28.12.2022
  161


Автор: Сейітқұл Оспанов

КӨП БАЛАЛЫ ҮЙ

Жаз бойғы азап. Мен қайда оқимын?


 


Менің      ойымша,     балалық     шақтың      бар     қызық-қуанышы     –     мектеп қабырғасында өтетін он жыл. Сол айналдырған бас-аяғы он жылды кішкентайдан тай-құлындай тебісіп, ойнап өскен достарыңмен жұп жазбай бір жерде – бір ауылда өткізгенге не жетсін...


Айтайын дегенім, басқаны қайдам, біздің ауылдың балаларына осынау азғантай да, әрі тәтті де қуанышты жазбаған. Мектебіміз ергежейлі адамдай әлімсақтан жеті жылдық. Қашан үлкейеді, белгісіз. Тіпті сегіз жылдық болса қандай жақсы. Жуыр маңда ондай күн туар емес. Одан әрі «тұрымтай тұсына, балапан басына», әркім өз қам-қарекетін жасайды. Балалардың буыны бекіп, қабырғасы қатаймай, бұралаң өмір басталады. Біреуі қалаға кетеді. Екіншісі сегізінші сыныпты көрші аудандардағы ағайын-туысқандарының үйінде жалғастырады. Қайсыбірі, ең өкініштісі, оқуды бір-жола доғарады. Болашақтағы небір ай маңдай ғалымдар, қыран ұшқыштар, дүлдүл әнші, ақындар ерте жұмыс істеп, әке-шешелерінің аузына ерте нан салады: қой бағады, қора жөндейді, шөп шабады... Осыларды ойлағанда, еріксіз ішің ашиды-ақ. Бірақ амал не. Дегенмен, көбі оқуды тастамайды: ауылдан жүз шақырым жердегі – дарияның арғы бетіндегі кеңшарға барады. Онда мектеп он жылдық, әрі интернат бар.


 


 


Мен де биыл өз тұстастарыммен бірге жетіншіні бітірдім. Дардай жігіт болдым! Бірақ өтірік айтып не қылайын, алып-ұшып пәлендей қуана қойған жоқпын. Себебі енді алдағы сегізінші сыныпты қайда барып оқимын деген суық та тәтті ой әбден мазамды қашырды. Жылдағыдай алаңсыз асыр салып ойнау далада қалды. Жаздай азаптанып біттім. Бір түрлі ауру адамдай көңілім кілкілдеп тамақ батпайды. Түнемелік дұрыстап ұйықтап та жарытпаймын. Әлгі ой қарауыл қарап басымда тұрады да қояды. ұмытайын-ақ деймін, бірақ қанша зорлансам да ұмыта алмаймын. Баяғы бейқам, бақытты күндерімнен біржола айрылдым. Әрі-беріден соң, жетінші сыныпты бекерге бітірген екем деп өкіндім. Әлі де ауылда бір-екі жыл оқи тұрғанымда ғой. Тіпті орнымда қалсам да... түк өкінбес едім.            х, ойла, ойлама, енді бәрі кеш, болар іс болды, уақытты тоқтатып тұра алмайсың әрі өзіңнің ержетуің керек, алда талай қызық-қуаныштар бар...


Әйтеуір бір нәрсенің басы ашық: ол – кеңшарға барып оқитыным. Ал дүдамалы – қайда жататыным. Интернатқа жатам ба? Әлде алыс-жақын бір туыстардың үйінде болам ба? Апамның да әбден басы қатты. Әлі бір шешімге келген жоқ. Күніне мың толқиды, мың құбылады. Сөзінің піссімілләсі әуелі ержетпеген, он жылдыққа толмаған ауылдағы ергежейлі мектепті біраз қарғап-сілеп алады. «Сенің кесіріңнен қарғадай балаларымыз қаршадайынан далаға қаңғитын болды-ау», – деп ренжиді. Сосын дауылдан соң тыншыған теңіз бетіндей сап-сап сабасына түседі. Ойланады. Менің қайда жатып оқитыным математика кіта­бындағы ең қиын есеп секілді. Шайдың қатығы сүт болса, апам­ның әр шайдың үстіндегі әңгімесінің негізгі арқауы – мен. Өз еркіне салса, апам мені интернатқа бергісі жоқ, «интернат» деген сөзден қараптан-қарап тұла бойы түршігеді. Көп баланың бірі болып әскердегідей сағатпен жатып-тұрып, сағатпен тамақ ішіп, көз майымды тауысып, сағатпен қадалып сабақ оқығанымды суқаны сүймейді-ау. Екі сөзінің бірі: «Интернат адамды кішкентайдан жатбауыр етіп жібереді...» «Өйткен оқуы бар болсын», «Қара су ішсең де үйге не жетсін...» Әлсін-әлсін күрсінеді. Апамның әлгі сөздерін естіп отырып, менің де интернаттың қарасын көргім келмейді, көзіме құбыжық секілді болып елестейді... Бұдан соң апам мұңайып кеңшар орталығындағы арғы-бергі жақын-жуық жама­ғайындарын бір-бірлеп түгелдеп шығады. Ойша сырттай әрқай­сысына мінездеме береді. Маған қарап-қарап қойып өз-өзінен сөйлейді: «Анау Дәужанның үйі қалай болар екен, ә? Өзі аңқылдап қалған сорлы (бұл апамның жақсы дегені). Сөзі дұрыс. Әй, бірақ бала-шағасы көп. Шулап біздің Болатжанға уақтылы сабағын оқытар дейсің бе? Әйтпесе оның үйінен жайлы жер жоқ». «Әсемкүл ше? Жиен апамыз. Баяғыда Әбікеннің (әкем) тірі кезінде тым тәуір араласып тұрушы ек. Қазір кім білсін. Мінезі де тік еді. Болатжан түгілі, өз қарғаларына да суық...» «Мырзандар қалай? Көпшіл. Дастарқаны ашық. Қазаны қашан көрсең де оттан түспейді. Берекелі үй. Бірақ әйелі бір күн ауру, бір күн сау, ыңқыл-сыңқылы көп. Болатжанның жағдайы болар дейсің бе?..»


Бұрын осыншалықты қадірлі екенімді білсемші. Айтады-айтады да, апам бірде-біреуін ұнатпайды. Бетіме жел боп тимейтін адам іздейді. Ондай адам бұл дүниеде жоқ.


Мен қорқайын дедім. Интернатқа бермейтіні айдан анық. Және апамның сөзіне қарағанда, менің қас-қабағыма қарап, көңіл күйімді айтпай түсініп, бәйек болып отыратын кісі және бай­қалмайды. Ау, сонда мен сегізінші сыныпты далада жатып оқимын ба? Бұл қорқынышымды жаутаңдаған жанарымнан оқып, басым­нан жұмсақ сипап, апам мені жұбаусыратады: «Әлі уақыт бар ғой, бір


 


 


амалы болар...» Бір амалы қашан болады? Қазір тамыздың аяғы. Бес-алты күннен соң қыркүйек...


Апам бүгін ғана мәселенің басын ашып берді. Түскі шайдың үстінде терлеп-тепшіп отырып былай деді: «Таңдаған тазға жолығар» деген. Несіне таңдай береміз. Көп сөзді қой (мен бір келіспей жүргендей), Қасқырбектің үйіне жатасың. Келіншегі жиен апаң. Өзі иманжүзді. Мен десе жаны жоқ. Сөзімді жерге тастамайды. Бір жылға қоян екеш қоянның да терісі шыдайды. Одан арғысын және көрерміз тірі болсақ. Биыл соғымның жартысын соларға апарып берем. Әйтеуір, саған жақсы қарасын. Сол үйден қолайлысы жоқ...»


Сонымен қиын есеп шешілді. Сегізінші сыныпты кеңшарда Сәтіш апамның үйінде жатып оқитын болдым...


 


Кісі есігіндегі үш күн. Ақ көмеш, қара көмеш...


 


Жиырма сегізінші тамызда жолға жиналдық. Апам «кеңшарға ертерек барғанымыз жөн» деді. Мектепке апарып қағаздарымды өткізбек. Сәтіштің үйіне орналастырмақ, олардың аужайын байқап көрмек. Ойлағанындай бола ма, жоқ па. Сырт жер, бұрынғыдай емес, сын көз көп, маған дүкеннен бірді-екілі жаңа киім-кешек алып бермек.


Екі ара ит өлген жер. Алыс. Құрдай қатынап жатқан көлік жоқ. Әлдебір машинаның қарасы көрінсе, апам екеуіміз орны­мыздан өре түрегеліп, тұра жүгірумен болдық. «Кеңшарға бара жатқан жоқ па?» Ауылдың үстінен солдаттардың, геологтардың бір-екі машиналары өтті. Бағыттары басқа жақ. Түске таман «Жаманшығанақтан» Қамбар келді. Май таситын машина. Шөп шауып жүрген торакторлар тоқтап қалыпты, соларға кеңшардан солярка әкелмек. Іздегенге – сұраған. Көлік таңдайтын жағдай қайда. Ілекер табылды. Апам екеуіміз қуана алқам-салқам машинаның май бұрқыраған ырдуан кабинасына мініп алдық.


Кеңшарға кештете табан іліктірдік. Сәтіш апамның үйіне шоферлер құсап үстімізден «әтір» – май бұрқырап келдік. Есіктің аузында Сәтіш апам бір түрлі ұнатпай мұрнын тыржитты. Апамның «қайбір жалдап қойған машинамыз бар» деген сөзінен соң ғана қабағын ашты. Әлгінде бетіне жиылып қалған қыржымдар бірте-бірте тарқады. «Ау, неғып тұрсыңдар, төрлетіңдер?!» – деп, төргі бөлмеге көрпе жайып, дереу шай қамына кірісті. Апам асықпай тәптіштеп хал-жағдайларын сұрады. Күйеуі – Қасқырбек әлдебір шаруасымен қалаға кетіпті. Ол кеңшардың аурухана-сының машинасын айдайды екен. Дастарқан жайылды. Шайдың үстінде апам негізгі әңгімесіне көшті.


– Сәтішжан, мына баланы осында оқуға алып келдім, – деді. Ол таңданды.


– Болат сегізінші сынып оқитын болып қалғаны ма? Кеше ғана шапқылап жүрген бала емес пе еді?


– Демде екен ғой. Қартайып бара жатқанымызды осыларға қарап білеміз. – Е, үлкен жігіт болды деңіз.


– Иә, үлкен жігіт болды. Несін күлбілтелейін, осы баланы сендердің үйлеріңе жатқызуға әкелдім. Қанша дегенмен үйдің аты үй ғой. Елдің баласы секілді еті тірі емес, бос, інтірнәттің тәртібіне шыдай алмас.


Сәтіш апам басын шұлғыды.


– Несі бар, бөтен емеспіз, жатсын, өз үйі.


 


 


– Айналайын, менің де естиін деп келгенім осы бір ауыз сөзің ғой. – Апам Сәтішті мақтай жөнелді. – Анау Дәужан, Мырзандардың да үйі бар, бірақ дәл өзіңдей қайда. Ойлап-ойлап өзіңе тоқтадым.


– Түу, апа-ай.


– Сөздің реті де айтып жатқаным. Мезгілімен сабағын қадағаларсыңдар. Өз балаларыңдай қараңдар.


– Әрине, оған сөз бар ма...


Сәтіш апамның Берік, Серік деген үйелмелі-сүйелмелі кішкентай екі баласы әдепкіде бір түрлі жатырқап, анадай жерде состиып тұр еді: көзі үйренді ме, әлде шынымен жақын тартты ма, біраздан соң, еркелеп мойныма кеп асылды. Кептер, кеме, гүл жасап бер деп, қайшы-қағаздарын әкелді. Мен олармен бірге қалай ойнап кеткенімді білмей қалдым. Мені де дәу жігіт болды дейді-ау. Апам дастарқан басында ұзақ отырды.


Апам Сәтішке мені қайта-қайта тапсырып, ертеңіне сол қамбардың машинасымен ауылға қайтты.


Бір түрлі көңілім босады. Өзімді айдалада қалғандай сезіндім. Дариядай төргі бөлменің бір бұрышында бір шөкім болып жатып алдым. Сол күйі ұйықтап кеттім. Кешкі тамақта бір-ақ тұрдым.


Ертеңіне қызық болды. Сәтіш апам өзгеріп шыға келді. «Әп, бәлем, қолыма түстің бе» дегендей, мені тыным таптырмай жұмсай бастады. Ойпырмай, бұл үйдің бар шаруасы маған қарап тұр екен. Бір күннің емес, бір жылдың жұмысы. «Сарайдың ішін тазала», «ауланы сыпыр», «алашаны қақ», «самаурынға майдалап томар жар», «балаларды ойнат». Есебі жоқ. Үйдегідей құлақ аспау қайда. Ұят. Ертең қыркүйекте де дәл осылай болса, сабақ дегенің айдалада қалатын түрі бар. Мына қарқынмен мен жер жүзіндегі ең еңбеккер адам болып шыға келетін секілдімін. Мұнда оқу үшін емес, жылдар бойғы еркелігім мен жалқаулығымның есесін қайтару үшін – жұмыс істеу үшін – Сәтіш апамның үйінің бар шаруасын тындыру үшін келгендеймін.


Кешке төсекке сүрніге құладым. Азанда бір-екі рет шайға шақырды. – Кел, шай іш.


Мен бөтен үйде екенімді жадымнан шығарып, ауылдағыдай аунап түсіп, ұйқылы-ояу жата бердім. Мұндайда апам әбден жалынып бітуші еді. Ұйқы тәтті. Шай түгілі, бал берсе де, бірден атып тұру қиын.


Кенет Сәтіш апамның мынадай күңкілін естіп қалдым.


– О несі-ай, тіпті, менің маңдайымдағы жалғызым секілді шалжиып жатуын қарашы, тал түске дейін...


Бұл не сөз? Сұмдық қой. Туысқандығы қайда? Сонда өз үйіңнен басқа жерде еркелеуге болмайтын болғаны ғой. Әлдекім қамшымен басымнан тартып жібергендей. Әлгіндегідей сөзді естіп, маужырап жата беру – ынжықтық, намыссыздықпен барабар. Орнымнан атып тұрдым. Дәл бұлай болар деп күтпесе керек, Сәтіш апам көзі ұясынан шығып, біртүрлі қорқып кетті.


– Не болды? Бірдеңеден шошындың ба?


«Иә, сіздің әлгіндегі сөзіңізден шошындым» дейін деп бір оқталдым да, тілімді тістедім, ойландым, үндемедім. Тани алмаған адамша бетіне тесіліп ұзағырақ қарадым.


– Жуынып-шайынып, шайыңды іше ғой, – деді ол сөзін жұмсартып, көзі күлімсіреп.


Ішім жылымады. Ұнжырғам түсіп, далаға шықтым.


 


 


Оның шай іш дегені маған жұмыс істе дегендей болып әсер етті. Сондай ауыр...


Шайдан соң кешегі тіршілік қаз-қалпында және қайталанды...


Апамның тұла бойы түршігетін интернат та мұндай емес шығар деп ойладым. Шыдап бағар ма едім, кім білсін, мына жайт мүлде түңілдіріп жібермесе.


Үшінші күні білек түріп жұмыс істеуге кіріскендей тағы да шай ішуге отырдым. Түнімен жаман түс көріп шыққандай Сәтіш апамның қабағы қату, бір түрлі көңілінің хошы жоқ. Өңі сынық. Дастарқан шетінде бір көмеш ақ нан, бір көмеш қара нан тұрған. Қара наннан екі тіліп, менің алдыма қойды. Сосын «бүйрегім ауырады, жүрегім шанышады» деп, өзіне ақ наннан кесті. Ау, сонда ақ нан дәрі болғаны ма? Әлде әптектен әкелген бе? Сосын әлдебір темір құтыға қолын салып, өзінің алдына қағазы жылтырақ кәмпит, менің алдыма бір-екі түйір шақпақ шекер тастады. Мұнысы несі? Дастарқан басында екеуден екеуміз. Неге алалайды? Үйде бұрын-соңды мұндайды көрсем, кәні. Қызық. Тосын. Апам қайта тәтті-дәмдінің бәрін бізге – біздің аузымыздан жырып, қонақтарға беруші еді. Бұл үйде керісінше. Демек, бөтен болғаным ғой. Бұлай тұру мүмкін емес. Әлден осылай.Ертең не болады...


Нан ауыз тимеген күйім, орнымнан тұрып кеттім. Өз-өзімнен әлденеге жаман                жәбірлендім.      Кісі     есігіндегі     жетім     баланың    халін     басымнан кешкендеймін.Көңілім қалғаны сондай, бұрылып артыма қараған жоқпын. Кеше сыртынан көрген келесі көшенің басындағы биік көк дарбазалы интернатқа қарай асығыс адымдай жөнелдім...


 


Міне, енді мен де интернат баласымын


 


Келсем, интернаттың алды балық базарындай у-шу, қарма-жарма. Бірімен-бірі алысып-жұлысып ойнап жүрген балалар. Бәрі көңілді. Есіктің аузынан Ақбай көзіме оттай басылды. Екеуіміз биыл ауылдан бірге келгенбіз. Ол мен құсап жаздай азапқа түспей, бірден интернатқа жатуға бел буған-ды. Жүздеспегенімізге бес-алты-ақ күн болса да, жылдап көріспеген адамдарша құшақтаса кеттік.


– Болат, жағдай қалай?


– Жақсы. Өзің ауылдан қашан келдің?


– Кеше. Интернатқа орналастым. Үшінші бөлмедемін. Өзің қайдасың? Сәтіш апаңның үйінде жатырсың ба?


– Иә... – үнім шықпай, күмілжідім. – Бірақ мен де сендермен бірге интернатқа жатсам деймін...


Ақбай «неге?» деп қадалып сұрамады. Сырымды айтпай түсінген секілді. Қолымнан тас қылып ұстап, ішке қарай сүйрей жөнелді.


– Ой, қандай жақсы болды! Жүр, Жайылхан ағайға барайық. Тоқан да, Жақып та осында. Бибайша мен Орынкүл де орналасты.


Бәрі де біздің сыныптың балалары мен қыздары. Мен жымың-жымың еттім. Әлгіндегі ренішімнен із қалмағандай. Құдды интернатқа бүкіл ауыл көшіп келіп, мәре-сәре болып жатқан тәрізді.


– Жайылхан ағай кім?


– Ол – интернаттың бастығы. Молдабек ағай мен Рәйішке апай – тәрбиешілеріміз.


Ұзын дәліздің түкпіріне қарай ентеледік. Ақбай кәдімгі үйінде жүргендей еркін. Келе «Тәрбиешілер бөлмесі» деп жазылған үлкен көк есікті серпе ашты.


 


 


Сосын екі аттап төрде үстелде отырған қара костюмді кісінің қасына жетіп барды.


– Ағай, мынау Болат Әбікенов деген бала. Мектепті бізбен бірге төртінші фермада бітірген. Интернатқа жатқысы келеді.


Мен сәлемдестім. – Сәлеметсіз бе...


– Сәлем. Солай де, батыр. Өзің келдің бе? Апаң қайда? – Апам ауылда. Менің мұнда келгеніме үшінші күн.


– Содан бері қайда жүрсің?


– Сәтіш апамның үйінде болдым. Апам сол үйде жат деген. Бірақ мен балалармен бірге болғым келеді.


– Немене, Сәтіш апаңның үйі ұнамады ма? Мен үндемедім.


– Солай де... – Жайылхан ағай бұдан әрі қазбаламады. – Жарайды ендеше. Несі бар, қабылдаймыз. Дегенмен апаңа осылай-осылай деп түсіндіріп айт. Келістік пе?


– Келістік.


Қуанып кеттім. Шындықты айта бастасам, бірдеңені бүлдіріп те қоюым мүмкін. Қыстығып жылап жіберсем, тіпті масқара болам ғой.


Жайылхан ағай үстелінің суырмасынан үлкен көк журналды алып, бір жеріне менің аты-жөнімді жаза бастады.


– Әбікенов Болат дедің бе? – Иә.


– Екінші бөлмеге жатасың. Сол бөлменің старостасы бола­сың. Ондағы балалардан естияр сен екенсің. Жүр, бөлмеңді көрсетейін.


Енді ұзын дәліздің екінші басына қарай тарттық. Ағай «2» деп жазылған бөлменің есігін ашты. Бөлмеде үйме-жүйме болып төрт бала отыр екен. Оларға мені таныстырды.


– Болат деген ағаларың, Ақсуаттың баласы. Сегізінші сынып­та оқиды. Мен оны осы бөлмеге староста етіп сайладым, қарсы емессіңдер ме?


Балалар мені атам заманнан білетіндей шу ете қалды. – Қарсы емеспіз!


Ағай енді оларды маған таныстырды.


– Мынау Есет деген бала. Алтыншы сыныпта оқиды. Үйі бірінші фермада. Ана бала – Елтай. Ол да бірінші фермадан. Мына бала – Шапағадин. Үшінші ферманыкі. Бесіншіде оқиды. Мына ұзынтұра – Сағатбек. Есіл-дерті кітап. Бір сөзбен айтқанда, бәрі де інілерің. Бөлмеге тағы да бір-екі бала келеді. Сонымен түгел­денесіңдер. Ал, айтарым, тату-тәтті тұрыңдар. Болат, бұлардың ішіндегі ересегі өзің, бәріне жауап бересің. Сабағына. Тәртібіне. Әрқайсысы әр үйдің еркесі. Қас-қабақтарына қара. Бөлмелерің таза болсын. Сөздің қысқасы, интернат – екінші үйлерің.


Ағай шығып кетті. Жанымда Ақбай қалды. Ол мені қолды-аяққа тұрғызбай тағы да сүйреледі.


– Жүр, Тоқандарға барайық. Олар екінші корпуста.


Екінші корпус дегені – жатағандау көп терезелі көршілес там екен. Бәріміздің басымыз қосылып, мәре-сәре болып қалдық. Мен тіпті азандағы


ренішімді ұмытып та кеттім. Көкірегімдегі мұз ерігендей. Ашу қысқан күйде тәуекел етіп интернатқа келгеніме еш өкінген жоқпын. Кейде ашу-реніштің де осындай пайдасы болады екен-ау. Кейде ашу дұшпан емес секілді. Бірақ бір уайымым Сәтіш апамның үйіндегі заттарымды қалай аламын деп қиналдым.


 


 


– Ой, сол да сөз бе?! – деді Ақбай. – Жүр, бәріміз бірге алып келейік. – Қалай?


– Солай. Несіне қиналасың?


Мен болған жайды айтып бердім. Ақбай қолын бір сілтеді. – Саспа! Түк те емес.


Ақбай Сәтіш апамның үйіне кіре самбырлап сөйлей бастады.


– Апа, халіңіз қалай, денсаулығыңыз жақсы ма? – Сөйтті де қасына жақындаған Берікті бетінен шөп-шөп сүйді. – Апа, өзі ауыл­дың айналдырған төрт-бес баласымыз, бәріміз бірге болсақ деп ойлап едік, сіз қарсы болмасаңыз, Болатты қасымызға алмақ­шымыз. Жаңа Жайылхан ағайға айттық. Екінші бөлмеге орналасты.


– Ау, Болатжан, аяқ астынан мұның не? Немене біздің үй ұнамады ма? Ертең апаңа не деймін?


Бұл жолы да Ақбай сөз тауып кетті. Өтірікті соғып жіберді. Мен аузымды ашып үлгермедім.


– Мен кеше ауылдан келдім. Болатты қасымызға алам деп айтып кеттім. Ол кісі келісті.


– Е, онда...


Сәтіш апам еңсесінен ауыр бір жүк түскендей терең бір дем алды. – Кәне, босағада неғып тұрсыңдар, үйге кіріңдер, шай ішіңдер.


Жік-жіпар болып бізді төрге оздырды. Таңертеңгі шай әлі жиылмаған екен. Бұл жолы дастарқанға көл-көсір ғып ақ жұмсақ көмеш нанды турап тастады. Әрқайсымыздың      алдымызға                                 уыс-уыс         кәмпит      қойды.     Мен         таңдандым. Алақолдығы қайда? Құтылғанына қуанғаны ма әлде қонып қалмайтын, айлап тұрып қалмайтын бір келіп кететін балаларға сараңдығын көрсетпейін деді ме. Айтсам, ешкім сенбейтіндей. Азандағы Сәтіш апама мүлде ұқсамайды. Ақжарқын. Жомарт.


Сәтіш апам мені шығарып салып тұрып:


– Болатжан, үйдің тамағын сағынсаң, келіп тұр, – деді.


Мен ішімнен: «Үйдің тамағына аңсарым ауар-ау, бірақ сіздің үйді сағына қояр ма екем?» – деп ойладым.


Қара шабаданды көптеп-көмектеп көтеріп, интернатқа келдік.


 


Қырғи-қабақ күндер. Ақбай – атаман


 


Бірақ шынын айтуым керек, алғашқы күндер біз үшін – Ақсуаттан келгендер үшін онша тәтті бола қойған жоқ. Бақшаға ұрлыққа түскендей бір түрлі шетқақпай болып жүрдік. Бірден сіңісіп кете алмадық. Интернаттың «байырғы тұрғындары» ылдым-жылдым ішке тартпады. Жоғарғы сыныптың оқушылары өздерінше дөң айбат көрсетті. Мүйіздеді. Не кінәміз бар екенін білмедік. Біз өздігімізден ешкімге соқтыққан жоқпыз. Жаңа жерге үйренісе алмай тып-тыныш жүрміз. Сонда да жақпаймыз. Мазақ қылады. Ақбайға «түйе», маған «шақар», Тоқанға «тасқара», Жа­қып­қа мұрнының үлкендігіне байланысты «мұрын» деп, лақап аттар жапсырды. Бір қызығы, бетімізге ештеңе демейді. Тайсақ­тайды. Себебі көбіне төртеуіміз жұп жазбай бірге жүреміз. Неге екені белгісіз, бұрын ауылда басымыз піспеуші еді, мұнда ондай кикілжіңнің бәрін ұмыттық. Ал жеке-жеке келе жатсақ, ешқай­сысы именбейді. Төбелестен басқаның бәрін көрдік. Енді сол ғана қалды. Бір күні ол да болды...


Тоқан екінші корпуста сегізінші бөлмеде жататын.


 


 


Жұма күні кешкілік жау қуғандай менің бөлмеме ентігіп кіріп келді. Түрі өрт сөндіргендей. Жылаған ба, көзінің айналасы қып-қызыл. Ақбай, Жақып, мен – үшеуіміз бірге сабақ әзірлеп отырғанбыз:


– Не болды? – дедік жарыса үрпиіп.


Тоқан қолымен көзін уқалап, шалқалап менің кереуетімнің үстіне жата кетті. Әлден соң барып тіл қатты.


– Әмір ұрып жіберді. – Неге? Не істеп едің? – Еш кінәм жоқ.


– Сонда жөн-жосықсыз ұрды ма?


Біз айран-асырмыз. Тоқанның сөзінің ұзын-ырғасы мынадай болып шықты. Ахмет деген бала бөлме кезекшісі екен. Тоқан оған: «Еденді жу, есік-терезелердің шаңын сүрт!» – дейді. Ол айтқан тілін алмайды. Қасарысып отырып алады. Тоқан қабағын шытып, ұрысады. Сол-ақ екен, әлгі бала «қазір Әмірге айтам» деп, бөлмеден шыға жөнеледі. Әмір – тоғызыншы сыныптың баласы. Шашы тік. Мұрны пүштиген. Өзі боксқа қатысады. Күші тасып, күнде қабырғаны төмпештейді де жатады. Бөлмедегі өзге балалар: «Бекер ұрыстың. Әмір екеуі бір ауылдан», – дейді Тоқанға. Сөйткенше болмай, Әмір кіріп келеді. Келеді де Тоқанның бетінен шапалақпен тартып-тартып жібереді. Сосын жұдырығын тұмсығына иіскетіп тұрып: «Екіншілей Ахметке ауыз ашушы болма, оны кезекшіліктен босат», – дейді. Міне, бар мәселе осы. Тоқанның ашуға булығып келген беті екен.


Ақбай орнынан атып тұрды.


– Жүріңдер, қашанғы үндемей жүреміз. Үндемес Жақып та өре түрегелді.


– Бұлардың әбден ызасы өтті. Әйда, кеттік!


Жүгіріп сыртқа шықтық. Ақбай Әмірдің бөлмесінің есігін теуіп ашты. Әмір іс дәл бұлай насырға шабады деп ойламаса керек, кереуетінде аяғын айқастырып, ыңылдап ән салып жатыр. Таңдана басын көтерді. Төбелесте ешқандай «сіз-біздің» болмайтыны белгілі. Ақбай:


– Тоқанды неге ұрасың?! – деп айқайлады. Әмір мырс етіп күлді.


– Батырын... Өңшең күшік. Мықты болсаң, жекпе-жек шық, бір адамға төртеуің жабылмақсыңдар ма?


Енді қайттік? Ақбайға қарадық. Арамыздағы батырымыз сол. Сенеріміз өзі. Ақбай да тайынбады.


– Шық ендеше далаға!


Әмірді ортаға алып төртеуіміз күндегі волейбол ойнайтын алаңға қарай жүрдік. Қайдан естігендерін қайдам, лезде балалар жиналып қалды.


Ақбай мен Әмір шартпа-шұрт ұстасты. Ақбай қазақша күрестің әдісіне салды. Әмір бокстың айла-шарғысына басты. Айнала у-шу. Балалар құдды жарысқа ат қосып тұрғандай.


– Аяқтан шал! – Бастан ұста! – Қап!


– Кеудеден мыты!


Ақбай үнсіз. Әмір анық жеңетініне көзі жеткендей, аузына тыным жоқ. Жұдырығынан бұрын сөзімен доқ көрсетіп әлек.


– Қазір көкеңді танытайын. Сен менің кім екенімді білмей жүр екенсің ғой. Саған күнде еден жуғызып қоймасам ба осыдан!


 


 


Мен Ақбай бойымен басса да бірдеңе қылар деп тұрмын. Денесі ірі. Әмір оған қарағанда шарғалау. Бірақ шымыр. Бұлшық еті бұлт-бұлт ойнайды.


Ойлағаным болды. Ақбай Әмірді дік көтеріп алып, әуеде қол-аяғын тырбаңдатып, жерге қонжитты келіп. Сөйтті де үстіне мініп алды. Тыпыр еткізбеді.


– Жібер деймін.


Әмірдің даусы қыр-қыр, қылғынып барады.


– Екіншілей біздің ауылдың балаларына қол көтересің бе?!


Әмір ойланғандай біраз уақыт үндемеді. Ақбай да жан алқымға алып қояр емес.


– Айт деймін! Әйтпесе қазір аузыңа құм құямын!


Ақбай жерден бір уыс топырақ алды. Әмір көзі аларып көкке қарады. – Айт, кәне!


– Тимеймін!


– Уәде беремін де! – Уәде беремін.


– Антыңды бұзсаң, аяушылық күтпе!


Ақбай Әмірдің үстінен тұрды. Әмір анталаған балалардың бетіне қарауға жүзі шыдамай, бүк түсіп едәуір жатты. Бұл атаманның ақыры еді. Ол жаман азарланды. Енді бұдан былай мерейі үстем болмайтынына өкінді. Бұрынғыдай еркін билеп төстей алмайды... Масқара ғой...


Интернаттың ендігі атаманы – Ақбай. Ол – біздің ауылдың баласы. Бірақ Ақбай Әмірдей емес. Жөн-жосықсыз ешкімге тиіспейді. Әлсіздердің қорғаны. Бәрінен бұрын бүгіннен бастап интернаттың «байырғы тұрғындарының» қоқан-лоққысынан құтылдық.


 


Ақ кеме


 


Тамақтан кенде емеспіз. Үш мезгіл ішеміз: азанда сағат сегізде, түсте, кешке сағат жетіде. Шай, кисель, кеспе, котлет, борщ, күріш, макарон. Бәрі бар. Нанды үстелдің үстіне үйіп қояды. Бірақ неге екені белгісіз, бәрібір қарнымыз аша береді. Әлде жұғымы жоқ па? Бәлкім, көңіліміз тоқ емес шығар. Үйден алыстамыз.                   Ауылды              сағынамыз.           Жанымызда          әке-шешеміз,             іні-қарындаста­рымыз, туған-туысқандарымыз жоқ. Әлде үңірейіп солардың орны біліне ме? Ауылда үш мезгіл түгіл, бір уақ дұрыстап тамақ ішуші ме едік? Өзім шынын айтуым керек, адам құсап ел қатарлы дастарқан басына отырған кезім сирек. Қауырт жұмыста жүр­гендей ойыннан қолым тимейді. Апам шақыра-шақыра әбден сілесі қататын да, сосын тіпті мені іздеуді қоятын. Күн ұзаққа үзіп-жұлып бірдеңе жеген боламыз. Көбіне шекер мен нан. Бірақ сонда да қарнымыз ашпайтын. Себебі неде? Ал интернатта басқаша. Тамақтан соң кешке балалар тумбочкаларына үш-төрт кесек нан әкеліп қояды. Түнімен жеп шығады. Кішкентайлардың төсектері азанда нанның қиқымынан көрінбейді. Қағып жатқаны.


Бүгін сенбі. Жақын маңайдағы фермалардың балалары автобуспен үйлеріне кетті. Интернатта біздер ғана қалдық. Сенбі-жексенбіде аулымызға бара алмаймыз. Алыс. Дүйсенбіге сабаққа үлгермейміз. Құрдай қатынап жатқан машина да жоқ. Біз шын мәніндегі шегеленген тұрақты тұрғындармыз. Ауылға тек каникулда ғана барамыз.


Орынкүл мен Бибайша бізге онша қосылмайды. Кеңшардағы құрбы қыздарының үйлеріне барады. Бір мезгіл үйдің шайын ішеді. Ал менің көңілім


 


 


қалғандығы сондай, Сәтіш апамның үйіне қарай аяғымды аттап басқым келмейді. Кеңшардың балаларымен етене танысып та кете қойғам жоқ. Мінезім тұйық. Оңайлықпен дос табуым қиын...


Түс қайта Ақбай, Жақып, Тоқан, мен – төртеуіміз үлкен дүкенге барып бір көмеш ақ нан, жарты кило кепкен колбаса, бір құты қою тәтті сүт алып, дарияның жағасына тарттық. Дария кеңшардан бір шақырым жерде. Дарияны жағалап бұрын паром жүрген тұсқа елдік. Жардың басында ертеден қалған ескерткіш құсап дәу ақ кеме тұр. Кеме деген аты ғана. Құр қаңқасы. Есік-терезесі жоқ үй секілді. Аңғал-саңғал. Бұл ақ кеме бұрын мына дариямен берісі Қызылорда, әрісі Арал – екі аралықта жайынша жүзген көрінеді. Зат тиеген. Адам тасыған. Сенбейсің. Өтірік нәрседей. Мынадай алып кеме жүзбек түгіл, дария қазір кішкентай катерлердің өзіне тарлық етеді. Суы тартылған. Арғы-бергі жағасы – қол созым, бір тұтам. Сиырлар әрі-бері кешіп өте береді. Аянышты-ақ. «Сырдың суы сирақтан келмейді «дегеннің өзі. Бәлкім, сүйегі қанқиған ақ кеме жардың басында тұрып, баяғы жастық шағын сағынатын шығар. Ақ кеменің қара қожалақ даңғырлаған палубасында отырып алып, біз де ауылды ойлаймыз. Мұңымыз, сырымыз бір. Мұнда тамақ жеу үшін келмейміз. Құр ермек. Әңгімеміз – көңілдің, сағыныштың әңгімесі.


– Бірінші тоқсан аяқталғанша әлі қанша уақыт... – деді Жақып, аузындағы бір жапырақ колбасаны ықылассыз шайнап.


Сол-ақ екен, шерімізді тарқата бастадық.


– Егер мен әкім болсам, біздің ауылға он жылдық зәулім мектеп салдырар едім. Кейін балалар біз құсап қиналмас еді.


Бұл – Ақбайдың сөзі.


– Мен бірінші хатшы болам, – деді Тоқан. – Ауданнан, кеңшардан ауылға күнде ұшақ ұшырып қоям.


– Сендер алыс күндерді армандап кеттіңдер ғой, – дедім мен. – Одан да тап қазір дарияға су толып, мына ақ кемемен ауылға қарай жүзе жөнелсек қой...


– Дария біздің ауылға бармайды емес пе?


– Неге? Барады. Бір саласы қуаң. Көсенің тұсынан қуаңға түсеміз.


Ақбай орнынан ұшып тұрды. Қолындағы сүттің бос қалбырын жерге лақтырып жіберді.


– Болат тауып айтты. Кәне, каютаға кіріңдер, мен кемені жүргіземін. Кеттік ауылға!


Сөйтті де салдыратып он екіде бір нұсқасы жоқ штурвалдың жұрнағын әрі-бері қозғай бастады.


– Бұл кемеге тек біздің ауылдың адамдары ғана мінеді. Туды жоғары көтеріңдер. Тудың дәл ортасында ауылдағы бұлақтың суреті болады. Мен – кеме капитанымын!


Қиял құшағына беріліп, ақ кемемен жүзе жөнелдік...


Бәлкім, бұл арманымыз орындалар да. Сағынышымыз да басылар. Жақын арада ауылға да барармыз. Тек ақ кеме баяғысынша дарияда жайынша жүзер ме екен? Әлде осылай жар басында қаңқиып тұра бере ме? Сондай аянышты...


Шартабақша қызарып күн де ұясына қонды. Аспаннан суық жылтырап жұлдыздар көріне бастады.


– Қой, үйге қайтайық, іздеп жатқан шығар, – деді Ақбай. Оның сөзін Жақып түзетті.


– Үйің не, интернат де...


– А, солай екен ғой... үйреніп қалған ауыз...


Мен ақ кеменің сыры кетіп қара қотырланған кемерінен бір сипадым.


 


 


– Қош бол, ақ кеме!


 


«Атамды сағындым...»


 


Мұғалімдер күніне концерт қоятын болдық. Бәйгеде өнері асқан бөлмелерге сыйлық берілмек. Әр бөлме өзінше дайындыққа кірісті. Бірақ, бір аңғарғаным, нөмірлерінде жұртты елеңдетердей пәлеңдей ештеңе жоқ секілді. Сол баяғы бір сарын: ән, тақпақ, би... Мұның несі қызық? Біз де сөйтпекпіз бе? Жо-жоқ, оларға мүлде ұқсамауымыз керек. Сыйлықтан сонда ғана дәме қылуға болады. Бұл үшін не істеу қажет? Мен көп ойландым. Пьеса қойсақ ше? Табылған ақыл. Түскі тамақтан соң кеңшардың кітапханасына құстай ұштым. Кітапханадан пьесасы бар алты кітапты арқалап интернатқа келдім. Сабақты жиып қойдым да, әлгі әкелген кітаптарымды бас алмай оқуға кірістім. Көбісіне түсінбедім. Ащы ішекше шұбатылған ұзақ, аяғына жеткенше басын ұмытып қаласың. Әрі кейіпкерлері айтатын сөздер құлаш-құлаш, оларды кітаптан оқып бермесең, былайша ауызша айту қиын. Кітаптар мен ойлағандай болмады. Ылғи соғыс, махаббат, зауыт-фабрикалар жөнінде. Ал маған интернат... ондағы тәрбиеші ағай-апайлар, балалар туралы жазылған нәрселер керек еді. Екі күн бас алмай оқып, ештеңе таппай, алған кітаптарымды рақ­метімді айтып, қайтып апарып бердім. Ойға алған ісім жүзеге ас­пайтын болды-ау. Бірақ тағы бір үміт оянды кеудемде. Кішкентай бір пьесаны өзім неге жазбаймын? Жұрт қайдан біледі, әлдебір мықты жазушыныкі дейді ғой. Әрі мен де жазушы емеспін бе, ай сайын аудандық «Дала таңы» газетіне жапырақтай-жапырақтай мақалаларым, бір-екі шумақ өлеңдерім шығады... Бір түрлі еңсем көтерілді. Түнімен ойландым. Бір қызық оқиға керек. Бұл оқиғаны да таптым. Өткендегі Елтайдың ісі... Нағыз. Одан артық не қажет? Бүкіл интернатты дүрліктірген жоқ па? Бір оқиға сондай-ақ болар. Тәуекел. Ендеше кірістім! Авторы кім? Әрине, басқа бір жазушы. Мен дегенге сене қоймас. Қуандық Түменбаев. Газеттерден әңгімелерін оқығанмын. Еркін жазады. Сөз саптауы ұнайды. Әрі кейіпкерлері де біздің ауылдың адамдары секілді. Көңіліме жақын. Суретшілер сияқты бет-аузы сақал-мұрт. Атын не деп қойғаным жөн? Таптым! «Атамды сағындым». Жазбақ «нәрсемнің» мазмұны осыған келеді... Сонымен пьесамды өзім оқыған кітаптардағыдай етіп құрдым. ұзын-ырғасы былай болып шықты.


 


Қ а т ы с у ш ы л а р:


 


Жантас – төртінші сынып оқушысы Азат – бесінші сыныпта оқиды Ермек – алтыншы сыныптың баласы Тұрман – сегізінші сыныптан


(Бәрі бір бөлмеде жатады. Интернаттың балалары). Әділ – тәрбиеші ағай


 


І-к ө р і н і с


 


Ымырт үйірілген шақ. Интернат. Бөлме іші. Үш бала сабаққа дайындалып отыр. Бірақ көздері кітапта болғандарымен, көңілдері мазасыз.


Тұрман: Жантас қайда жүр? Мана кешкілік тамақ та ішкен жоқ. Сонда әлі мектептен келмегені ме?


Азат: Білмеймін. Мен де көрген жоқпын...


 


 


Ермек: Бір досының үйіне кеткен шығар.


Тұрман: Немене, қонып қалмақшы ма? Тәртіпті білмей ме? қазір Әділ ағай сұраса, не дейміз?


(Бір сәт үнсіздік. Айтып ауыз жиғанша сықыр етіп есік ашылады. Бөлмеге күлімсіреп Әділ ағай кіреді).


Әділ ағай: Әп, бәрекелде, сабаққа осылай дайындалу керек. Төрт көздерің түгел ме? Ау, Жантас қайда?


Тұрман: (Күмілжиді) Білмейміз... Мектептен әлі келген жоқ.


Әділ ағай: (қабағын көтеріп таңданады.) Сонда тамақ та ішпеді ме? Тұрман: Тамаққа да келмеді.


Әділ ағай: Оның мұндай өнері жоқ еді ғой. Тәртіпті балалардың бірі. Сірә, бірдеңе болған шығар. Бағанадан бері неге іздемедіңдер? Мектепте сабақтың біткені қашан. Маған неге айтпадыңдар?


Тұрман: Келетін шығар деп ойладық...


Әділ ағай: Ойладық, ойладық... Тым ұзақ ойланыпсыңдар. Сөздерінің түрін. Сендерді де бір үйдің, бір бөлменің балалары дейді-ау. Зат емес, мал емес, адам жоғалып отыр. Ал сендер тып-тыныш сабақ оқып отырсыңдар. Бұларың жарамайды. Бұл жерде қандай туысқандары бар еді?


Азат: Бүркітбай, Нұржан, ләпкеші Сағындық...


Әділ      ағай:      Онда,      кәне,      үшеуің      Жантастың      осындағы     барлық туысқандарының, сыныптастарының үйіне кіріп шығыңдар. Қайтсеңдер де тауып әкеліңдер!


(Тұрман, Азат, Ермек үшеуі бөлмеден асығыс шығып кетеді).


 


ІІ- к ө р і н і с


 


Тастай қараңғы көше. Абалап бейуақ үрген иттер. Үш бала үй-үйдің есік-терезесін қағып жүр.


– Бұл кім?


– Аға, біз ғой. – Бізің кім?


– Интернаттың балалары. – Жай ма?


– Жантасты іздеп жүрміз. – Біздің үйде жоқ.


– Онда жақсы. Сау болыңыз.


– Бірдеңеге ұшырамаса нетті... .........................


– Ассалаумаәликум?


– Әликуммәссалам. Ау, жеті түнде неғып жүрсіңдер? – Жантасты іздеп...


– Немене, интернатта жоқ па?! – Жоқ...


– Қайдам, біздің үйге келмеді. – Жарайды, ендеше...


– Асхат, Жантас бүгін сабақта болды ма? – Болды... Бірақ соңғы сабаққа қатыспады. – Қайда кетті? Айтқан жоқ па?


– Айтпады. Біз бір шаруасы болып интернатқа кеткен шығар деп ойладық. – Солай де.


 


 


– Интернатқа бармап па?


– Қызықсың өзі, болса өстіп сарсылып жүреміз


(Үшеуі он шақты үйге кіріп шығады. Жантасты таппай ұнжырғалары түсіп, интернатқа келеді. Есік алдынан Әділ ағай жолығады).


Әділ ағай: Жоқ па? Тұрман: Жоқ. Таппадық...


Әділ ағай:     пырай, ә! Қайда кеткен? Жарайды, бара беріңдер... ІІІ- к ө р і н і с


Түскі уақ. Бөлмеге Жантас әндетіп кіріп келеді. Тұрман, Азат, Ермек әрі таңданып, әрі қуанып орындарынан атып тұрады.


– Ура!


– Табылды! – Келді!


Үшеуі бас салып құшақтай алады. Жантас айран-асыр. Жантас: Не болды сонша? Мені жаңа көрдіңдер ме?


– Иә, жаңа көрдік! (Жан-жақтан сұрақ қардай борайды). – Екі күннен бері қайда жүрсің?


– Қайда болдың? (Жантас мәз болып күледі). – Ауылға барып қайттым.


– Неге айтып кетпедің?


(Осы сәт бөлмеге Әділ ағай кіреді. Жантасты көріп қуанып кетеді. Бірақ іле-шала түсін суытады.)


Әділ ағай: Ау, батыр, қайда жүрсің? Жантас: Ауылға бардым.


Әділ ағай: Не, бір шұғыл шаруа болып қалды ма?


Жантас: Жоқ. Атамды сағындым. Кеше гараждың алдында бір машина біздің ауылға жүргелі тұр екен, соған мініп кеттім.


Әділ ағай: Қызық. Атаңды сағынсаң, өстіп кете бересің бе? Алдағы демалыста баруыңа болатын еді ғой.


Жантас: Оған дейін шыдай алмадым. Атамды қатты сағындым...


Әділ ағай: Тәртіп қайда? Біз сені кешелі бері іздемеген жеріміз жоқ, табанымыздан таусылдық, жүйкеден жүйке қалмады. Бұл «атамды сағындым» дейді ғой. Баласың ба сонша?


Жантас: Әрине, баламын. Екіншілей қайталамаймын. Атамды сағынғасын... Әділ ағай: Жоқ, сенің бұл ісіңді аяқсыз қалдыруға болмайды. Ертең


интернат жиналысына саламыз. Тәртібіңді қараймыз. Солай емес пе, балалар? Өзгелерге де сабақ болсын.


(Жантас басын төмен салып тұр. Көзінде мөлт-мөлт жас). Тұрман: Ағай, бір жолға кешірейік.


Әділ ағай: Неге? Тәртіп бұзғаны үшін бе?


Тұрман: Атасын сағынған. Атасын сағынса – тәртіп бұзғаны ма? Әділ ағай: Солай де.


Азат: Ағай, кешірім жасайықшы. Ермек: Ендігәрі қайталамайды.


Әділ ағай: Сендер ақыл айтып, ұрысудың орнына бұларың не? Азат: Мен де апамды сағындым...


Тұрман: Мен де ауылды ойлап жүрмін... Болат: Әжемді түсімде көрдім...


Әділ ағай: (Күледі) Е, бәріңнің ауруларың бір екен ғой(Ойланады). Жарайды, онда бір жолға кешірдім. Бірақ сағыныштың да жөн-жосығы бар.


 


 


Сағынба демеймін, сағыныңдар. Онсыз болмайды. Мен кешелі бері түнде ұйқы, күндіз күлкіден айырылдым. Бағана сабақта да алаңдадым... Әйтеуір, арты жақсы болды. Тіпті шыдай алмай бара жатсаңдар, маған айт-саңдаршы...Тас жүрек емеспіз, түсінеміз...


(Шығып кетеді).


Үш бала Жантасты орталарына алады. Жантас ауылдан әкелген базарлығын: бауырсақ, құрт, ірімшіктерін үстелдің үстіне қояды.


(Шымылд қ. Соңы. Сахнадан көңілді ән әуен естіледі).


Рөлдерді өзіміз ойнадық. Жантас – Елтай, Шапағадин – Азат, Ермек – Сағатбек, мен – Тұрманмын. Ойлағанымдай пьеса балаларға кәдімгідей әсер етті. «Пәлі, жазушы тура біздің интернатта болған әнеугүнгі оқиғаны жазған екен, тек кейіпкерлердің аттары ғана бөлек», – деп таңданды...


 


Ауылға жол


 


Бұл бір ең ұмытылмайтын күн болды. «Ақ кеменің» үстіне шығып алып, дарияның арғы бетіне телміріп қарап жүргенімізде, ақ түйенің қарны жарылып, күтпеген жерден ауылға барудың орайы туды. Бөлмеде отырғанмын. Есікті жұлқып ашып ішке Ақбай кіріп келді. Жүз метр қашықтыққа жүгіргендей екі танауы делдиіп кеткен. Әй жоқ, шәй жоқ, мені қарымнан қысып ұстап, сыртқа қарай сүйреледі.


– Ау, не болды сонша?!


– Таста бәрін. Жүр. Ауылға барамыз. Жайылхан ағай айтты.


Бұл не ғажап? Сонда қалай, ағай бізді өткенде мен жазған пьесадағыдай сағынышын бассын деп, ауылға жіберіп жатқаны ма? Мен аң-таңмын. Ақбай бірдеңе деуге мұрша беретін емес. Аузымды алақанымен жапты.


– Ағай айтты-бітті. Интернатқа сексеуіл әкелеміз.


Мәселе еңді түсінікті болды. Мен дедектеп Ақбайдың алдына түстім. Тәрбиешілер бөлмесінде Тоқан да отыр екен. Бір-бірімізге жымың-жымың


қараймыз.


Жайылхан ағай былай деді:


– Үшеуіңді Ақсуатқа сексеуілге жібергелі отырмын. Интер­натқа бір машина сексеуіл керек. Отын таусылып барады. Әрі алдымыз – қыс. Бұған қалай қарайсыңдар?


Ағай да қызық, мазақ қылғаны ма, «бұған қалай қарайсыңдар» дегені несі, біздің іздегеніміз де осы емес пе, тәйірі, сол да жұмыс па, саяхат қой, саяхат, әйтеуір, қайда жұмсаса да, ауылға барсақ болды. Үшеуіміз бірдей шу ете қалдық.


– Барамыз!


– Ендеше тамақтарыңды ішіп, жақсылап жылы киініп алыңдар. Етік-қолғаптарың бар ма еді?


– Ауылда, үйден аламыз ғой.


– Жөн. – Ағай сәл ойланды. – Бірақ сонша жерден барып кілең көк шырпы тиеп келмеңдер, ірі сексеуіл болсын.


– Мен сексеуілдің қалың жерін білемін, – деді Тоқан. – «Байсарының» ойы сыңсыған сары жігер .


– Жақсы онда. Қазір Наурызбай келеді. Ал бара беріңдер, сәтін салса, ертең кешке қайтып ораласыңдар ғой.


Үшеуіміздің баратынымыз анық болды. Бұған көзіміз жетті. Бірақ Жақып ше? Ағай оны неге қоспады қасымызға? Ол да ауылды сағынып жүр. Маған


 


 


құдды сексеуілге ауылды сағынып жүрген балаларды ғана жіберіп жатқан секілді болып көрінді. Ақбайды бүйірінен түртіп, құлағына сыбырладым. Сол-ақ екен, жылдам әдетімен Ақбайдың аузы жып ете қалды.


– Ағай, бізбен бірге Жақып та барсыншы. Жайылхан ағай Ақбайдың бетіне сықсия қарады.


– Немене, мен сендерді қыдырсын деп жіберіп отырмын ба, сексеуіл әкелесіңдер. Жұмыс.


Мен де өтіндім.


– Жақып сексеуілді машинаға пәттелеп орнықты қылып, әдемі тиейді. Ағай қолын бір сілтеді.


– Болмайды. Қайтарда кабинаға симайсыңдар.


– Сексеуілдің үстіне мінеміз ғой. Ауылда үнемі жүктің үстінде отыратынбыз, бізге кабина қайда...


– Жазатайым құлап кетсеңдер ше? Мен басыммен жауап беремін. Әрине, оның беті аулақ. Бәрінен бұрын төртеуіңді бірдей сабақтан босатпайды. Директордан үшеуіңді әрең сұрап алдым. Өздерің жақсы білесіңдер, Жақып оқудан нелеу ғой... одан да сабағына әзірленсін. Мұнда сексеуіл тасу үшін емес, естеріңде болсын, әуелі оқуға, білім алуға келдіңдер, сендерді амалсыз жіберіп отырмын...


Сөз осымен бітті. Іштей Жақыпты аядық. Оны жан аяғы баспаған аралға жападан-жалғыз тастап бара жатқандай сезіндік.


Алқам-салқам борты салдырлап, интернаттың алдына мектептің газигі келіп тоқтады. Ол бізге арқыраған тұлпардан артық көрінді. Кабинаның терезесінен сыртқа басын шығарып Наурызбай аға:


– Сендер ме Ақсуатқа баратын? – деді. – Иә, біз.


– Кеттік!


Үшеуіміз жарыса кабинаға ұмтылдық. Әлгінде жанымызда Жақып тұрған, осы сәт ол теріс айналды. Ренжіді ме әлде біздің бақытты сәтімізді көргісі келмеді ме кім білсін...Бәлкім, жанарына жас үйірілген шығар...


Дариядан өтіп, кеңшардан ұзағасын:


– Ал, кәне, әңгіме айтыңдар, жол қысқарсын, – деді Наурызбай аға.


Не әңгіме айтамыз? Үнсіздіктен өзі құтқарды. Әрқайсы­мыздың әке-шеше, туған-туысқандарымызды ежіктеп сұрай бастады.


– Ә, сен Әбікеннің баласымын де. Ортаншысысың ғой? Әбікенді жақсы білем. Осы сенің ағаң баяғыда Исаның асында палуан күреске түскен жоқ па еді? Ал сенің шешең Ақтөбенің қызы ғой. Солай деңдер...


Осы секілді. Өзі айтады, өзі мақұлдайды. Бәрін біледі. Жәй әңгіме үшін, жол қысқарсын дегендей.Бір уақытта ыңылдап ән айтты.


«Беріп кет-ай сақинаңды-ай мыс та болса-ай...»


Өзі әңгімешіл. Өзі әнші. Қандай жақсы. Жанындағыларды ешқандай зеріктірмейді. Әлде шоферлардың бәрі осындай ма? үнемі жолда жүреді. Машина айдауы да жайлы.


– Бұл әбден сартап қылған жолымыз ғой, – деді ол Шөже бұлағына жеткенде. – Ой-қырын, шұқанағына дейін жатқа білемін, әр сүйемі – бір тарих, нелер бастан өтпеді... Өткен күндер... Әлі есімде, ұмытпасам, бұрнағы жыл болуы керек, каникулға шыққан интернаттағы сендердің ауылдарыңның балаларын алып келе жатып, құдай ұрып, машина бұзылды да қалды. Әрі шұқылаймын, бері шұқылаймын, жөнделмеді. Енді не лаж қылу керек? Қақаған қыс. Желтоқсан айы. Аяз жаланып тұр. Далада калдық. Қатынап жат­қан


 


 


машина жоқ. Көз байланды. Лаулатып от жағып, бойы­мызды жылытып біраз отырдық. Жұмабекті білесіңдер ме, сол бір уақта: «Бұдан үсіп өлеміз, одан да жаяулап ауылға қарай тарта берейік», – дегені емес пе. Жанындағы балалар қоштап шу ете қалды: «Кеттік!» Сонымен, қойшы, Ақсуатқа қарата жаяу жол шектік. Ауыл алыс. Шамамен отыз шақырым. Жаз болса, бір сәрі. Қыста қиын. Балалар жолда үсіп кете ме деп жаман қорықтым. Бірақ бекер қауіптеніппін. Біреуі де қыңқ етпеді. Даланың балалары мықты ғой, қаланың баласы секілді шінжәу емес. Қайта қуыспақ ойнап, ауық-ауық жүгіріп, ауылға түн ортасында жетіп бардық. Мен оларға ұялғаннан әрең ілестім. Олар ештеңені елейтін емес. Әке-шеше­леріне деген сағыныш па, әйтеуір, тартты да отырды. Осындай қиын­шылықпен оқыған балалар, меніңше, жаман адам болмауы тиіс...


Наурызбай ағаның бұл сөзі бір түрлі бізге арналған секілді болып көрінді. Алпар құдығына келгесін:


– Ал, кәне, тым-тырыс отырмаңдар, ән айтыңдар, ауылдарыңның төбесі көрініп қалды, – деді Наурызбай аға.


Біз қысылмадық. «Ауылым» әнін шырқай жөнелдік. ...Жусаны мен жуасы


Бұрқыраған ауылым... Ауылға осы әнді айтып ендік.


Ымырт үйірілген шақ-ты. Ауыз үйде апам от жағып жатыр екен, не қорыққаны, не қуанғаны белгісіз, көзінің аясын кең ашып, қолын айқастырып, кеудесіне қойып, әлден уақытқа дейін маған қарап тұрды. Сосын барып тілге келді.


– Балам-ау, аспаннан түстің бе, жерден шықтың ба? – Жаңа мектептің машинасымен келдік.


– Неге? Жай ма? – Отын алуға.


– Е, жақсы бопты...


Апам мені тас қып құшақтады. Екі інім келіп аяғыма жармасты.


Еркелеп отырып бір-екі кесе шай іштік. Сосын дереу үйдің ішін араладым. Бәрі бәз-баяғы қалпында. Шифоньердің үстінде шаң-шаң болып тұрған қара сырнайды алып, едәуір дарылдаттым. Түнде жүгіріп көрші-қолаң, туған-туысқандардың үйіне кіріп шықтым. Бір түрлі сағынышым басылған секілді. Шөлдеп келіп мұздай суды сіміріп алғандаймын. Жаным жай. Көңілім шат. Ауылдың күнбатыс шетіндегі мектепке бардым. Менің ергежейлі жеті жылдық алтын ұям. Қараңғыда аппақ көйлек киіп алғандай қабырғалары қардай болып тұр. Ішіне кіріп көрер ме еді... Есігінде құлып. Бәлкім, мектебім мені ұмытып та үлгерген шығар. Қан­шама бала бітірді, қайсыбірін есінде сақтайды дейсің. Ендеше ұмытса, есіне түсірсін. Түртінектеп жерден бір кесек тауып алдым да, өзім оқыған жетінші сыныптың терезесінің астына ақ қабыр­ғаға маржандай етіп «БОЛАТ» деп жаздым. Менің ауылға келіп кеткенімді бірі білер, бірі білмес... Ал мына ақ қабырға айқайлап айтары сөзсіз. Бұл құр шимай емес, менің мектепке деген сағынышымның белгісі... Апам ешкімнен естімесе керек, менің интернатқа жатқанымды білмейді екен, әдепкіде едәуір таңданды, сосын «е, мейлі, ауылдың балаларының қасында болсаң жарайды» деді. Әрі қарата тергеп-тексермеді. Мұнысы жақсы болды. Әйтпесе Сәтіш апамды қалай жамандаймын? Екі үйдің арасына сыпсың сөз тасып жаманатқа қалған болар едім, әрі апам айтатындай, ағайынның азары болса да безері жоқ, бірде олай, бірде бұлай, қанша ренжіссе де бір-бірін көрмей, мүлде күдер үзіп кетпейді, адам адамға кездеседі, қуанышы бар, қазасы бар, әр нәрсені көңілдеріне ауыр


 


 


ала берсе, туған-туысқанның арасындағы қарым-қатынастан жұқана да қалмайды ғой...


Ертеңіне Байсарының ойынан ырғалтып бір машина кілең сары жігер сексеуіл тиеп алдық та, жолға шықтық. Мен жалтақтап ауылдың қара қожалақ тоқал тамдарына қарай бердім. Екі арада әлі осылайша үш жыл жүретінім есіме түсіп, бір түрлі көңілім бұзылды.


– Оу, батыр, мұның не? – деді Наурызбай аға күліп.


Машина тақырлықпен зымырай жөнелді. Кабинадан басымды сыртқа шығардым. Бетімді қарсы соққан суық жел өпті.


 


Мен – оқу «бастығымын»


 


Бүгін тәрбиешілер бөлмесіне интернат кеңесінің мүшелері (оқу, тазалық, спорт,               шаруашылық     секторлары,    қабырға    газетінің     редакторы,     бөлме старосталары) жиналдық. Арамызда Молдабек ағай мен Рәйішке апай да бар. Олардың кімдер екенін бір ауыз сөзбен айта кетейін. Тәрбиешілер. Молдабек ағайдың мінезі қызық. Жүрген жері – опыр-топыр, айқай-ұйқай. Аяқ астынан бұрқ-сарқ ашуланады. Жерден алып, жерге салып ұрысады. Бірақ қайтымы тез. Жылдам кепкен жібек орамалдай. Іле-шала айна­лып-толғанып тұрғаны. Ал, Рәйішке апай біртоға, мінезі жұмсақ. Дауыс көтермейді. Сөзі жып-жылы. Сыпайы. Биязы. Дегенмен, балалар оны тыңдайды. Ренжітпейді.


– Бірінші тоқсан аяқталып келеді, – деді Жайылхан ағай. – Балалардың сабақ үлгірімі қалай? Ертең ұятқа қалмаймыз ба? Кім жаман – интернаттың балалары жаман деп жүрмей ме? Екіге шығатындар жоқ па? Мәселе, осының алдын алуымыз керек. Ол үшін ертең оқу секторының мүшелері мектепке барып, сынып журналдарын қарап, «екілігі» бар балалардың аты-жөнін жазып әкелсін. Пән мұғалімдерімен сөйлессін, «екілікті» қалай алған, себебін сұрасын. Осы жетінің соңына таман интернат жиналысын жасап, әлгі балаларды көптің көзінше ұялтып, әңгімелесейік, уәделерін алайық. Бұған қалай қарайсыңдар?


Интернат кеңесінің төрағасы, оныншы сыныптың оқушысы бадырақ көз бала елден бұрын қоштады:


– Дұрыс, ағай. Алдын алмасақ болмайды. Әйтпесе кез келген жерде мысал қылып айтып жүреді


Қалғандарымыз да жамырадық. – Дұрыс, ағай!


Әңгіме осымен бітті. Бөлме-бөлмемізге тарадық.


Интернаттың оқу секторының құрамында үш баламыз. Бас­тығымыз Әлтай деген қыз, оныншы сыныптың оқушысы. Екіншісі –Айдос, жетіншіде оқиды. Сосын мен.


Түс қайта қолыма бір дәптер мен қалам ұстап, мектепке келдім. Мұғалімдер бөлмесінің есігін қақтым. Іштен:


– Рұқсат, кір! – деген дауыс естілді!


Бөлмеде оқу ісінің меңгерушісі Шыныбай ағай отыр екен. – Иә, жай ма?


Мен келген шаруамды айттым. Ағай қазбалап сұрамады. Сол жақтағы көк шкафтан үш-төрт журналды алып, қолыма ұстатты.


– Өзге журналдар мұғалімдерде, сабақ өтіп жатыр.


Мен терезенің алдындағы бос үстелге жайғастым. Журнал­дарды бірінен соң бірін асықпай қарай бастадым. «Екілік» көзіме шалынса, жоқ іздеген адамдай дереу тұсына – фамилиясына үңілемін. Біздікі – интернаттың баласы болмаса,


 


 


неге екені белгі­сіз, өз-өзімнен іштей қуанып кетемін. Ал біздікі – интернаттың баласы болса, қабағым түйіледі, амалсыз дәптеріме түртіп аламын. Сондай ауыр. Тапжылмай екі сағат отырдым. Қара тізімге жеті бала ілінді. Қараптан-қарап қысылдым. Намысым келді. Жайылхан ағайдың: «Сендер жаман оқуға тиіс емессіңдер, өйткені алыстан келіп жатырсыңдар», – деп ұрысатыны дұрыс секілді. Ұят-ақ. Дегенмен, себебін білу керек. Қоңырау соғылды. Үлкен үзіліс. Бөлмеге мұғалімдер келе бастады. Мен Қанатбай ағайдың қасына бардым.


– Химиядан Мейрамбек неліктен екі алды? Соны айтпас па екенсіз? – Жанқуатов па?


– Иә.


– Тәртіпсіз. Сыныпта тыныш отырмайды.


– Жоқ, маған керегі... химиядан жауап бере алмай қалды ма?


– Жауап берді. Есепті шемішкеше шағады. Басы жұмыс істейді. Бірақ тәртібі нашар. Сол үшін «екі» қойдым.


Мен түсінбедім. Сонда қалай, сабақ үлгеріміне қоятын бағаны тәртібіне қойғаны ма? Әр нәрсенің өз орны бар емес пе?


Бәрінен бұрын Патшагүл үшін қатты ұялдым. Бізбен сыныптас. Сегізінші «а»-да оқиды. Математикадан «екі» алыпты.


– Аузын ашпайды, сыныпта далаға қарап отырады, – деді Жармағамбет ағай. Бұдан әрі ештеңе демедім. Белгілі жағдай. Оның бұл «екі­лігіне» менің де


қатысым бар секілді. Өйткені Жайылхан ағай «сабағына көмектес, бірге дайындалыңдар» деп, Патшагүлді маған тапсырған-ды. Өзі бір қызық қыз. Сабаққа құлқы жоқ. Бірақ сыланып-сипанып жүргенде, алдына жан салмайды. Әдемі киінеді. Айнаның алдынан шықпайды. Оған көмектесем деп, соңғы кезде мен балалардың мазағына қалдым. Интернаттың ішкі-сыртқы қабырғасының сау жері жоқ. Шимай: «Патшагүл Болат» деген жазу. Құдды бір мен оны өліп-өшіп жақсы көретіндей. Бар бол­ғаны – бірге сабаққа әзірленеміз. Бірақ мен сабақ түсіндіріп отырсам, Жармағамбет ағай айтпақшы, Патшагүл далаға қарап, әлдебір қиялға беріліп өзімен-өзі отырады. Күйіп кетем. Түйгіштеп алатын ұл емес. Даусыңды да көтере алмайсың, қыз бала...


– Қойшы, сонша не болды? Ашуыңды бас... Математиканы білмейтін адам жерде қалар дейсің бе? – дейтінін қайтерсің күлімсіреп түк болмағандай.


«Түсіндің бе?» – десем, «Түсіндім» – деп бетіме қарайды.


Ал сұрақ қойсам, ләм-мим. Қызық. Не істеу керек? Білмеймін. Қиын қыз... Кешке қызық болды. Кімнен естігендерін білмеймін, мен дәптеріме жазып


алған «екілік» бағасы бар балалар бірінен соң бірі бөлмеге келді.


– Аға, – деді Қойшан (алтыншы сыныпта оқиды), – бір жолға айтпай-ақ қойыңызшы. Осы жетіде «екілігімді» жоям.


Өзі қатты қысылып тұр. Әрең сөйлейді. «Екілігімді жоям» деген кезде «жаудың көзін құртам» дегендей кіжініп кеп жіберді.


Иә, көптің алдында беті қызару оңай ма, жағдайын түсіндім. – Жарайды, тек сөзіңде тұр.


Сөйттім де, дәптерден оның фамилиясын өшіріп таста­дым. Жарқын да, Мейрамбек те, Патшагүл де өтінді. Көңілдерін қимадым.


Тәуекел. Жайылхан ағайға өтірік айтуыма тура келді.


– Қалай, мектепке бардың ба? Журналдарды қарадың ба? – деді ол. – Қарадым, – дедім бетім бүлк етпей. – Ешкімнің екілігі жоқ екен. Ағай таңданды. Басын шайқады.


– Рас па? – Рас.


 


 


– Жаңалық қой мынау, бұрын-соңды болмаған...


Мен төмен қарадым. Көз алдымда Қойшан, Патшагүлдердің жалынышты бет-жүздері. Құлағымда «бұдан былай ешқашан да екілік алмаймыз» деген сөздері.


Мен оларға сендім. Сондықтан да ағайға өтірік айттым.


 


Ақшаны ұрлаған кім?


 


Күзгі каникул тамамдалып, ауылдан келгенімізге он шақты күн болған. Бір түрлі көңіліміз де, қарнымыз да тоқ. Бұрынғыдай қит етсе, асханаға қарай жүгіре жөнелмейміз. Қалта-қалта бауыр­сақ, қуырдақ, құрт-ірімшіктер әлі бар. Әке-шешелеріміз бір кәделеріңе керек болып қалар деп, азды-көпті тиын-тебен де беріп жіберген...


Бар пәле сол азын-аулақ тиын-тебеннен басталды. Сабақтан келсем, бөлме дауыл жүріп өткендей у-шу. Ортада айқайлап Шапағадин тұр.


– Кім алды? Тауып беріңдер! Әдепкіде түсінбедім.


– Не болды?


– Жиырма бес сом ақшам жоқ. Көкем өткенде қыстық бәтеңке ал деп беріп еді...


Интернатта оқта-текте мұндай «қызықтар» болып тұратыны бар. Бірақ балалы үйдің ұрлығы жатпайды. Түбі оп-оңай ашылады. Дегенмен, жақсы емес. Қолтығыма қысып келген кітаптарымды кереуеттің үстіне тастай салдым да, балаларға қарадым.


– Бұл не масқара, арамызда ұры бар болғаны ма сонда?


Сен ұрладың деп ешкім мойынына қиып салып тұрмаса да, балалар бірінен соң бірі ақтала бастады.


– Мен алған жоқпын.


– Мен сабақта болдым. – Білмеймін...


– Дүкенге кеттім...


Енді Шапағадиннің өзіне шүйілдім. – Қашан жоғалды?


– Бүгін. Азанда бар еді, жаңа қарасам жоқ. – Ақшаңды қайда салып ең?


– Кәрзеңкемде болатын. – Аузы ашық па еді?


– Иә. Құлпы бұзық. – Солай де.


Аз ақша емес. Мәселе аз-көбінде емес, ұятын айтсаңшы. Әрі қыс келе жатыр. Бәтеңке алуы керек.


– Бүгін бөлмеде кезекші кім?


– Мен. – Есет құдды кінәлі адамдай қызарақтады.


– Сен қайда қарап жүрсің? Не үшін кезекшісің, осындайларға жауап бермесең? Бөлмеге сырттан өзге балалар келді ме?


– Жоқ. Өзіміз отырдық. Мен бөлмені жуып-тазалап, кереуеттердің шаңын сүрттім. Бөлмеде менен басқа Бекет болды. Сабағымызды оқыдық.


Сырттан ешкім келмеген. Не болса да бәле – іштен. Бөлмедегі балалардың біреуі. Қайсысы? Шапағадин жыламсырады.


– Жайылхан ағайға айтам...


 


 


Мен оны арқасынан қақтым.


– Бүкіл интернатты дүрліктіріп қайтесің, аты жаман, сәл шыда. Ешкімге ештеңе деме. Бұл әңгіме осы жерде қалсын. Кім ұрлағанын өзіміз табамыз. Жарай ма?


Шапағадин маған таңдана қарады. Онша сеніңкіремеді. Қайдан сенеді, мен де өзі секілді баламын, Шерлок Холмс емеспін. Зорлана басын изеді.


Ұрыны қалай табу керек? Оңай іс емес. Көп ойландым. Әрқайсысы әр үйдің еркесі. Бір-екі айда мінез-құлықтарын бес саусақтай білу қиын.


Кешке ұрысқан адамдарша тым-тырыс жаттық. Бұрынғыдай ашық-жарқындық жоқ. Көздерімізде, көңілдерімізде күдік. Балалар бір-бірімен онша ашылып сөйлеспеді. Бірақ мәселе азанда өзінен-өзі шешілді. Сондағы қуанғаным-ай. Балалар төсектерін жинап, киініп, жуынып-шайынып, асханаға кетті. Бөлмеде тек күйбеңдеп Бекет қана жүріп алды. Қараймын: бір жинаған төсегін екі жинайды. Киімін бір киіп, бір шешеді. Босқа уақыт өткізіп жүр. Неге асықпайды?


– Мына түріңмен тамақтан қалып қоясың ғой. – Қазір...


Есікке барды да, бірдеңесін ұмытқан адамдай кері қайтты. Байқаймын, әлдене дегісі келеді. Ән айтатындай тамағын әлсін-әлсін қырнады. Жанары батылсыз, жалтақ-жалтақ.


– Ау, неғып жүрсің күйбеңдеп? – Аға...


– Не? – Аға...


– Айтсаңшы.


– Ұрыспаңызшы...


– Аты жоқ, жөні жоқ неге ұрсам? – Мен ұрладым...


– Нені?


– Шапағадиннің ақшасын... – Неге?


– Менің де бәтеңкем жоқ...


– Бәтеңкең жоқ болса, біреудің ақшасын ұрлауың керек пе? Кеше каникулда үйіңнен ақша әкелмедің бе?


– Үйде ақша жоқ...


Бекет қалтасынан алып, төрт бүктелген жиырма бес сомдықты менің қолыма ұстатты. Сөйтті де еңкілдеп жылап жіберді.


– Қой, жылама.


– Енді мені балалар «ұры» деп атайды ғой.


Намысшылын қара. Шынында да ондай бір жаман ат жабыспасын, жабысса, құтылу қиын. Тасқа ойып жазғаннан бетер.


– Қорықпа. Өйдемейді. Міне, өз еркіңмен қайтарып беріп тұрсың ғой. Ал ұрылар қайтармайды.


– Бәрібір айтады.


Мен ойланып қалдым.


– Оқасы жоқ, енді бұдан былай бұлай істеме.


– Ешқашанда! Биыл да жаман бәтеңкеммен шығам ғой. Апам ауру. Көкем алдыңғы жылы қайтыс болған... Жазда жұмыс істеймін: содан тапқан ақшама жаңа бәтеңке алам, әйтпесе апамның пенсиясы жетпейді...


 


 


Бәсе, үйінің жағдайы мәз емес екен ғой. Әйтеуір, үнемі мұңайып жүруші еді. Себебін кім білген...


– Жарайды, тамаққа бара бер, ұры атанбауыңа уәде берейін. – Қалай?


– Айттым ғой, бұл – менің шаруам... Кешке Шапағадинге дүрсе қоя бердім.


– Мә, ақшаң! Балалардан көргенше, тумбочкаңды дұрыстап қарамайсың ба, география кітабыңның арасында жүр.


Ол аң-таң.


– Қалай? Кәрзеңкемде еді ғой...


– Мен апарып салып қойды дейсің бе? Екіншілей бұлай шу көтерме, түсіндің бе?


– Түсіндім...


– Түсінсең сол, біздің бөлмеде ешқандай ұры жоқ.


Кешелі бері тұнжырап көңілсіз жүрген балалар күлім қақты. үстерінен ауыр бір жүк түскендей. Бекет «рақмет, аға!» дегендей, кірпігін жыпылық-жыпылық қағып, маған көзінің астымен қарап қойды. Құпия екеуіміздің арамызда ғана қалды.


 


Ауруханаға «көмек»


 


– Болыңдар, тез келіңдер! – деді Молдабек ағай қолын бұлғап.


Ақбай, Жақып, Тоқан, мен – төртеуіміз жанына жетіп бардық. Бір жаққа жұмсамақшы шығар деп ойладық. Интернатта не көп – жұмыс көп. Мәселен, асханаға отын жару, дүкеннен қаппен арқалап нан әкелу, мұғалімдердің әлдебір шаруасына қолғабыс беру. Бірақ бұл жолғы шаруа мүлде бөлек болды.


– Балалар! – деді ол дағдылы әдетімен саңыраулармен әңгімелесіп тұрғандай айқайлап. – Жаңа маған аурухананың бас дәрігері Жеткер ағаларың келіп кетті. Бізден көмек сұрады.


– Қандай көмек? Тағы да жер қазу ма? – Өткенде арық қазып бергенбіз.


– Жоқ. Бұл жолы жандарың қиналмайды. – Сонда қандай жұмыс?


– Сырқат адам жетпей жатыр екен. Ертең ауданнан комиссия келмекші. Біраз орын бос тұрған көрінеді.


Бұған біздің қатысымыз қанша? Мен түсінбедім. Сонда кеңшардан ауру адам іздеуіміз керек пе?


– Мәселе осындай. Ұқтыңдар ма?


– Жоқ, ұқпадық, – деді Ақбай таңданған күйі.


– Түу, сендер де! Ұқпайтын несі бар. Төртеуің бір-екі күн ауру­ханада жатасыңдар. Комиссия кеткесін, қайтып келесіңдер ғой.


– Ағай, біз ауру емеспіз.


– Мен не деп тұрмын, уақытша сырқаттанасыңдар, мысалы, суық тиіп... – Ағай...


– Сау адамды ауру дегенді бірінші рет көруім.


– Болды! Барыңдар! Несі таңсық, жылда комиссия келгенде ауруханаға осылай көмек беріп тұрамыз. Былтыр да сөйткенбіз. Сендер білмейді екенсіңдер ғой, айтпақшы.Әйтпесе аурухананы жауып тастайды ешқандай сырқат кісі жоқ деп...


 


 


Сау күйімізде ауруханаға жататынымыз белгілі болды. Қызық. Бірақ шынымен ине салып жүрмесе. Мен инеден қорқамын. Менің бұл сөзімді естіп қойғандай:


– Сендерге ештеңе істемейді, ине салмайды, қайта витамин береді. Сабақ оқымайсыңдар, рақаттанып демаласыңдар, – деді Молдабек ағай қарқ-қарқ күліп.


Мейлі онда. Төртеуіміз дедектеп кеңшардың ауруханасына келдік. Есіктің алдынан ақ халатты бір әйел қарсы жолықты.


– Интернаттансыңдар ма? – Иә.


– Қандай жақсы болды, өстіп жәрдем бермесеңдер. Соңымнан еріңдер, сендерге карточка ашайын...


Біз ізіне ердік. Бір бөлмеге кіргізді. Өзі кішкентай ақ орындыққа отырды. – Кәне, аты-жөндеріңді айта қойыңдар.


Әуелі Ақбайдан бастады.


– Ақбай Шертаев. 8-сынып. Есіңде болсын, егер комиссия мүшелері сұрай қалса, тамағыңа суық тиіп, ауырып түстің...


– Болат Әбікенов. Сен де 8-ші ме? Саған да суық тиді. Жөтеліп жүрсің. Кәне, бір жөтелші.


Мен бір түрлі ыңғайсыздандым. Пьеса секілді.Рөл ойнағандай. – Кәне.


Коймағасын қиқылдай жөнелдім. – Ү і-ү і-үүүүү...


– Дұрыс. Оқтын-оқтын осылай жөтеліп жүр. Сенімді болсын. Тоқан мен Жақыпты да жазып алды. Сосын бізге киім әкеліп берді.


Киіп алдық. Олпы-солпы. Біріміздікінің жеңі ұзын, екінші­міздікінің балағы қысқа. Клоундарға ұқсадық. Ішек-сілеміз қатты. Дәрігер әйел ескерту жасады.


– Тәйт, бұларың не, сырқат кісі күлмейді, ауру құсап жүріңдер, өңдерің сынық болсын...


Жым болдық. Төртеуімізді бір бөлмеге әкеп жатқызды.


Міне, қызық, Мұндай да болады екен. Аяқ астынан науқас болып шыға келдік...


Ертеңіне түсте маған бөлмемнің балалары келді.


Көңілімді сұрады. Қолдарында – печенье, кәмпит. ұялғаным-ай. Әлде оларды да Молдабек ағай жіберді ме екен? Олар да өз рөлін ойнап жүр ме екен?


Содан, қойшы, табандатып үш күн жаттық. Қырсыққанда, комиссия да кетпей, жүріп алды.


Үшінші күні кешке мен шыннан ауырып қалдым. Бөлме суық екен. Терезе ашық-тесік. Пеш жылымайды. Мықтап тұмау тиді. Басымның қызуы көтерілді. Жұрттың ауруханаға неге келмей­тінін білгендей болдым.


Ауруханадан он күн дегенде әрең шықтым. Бұл күндер біздің бөлменің балалары үшін емтихан секілді болды. Маған күн құрғат­пай келіп тұрды. Мені солардың көңілдері емдеп жіберген секілді.


 


Тағы да төбелес


 


Далада әлсін-әлсін дауыл соғып, шаң-тозаң борайтыны секілді, интернатта оқта-текте төбелес болып тұрады. Оған себеп көп. Бірақ бұл жолғы төбелес бізді достыққа бастады. Көптен бері дүрдараз болып жүруші едік, Әмірмен татуластырды.


 


 


Кешкілік мезгіл-ді. Бөлмеге Шапағадин ентігіп жүгіріп келді. – Кеңшардың балдары Әмірді ұрып жатыр!


– Неге?


– Ақша сұрап...


– Оны не қылады?


– Білмейсіз бе, олар дүкеннен темекі алып шегеді ғой. Өздеріне әке-шешелері бір тиын ұстатпайды. Ал интернаттың балаларында ақша болатынын біледі...


– Солай де.


Мен Ақбайға бардым. Әлгінде Шапағадиннен естігенімді айттым. Тоқан екеуі есеп шығарып отыр екен. Баяғы қыжылы әлі кетпей жүр ме, Тоқан бұрқ-сарқ ашуланды:


– Ұрсын! Өзіне сол керек! Несіне сойылын соғасыңдар? Ақбай қаламын тістеледі.


– Жоқ, Тоқан, мұнымыз жарамайды. Бәріміз бір үйдің баласы емеспіз бе? Қалай сабатып қоямыз көрер көзге? Намыс қайда? Бүгін Әмірден, ертең сенен ақша сұрайды. Үн-түнсіз жүре береміз бе? Интернаттың балалары су жүрек екен деп ойлап қалмай ма?


Тоқан әнтек ойланды. Сөйтті де әлдекім желкелегендей сүйретіліп орнынан тұрды.


– Біздің әліміз келе ме? Олар көп қой... Ақбай күлді.


– Айтасың-ау, сен де. Біз олардан да көппіз. Интернатта жүз бала бар емес пе? Кеттік, әйдә!


Сол-ақ екен, екі өкпемізді қолымызға алып, жүгіріп интер­наттың артына келдік. Біреу, екеу, үшеу... он шақты бала. Кәдімгі бұзақылар секілді. Шәпкелерін көздеріне түсіре киіп алған. Сырттай сұс көрсетеді. Қолдары қалталарында. Шемішке шақ­қандай шырт-шырт түкіреді. Орталарында көжекше бүрсеңдеп Әмір тұр. Біздің қарамызды көруі мұң екен, олар Әмірді қақ­пақыл қылып ұра бастады. Бірі тебеді, екіншісі аяғынан шалады, үшіншісі иығынан жұлқылайды. Осы сәт бізге арқа сүйеді ме, Әмірдің даусы өктемірек шықты.


– Сендерге беретін бір тиыным да жоқ. Тапқан екенсіңдер ақымақты!


– Әйдөйт деген! Неғып батыр бола қалдың? Бағанадан бері аузыңды буып тұр едің ғой.


– Қарай гөр, тілі шығыпты.


– Ә, анау тауықтың сары үрпек балапандарын көрген екен ғой, қазір оларды да жүндей түтіп жібереміз.


Кеңшардың балалары бізге ежірейісе қарады.


– Кәне, тірі тұрғанда, табандарыңды жалтыратыңдар!


– Жо-жоқ, қума, қайта ақшаларын сыпырып алайық, тегін олжа, – деді біреуі алақанын ысқылап. Тіпті сескенетін түрлері жоқ. Емін-еркін.


– Оу, бұларың ұят емес пе... – дей беріп еді, еңгезердей біреуі Ақбайды ішінен ыңқ еткізіп теуіп кеп жіберді.


Сол-ақ екен, апыр-топыр төбелес басталды. Бірақ олар бізді шайымға келтірмеді. Бет-бетімізге қаша жөнелдік. Бір өкініштісі, Әмір мен Ақбай қақпанға түсіп қалды. Енді қайттік?


– Болат, интернаттың бүкіл баласын жиып алып кел мұнда! – деп айқай салды Ақбай.


 


 


Тоқан, Жақып үшеуіміз жаушы секілді құйындатып бөлме-бөлмеге кіріп шықтық. Бір-ақ ауыз сөз айтып үлгердік.


– Жүріңдер, біздің балаларды ұрып жатыр!


Ер балалар өре-өре түрегелді. Құмырсқадай қаптап келе жат­қан елу-алпыс (әрине, арамызда қыздар жоқ) баланы көргенде, әлгі «батырлар» табандарының бүрі ұстамай, тым-тырақай қаша жөнелді...


– Бізді ешкім жеңе алмайды, – деді Ақбай. – Өйткені біз көп балалы үйміз. Біз күштіміз.


Кенет интернат жақтан Жайылхан ағайдың даусы естілді. – Ау, бәрі қайда кеткен? Бөлмелері қаңырап тұр...


Енді қайттік? Біз бір-біріміздің бетімізге қарадық. Ағай басымыздан сипай қоймас.


– Қорықпаңдар, – деді Әмір. – Мен білсем ағай бұл жолы ұрыспайды... – Неге?


– Бұл төбелестің жөні бөлек.


Әмір түсіндіріп үлгермеді. Қарақұрым болып тұрған бізді сонадайдан ағайдың көзі шалып қалды.


– Ау, не істеп тұрсыңдар? Тағы да төбелес пе? Осы сендердің-ақ жұдырықтарың қышиды да тұрады екен, бастарың неге піспейді? Күштерің тасып бара ма?


– Кеңшардың балалары Әмірден ақша сұрап... – деді Ақбай қипақтап.


– Солай ма? Мен тағы да өзді-өзі қырық пышақ болып жатыр ма деп ем... Дегенмен тыныш, тату-тәтті жүрсеңдерші. Сол төбелесі құрғырдың не қажеті бар, одан ешкімге мүйіз шықпайды. Жарайды, ішке кіріңдер, сабақтарыңды оқыңдар.


 


Түнгі дабыл


 


– Есікті ашыңдар! Болат, Шапағадин, Елтай! Өлісіңдер ме, тірісіңдер ме, неге дыбыс бермейсіңдер?!


Жаман түс көргендей шошып ояндым. Түсінсем бұйырмасын. Жатқанымыз әлгінде ғана еді ғой... Таң атып қалғаны ма?


Бөлме тастай қараңғы, таң атса терезе ағараңдап, дала себездеп тұрмай ма? Әрі ертеңгілік тәрбиешілер дәл бұлай айқайлап оятпайтын. Ашуланшақ Молдабек ағайдың өзі есікті дүрс-дүрс ұрып, сосын қолы ауырғандай тұрып-тұрып, кетіп қалатын да, сосын бір айналып қайта соғатын. Ал Жайылхан ағай: «Ау, батырлар, бұл не тал түске дейін, сабаққа бармайсыңдар ма?» – деп ұялтатын есіктің сыртынан. Рәйішке апай тіпті дауыс көтер­мейді. Бұл кім болды екен? Мен білетін ағай-апайлардың бірінің де даусына келмейді. Бәріміздің атымызды тізіп шыққаны несі? Бірдеңе болып қалды ма? Бір түрлі қорқынышты...іле-шала әлгі дауыс және естілді. Жанындағы біреуге абыржып былай деді:


– Апырау, бұларға да иіс тиіп қалғаннан сау ма, неге үндемейді? Сүйменді әкелші, есікті бұзып ашайық, тегін емес.


Енді ғана ажыраттым. Жайылхан ағай. Дауыс адам танымастай мүлде өзгеріп кетіпті. Жалма-жан орнымнан атып тұрып, шамды жақпастан, есікті сипалап, ілмешекті аштым. Дәлізден бөлмеге сау етіп жарық құйылды. Жайылхан ағайдың алғашқы айтқан сөзі мынау болды:


– Амансыңдар ма?! Тірімісіңдер?! Мен не дерімді білмедім.


 


 


– Аманбыз...


Дәліз абыр-сабыр. Дабыр-дүбір. Әрі-бері босып жүрген жұрт. Бәрі шала ұйқы. Әсіресе бесінші бөлменің алды қара-құра.


– Кәне, киін, аналарға көмектес, – деді ағай маған.


Дереу киініп шықтым. Аяғымды аннан-мыннан бір басып, бесінші бөлменің аузына келдім. Әлдебір жаман иіс мүңкиді. Адам тұншығып қалардай. Бөлменің есік-терезесі шалқасынан ашық. Бір қыз шеткі кереуеттің астында аунап жатыр, былқ-сылқ, ес-түссіз, әлдене деп түсініксіз ыңырсиды. Бөлмеде Ақбай мен Жақып та жүр екен. Олардың қасына келіп:


– Не болған? – дедім сыбырлап. – Иіс тиген...


Жаңағы қызды, аты Майра еді, қос қабат одеялға орап, көтеріп далаға шығардық. Қарасам, далада интернаттың алдындағы ұзын ағаш орындықта қаздай тізіліп және алты қыз отыр. Жерде қар. Осыдан үш күн бұрын жауған. Аздаған аяз бар. Қыздар әлден уақытта еміс-еміс естерін жия бастады. Осы екі арада кеңшардың ауруханасынан екі дәрігер әйел келді. Қатты иіс тиген үш қызды ауруханаға алып кетті. Біз қолтықтап апардық. Қалған төртеуі өзге қыздардың бөлмелеріне барып жатты.


Сағат түнгі төрт. Бізден ұйқы қашты. Көңіліміз әлемтапырық. Оқиғаның мән-жайын білгіміз келеді. Алып-қашты әңгіме көп. Қалай иіс тиген? Кім білген? Түн ортасында Жайылхан ағай неғып жүр? Ол бүгін кезекші емес секілді еді ғой...


Жайылхан ағайды ортаға алдық.


– Ағай, бесінші бөлменің қыздарына иіс тигенін қайдан білдіңіз? Ол басын төмен салып, терең бір күрсінді.


– Бәрін айт та бірін айт, әйтеуір, абырой болғанда, бәрі де аман-сау. Енді шамалы кешіккенімде ғой... Сұмдық... жетеуінен де айырылып қалатын ек... Әй, жүрегім бір бәлені сезіп еді-ау...


– Нені сезді?


– Қалай білдіңіз?


– Біреу барып айтты ма?


– Қайдағы айтқан... Әлгінде есіктеріңді шаққа ашқан жоқсыңдар ма?


Өздерің білесіңдер, сендерді сағат онда ұйқыға жатқызып, үйге кеттім ғой. Үйге барғасын шай іштім. Сосын шамалы отырып күнделік жасадым. Әне-міне дегенше сағат он екі болды. Ұйқтайын дедім. Бірақ неге екені белгісіз, кірпігім ілінбей қойды. Бұрын мұндай әдетім жоқ-ты. Басым жастыққа тисе болды, бірден қор ете қалатынмын. Әлде қатты шаршадым ба? Әйтеуір, мазам жоқ. Бірдеңеге алаңмын. Ол не? Сағатқа қарадым: бір. Әлден соң тағы көз салдым: екі. Уақыт дегенің мысық табандап өтпейді екен. Ұйқы жоқ... Әлде интернатта бірдеңе болып жатыр ма екен? Бәрі дұрыс секілді еді ғой. Үйге қайтарда бөлме-бөлмені мұқият аралап шыққам. Тып-тыныш-ты. Балалар түгел... іштен есікті Рәйішке апайларың іліп қалған. Бөлмелер жылы. Пештерді қарағам... Әй, осы бесінші бөлмеге кірдім бе, жоқ па? Әрі ойладым, бері ойладым, есіме түсіре алсам, кәне. Бірақ пеші жақсы еді, оты гүрілдеп тартатын, одан кәкір болуы мүмкін емес... Кім білсін, кәдік деген аяқ астынан... Осы бір мазасыз ой көңілімнен кетпей қойды. Манағы манағы ма, енді тіпті тынышым кетті. Әрі аунай­мын, бері аунаймын. Күләйхан (үйдегі апайларың): «Не болды сонша?» – деді. «Білмеймін... ұйқым жоқ, әлгінде бесінші бөлмеге кірмеп едім...», «Тһу, сен де, интернатқа өз үйіңнен бетер алаң­дайсың», « Алаңдамай, әрқайсысы бір-бір  үйдің   еркелері,          жалғыз­дары,           жұлдыздары...   Жазатайым          бірдеңеге


 


 


ұшыраса...» Ақыры, жата беруге төзімім жетпеді. Төсектен атып тұрдым. Апыл-ғұпыл киіндім. Күләйхан: «Қайда барасың?» – деді. «Интернатқа». Қолыма қытай қол панарын ұстап, тонымның өңірін түйме­лемеген күйім ентігіп жүгіріп, интернатқа келдім. Айнала құлаққа ұрған танадай. Интернат қалың ұйқыда. Сыртқы есіктің тұтқасын тартып көрдім. Жабық. Көңіліме күдік болып келген бесінші бөлменің терезесінің алдына бардым. Құлағымды тостым – тым-тырыс. Терезені қақсам, іштегі қыздар шошып кетер ме екен? Беймезгіл уақыт. Бір кезде құлағыма әлдебір рабайсыз ыңыр­сыған үн естілді. Әлде маған солай көрінді ме? Зәрем ұшты. Жо-жоқ, мынау сау адамның ыңырсуы емес. Әлсіз, қырылдаңқы. Әлдекім буындырып жатқандай. Терезеден ішке үңілдім. Пер­делері жабулы. Сығалап қарап терезенің алдына басын сүйеп отырған бір қызды көзім шалды. Бұл кім? Ажырата алмадым. Басым зыңылдап, көзім буалдырланып кетті. Айттым ғой, тегін емес. Жанұшырып сыртқы есікке келдім. Тас бекітулі. Күтіп тұратын уақыт қайда, дүрсілдетіп ал ұрайын кеп.


– Рәйішке! Рәйішке!


Түнгі тәрбиеші Рәйішке апайларың ғой. Тәтті ұйқының кезі. Одан дыбыс жоқ. Әр минут қымбат. Бұлай тұра беруге болмайды. Сарайдың артында үйіліп жатқан темір-терсектердің арасынан қол басындай сүймен тауып алдым. Не керек, қарақшыларша есікті бұзып аштым. Әй, жүрегім бірдеңені сезген екен.


Дәлізден шала жанған көмірдің иісі мүңкіп қоя берді. Сөйткенше Рәйішке апайларың да оянды. Енді екеулеп бесінші бөлменің есігін ұрғыладық. Үн жоқ. Бірақ қинала ыңыранған дыбыстар анық естіліп тұр. Бұл есікті де амал жоқ, бұзып ашуымызға тура келді. Кірсек... Төбе шашым тік тұрды. Тыныс алу мүмкін емес. Өзі иіс тиген кісі суық, мұздай жерге қарай ұмтылады. Сірә, қыздар да сөйткен. Еңбектеп келген болулары керек, Райхан мен Фатима табалдырықтың                                аузында     ыңырсып     жатыр,     денелері    былқ-сылқ.    Дереу терезелердің желдеткіштерін аштық. Үшеуі кереуеттің астында аунап жатыр. Әлгіндегі терезенің алдында көргенім – Үкітай екен.


Содан кейінгісі өздеріңе белгілі ғой. Көздеріңмен көрдіңдер... Кәкір мынадан шығыпты: қыздар көмір түгел жанып болмай, пештің астыңғы қақпағын тас қып жауып тастапты...


Жайылхан ағай үйіне кетті. Аз-маз кірпік ілдірмек. Азанда сабақ қой. Мынадай ерлігі үшін бір күн демалыс бере салмай ма екен?


Біз де бөлмелерімізге тарадық. Таң да ағараңдап қалды. Мен аппақ бөлмедегі есіктің аузындағы төбе мен еденнің аралығын тұтас алып дәу баған құсап тұрған пешке (контрамарка) үрейлене қарадым. Бұрын даладан жаурап келіп түбіне тығылушы едік, не арқамызды беріп жылынып тұратынбыз. Енді бір түрлі қорқып қалған секілдімін. Көмір асаған қара аждаһа сияқты болып көрінді. Бөлмедегі балалар көпке дейін пешке жолай алмай жүрді.


Бірақ Жайылхан ағай десе ішкен асымызды жерге қоятын болдық. Бұрынғыдан да кәдірі әуеледі. Ол түн ұйқысын төрт бөлген әкеміз сияқты болып кетті.


 


Солдат айтқан әңгіме


 


Бүгін тағы да жапалақтап қар жауды. Айнала аппақ. Ауа тамылжып тұр. Көктем келгендей азанда далаға жамырай шулап жүгіріп шықтық. Интернаттың алдындағы ат шаптырым алаңқай балалардың айқұш-ұйқыш іздеріне толып кетті. Құдды қара қаламмен шимайлап сурет салып тастағандай. Тіпті үш-төрт рет оятпаса, оңайлықпен ояна қоймайтын жалқаулар да жүр алақайлап.


 


 


Оразамызды ашпастан ойынға кірістік. Аққала соқтық. Бір-бірімізді шөкеледік. Қыздардың мойнына қар салып жіберіп мәзбіз.


Рәйішке апай да, асхана кезекшілері де әлсін-әлсін шақырып әлек. – Ау, енді қашан тамақ ішесіңдер?!


– Келіңдер, кәне!


– Сабаққа үлгермейсіңдер ғой.


Балалардың құлақ асатын түрлері жоқ. Мүлде болмағасын, Дариха апайдың өзі айқай салды:


– Тамақ ішпесеңдер, ендеше асхананы жауып кетем!


Сол-ақ екен, қолымызды жумастан (бірақ мұздай тап-таза қармен жуып алдық емес пе?) асханаға лап бердік...


Бұл оқиғаның аяғы кешке және бір оқиғаға ұласты. Жайылхан ағай кезекші еді. Алакөлеңке шақ. Есіктің аузынан ағайдың емен-жарқын даусы шығады. Мен еміс-еміс естіп отырмын. Бөлменің желдік көзі ашық-ты.


– Ау, солдат, халің қалай? Мерзімің бітіп қалғаны ма? Бәрекелде, міне, азамат болды деген осы! Екінші үйіңе бір соғып кетейін деп келдің бе?


Бұл кім болды екен? Солдаты несі?


Әуес көңілмен сыртқа шықтым. Қарасам, ұзын сұрғыш шинельді, көк құлақшынды талдырмаш бір солдат. Сыптай. Құлағы қалқиып ала-бөле көрінеді. Тани кеттім. Өзіміздің ауылдың баласы. Жұмахмет. Біз оны ауылда қалқанқұлақ деп мазақтайтынбыз. Қолымды ала ұмтылдым.


– Ассаламағалайкум, Жұмахмет аға!


– Ау, Болатсың ба? Сен мұнда неғып жүрсің? – Осында жатам ғой.


– Солай де. Дұрыс болған. Біреудің үйінде жалтақтап жүргенше... Еркін. Өзіңмен өзің.


Қолымды тас қылып ұстап жіберер емес.


– Ал онда мен кеттім, бөлмелерді аралап шығайын, ағаңмен әңгімелесе бер, – деді де Жайылхан ағай ішке кірді.


Жұмахметті ертіп, бөлмеге келдім. Лезде ауылдың балалары жиналды. Тоқан, Жақып...


Жұмахмет бізбен бірге асханадан тамақ ішті. Сосын сағынып қалдым деп, интернаттың іші-сыртын түгел аралады. Тіпті көмір қораға да барды.


Кешке ол біздің бөлмеге қонатын болды.


Бірақ мен таңдандым. Кеңшар орталығындағы бір туысқандарының үйіне барып қонбай ма? Сосын ертең көліктің реті болса, ауылға кетеді. Жұмахмет дәл менің осы ойымды біліп қойғандай:


– Интернаттың орны бөлек. Ол – менің екінші үйім. Қабырғасында үш жылым өтті. Аз уақыт емес. Қызықты, бақытты балалық шағым... Ертең әлі-ақ өздерің де түсінерсіңдер... Әскерде ойша интернаттың атына талай-талай хат жаздым. Сағындым... Сол себепті бір түн қонып кетуге тиістімін. Мәселе солай. Әйтпесе бұл ауылда мен түнеп шығатын үй жоқ емес. Достарым бар. Оларға ертең кіріп шығам ғой. Әуелі... – деді.


Күн сенбі еді. Жақын маңайдың балалары автобуспен үйлеріне кеткен. Интернат тып-тыныш. Әйтпесе олар Жұмахметті көріп қалай қуанар еді десеңші. Себебі бәрі бір үйдің балалары ғой. Көп балалы үйдің балалары. Солдат ағалары. Өңірі толған жылтырақ значок. Жез доғалы белбеуі қандай әдемі.


Жұмахмет түнімен кірпік ілмеді. Біз де ұйықтамадық. Әскерде өткен күндерін әңгімеледі. Өзі бастан кешкен интернат хикаяларын айтты.


 


 


– Алғашқыда, – деді ол, – интернатты сондай ұнатпадым. Ауылды сағындым да тұрдым. Енді интернатты да сағынатын болдым... Кейін сендер де сөйтесіңдер. Олай болмауы мүмкін емес. Жақсы болсын, жаман болсын – интернат та бір үйлерің. Ал үйін ешкім де жек көрмейді.


Иә, жылдар өтер. Бәлкім, Жұмахмет ағаның айтқаны айдай келер... Ал біз әзірше ауылды сағынып жүрміз...





Пікір жазу