезді болса керек. Мысалы, – деп жазады абайтанушылар, – бір күні ауылына жүгініске Мәмбетай деген кісі келіп, өзі де сөзі де жып-жылтыр, зу-зу етіп, дес бермей кетеді. Сонда "Тоқта, жылтыр, сені ме!" – деп қатты ашуланған Өскенбай Мәмбетайды бас салып, мұрнын кесіп алыпты. Бұдан кейін Өскенбай жүрген жерде жұрт аузын абайлап ашатын болыпты.


Абыз-қаламгер Әбіш Кекілбаев жаны маза бермегенде жыр жазады екен. Бір өлеңінде: "...Уа, табиғат! Өкпелімін өзіңе, жарамсаққа жалтыратып сөз бердің. Уа, табиғат! Өкпелімін өзіңе – қызғаншаққа жарқыратып көз бердің", – дейді.


Таяуда Шымкенттің 5 жасар айдың күні аманында аяғын сындырып алды. "2 наурыз күні кешкісін үйде ересектер жағы тамақтанып отырған болатынбыз, – дейді баланың анасы Балғын Жоланова, – ал балалар көрші бөлмеде компьютерде ойнап отырған. Кенет ұлымның шыңғырған дауысы шықты. Бөлмеге барсам, балам шырқырап жерде жатыр. Тез арада ауруханаға апардық. Дәрігерлер баламның қолын рентгенге түсіріп, бір шыбығының сынып, екіншісінің жарылғанын айтты. Кейін баламнан не болғанын сұрадық. Сөйтсек, компьютердегі ойыннан жалығып, орнынан тұра бергенде тайып құлапты. Кесір – Қытайдың сырты жып-жылтыр шұлығынан келген. ("Замана")


Epте заманда Жылтыр деген он жеті мың жылқы біткен бай болыпты. Басқадан бір ерекшелігі – жылтыраған дүниенің бәрін: киім-кешек, дүние-мүлік, мал-жан дегендей жақсы көріп, жинай берген. Сол Жылтыр байлығына масаттанып, бір дәруіштен: "Мен қашан өлемін?" – деп сұрапты. Сонда дәруіш: "Тақсыр, сіз аштан өлесіз", – дейді. Жылтыр бай оған сенбейді. Арада біраз уақыт өтіп, дәруіш Жылтыр байдың ауылына келсе, жалт-жұлт еткен дүниенің ортасында малынып, бай тамақ іше алмайтын ауруға шалдығыпты. Сонда дәруіш тұрып: "Сіз байлықты көтере алмадыңыз, мына ауруды Алладан сұрап алдыңыз", – деген екен.


Өткен көктем-жаз маусымдарында жылтыраған металл түсті бірегей жылтыр көйлектер, белдемшелер мен жейделер, көздің жауын алатын сөмкелер мен аксессуарлар салтанат құрды. Металл түстес аяқ киім небір мейманалы кештерді жайнатып жіберді. "Jenny Packham", "Lanvin", "Dior" фирмалары мен ательелер ұсынған көйлектер, сырт киімдер және аяқ киімдерге сұраныс артты.


Киімді, дүниені айтамыз-ау, бұл не тәйірі, қазір кәрі-жасымыз бет-әлпетті, Алла жаратқан денемізді пластикалық операциямен "үтіктеп", жылтыратуға ұмтылып жатырмыз. Көңілдің жастығы әдіра қалды. Сыртқы сын-сымбатың жылтырап, жалтырап тұрсын деңіз.


Ақын К.Ахметов: "Жылтыр, жылтыр, бүгінде жылтыр – бәрі. Жылтыр үміт – бәрінің ұмтылғаны, жылтыраққа жүгініп жатса жұртың, жүрегіңнің не керек бұлқынғаны?!." – депті.


Иә, жүрегіңнің бұлқынғаны не керек, ол да жылтыр...





Пікір жазу