30.12.2022
  177


Автор: Жанұзақ Аязбеков

Жақсы – жаман

... Осы қара томардай кеспелтек шалды қырық жылдан бері білем. Бір айрықша қасиеті – өмірде адам пендесінің бір сөзіне, бір қылығына көңілі толған емес. Жасы сексенге жетті, әлі солай. Жұрттың басы қосыла қалған жерде біреу біреуді, біреу бір нәрсені жақсы десе болды, оның бәрін аяқ астында көк есекке теріс мінгізіп, бәтқордалап "жайратып" тастайды.


«Осы күнде жақсы мен жаманның ара-жігі жоқ. Қыздар алпыс батпан зілтемір көтеруде, бокс деп жұдырықтасып, футбол деп өкпесі өшкенше жүгіріп ойнайды. Осыны жақсы дейміз. Ал, сондай әйелден қандай бала туады? Жақсы әйел қайдан шығады?» – деді шал. Отырғанның бірі шалдың сөзіне май құя түсті: "Танабек парамен бес жылға сотталғанда ауыл-аймақ, туған-туыс арасында одан жаман, жексұрын адам жоқ еді. Енді қазір қандай?! Ақша табудың көзін түрме үйретті ме, кім білсін, екі жыл болмай-ақ босап келген соң, байып шыға келді. Хан сарайындай үйі, қос-қостан қымбат көлігі, бірнеше дүкені, қалада жалға берген үйлері бар. Өзі аудан әкімімен құда. Танитындар    "Тәке",    "Тәке    Таңқыбайыч"   деп,    алды-артында   құрдай жорғалайды. Осының бәрі – бір-екі жылда. Бақ қонса, жаманың – жақсы, бақ кетсе, жақсың – бақсы болады" деді. Қазір бай болсаң, жақсысың. Байға тай мінсе де жарасады. Бірде танымал пысықай байшыкеш бір томпиған құрттай жорғалаған "Оканы" мініп келіп еді, жұрт жата кеп жатаған көлігін мақтай жөнелді. Жесір әйел Мейрамгүл Меккеге бір рет қажылыққа барып, енді қазір әкесіндей кісілерге, қожа-молдаларға ақыл айтып отыр. Одан жақсы кісі жоқ. Ал өмір бойы ақ, адал еңбегі мен өзінің ішкі имани әдет-ғадетімен күн кешіп жүрген ардаемген ағай бірдеңе айтқысы келіп, ыңғайлана бергенде, бір жеңгесі: "Өй, түгі жоқ, жаман неме, сен тыныш отыршы", – деп тыйып тастады. Отырғандардың әңгіме ауаны осы сарында жалғаса берді. Сол бас қосудың насихатын пайымдасақ бай-дәулетті болсаң – жақсысың, жақсылықтың небір түрін жасау қолыңнан келеді. Кедей болсаң – жамансың, кісіге пайда тигізуге дәрменің жоқ, шерменде пендесің. Қазір ар мен ұят, иман жақсы да емес, жаман да емес.


Бұрынғылар не деп еді? Бұхар жырау: "Жаманмен жолдас болсаңыз, көрінгенге күлкі етер. Жақсымен жолдас болсаңыз, айырылмасқа серт етер. Жақсыға ерсең жетерсің мұратқа, жаманға ерсең қаларсың ұятқа", – десе, Сүйінбай ақын: "Жақсы жігіт елінің ағасындай, жақсының сөзін әркім пайдаланар, миуалы алма өріктің ағашындай. Жаманның көкірегі – көр, көзі – соқыр, жүрер жолдан тал түсте адасып-ай", – деген.


"Сендердің жақсы көргендеріңнің ішінде жамандық бар, ал жек көргендеріңнің ішінде жақсылық бар", – депті Құранда жаратқан Иеміз.


Ал біз болсақ, жақсыны көргенде қуанып, жаманды көргенде ұялып, жұртты көргенде жұбанып дегендей күн кешсек-ті...


 





Пікір жазу