Атаңа не істесең...
«Әке – асқар тау» деп басталатын бір айрықша ұғым бар еді. Еді дейтініміз – енді бәрі аласарып, жермен-жексен болмаса екен деген уайым. «Әке» десе көңілге тиетін, мазасыз күйге түсіретін үйір-үйір ойлар. Сана түкпірінен сонау бір есте бар ескі заманғы кесек мінез, атпан тұлға қариялар, әкелеріміздің сұлбасы қылаң береді. Әкенің қас-қабағы, ықылас пейілі деген бір бөлек дүние-мінез еді. Сағынасыз. Қайтесіз, енді бәрінің де қайтып оралмайтынын білесіз де, іштей тынасыз, тұнасыз.
Бірде жұмыс бабымен Рудный қаласының «Қарттар үйіне» аялдадым. Еңселі үйдің ауласынан жеңіл көлікке мінген ер мен әйелді шығарып салып тұрған бір қазақ әжейді көрдім. Түрі өрт сөндіргендей, қапалы еді. Сәлден кейін барып еппен сөзге тарттым. Әжей: «Келгендер – балам мен қызым. Тұқымың өскірлердің бүйтіп келгені құрысын. Келіп алып, екеуі екі жерден отбасының кикілжіңін, жетпей жатқан қу дүниесін айтып сұңқылдайды. Әбден мазамды алып бітті. Осы жолы, – аман болыңдар, бар болыңдар, маған жандарың ашыса енді гәрі қараларыңды көрсетпей, келмей-ақ қойыңдаршы, жандарым. Мен сендерден, жаратқан Иемнен соны жылап тұрып сұраймын, – деп жалынып, жинаған зейнетақымды екеуіне қақ бөліп зорға құтылдым. Әйтпесе кететін түрі жоқ», – деді, кейуана сабырлы қалыппен. Қартайған ата-ананы «Қарттар үйіне» беру – алаш баласына арға сын, бетке салық. Бірақ осындайды көргенде шынымен-ақ күдер үземіз-ау...
Бір статистикада: мектеп оқушыларының арасында 70% жуық бала – әкесіз. Олардың көпшілігі әкесінің емес, шешесінің тегіне жазылған. Сондай-ақ, балалары өз бетінше өмір сүріп жүргендер бар, себебі дүние қуған, қызмет буған әке – бір қиырда, шеше – бір қиянда дейді. Ал енді, егер сенсеңіз, бұл да жақында болған.
Қостанайдағы бір сыйлы азамат құда-жекжатындағы бір үйлену тойына жиналып жүрген-ді. Аяқ астынан бармайтын болды. Себебін сұрағанымда, тойды тойлатпаған әулеттің атасы көрінеді. Тура баяғы «Қалқаман-Мамыр» аңыз-жырындағыдай. Екі жастың ата-тегін тергей келсе, әлі жеті атаға жетпеген екен. Әулеттің атасы құдалықты тоқтатып, тойдан бас тартады. Жан-жақтағы Алматы, Астана, басқа облыстардағы барша туған-туыс, құда-жекжат, дос-жаранға хабарланып, шақыру билеті таратылып қойған еді. Шетелде тұратын баласының бос уақыты шектеулі, қызмет бабы көтермейтін жағдайына да, ұл-қыздарының, құдай қосқан кемпірінің жалынып-жалпайғанына да қарамады. Тас-түйін қатты да қалды. Сірә, ата әмірінен айнымайтынын түсінген той иелері ақыры қарияның ұстанымына мойын ұсынды. Бұл міне ХХI ғасырдың он төртінші жылындағы оқиға.
Бүгінде отбасында әке қабағын, әке беделін білмей өсіп жатқан балалар, әсіресе, қаракөздеріміздің қарасы көбейе бастады. Етіміз үйреніп, оны да өмір салты дейтін болдық. Бала кезде оқыған, кинодан көрген батыс өмірінің бәрін шіріген қоғамның сиқы деп түсінуші едік. Мысалы, Бальзактың «Горио әкесі» – екі қызының жолында бар өмірін сарп етіп, ақыры аяғы ит өліммен өлген 69 жастағы сорлы шалды еске түсіріңіздерші. Горио әйелінен ерте айырылады. Отбасында қалғаны – Анастази мен Дельфина атты екі қызы. Горио қос көбелегін мәпелеп, еркелетіп өсіреді. Бар арманы – сол екеуін қатарынан кем қылмай, қайғы-мұңсыз бойжеткізіп, үлде-бүлде жасауымен ұзатып, қоғамда өз орны бар, беделді де дәулетті адамдармен тұрмыс құрса, сөйтіп бай-бақуатты өмір сүрсе. Өз басы аш-жалаңаш жүруге бар. Әкесі армандағандай-ақ қыздарының үлкені – графқа, кішісі – баронға күйеуге шығады. Өмірі жіп сабақтап көрмеген қос қызы бақуатты қосақтарын тапса да әкесінің дәулетінен қол үзген жоқ, керісінше аямай шашты. Ақсүйек атпалдардың ортасында дулы дәурен, сауық-сайран салды. Дәрежелі күй біткен қыз-күйеулері енді әкелерінің ұн саудагері болғанына намыстанатынды шығарды. Күйеубалалары қайынатасының пошымынан қой үріккендей шошитын болды. Ал оларға әкесінен бұрын оның ақшасы қымбат. Әкесінің ақшасына қызы Анастази өзінің көңілдесін асырауға мәжбүр. Күйеубаласы әккі барон, бай, бірақ сараң. Қарт қыздарынан әкелік шексіз махаббаты үшін мысқалдай болса да қайырымдылық, мейірім күтті. Бірақ олар тасжүрек болып шықты. Горио зар илеп көз жұмды. Ақыр аяғында қыздары бір уыс топырақ салуға да жарамады. «Керек десеңіз, құдайдың өзін әке болғаннан кейін түсініппін», – дейтін француз шалының осыдан ғасыр бұрынғы тағдырынан қазіргі біздікінің не айырмашылығы бар?! Абайша айтқанда: «Өзі сүйіп, өзгеден сүю іздеп, таппаған сорлы адамнан сөнер шырақ».
Қазіргі балаларға «Атаңа не істесең, алдыңнан сол шығатынын» айтсақ, қаперіне алар ма екен?