28.12.2022
  250


Автор: Сейітқұл Оспанов

ҚАРА МЫСЫҚ

Бақыткүл кешкісін жұмыстан шықты да, тал-ағашы қар жамылып мүлгіген тып-тыныш қараңғы тар көшенің бойымен оң жақ иіндегі әйнек қабырғалы қос қабатты дүкенге қарай асығыс бет алды. Бұл – күндегі әдеті. Жазылмаған заң. Үлкен дүкенге бас сұғып, үйдегі кішкентай ерке қызына – Динарасына «бірдеңе» алады. «Бірдеңесі» – әр кезде әрқалай: кейде арзанқолдау қуыр­шақ, ойыншық; кейде бір уыс сағыз кәмпит, не бір шөлмек лимо­над, бір қорапша печенье. Әйтеуір бос қайтпайды. Өйткені Динара құдды бұл азанда базар аралауға кеткендей, кешке жолын тосып: «Мама, не әкелдің?» – деп, алақанын жайып, босағада қылқиып тұрады. Не дерсің, баланың аты – бала...


Кенет алдындағы дәу бәйтеректің түбінен – күл-қоқыс төгетін жерден әлдебір мысық мияулады.


– М-и-и-я-яу-у...


Көшеде не көп – бұралқы мысық пен ит көп. Таңсық емес. Бақыткүл пәлендей көңіл бөлмеді.


Мысық тағы да мияулады. – М-и-и-яу...


Аяғына тұсау түскендей, Бақыткүл екпіндеген жүрісін сәл баяулатты. Бір түрлі айдаладағы бұралқы мысықтың мияуына құлақ асуына тура келді. Тосын үн. Әріптердің басын қоса алмай ежіктеп әліппе оқып тұрғандай. Ауру, әлсіз, аш екені даусынан білініп тұр. Үні мынадай мүскін болса – өзі қандай? Жұдырықтай қу сүйек әлдене шығар. Аяп кетті. Тып-тыныш көшеде аяқ астынан боран ұлып, тұла бойын үсік шалғандай болды. Осы сәт көп күттірмей «әлгінде мияулаған мен едім» дегендей үйілген күл-қоқыстың арасынан берігірек шығып, жұдырықтай қап-қара бала мысық батпақ кешіп келе жатқандай ұлпа қардан бауырын әрең көтеріп, жасқаншақтап Бақыткүлге таман жақындады. Бақыткүл түк біліп, түк көрмегендей түйсіксіз күйде көзін тас қылып жұмып алып, байғұс бала мысықтың жанынан зымырап өте шығуға дәті бармады. Дүкенге кіру керек. Сосын аялдамада автобус күтеді. Үйде қыруар шаруа күтіп тұр. Кешкі тамақ та әзірлеу қажет. Үйге жет­кенше не заман. Қанша асықса да, амал жоқ, кілт тоқтады. Қалың қарға құйрығының ұшы ілініп қалып, содан тартып шыға­руға дәрмені келмегендей, бір-екі рет алға әрі-бері итінді де, екі ұдай күйде бала мысық та аял жасады. Басын алдыңғы екі аяғының арасына тықты. Бір тұтам өмірінде біраз таяқ жегені көрініп тұр. Сірә, оның бұл қылуасы Бақыткүл әлдебір сотанақ балалар секілді тас лақтырып не теуіп жібере ме деп, қорқақтағаны болса керек. Таяқтың дәмін татқан. Бақыткүл қолын қалтасынан алып, саусақтарын емірене жыбырлатып, бала мысықты өзіне шақырды:


– Келе ғой, кәне, тоңдың ба, қарның аш па?


Бала мысық қарны да, көңілі де тоқ тәрізді, әлдекім шегелеп тастағандай әлгіндегі жатқан орнынан қыбыр етіп қозғалмады. Мұнысы қалай? Іздегені жылы емеуірін емес пе еді? Неге жетіп келмейді? Әлде мынау қыстың көзі қырауда азғантай ақыл-есінен тұттай айрылып, не істеп, не қоярын білмей дал болып қалған ба? Ол да мүмкін...


– Мияу...


Бақыткүл бұдан әрі ойланбады. Әрі-сәрі тұруға уақыты да жоқ. Дереу қасына жетіп барды. Мысық дір-дір етіп жатыр екен. Жерден жеңіл көтеріп алды да, үсті-басының қарын қаққылап, пальтосының өңірінің түймесін ағытып, қойнына сүңгітті.


Бұл жолы дүкенге кірмеді. Бірақ оның есесіне ол бүгін Динараға күл-қоқыстың арасынан ғажайып тірі «ойыншық» тауып алған еді. Сол себепті де


 


 


ешқайда алаңдамай, бірден аялдамаға, автобусқа тартты. Бала мысық бұл бейтаныс әйелдің кім екенін, өзін қайда алып бара жатқанын білмеді.


Кәдуілгі пештің түбіндегі үй мысықтары сияқты жып-жылы пальтоның ішінде қарны қабысқан күйінде ащы да тәтті пырылдап талықсып ұйықтап кетті.


 


2


 


Динара Бақыткүлді шешінуіне пұрсатана бермей, қарауылша қыдиып табалдырықтың қыр аузынан қарсы алып, басын шұлғып, тоты құсша тақылдады:


– Ма-ма! Ма-ған не ә-кел-дің?!


Бақыткүл «түк те әкелгем жоқ» дегендей қос алақанын жайып, Динараның дауыс әуезіне салып, әр сөзін буын-буынға бөліп:


– Еш-те-ңе. Дү-кен-ге ба-ру-ға уа-қыт бол-ма-ды! – деді.


Бірақ бұлары тәтті ойынға ұқсамады, Динара жыламақ сыңаймен ұзын сирек кірпіктерін көзі жарыққа шағылысқандай жыпылық-жыпылық қағып, аузына жел толтырып алғандай өкпелеп, екі ұртын бұртитты.


– Ендеше, мен сенің қызың емеспін. Бүгіннен бастап менің досым – папа. Бұл – Динараның ең қатты ашуланғанда айтатын сөзі. Бақыткүл


қиналғансыды.


– Қап, енді қайттім? Шынымен жалғыз қалғаным ба? – Иә, жалғыз қалдың...


Деуін десе де, әлде де көңілі сенбей, өз көзімен көріп тынышталмақ оймен мамасының сұрғылт қол сөмкесінің аузын ашып қарады. Рас екен. Ішінде дәнеңе де жоқ. Мүлде күдер үзді. Шұғыл теріс айналды.


Екеуінің дабұр-дұбыр сөздеріне елеңдеп, қолына сытырлатып «Алматы ақшамы» газетін ұстап, төргі бөлмеден Мақсұт шықты.


– Динара, не болды? Неге ренжіп тұрсың? – Динара пырс-пырс етті. – Мамам ештеңе әкелген жоқ...


Мақсұт көзілдірігінің үстінен Бақыткүлге қарады.


– Өстіп қиғылық салатынын жақсы білесің, бірдеңе алмадың ба?


Бақыткүл жауап қайтарып үлгермеді, осы сәт қойнындағы бала мысық үзік-үзік әлсіз екі-үш рет мияулап жіберді.


– Ми-яу. Ми-яу-уу. Мияууу...


Динара жалт бұрылды. Бұл не? Әлде құлағы шалыс естіді ме? Көзімен айналаны тінткілеп, таңданып, ештеңеге түсінбей иығын көтерді.


– Мысық қайдан мияулады?


Міне, қызық, өз-өзінен жан біткендей Бақыткүлдің мойнындағы түйе жүн шарфы жыбыр-жыбыр етті. Динараның екі көзі атыздай болды.


– Ма-ма... – деген күйі Бақыткүлдің кеудесіне тесіліп қарады да қалды. «Қап!»   Бақыткүл                күлді.           Қулығының                  ұзаққа     бармағанын    қара­шы.


«Базарлығы» тыныш жатпады. Енді бұдан әрі Динараны «азаптаудың» жөні жоқ, қолын қойнына тықты.


– Мә, саған бүгінгі әкелген кәмпитім!


Әлгіндегі өкпе-қақпасы бірден сейіліп, шайдай ашылған ас­пандай Динараның өңі гүл-гүл жайнап, көзі күлімдеп шыға келді.


– Алақай! Менің мысығым бар!


Сөйтті де секіріп мойнына асылып, Бақыткүлдің бетінен шөп-шөп сүйді. Сосын жүні үрпі-түрпі жұдырықтай қара мысықты кеудесіне тас қылып қысып, шыркөбелек биледі. Неге керемет қуанғанын да айқайлап айтты.


 


 


– Енді екеуіміз бірге ойнаймыз! Маған дос табылды. Бұдан былай папама жалынбаймын!


Бұл – Динараның шын сыры еді. Жалғыз бала. Жападан-жалғыз ойнау сондай ауыр, іші пысып кетеді. Сосын амал жоқ, папасын әурелейді. Бірақ папасы әр кезде әрқалай: көңілінің хошы болса, Динарамен бірге ойнаудан жалықпайды. «Бө-бө!» деп түйе болады, Динара үстіне мініп алады. Жасырынбақ ойнайды. Дегенмен баламен бала болу қайда. Көбіне жұмыстан кешке үйге шаршап келеді, газет оқып, тып-тыныш теледидар көргенді қалайды. Ал Динара керісінше тыныштықты жаны сүймейді. Тыныштықты ұнатпайды... Міне, енді ешқашанда шаршап-шалдықпайтын, тіпті ешқашан жұмысқа бармайтын, ешқашан Динараның меселін қайтармайтын, өзі секілді ойынның түбін түсіретін дос табылды. Енді Динараға теледидардың түкке де қажеті жоқ. Енді бұдан былай «үйде жалғыз қорқам» деп мамасымен бірге дүкенге де ере шықпайды. Енді бұдан былай оны мамасы мен папасы бір жаққа қыдырғанда, көршілердің үйіне тастап кетпейді. Иә, солай. Қандай жақсы! Енді жалғыз емес. Мынау қара мысық дәл өзіндей бала. Екеуі бірге ойнайды, бірге жүреді, бірге тамақ ішеді.


Мақсұт таңданды.


– Мұны қайдан тауып алдың?


– Дүкенге бара жатсам, күл-қоқыстың арасынан шығып, жолымда мияулап тұрып алғаны... Өзі жұдырықтай. Аш. Әлсіз. Аяп кеттім... Қыстың көзі қырау. Обал ғой.


– Бүйтіп аяй берсең, үйге көшедегі бар бұралқы мысықты жинап аламыз ғой...


– Қойшы. Динараға ермек емес пе.


– Оның дұрыс. Бірақ ауру болмасын, түрі жаман екен.


– Сырт көзге солай. Қазір бойы жылынып, қарны тойып, бір ұйықтап тұрғасын, танымай қаласың әлі...


Әдепкіде ұялшақ, жасқаншақ баладай қара мысық ешкімге жақындамады. Жаңа мекеніне бойын үйрете алмай, бір түрлі жатырқап, отсыз сарғыш көзін аударып-төңкеріп, ас үйдегі пештің түбінен тырп етіп қозғалмады. Оның бұл қылуасы Динараға ұнамады. Ойынша мысық атаулы өз құйрығын өзі қуып ойнай жөнелуі тиіс.


– Мама, неге ойнамайды? – деді бір түрлі жабырқап. – Әлде бұл ойнамайтын мысық па?


Бақыткүл Динараның басынан сипады.


– Неге ойнамасын, ертең ойынның түбін түсірер, тіпті қашып құтыла алмассың. Қазір аяғын қимылдатуға қауқары жоқ қой, аш, әбден сүйегіне суық өтіп кеткен, әйтпесе көрер ең...


Бақыткүл қызыл пластмасса легенге қан жылым су құйып, бала мысықты иіс сабынмен жуындырды. Сосын түкті қыжым сүлгімен әдемілеп сүртті. Бұдан кейін аш өзегіне түсіп кетпесін деп, кішкентай тәрелкеге азғантай сүт құйып, алдына қойды. Мысық сүтті тілін салақтатып, тамсанып, сұғынып ішпеді. Сұйық сүт емес, әлдебір кесек ет жегендей бір ұрттап, бір тоқтап, тал­мап, ауыр жұтынды. Сүт ішудің өзі оңай болмады. Бір кезде, әйте­уір, тауысты-ау. Сосын кәдуілгі мысықтарша аузы-басын жалап отырып, сілесі қатып, аяқтарын бауырына жиып алуға шамасы келмей, отырған жерінде созылып қылжиып ұйықтап кетті...


Динара тағы да ренжіді.


– Неге ұйықтай береді? Өзі жалқау емес пе?


 


 


– Жоқ, жалқау емес, енді жақсылап бір демалсын, ертең дыңдай болып тұрады, – деді папасы.


Динара бәрібір жұбанбады. Қасына барып бала мысықтың сәл дымқылдау, әлі кеуіп үлгірмеген үлпілдек қара жүнінен алақанымен әрі-бері сипалады.


– Ұйқтай ғой, менің мысығым...


Мысық шынында да қатты ұйықтап кеткен-ді. Ол Динараның арқасынан сипалағанын да, күбірлеп құлағының түбінен сөйлегенін де сезбеді. Жылы сүт ішіп, жылы суға түсіп, жылы пештің түбінде – мынау ғайыптан тайып тап болған ертегі өміріне не сенерін, не сенбесін білмей, тұла бойы көптен бері еркін бір балбырап жатыр еді... Әлден уақытта сарғылт көзі шатынап, иық жүні тікірейіп, құлағын оқыс қайшылап, ащы мияулап атып тұрды. Жан жағына үрейлене қарап, жанында отырған Динараның аяғына басын үйкеп-үйкеп жіберіп, қайта қылжиды.


– Немене, жаман түс көріп шошып оянды ма? – деді Динара.


Бақыткүл қолындағы кесесін дастарқанның үстіне қойып, жеңіл бір күрсінді. – Әй, қайдан жақсы түс көрсін, бұл бала мысықтың біздің үйге келгенге


дейінгі бар өмірі қорқынышты түс шығар-ау...


Айтса,айтқандай, оның бір тұтам өмірі қилы-қилы хикаяларға толы еді. Ащы да, тәтті де күндері болған... Бәленің басы, тағдырының тәлкегі – бәрі өзінен, өзінің бала мысықтарға тән аңғырт та адал, әр нәрсеге әуестігінен, әуейілігінен, қызыққыштығынан болды. Тып-тыныш жүргенде. Қырсыққанда тып-тыныш жүрмеді ғой. Кейін соның сазайын тартты...


 


3


 


Бала мысық жылы күздің басында қаланың бір шетіндегі сарқырап аққан өзеннің жағасындағы бес қабатты зәулім үйдің төртінші қабатындағы бір пәтерде жарық дүниеге келді. Әу баста төртеу еді. Төртеуі бірдей асыр салып ойнағанда, екі бөлмелі пәтердің ат көпірін шығаратын. Әсіресе ас үйді асты-үстіне келтіретін. Ыдыс-аяқтарды сындыратын, суды төгетін, кез келген тамаққа тұмсықтарын еркін тығатын. Енелері қастарында. ғажайып күндер еді-ау. Бірде үйдің қожайындары жұмысқа, Сережа атты бала мектепке сабаққа кетіп, пәтер төртеуінің еркіне тиді. «Тәйт» деп қақпайлайтын ешкім жоқ, армансыз ойнады. Ең қызығы, төргі бөлмедегі төсектің үстіндегі құс көпшіктің тысын майда тістерімен тартқылап жыртып, ішіндегі үпелек қауыр­сын­дарды қуалап ойнап, ен қуанышқа кенелді. Әр қауырсын құдды құс секілді, бөлмеде қалықтап ұшады, бұлар ұстап алмақ­шы болып, әуеге секіреді. Өздерін құсқа қол созғандай сезінеді. Не керек, үйдің іші жапалақтап қар жауғандай аппақ қауырсын­дарға толды да кетті. Жып-жылы үйде жатқан қар. Керемет көрініс. Сурет. Бірақ бұл ғажайып сурет кешке жұмыстан келген үйдің қожайындарына ұнамады. Надя апайдың төбе шашы тік тұрды.


– Бұл не масқара?! Бұдан былай көрмегенім мысық атаулы болсын! Шешелерімен қосып, төртеуін біржаққа апарып таста. Бәрі сенің кесіріңнен. Сережаға мысық керек деп қоймадың. Немене, сонда мысық болмаса, көштен қала ма? Енді мынау! Сүрініп-қабынып жүргенде істеген істерін қарашы, ә. Менің он қолым бар ма? Шыдап болдым, өткенде хрусталь стақанды сындырды... Қараларын өшір! – деді ашуға булығып.


Коля ағай мінезі жұмсақ, әрқашанда сабырлы еді, кінәлі адамша иығы құнысып, аяғымен жер шұқыды.


– Бала мысықтар емес пе... ойнағысы келген... – деді міңгірлеп.


 


 


– Рақмет, ойындары осы болса. Апарып таста! Надя апай айтқанынан қайтпады.


– Көшеге тастағанымыз былай... Қатыгездік қой... адам­гер­шілікке жатпас... Көршілерге, жақын-жуық, жора-жолдастарға айтайық, бәлкім, біреулеріне мысық қажет шығар...


– Сен-ақ осы. Немене сонша екі туып, бір қалғаның ба еді? Адамгершілік дейді ғой. Сонда олардың мына ісі адамгершілік пе? Бүлдіргілер! Соңдарынан жинап-сыпырып жүруге уақытым жоқ. Жетер!


Сөз осымен бітті.


Қожайындарының        қату     қабақтарынан     именіп,     өздерінің      бірдеңені бүлдіргендерін біліп, төрт бала мысық бүрісіп енелерінің қасынан шықпады. Бірақ бұл «ақылдылықтары» алысқа бармады, Сережа сабақтан келді де, үйдің іші қайтадан цирк аренасына айналды. Надя апай одан әрі «жынданды». Түнде Коля ағайға: «Ертеңнен қалдырмай аналардың қарасын құрт», – деді сөзін нығарлап.


Құдды «Алтын балық» ертегісіндегідей. Надя апай – әмірші кемпір де, ал Коля ағай – сорлы шал.


Коля ағай азанда ел аяғы көп жүретін аялдамалар мен дүкен­дердің алдына бес-алты хабарландыру жапсырды. Бір тілім қағазға былай деп жазды:


«Құрметті азаматтар! Біздің үйде мысықтың керемет төрт міші­мі бар. Өздері сондай сүйкімді, ақылды. Жалғыз басты қарттар мен ойынқұмар балалар үшін таптырмайтын дос. Сатпаймыз, тегін сый­лаймыз. Егер қажет десеңіздер, мына адреске келіп хабарласуларыңызға болады:


Малахов көшесі, 1-үй, 3-пәтер. Телефонымыз: 486332».


Жұрт көп күттірмеді. Сенбі күні түсте қыстығып күрк-күрк жөтеліп таяққа сүйенген бір әжей үйге келді. Амандық-саулықтан соң, ас үйге кіріп, орындыққа отырар-отырмастан қарлығыңқы үнмен мұңын шақты:


– Таңертең нан алайын деп дүкенге барып едім, есіктің қыр көзіне жапсырылған хабарландыруды оқыдым. Көзім нашар көреді. Әрең оқыдым. Қуанғаным-ай. Іздеп жүргенім. Жалғыз тұрамын. Баяғыда бұлай болады деп кім ойлаған. Балаларым мен немерелерім алыста, басқа қалада. Әбден ішім пысады, күні бойы көрген-баққаным төрт қабырға, сал құсап төсекте жатамын да қоямын. Бір ермек, жаныма серік керек.


Осы сәт Надя апай өткендегі ашуын жалғастырып, мысықтарды жамандай жөнелді.


– Келгеніңіз дұрыс болды, әбден мазамызды алды... Коля ағай оны бүйірінен түртіп қалды.


– Есің дұрыс па, қайта мақтаудың орнына, алмай кетсе қайтесің?


Надя апай мәселенің байыбына сонда ғана барды. Аузын жаба қойды. Абырой болғанда, құлағының мүкістігіне байланысты әжей оның сөзінің бірін естіп, бірін естімеді.


Коля ағай жуып-шайды:


– Сөзіңіз дұрыс, әжей, ендеше сізге мына төрт бала мысық­тың қай-қайсысы да жақсы ермек бола алады, ең бастысы, жаныңызды жегідей жеген жалғыздықтан құтқарады.


– Иә, өзім де солай деп ойлаймын. Қартайғанда одан ауыр ештеңе жоқ екен. – Ендеше не тұрыс, кәне, өзіңіз таңдаңыз, қайсысын ұнатасыз?


Құдды осы сөзді естіп қалғандай, қара бала мысық шешесінің қасынан бері жылжып, әжейдің қабырғада сүйеулі тұрған таяғын тұмсығымен иіскелеп, аяғымен түрткілеп ойнай бастады. Әжей таяғын қолына ұстап:


 


 


– Несін таңдаймын, бәрі бірдей емес пе, жаман-жақсы дейтіні жоқ, бәрі де әдемі, бәрі де сүйкімді, мен мына қара мысықты алайын, – деді.


Сөйтіп қара бала мысықты қолтығына қысып, көшеге шықты. Бөтен, бейтаныс жаққа кетіп бара жатқанын сезгендей, үйде қалған үш емшектесі мен енесі азан-қазан жамырай мияулады соңынан. Бұл есіктің аузында бұрылып бір қарады оларға. Пәлендей толқымады. Қайта қызық. Өзін саяхатқа шыққандай ұғынды.


Әжейдің аты-жөні Ирина Фрольевна еді. Қара бала мысық әжейдің жанына кәдімгідей ес, серік болды. Бұрын төсекте ертеден қара кешке дейін сары жамбас болып сарылып жатып уақытты өткізе алмайтын, сөйтіп еріксіз мұңды, көлеңкелі ойларға беріліп, қызық-қуаныштан жұрдай бір сүрең қарттық өміріне ренжитін. Енді ондай көңілсіздіктен арылды. Өміріне өзгеріс енді. Тіпті кей күндері таңның қалай атып, қалай ымырт үйірілгенін білмей қалады. Қара мысық зеріктірмеді. Ойынқұмар. Тыныш отырмайды. Кереуеттің үстінен әжейдің бет орамалын тістеп алып қашып, сонау есіктің қыр көзіне апарып тастайды. Не шұлығын ішекше шұбалтып, бөлменің ішінде сүйрелеп жүреді. Саусағы әнтек жыбыр ете қалса болды, тышқан көргендей дереу жетіп келеді. Істемейтіні жоқ. Құлағынан, бетінен жалайды. Шашынан тартқылайды. Ирина Фрольевна үшін мұның бәрі қызық, үйдің ішінде еңкеңдеп өз-өзінен күбірлеп сөйлеп жүргені: «Мынау кәйтеді-ей, шашымды ауырттың. Орамалымды әкел бері. Шұлығымды алып қашқаның қалай? Бет-аузымды жалап емешең үзіліп бара ма?..»


Бала мысықтың сүтті төккені де, ыдыс-аяқты сындырғаны да әжей үшін – мереке. Надя апай құсап айқай салмайды.


Біреуі еркелей мияулап, біреуі күбірлеп, үлкен үстелдің басында отырып, екеуі бірге тамақ ішеді. Әжей оны немересінен бетер жақсы көреді. Нанды сүтке езіп береді. Етті алдына майдалап турап қояды. Мезгіл-мезгіл үсті-басын жуады, тарайды. Бір уақ аулаға таза ауаға шығарып ойнатады.


Не керек, қара мысық Ирина Фрольевнаға жалғыздықтың не екенін ұмыттырды. Бірде ол алыс қалада тұратын ұлы мен келініне былай деп хат жазды:


«Қазір менің серігім бар. Кіп-кішкентай қара мысық. Өзі сондай сүйкімді. Өте ақылды. Ойынқұмар. Жылына бір рет ат ізін салмайтын сендерге қарағанда, жақын маған, жаныма желеу...»


Бала мысық, міне, осындай үлкен құрметке ие болды. Ирина Фрольевна оған «Қараөрік» деп ат қойды. Қараөрік десе – қара өрік, әжейге оның бар қылығы мен ісі тәтті еді.


Қараөрік шын мәнінде бақытты еді. Әуелгі кезде шешесі мен үш бауырын аздап елегізіп іздегенімен, кейін ұмытып үлгерді. Ирина Фрольевна Қараөрікті ешқашан да жат санап, жалғызсыратқан емес, бәрінің орнын бір өзі толтырды. Қара мысық осынау шат күндері бір кезде көзінен бұл-бұл ұшарын әсте білген жоқ-ты. Мәңгі осылай болып тұра беретіндей сезінген. Бекершілік екен. Әрине, кінәлі өзі...


Арада екі ай өткен. Қараөрік сыртқа, аулаға шығып, бақ­шалықтың ішінде әлдебір шөптің басын қымқып, әрі-бері тербетіп ойнап отырған-ды. Үйден Ирина Фрольевна әлденеше рет айқайлады. «Әй, Қараөрік, қаңғып қайда жүрсің?!» Бұл шешелерінің сөзіне құлақ аспайтын ерке балаларша тырп етіп қозғалмады. Мияулап жетіп бармады. Кенет есіктің алдынан бірімен бірі алысып-жұлысып, сөмкелерін көкпар ғып тартқылап екі бала кетіп бара жатты.


 


 


Қараөріктің олармен ойнағысы келді де, маған қараңдар дегендей мияулап қалды. Сол-ақ екен, әлгі екеуі кілт тоқтады да, біреуі:


– Саша, мынау мысық әдемі екен, жүні үлпілдеп тұр, алып кетсек қайтеді, ә? – деді.


Саша дегені басын қасыды:


– Иесі бар шығар... Петя, кәне, жан-жағыңа қарашы, ешкім көрінбей ме? Петя айналаға жіті көз жіберді.


– Жан баласы жоқ. – Ендеше әкеттік!


Саша Қараөрікті қолындағы сөмкесінің бір шетіне сүңгітіп жіберді. Қараөрік қағаз, сия, өшіргіштің иісінен тұншығып қала жаздады. Қылғына мияулады. Саша құлақ аспады, қайта сөмкесінің сыртынан мұны жұдырығымен ұрғылап қойды.


Екі бала автобусқа мінді. Автобустан түскен соң екеуі әлденеге келіспей жанжалдасты.


Петя:


– Қара мысық менікі! – деді. Саша:


– Жоқ, менікі, мен сөмкеме салып алдым! – деді. – Бірінші көрген кім? Мен ғой!


– Бермеймін! – Бересің!


Сашаның сөмкесі қолдан-қолға көшті. Біресе Петя, біресе Саша тартып алады. Олар өстіп тұрған кезде сөмкенің аузы ашылды да кетті. Қараөрік сыртқа секіріп шықты да, басының ауған жағына алды-артына қарамай құйындап қаша жөнелді...


Таңдайы кеуіп, аптап пен аңызақта бір тамшы су іздегендей қараөрік үш күн бойы Ирина Фрольевнаның үйін іздеді. Бәрі көз алдында сайрап тұр: ағаш көк қақпа, жарты сотық бақшалық, сарғыш қабырғалар, көше бетке қараған жалғыз терезе... Шарла­маған жері жоқ. Жер жұтып жібергендей жым-жылас. Әжейді қатты сағынды: оның қалталанған әжімді бетін, добалдай қатқыл ала­қанын, бұдыр-бұдыр қайың таяғын бір көруге зар болды. Бәрі бей­таныс, бәрі бөтен. Бір қызығы, тұмсығын қалай қарай көтерсе де, ауадан жел үйіріп танауына әжейдің тапалтақ тамының сыз аңқы­ған иісін әкеледі. Содан жанұшырып жүгіреді. Өкпесі алқынады. Бой-бой терлейді. Таппайды. Таныс иіс сағымдай алдап кетеді. Түсініксіз. Аздан соң әлгі жәйт тағы қайталанады. Тағы жоғалады...


Әбден шаршады, төртінші күні күдерін үзді. Өзінің мүлде басқа жақта жүргенін білді. Мынау шулы үлкен қаланың әрбір үйін адақтап, түгендеп шығу мүмкін емес. Өмірі де жетпес. Басқа түскен тағдырына көндігу керек. Өксіп-өксіп сағынышын тірілей көкірек түбіне көмді. Енді өзге уайым басталды. Қарынды жұбату. Көзінен Ирина Фрольевнаның сүтке езген жұмсақ наны да, ұсақтап туралған майлы шұжығы да бұл-бұл ұшты. Өкінгеннен не пайда. Көз жасы Саша мен Петяға. Айдалаға тастады да кетті... Тіршілік еткен жөн. Әлдебір бұзылған үйдің орнынан тіске басар талғажау қиқым-сиқым тапты. Оларды апыл-ғұпыл жеп бітірді. Сосын бақшадан тәтті шөптердің тамырларын кемірді. Қиын. Дайын асқа үйреніп қалған сорлы басы әбден сергелдеңге түсті. Қараөрік осыншалықты дәрменсіз болып жаратылғанына ызаланды. Неткен сұмдық. Қол-аяғы байлаулы секілді. Адамдарға тәуелді, оларсыз бір үзім нан тауып жей алмайды. Өз еркің өзіңде болмағасын несі өмір.


 


 


Бесінші күні жапалақтап қар жауды. Қараөріктің қарды алғаш рет көруі. Кірпік қақпай қадалып қарады да қалды. Ке-ре-мет! Қалықтап жерге қонақтап жатыр. Аспанның аппақ гүлдері. Жеп-жеңіл. Сұп-сұлу. Баяғыда бұл көбелек қылып қуып ойнаған Коля ағайдың үйіндегі құстың үпелек қауырсындарынан аумайды. Бірақ одан ерекшелігі – мұп-мұздай, сұп-суық. Қараөрік жауған ұлпа қарға сұқтанып қарнының ашқанын да ұмытты. Бір-екеуін табанымен қағып та алды. Сиқырлы. Көз алдында жоғалып кетті. Қардан қалған із – табанындағы әлсіз дымқыл ғана. Қызық. Шіркін, мынау жауған қарды Ирина Фрольевнаның жылы үйінің терезесінің алдында отырып тамашалар ма еді. Енді ол күн қайда...


Кешке қарай күн суытты. Қараөріктің іші-бауыры қалты­рады. Бүйткен сұлулығы құрысын. Қараөрік қар жауса, күн суық болатынын білді. Таң атқанша кірпік ілмеді. Анау бұзылған үйдің түбіндегі ойдым шалшық секілді мұз болып қатып қалмау үшін денесін қыздырып, әрлі-берлі жүгіре берді, жүгіре берді...


Ескі үйдің айналасындағы азын-аулақ ырзық-несібенің бәрі түгесілді. Енді не істеу керек? Күн қақап тұр. Ертеңіне Қараөрік таңертең жаңа жауған ақ қардың бетінен дәл өзінікіндей, бірақ сәл көлемділеу мөр табан ізді көрді. Із бұл түнеп жүрген, бұзыл­ған үйдің қасындағы ағаш сарайдан шығып, сонадайдағы ерсілі-қарсылы машина ағылып жатқан көшеге бет алыпты. Қайда барады? Көңілін әуестік биледі. Тәуекел. Ізге түсті. Алыстаған сайын алдынан әлдебір жағымды көңірсік иіс танауын қытықтай бастады. Қараөріктің бес тал мұрты жиі-жиі жыбырлады. Надя апайдың, Ирина Фрольевнаның ас үйіндегідей иіс. Тамақтың иісі. Сол-ақ екен, Қараөрік иіс шыққан жаққа тез жетуге асығып, көзі боталап, танауы қусырылып, ерен пәтпен алға емпелеңдеді. Ақыры, жетті-ау. Келсе, тау боп үйілген күл-қоқыс, дода-дода қағаз, алба-жұлба шүберектер. Иістің неше атасы бар. Балық иісі. Ет иісі. Нан иісі. Тіпті шарап иісі де шығады. Иістің базары. Дәу темір үш жәшіктің маңы: өзі секілді ығы-жығы бұралқы мысық­тар. Бәрі жетім қыздың тойында жүргендей. Күл-қоқысқа сүңгіп, әр нәрсені тістелеп, сүйрелеп, қажалап қарындарын жұбатып әуре. Босқа қарап тұрмады, Қараөрік те кірісті. Үйілген дода-дода қағаздың арасынан кепкен жарты балықты алып шықты...


Күл-қоқыстың арасынан көртышқандарша нәпақаларын тауып жеген олар бір кезде туа-бітті қандарына сіңген әдет­терімен әр жер-әр жерге шоқиып отырып, мысықтарша аузы-бастарын жалап тазалауға кірісті. Аузы-бастарын жалап отырып, бір-бірлерімен мияулап тіл қатыса бастады. Қабырғасы арса-арса еңгезердей тарғыл мысық былай деді:


– Бұған да шүкіршілік. Егер адамдар түк қалдырмай ішіп-жеп қоятын болса, күніміз не болар еді. Бұйырған несібе деген осы.


Оның сөзін өзгелер жамырай қостады: – Дұрыс айтасың.


– Бәрі тоқшылықтың арқасы ғой. – Бізді аштан өлтірсін бе.


Көзі кілгірген, жүні жидіген ауру сары мысық ыңырси мияулады:


– Бізді қолдарына алса, несі кетеді. Бізге арнайы күтімнің қажеті жоқ, қалған-құтқан тамаққа да ырзамыз. Шіркін, сол қалған-құтқан жұғындыларды жылы темір батареяның түбінде жатып жегенге не жетсін...


Осы сәт Қараөрік ауыр пырылдады. Ирина Фрольевнаның үйіндегі бақытты күндерін есіне алды. Көкірегі удай ашыды: «Сорлы басым...»


– Қой, – деді тарғыл мысық, – бүйтіп далада суықта отыра бер­сек, әлгінде қарнымызға      қонған      азғантай      қуанышымыздан      айры­лып      қалармыз.


 


 


Тоқтығымызды ұзарта түсетін нәрсе – жылы жер, құдіретті жылылық. Одан да жүріңдер, анау тоғыз қабатты үйдің астына барайық, асты жып-жылы, жылу құбыры бар. Әңгімемізді сонда жалғастырармыз. Бұл жерде босқа отыра бергеннен енді ешқандай пайда жоқ. Кешке келерміз. Кешке жұрт және қоқыстарын әкеп төгеді.


Тарғылдың соңынан еріп, сегіз мысық тоғыз қабатты үйге қарай бет алды. Үйдің астына сынық терезеден кірді. Үйдің асты шынында да, жылы екен. Жылтырақ жұқа темірмен қапталған адам құшағы жетпейтін құбырдың айналасы тіпті ыссы. Мысықтар қаз-қатар құбырдың астына келіп жайғасты. Қараөріктің көптен бері дәл мұндай жәннат жерді бірінші рет көруі. Бір түрлі ұйқысы келді. Бірақ жанында жатқан ала мысық сауыс-сауыс құйрығымен бетін желпіді де: «Ұйқтама, әңгіме тыңда», – деді сыбырлап. «Жарайды». Қараөрік басын көтерді.


Тарғыл мысық тісін қышырлатып, ызалана ұзақ мияулады:


– Мияуууу... Иә, жаз өтті. Қыс түсті. Көктемге жетпей тала­йымыздың өмірем қабатынымыз анық. Бұл басы ғана. Ертең аяз күшіне мінеді. Мұз болып қатып қаламыз... Обалымыз адамдарға.


Қараөрік түсінбеді. Ирина Фрольевна, Сережа секілді жақсы адамдар да бар емес пе? Бәрін кінәлау артық.


– Неге олай дейсің? Олардың бәрі жаман емес қой... Тарғыл мысық аяғын бір сілтеді.


– Сен не білесің. Жақсы болса, сен өстіп қаңғып жүрер ме едің? Соларға сеніп, дайын ас, дайын орынға үйреніп, әу баста табиғат берген бар қасиетімізден айрылып қалдық. Бізді қолға үйретпегендерінде қалың орман, кең далада тиісті ырзық-несібемізді тауып жеп, күн кешер едік қой. Енді мынау халіміз. Сиам бабамыздың аруағын қорлап, күл-қоқыстан қалған-құтқан тамақ қалдықтарын іздеп жүргеніміз. Масқара! Ұят!


Көзі жасаурап, жүні жидіген сары мысық күңірене сөйледі.


– Бұл адамдардан жақсылық күтуге болмайды. Бізді қойшы, айдаладағы хайуанатпыз, олар өздерінің қандастарын да аямайды. Мысық түгіл, сәбилерін де күтіп-бағуды ауырсынады. Қай­сыбіреулері перзенттерін балалар үйіне – жетімханаларға апарып өткізеді. Ал қарттар үйіндегілердің көрген күнін құдай басқа салмасын...


Ала мысық таңданды:


– Неге бұлай? Баяғыда олар иттерінің қаңғып жүргенінің өзін намыс санаушы еді ғой. Көпшіл, бауырмал еді...


Сары мысық басын қасыды:


– Білмеймін, білмеймін. Әйтеуір, қазіргі пиғылдарынан жаның түршігеді... Бізге олардан қайран жоқ. Әуелі өздері түзеліп алсын.


Тарғыл мысық мияулады:


– Біздің мұндай күйге душар болуымыздың ең басты себебі – қазір қалада көп балалы үйлер саусақпен санарлық. Бір бала, екі бала. Бізді үйге тартатын балалар емес пе? Олар – аз. Ал әлгі бір-екі баланың өзі бізді онша қажет етпейді. Неге? Өйткені үйі толы ойыншық. Неше атасы бар. Мәселе осында. Теледидар, мультфильм деген пәлелер де шықты. Әйтеуір алданыштары көп. Баяғыда біздің ағаларымыз бен апаларымызды бала жұбату үшін, балаға ойын, ермек үшін асырушы еді. Ол заман қайда енді. Қайта оралмайды.


Сабалақ мысық орнынан атып тұрды.


– Ендеше біз – бүкіл мысықтар әулеті қаладағы күллі ойыншық дүкендерінің, теледидарлардың көзін құртуымыз керек!


 


 


Өзгелері де жан-жақтан шулады: – Дұрыс.


– Құрту керек!


– Өлі ойыншықтардың қажеті қанша, тірі «ойыншық» біздер тұрғанда! Тарғыл мысық айқайлады.


– Сабыр, сабыр! Ақымақтарым-ау, ойыншық дүкендерін қалай құртамыз? Немене оларды тышқан деп пе еңдер? Әлде біз танкіміз бе күл-талқан етіп қирататын? Осыны ойладыңдар ма?


Әлгіндегі айқай-шу су сепкендей басылды. Тек батылсыз, шарасыз күңкілдер ғана естілді.


– Солай екен-ау... – Енді не істейміз?


Тарғыл мысықтардың екіленген есер айқайларының ешқандай негізсіз екенін одан әрі тәптіштеп түсіндірді.


– Ойыншық дүкендерін құрту мүмкін емес. Ол үшін әуелі ойыншық жасайтын зауыттар мен фабрикаларды жабу керек. Күшті болсаң, оларды жауып көр? Ең болмаса, тышқан аулап пайдамызды тигізетіндей мынау көп қабатты үйлерде «шиқылдақтар» да жоқ.


Осы кезде сабалақ мысық бағанағыдай тағы да ащы айқайлап қалды.


– Онда адамдардың бәрін жер үйлерге көшіру керек! Ал жер үйлер тышқандарға бықып жүреді, қара жерге жақын!


Өзгелер қостай жөнелді. – Дұрыс ақыл!


– Көп қабатты үйлердің керегі жоқ! – Солай!


Тарғыл басу айтты.


– Өздеріңнің естерің дұрыс па? Әлде аштық пен суықтан азғантай ақылдарыңнан алжастыңдар ма? Қайта адамдар қалада жер үйлерді бұзып, орнына көп қабатты үйлер салып жатқан жоқ па? Жер үйлер енді азаймаса, көбеймейді, құрып бара жатқан жан-жануарлар секілді олар да кейін Қызыл Кітапқа жазылуы мүмкін...


Сары мысық күрсінді:


– Қысқасы, біздің күніміз қараң. Осы қаңғырғанымыз – қаңғырған. Адамдардың бізсіз де қуаныш-қызығы жетерлік. Теледидар көреді, газет-журнал, кітап оқиды. Радио тыңдайды. Концерт. Кино. Театр. Жеңіл машина. Алтын-күміс...


Қараөрік ойланды: «Ойбай-ау, Ирина Фрольевна мені балаларынан бетер жақсы көруші еді ғой. Әлде мен жоғалып кеткен күннен бері ол да өзгерді ме? Мүмкін емес. Басқа-басқа, әжей ешқашанда мейірімсіз бола алмайды. Ол сондай адам. Ал ондай кісілер аз ба?»


Сары сөзін одан әрі жалғастырды:


– Ең бастысы, адамдар табиғатқа, жан-жануарларға көңіл бөлуді қойды, жасанды нәрселерге құмар. Қазір өткенде телевизордан көріп қалдым, бір елде тышқан ұстайтын робот – мысықтар ойлап шығарыпты...


– Масқара!


– Онда біздің мүлде керегіміз жоқ десеңші. Тарғыл мысық оларды жұбатты:


– Түңілмеңдер. Біреуге болмаса, біреуге қажетпіз. Үміт үзбеңдер. Біздің достарымыз негізінен – жалғыз басты қарттар мен балалар. Олар бар жерде бізге де мынау жарық дүниеден жапырақтай орын табылады.


 


 


Мысықтар шу ете қалды:


– Балалар мен жалғыз басты қарттар жасасын! – Ура!


Мысықтар бағанадан бергі мұңды әңгімелерін үмітпен аяқтады да, жылы құбырдың астында «кешкі тамаққа» дейін ұйқыға кетті. Мысықтар өздерін шын мәнінде мысық деп сезіну үшін үш-ақ нәрсе керек, олар мыналар: ұйқы, жылы жер, тамақ. Бұлардың қазір үш қуанышы да бар еді...


Қараөрік Тарғылдың «үміт үзбеңдер, біз біреуге болмаса, біреуге керекпіз» деген сөзін жадында мықтап сақтап, күнде күл-қоқыстың жанында отырып, өткен-кеткен адамдарға жаутаңдап қарап, олардың бет-жүздерін бағатын әдет шығарды. Көздерінен жылт еткен мейірім ұшқынын байқап қалса, мияулап ізінен ереді. Ал қабағын ашпаса, орнынан қозғалмайды. Балаларды да, таяққа сүйеніп қалтылдап әрең жүріп бара жатқан қарттарды да көрді. Үш күн бойы ісінен нәтиже шықпады. Бір рет жолы бола жаздады. Бірақ... Бір кішкентай қыз күл-қоқыстың түбінде мияулап отырған мұны аяп:


– Мама, үйге алып кетейікші, – деді шешесіне. Шешесі үзілді-кесілді қарсы болды.


– Қаңғыған мысықты қайтеміз? Бәлкім, ауру шығар. Қыз қиғылық салды.


– Алып кетеміз. Әйтпесе мен үйге бармаймын!


Шешесі әрі жалынды, бері жалынды. Бір кезде әдемі қуыршақ алып беремін деді. Қызы тентектігін кілт тыйды. Сөйтті де екеуі қол ұстасып кете барды. Ойыншық. Қуыршақ. Жансыз нәрсе. Сиқырлы. Өткенде сабалақ мысық дұрыс айтты: ойыншық дүкендерінің көзін құрту керек!


Қараөрік бірақ күдер үзбеді. Төртінші күні кешке жолы болды. Бейтаныс бір әйел қойнына тығып, үйіне алып келді.


 


4


 


Бала мысық түн ортасында оянып кетті. Денесі бір түрлі тоңазып жатыр екен. Пешке табанын тигізді: бағанағыдай ып-ыссы емес, жылымық. «Е-е, – деп ойлады, – бұл да Ирина Фрольев­наның үйіндегідей болды ғой...» Иә, ол дәл осындай-ды. Түннің біруағына дейін қыж-қыж қайнап тұрады да, сосын су құйып өшіріп тастағандай таңға қарай мүлде суып кететін. Мұздай жерде ұйқының мазасы жоқ. Ондайда Қараөрік Ирина Фрольевнаның жылы көрпесінің астына барып кіретін. Осы оймен ол керіліп орнынан тұрды. Бірақ қайда барады? Бейтаныс үй. Үңірейген қараңғылық. Дариядай бөлме. Осы сәт есіктің аузындағы шкаф­тың астынан бірдеңе тықыр-тықыр ете қалды. Қабырғадағы көгілдір сәулелі электр сағат тик-тик қоңырау соқты. Қараөрік қорқып пештің бұрышына тығылды. Түн ішінде, үңірейген қараңғылықта сырт еткен дыбыстың өзі ауыр, даңғырлатып барабан ұрғандай естіледі ғой. Қараөрік сәлден соң шала ұйқы, көңілін үрей буған күйі не істерін білмей, дәлізге атып шықты. Дәлізден ағараңдаған екі есікті көрді: бірі төменде, бірі жоғарыда. Төмендегісіне барып еді, суық ауа улеп қоя берді, тұла бойы қалтырады, демек, бұл сыртқы есік болғаны. Енді екінші есікке беттеді, ол – толық жабылмапты, қол сиярлықтай саңылауы бар. Қараөрік сып етіп ішке кірді. Бөлмеден нәзік тәтті пысылдаған бір дыбысты құлағы шалды. Әдемі бір әннің әуені секілді. Дыбыс қайдан шығады? Құлағын тосты. Иіс аңдыды. Мұрты жыбырлады. Пысыл – терезе жақтан. Терезеге қарай жүрді. Диван тұр екен, секі­ріп үстіне мінді. Диваннан көрпесін аяғымен теуіп тастап, майкішең бүрісіп жатқан бір баланы көрді.


 


 


Шашы ұзын. Шашын­дағы гүлді ақ бантигі шешілмепті. Сірә, мұршасы болмаған, не ерінген. Есіне түсті: «Е, бұл мана кешкілік мамасына әлдене деп сөйлеп жыламсыраған, сосын мұны көріп, айқайлап қуанған кіш­кентай ерке қыз ғой. Дәл сол... Бір түрлі аяп кетті. Бүрісіп жатқан түрін, қарашы. Шоқиып отырды да, кішкентай қыздың бетіне үңілді: күлімсіреп жатыр, жо-жоқ, тоңып-жаураса да қуанышты екен. Бетінің ұшынан жалап-жалап алды. Тәп-тәтті. Караөріктің қорқынышы сейіліп, бойы жылынғандай болды. Ұйқысы келмеді. «Ау, бұл кішкентай қыздан басқа да үйде тағы екі ересек адам болуы керек қой. Олар қайда?» Қараөріктің әуес ойын біліп қалғандай, кенет әлдекім қатты қорылдады. Қорыл шалқасынан ашық есіктің ар жағынан естілді. Қараөрік солай қарай аяңдады. Бұл бөлмеден үлкен ағаш төсектің үстінде жатқан екеуді көрді. Екеу... Ендеше бұларға артық үшінші біреудің – мысықтың еш­қандай қажеті жоқ. Олар онсыз да бақытты. Қараөрік кілт кері бұрылды. Өткендегі көпті көрген, көпті білген Тарғылдың мына сөзі жадына оралды: «Біздің досымыз – жалғыз басты қарттар мен құлындай құлдыраңдаған балалар...» Солай. Ендеше не тұрыс? Мен әлгі кішкентай қыз баланың қасында болуым тиіс. Ол әрі жалғыз. Қараөрік бір шүйке жүн құсап, диванда бүрісіп жатқан Динараның қолтығының астына тығылды...


 


5


 


Ирина Фрольевнаның үйінде таң да, түс те, кеш те, түн де – бәрі бір-біріне ұқсас, желсіз тұнып тұрған көл беті секілді тып-тыныш-ты. Күні бойы пәлендей өзгеріс болмайтын. Ал мұнда басқаша екен. Қараөрік азанда арғы жатын бөлмеден шырылдаған қоңыраулы сағаттың ащы үнінен шошып оянды. Содан абыр-сабыр, қарбалас тіршілік басталды да кетті. Жарқырап шамдар жанды. Есіктер сарт-сұрт ашылып-жабылды. «Мама» – Бақыткүл сырттан ағаш, көмір әкеліп, пеш жақты. Шай қайнатты. Газға жұмыртқа қуырды. «Папа» – Мақсат дырылдаған қол басындай қара әлденені бет-аузына құшырлана үйкеледі – қырынды. Бір кезде мамасы Динараға келіп:


– Қызым, кәне, тұра ғой, бақшадан қалып қоясың, – деді де, бала мысықты көріп:


– Мына қара, мысық Динараның қасында жатыр! – деп таңдана айқайлап жіберді.


Папа жатын бөлмеден жүгіріп шықты. Таңдайын қақты:


– Пәлі, бала емес пе, бірін-бірі іздеп тауыпты. – Сөйтті де Динараның да, қара мысықтың да басынан бір-екі рет сипалады.


Динара оңайлықпен ояна қоймады. Папасы мен мамасының айтпаған сөздері жоқ. Әбден айналып-толғанды. Ақыр аяғында жеңіл ұрысты да.


– Бол, кәне, кешігесің! – Тұра ғой, көкешім!


– Уақыт жоқ. Біз де жұмыстан қаламыз.


– Ертең демалыста рақаттанып бір ұйықтарсың.


– Сенің осы өздігіңнен атып тұратын күнің бола ма? Міндетті түрде ұрысуымыз керек пе?


Динара бірақ ұйқысын қимай әрі аунап, бері аунап жата берді. Папасы мен мамасының мынау сөздеріне қарағанда, Динара азаннан бір жаққа баратын секілді. Және міндетті түрде баруы керектей. Таң атпай обал-ақ. Бірақ амал не. Қараөрік «папаң мен мамаңды жалындыра бермей, тұрсаңшы» дегендей ғып,


 


 


үлпілдек қара мақпал құйрығының ұшымен Динараның тәмпіш мұрнын қытықтады. Сол-ақ екен, Динара мұрнын қасып, көзін ашып алды.


– Бұл не?


Басында өзіне төніп қарап отырған қара мысықты көрді. – Қара мысық, сенбісің?


«Иә, мен». Қара мысық құйрығын бұлғаңдатты. Динара күліп жіберді. – Мама, папа!


– Не болды?


– Мені Мурка құйрығымен қытықтап оятты. (Динара бала мысыққа Мурка деп ат қойған-ды. Оның Қараөрік екенін білмейтін.)


– Сені балабақшадан қалып қоймасын дегені ғой... Динара мысықты құшақтап отырып, қыңқылға басты. – Мама, бүгін онда бармай-ақ қояйыншы.


– Жоқ, болмайды. Аты жоқ, жөні жоқ, ол не сөзің? Кім қарай­ды саған? Біз жұмыстан кешке бір-ақ келеміз, оны өзің жақсы білесің.


– Үйде енді Мурка бар ғой. Ішім пыспайды. Ештеңеден қорықпаймын. Бақыткүл мен Мақсат бір-бірінің бетіне қарады.


– Не деуге болады? Бақыткүл қолын сермеді.


– Бүгін балабақшаға бар. Ертең қаларсың. Қара мысық өзіне-өзі келсін. Әлі ауру, әлжуаз...


– Қалайыншы...


– Болмайды! Мысық емес, бәле болған шығар бұл. Енді екі күннің бірінде қыңқылдап үйде қалам деп отырады ғой. Қазір бұлар әріптер үйреніп жүр...


Динара одан әрі үдетті. – Бармаймын!


Папасы қорқытты.


– Ендеше мен қазір мысықты далаға апарып тастаймын! Динара амал жоқ, қыңқылын доғарды.


– Апарып тастама, міне, мен киінем! – Жарайды.


Сөз осымен бітті.


Қара мысық Динарамен бірге ас үйге барды. Бірақ үстелге жақындамай, өз орнына – пештің түбіне отырды. Мұнысы Мақсат пен Бақыткүлге ұнады.


– Өзі тәртіпті. Сірә, бұрын үй тәрбиесін көрген болуы керек, жөнсіз сұқаңдамайды, – деді Бақыткүл.


Мақсат басын шұлғыды.


– Иә, солай. Дегенмен, кім білсін, кейін «өнер» шығарып жүрмесе... Динара екеуі басымызды даң қылып жібермесін.


– Кезінде көрерміз.


Динара қара мысықтың алдына қағазға салып жарты жұмыртқа мен тәрелкеге құйып сүт апарып қойды.


Үйде тыныштық орнады. Сыртқы есік соңғы рет сарт жабыл­ды. Динара балабақшаға, Мақсат пен Бақыткүл жұмыстарына кетті...


Қараөрік кешке дейін уақытты өткізе алмады. Күн осын­шалықты ұзақ болар ма. Әбден зерікті. Жалғыздық қиын екен. Осыны сезді.


Кешке Динара үйге кіріп келгенде, үздік-үздік мияулап, мойнына жабысты.


 


6


 


 


Мурка Динараның өміріне шын мәнінде көп өзгеріс әкелді. Бұрын ол қит етсе болды, көзінің жасы мөлтілдеп: «үйде жалғыз қалуға қорқамын», «мен жалғызбын, сондай зерігіп кетемін, менімен бірге ойнайтын ешкім жоқ», – деп қиғылық салатын. Мурка келгелі соңғы кезде ондай сөздер оның сөздік қорынан шығып қалды, мүлде ұмытты. Әдетте папасы сенбі, жексенбі күндері әлдебір шаруасымен бір жаққа бармақ болса, не мамасы таяқ тастам жердегі дүкеннен нан әкелуге оқталса, Динара жалма-жан киініп, іздерінен қоса еретін. Құйысқанға жабысқан. Кө­леңке. Енді ол әдетін қойды. Үйде бала мысықпен алаңсыз  ойнап        қала     береді.                  Ештеңеден         қорықпайды.                 Құдды                батыр. «Жалғызбын» деп те айтпайды. Құдды үйге үбір-шүбір бала толып, базар болып кеткен сияқты.


Не керек, Мақсұт пен Бақыткүлдің арқа-басы кеңіп, бойлары жазылды. Аяқтарынан тұсаулары алынғандай. Бұрынғыдай емес, ол-пұл шаруаларына әрқайым барып келеді. Олардың ешқашан Динарасыз соқа бастары жүрмейтінін жақсы білетін жүзі таныс кісілер таңданып: «Ау, қыздарың қайда?» – деп сұрайды. Бұлар: «Үйде», – дейді. Тағы да сұрақ. «Жалғыз өзі ме?» «Біреу бар ма қасында?» «Мурка бар». «Оларың кім?» «Бала мысық». Бастарын шайқайды: « пырай, ә, мысық деген де кәдімгідей серік екен-ау. Баяғыдан бері мысық әкеліп бергендеріңде ғой». «Кім білген...»


Бақыткүл     мен      Мақсұт      өткен     демалыста      бірер     сағатқа     қаланың орталығындағы кинотеатрға барып фильм де көріп келді.


Сөйтіп бұралқы мысық үшеуін де қуанышқа бөледі. Әсіресе Динара мәз. Екеуінің қыл елі жұбы жазылмайды. Бірге тамақ ішеді, бірге ұйықтайды. Динара оған еліктеп жып-жылы пештің түбінде отыруды үйренді. Бірге ойнайды. Динараның төрт аяқты жұдырықтай досына көрсетпейтін көресісі жоқ.               Мурка     бәріне              көнбіс.         Ығына       жығылады.             Әйтеуір,  жамандық жасамайтынын жақсы біледі. Динара оны тірі қуыршақ көреді. Әлем-жәлем киіндіреді, төбесіне ақ бантик байлайды. Төрт аяғына туфли кигізеді. Бесікке бөлейді. Тербетеді. Тәй-тәй, қаз-қаз жүргізеді қолынан ұстап. Алайда қара мысық та есесін жібермейді.


Ирина Фрольевнаның үйіндегі ерке тентектігіне басып, Дина­раның ойыншықтарын тістеп ала қашады. Ол ізінен қуа жөнеледі. Мурка диванға, одан секіріп шифоньердің үстіне шығып кетеді. Шифоньерге Динараның бойы жетпейді. Аяғының астына орын­дық, оның үстіне төрт бүктеп көрпеше салады. Терлеп-тепшіп, әбден әуреге түсіп, енді қолын соза бергенде, ол шифоньердің төбесінен акробаттарша оп-оңай жерге секіріп түседі. Еңбегі еш. Ренжиді. Тіпті жылап та алады. Осы сәт Мурка еркелеп алдына келіп отырады. Сөйтіп екеуі қайта татуласады. Әр күн осындай қызыққа толы. Екеуі бір-бірінсіз бір мезет тұра алмайды. Динара көзіне көрінбесе болды, Мурка заржақтана мияулап, үйді басына көшіреді. Ештеңеге алданбайды. Тіпті қып-қызыл етке де, тәп-тәтті сүтке де пысқырып қарамайды. Нәр татпауға бейіл, тек досын тауып алуы керек. Динара да сондай. Көз алдында Мурка қараңдап жүрмесе, көңілінен тыныштық кетеді.


Осылай қыс өтті. Көктем келді. Күн жылынды. Ағаштар бүр жарды. Оқтын-оқтын жаңбыр жауды. Табиғатпен, ауа райымен бірге Мурка да өзгерді. Есейді. Есейгенінің белгісі – шидей нәзік түбіт мұрттары тал-тал, тарғыл-тарғыл болды. Мақпал жүні дүрдиіп қатқыл тартты. Көз жанары бір түрлі салқын, ойнап, күліп тұрмайды. Марғау. Жалқау. Салмақты. Баяғы ылдым-жылдым қанкөбелек қимылынан ада. Ойынға зауықсыз. Динараны бұрынғыдай өліп-өшіп жақсы көрмейтін секілді. Тынымсыз мияулап, шарқ ұрып іздей де қоймайды. Неге


 


 


бұлай? Динара түсінсе, кәне. Себебін сұраса, мамасы: «Ол енді бала мысық емес, ересек болды ғой», – дейді. Бүйтіп ересек болғаны құрысын. Сонда қалай, жан-жануарлар «ақыл қонып» ересек тартқан сайын баяғы бүлдіршін кездеріндегі бар жақсы қылық-қасиеттерінен айрылып қала ма? Олай болса, олардың еш өзгермей, сол бала қалып­тарында жүре бергендері дұрыс емес пе? Адам түсінбейтін нәрсе. Динара ескі дағдысынша жұлмалап, сүйрелеп ойнамақшы болады, бірақ пәті қайтып қалады, Мурка «мазаламашы» дегендей, бір түрлі жақтырмай селқос қарайды да, теріс айналады. Тіпті кейде тісін ақситып айбат та шегеді. Ондайда иық жүні кірпік­шешен­нің инелері секілді тіп-тік жоғары көтеріледі. Сол-ақ екен, Динараның қуанышы су сепкендей басылады.


Соңғы кездері Мурка қаңғыбас болып алды. Қыста пештің түбінен шықпайтын, көше беттегі үлкен терезеден күн сәулесі түскенде, төргі бөлмеде алашаның үстінде аяғын созып, шуақта маужырап-мүлгіп жатушы еді. Енді күнара үйден жоғалып кететін болды. Динара сырттан іздеп жүргені.


– Мурка! Мурка!


Қайда жүретінін кім білсін, кейде бақша жақтан, кейде шатыр­дан түсіп келе жатады. Көбіне ләм-лим дыбыс бермейді, өзі де қара көрсетпейді. Кейде беймезгіл уақытта: біресе таң алдында, біресе түн ортасында мияулап, есік-терезені жүдемелдете тырна­лайды. Алаң көңілмен ояу жатқан Динара төсектен атып тұрып, ішке кіргізіп алады.


Көптен бері бір еңгезердей ала мысық үйдің маңынан жиі көрінетін болды. Есіктің аузына келіп, тамағы қарлығып, ғыр-ғыр мияулайды. Оның ғырылдаған үнін естуі мұң, Мурка жалма-жан асығып сыртқа ұмтылады. Құйрығын бұлғаңдатып, аяғы жер иіскемей тыпырлап, көйлегінің етегінен тартқылап, Динараны есікке қарай жетелейді. Ол досының өтінішін орындайды. Есікті ашады. Сосын соңынан мұңая қарайды: әлгі еңгезердей ала мысық екеуі бірін-бірі тістелеп, қуалап, бақшалыққа қарай жүгіре жөнеледі. Бір түрлі ренжиді. Мурканың айдаладағы ала мысықтың соңына еріп кеткені несі? Кім ол сонша? Досы ма? Динара тұрғанда оны не қылады?


Мурка бірте-бірте баяғы ойнақылығынан айрылды. Бетін ешқандай лүп етіп жел шайқамайтын, ешқандай бұлақ, өзен келіп құймайтын тып-тыныш көлге ұқсады. Қашан көрсең де бар кә­сібі – үйде де, сыртта да шуақта пырылдап жату ғана. Іші жер сызады. «Немене, семіріп бара ма?» Динараның бұл сұрағына мамасы былайша жауап қайырды: «Жақында Мурка бөпелі болады...» «Қалай?» Динара түсінбейді. Айран-асыр. «Не қыласың қазбалап, кезінде көресің ғой...» үлкен адамдардың осындайы жаман. Неге түсіндіріп айтпайды...


 


7


 


Алтыншы мамыр Динараның есінде ерекше бір күн болып қалды. Мамасының өткендегі егжей-тегжей түсіндірмей, «кезінде көресің» деген сөзі аумай-төкпей келді. Мурка «бөпелі» болды. Төрт мішімі бар. Динара қуанғаны сондай, үйде байыз тауып бір минут отыра алмады. Нағыз базарлы үй, балалы үй деген осы! Енді бесеуі асыр салып ойнайды. Көңілін қуаныш кернеп, көрші достарына құстай ұшты.


– Менің төрт мішімім бар!


Достары Динараның ізіне еріп, үйге қарай шұбырды. Дәліздің аузы кішкентай сандал, шабадаларға толып кетті. Балалар төрт мішімді дәл қазір ту-талақай бөліп алып кететіндей шулай жөнелді.


 


 


– Динара, маған анау ағын берші! – Қара тұмсықты ұнатамын!


– Тарғыл сүйкімді екен.


Динараның әлгіндегі қуанышы су сепкендей басылды. Тырс үндемеді. Төрт мішімінен айрылып қалатындай жаман қорықты. Мамасының бетіне жалтақ-жалтақ қарады.


– Әзірге болмайды. Көрмейсіңдер ме, қызылшақа, жерден бауырларын әрең көтереді. Көздері де жұмық. Кейін келесіңдер ғой, – деді Бақыткүл балаларға.


Балалар шу ете қалды: – Қашан?!


– Шамамен он-он бес күннен соң. – Түу, қандай ұзақ!


– Қалай шыдаймыз.


– Біреуге беріп жібермеңіз. – Динара, бізді ұмытпа.


Дабырласып бәрі көшеге шықты. Олар кету бойында Динара терең бір күрсінді. Бақыткүл жалт бұрылды.


– Не болды, қызым-ау?


– Ешқайсысын да бермеймін... – деді ол екі ұрты томпайып. – Неге?


– Сол. Бәрі өзіме керек. Бақыткүл күлді де, қабағын шытты.


– Сонда үйді мысықханаға айналдырмақпысың? Бір үйге біреуі де жетеді. Ішінен ең әдемісін таңдап ал.


– Бәрі де әдемі!


Бақыткүл не дерін білмеді. Шарасыз күйде алақанын жайды. Осы сәт сырттан үйге Мақсұт кірді. Ол азанда кітапханаға кеткен-ді.


– Бұл не дау?


Динара папасына жүгіріп барды. Солқ-солқ жылады. – Мен ешқайсысын да бермеймін...


– Нені бермейсің? – Мішімдерді...


Мақсұт мәселеге енді ғана түсінді. Өңін сәл суытып, даусын көтеріңкіреп, Бақыткүлге көзін қысты:


– Немене, сен Динараның мішімдерін елге таратпақпысың? Оның болмайды. Динара дереу көзінің жасын сүртіп, мамасына жеңімпаз кейіпте шекесінен


қарады.


– Міне, солай!


Бақыткүл теріс айналып, ыдыс-аяқтарды жуа бастады:


– Өздерің біліңдер, маған бәрібір, оларды күтіп-бағу ендеше сендердің мойындарыңда.


Мақсұт күлімсіреді.


– Несі бар, өзіміз бағып-қағамыз, солай емес пе, Динара? – Иә, солай, мен өзім қараймын!


 


8


 


Төрт бала мысық күн санап емес, көктемгі қаулаған тал бүршігіндей сағат санап өсті. Кеше ғана жұмық көздерін тырналап ашып, жарықта түртінектеп жүрген. Енді оның бәрі ұмыт. «Аспаннан түскендей» кішкентай үлпілдек құйрықтарын қуалап ойнақ салады. Нағыз «қыдырымпаздар». Сәт сайын Мурка


 


 


әрқайсысын әр жерден іздеп шала бүлінеді. Біреуі диванның астына кіріп кетеді. Екіншісі шифоньердің ішінде. Үшіншісі сыртта. Төртеуінің басы сирек қосылады. Ал біріге қалса, Мурка үшін мереке. Мішімдерінің үсті-бастарын жалап өліп-өшеді. Әлсін-әлсін сағынады. Шуақта керіліп, арқа-басы жазылып, тәтті мүлгиді. Бала мысықтар шүпірлеп бауырына тығылады. Сонда Мурка нақ бір төрт құбыласы түгел бақытты адамға ұқсайды. Дегенмен, оқта-текте көңілінің шырқы бұзылатыны бар. Көбіне қуанышына көлеңке түсіретін – Динара. Ойнау үшін бала мысықтарды Мурканың қасынан алып кетеді. Әрқайсысын бір қуыршақ қылып ойнайды, киіндіреді, құндақтайды, әлдилеп жүреді. Көздерін қызықтырып жіптің ұшына түйме өткізіп сүйретеді, жүріп бара жатқан «жанды түймені» көріп, мішімдер тұс-тұстан қуалайды. Таласады. Шекісіп қалады. Бір-біріне доқ көрсетеді. Сосын татуласады.


Динара әсіресе, Кірпішек (кірпінің баласы секілді жүні тіп-тік инедей) атты тарғыл бала мысықты жақсы көреді. Ол – басыбайлы меншігі. Бар тапқан-таянған тәтті-мәттісін соның аузына тосады. Әрине, білдіртпей жасырып береді. Әйтпесе өзгелері өкпелеп қалады емес пе. Бірақ Кірпішек оның бұл қулығын қайдан білсін, «міне, көрдіңдер ме, менде не бар» деп мақтанғандай, Динара берген жылтырақ қағазды бал кәмпитті аузына тістеп, бауырларына келеді. Сол-ақ екен, жанжал бас­талады. Кәмпиттің ту-талақайы шығады. Әй, Кірпі-Кірпішек... Өстіп Динараны ұятқа қалдырады, тып-тыныш тығылып отырып жесе ғой, ондай күн қайда, бала ғой...


Мурка қайсыбір кездері Кірпішекті бір көруге зар болады, аласұрып іздейді. Қамығады. Ал Кірпішек Динара қайда жүрсе сонда. Жанынан тастамайды. Көлеңкесі тәрізді.


Мурка мысықтың тілегі жаман деген адамдардың пікіріне қарсы. Әдетте олардың ойынша, мысықтар менің тұрған үйімнің ешқандай бұтақ-жапырағы – баласы болмаса екен, жалғыз басты кісілер болса екен, мені олар өздерінің баласы секілді көрсе екен деп тілейді-міс. Бұл дұрыс емес. Мысықтың бәрі бірдей ме? Бәлкім, қайбірі әлгіндей тілек тілейтін де шығар.


Ал Мурка ондайдан аулақ. Қайта көп балалы үйге не жетсін. Жалғыз балаға қиын. Мәселен, Динараның Кірпішекті жанынан бір елі тастамайтыны – әбден зерігіп, іші пысатындықтан. Егер өзімен тетелес апа-інісі не аға-сіңілісі болса, мысықтарда не жұмысы бар? Сонда Кірпішек те толайым Мурканың өз еркіне тиер еді. Амал не... Мурка кейде қызғанып бала мысықтарды желкелерінен тас қып тістеп алып, тал-талға секіріп өрмелеп, үйдің төбесіне – шатырдың астына әкетеді. Үйден сонда тамақ тасиды. Бірақ ұрлығы білініп қалады. Динара дереу іздейді. Жүгі­ріп далаға шығады. Шатырдың ернеуінен бастары қылқиып мияулап тұрған төртеуін көреді. Папасына қабырғаға саты қойғызып, жоғары қарай өрмелейді...


Күндер осылай өтіп жатты. Бірде Динара қатты ауырды. Бет-аузы күп болып ісіп кетті. Денесінің қызуы көтерілді. Бақыткүл үйге дәрігер шақырды. Дәрігер мұқият тексеріп, әлдебір ұнамсыз тамақтан ұшынған деді. Сосын үйдің ішінде бірін-бірі қуалап ойнап жүрген үлкенді-кішілі бес мысықты көріп, төбе шашы тік тұрды. Түсін суытыңқырап: «Қызыңыз бұлармен көп ойнама­сын, – деп ескертті. – Қазір жаз айы. Мысықтардың бармайтын, баспайтын жері жоқ. Көше кезеді. Күл-қоқысты тіміскілейді. Балаға ауру жұқтыруы мүмкін. Сол себепті мысықтарды үнемі қадағалап, таза ұстап, мезгіл-мезгіл арнаулы жануарлар дәрігеріне көрсетіп тұруы керек...»


Бұл сөз отқа май құйғандай болды. Бақыткүлге Динараны сырқатқа ұшыратқан осы мысықтар секілді болып көрінді. Бұрын да: «Үй мысықханаға


 


 


айналды», «Үйден мысық иісі сасиды, елден ұят», – деп қабағын шытып жүретін. Енді бұдан әрі шыдауға болмайды. Ертеңіне мысықтардың қарасын құртудың қамына кірісті. Таныс-біліс жалғызілікті, жалғыз балалы кісілерге, жақын маңайдағы көршілерге айтып, айналасы бес-алты күннің әлетінде үш мысықтан құтылып тынды. Үйде Мурка мен Кірпішек қана қалды. Өзгелеріне араша түсуге Динараның шамасы келмеді. Үй бір түрлі құлазып қалғандай болды. Тып-тыныш. Көңілсіз. Баяғы у-шу жоқ. Мурка мен Кірпішек ойынға селқос. Бірі балаларынан, екіншісі тай-құлындай тебісіп өскен бауырларынан көз жазып, жарым көңіл. Бар қызық-қуанышы солармен бірге көшіп кеткен секілді. Әсіресе Муркаға ауыр тиді. Әу баста дәл осылай іс аяғы құрдым болар деп ойлап па. Енді не істемек? Кім кінәлі? Неге бәрі бір жерде, бір үйде күн кеше алмайды. Мысық­тардың маңдайына тек тоз-тоз болып әр үйде, әр жерде қаңғып жүруді ғана жазып қойып па? Адамдар осыны неге ойламайды? Әдетте олар өздеріне мұндай жағдайды тілемейді ғой. Жылы үй, жылы-жұмсақ тамақ керек. Бірақ ана мысықтардың бауыр ет балаларымен бірге болғаны бәрінен де артығырақ. Сірә, ондай күн жоқ шығар... Мурканың өзі де былтыр біреудің қолында кетті ғой. Әманда осылай қайталанады да тұрады. Қайталанбаса екен... Мурка үш бала мысықты алып кеткен адамдардың соңынан зарлана мияулап, аялдамаға дейін еріп барды. Мішімдер де жанұшыра мияулады. Бірақ кенет арылдап автобус келді де, әлгі кісілер ізім-ғайым жоғалды. Мішімдер де ғайып болды...


Көнбеске амал жоқ.


Кірпішек ештеңеге түсінбеді. Түнде терезенің түбінде бүк түсіп жатқан Мурканы сұрақтың астына алды.


– Апатай, менің бауырларым қайда кетті? Алатұмсықты сағындым. Олар қашан келеді?


Мурка енді үшеуінің ешқашанда қайтып келмейтінін анық білді. Бірақ Кірпішектің көңілін құлазытпайын деп алдаусыратты.


– Олар алыстағы бір үлкен қалаға саяхатқа кетті, – деді күр­сініп. – Жолдары ұзақ, жолдары оңғарылсын. Бәле-жәледен ау­лақ болсын. Кейін көп базарлықпен оралады. Саған тәтті шұжық, ойнауға тышқан әкеледі, маған әдемі бір көйлек тарту етеді.


– Маған ештеңенің қажеті жоқ. Өздері керек! Мурка Кірпішектің басынан жалады.


– Ой, ақылдым. Келеді, қорықпа, әлі-ақ жетіп келеді... Сосын мұңға беріліп былай деді:


– Сен енді бұрынғыдай тентек болма, анау тұлымшақты қызды – Динараны көп ренжіте берме. Ендігі бар сүйенеріміз сол ғана. Оның көңілін қалдырсақ... Әрине, беті аулақ. Дос бола біл.


– Біз онсыз да доспыз.


– Сонда да дегенім ғой... Динара алтын қыз. Біздің бағымызға күндей күліп, құлдыраңдап аман жүре берсін. Біз соған ғана қажетпіз. Енді екеуіміз бір-бірімізден көз жазып қалмайық. Болашақ күндердің қандай тұз-дәмі барын, кім білсін...


 


9


 


Мурка күзде баяғыдай тағы да жым-жылас жоғалып кететін әдет шығарды. Динара айқайлап, Кірпішек мияулап сырттан іздеп жүргені.


 


 


Бақыткүл бірде түсте есіктің аузындағы биік баспалдақтың үстінен құйрығы білектей көктемдегі ала мысықты көріп қалды. Көрді де, үйге келіп, Мақсұтқа:


– Тағы да шұбыртып туып жүрер... Апарып тастау керек... – деді. Иә, сонымен кезек Муркаға да жетті.


«Кешкі ертегіні» көрген соң, Динара күндегі дағдысымен ұйқ­тап қалды. Ол ештеңені білген жоқ. Әйтпесе қиғылық салатыны сөз­сіз еді. Себебі Мурның жөні бөлек қой. Екеуі кішкентайдан дос.


Мақсұт Мурканы аузы сырмалы үлкен қара сөмкеге салып алып, көшеге шықты. Үйдің қарсы бетіндегі аялдамаға келіп, бір автобусқа отырды. Автобус төмен қарай құстай ұшты. Бесінші аялдамадан түсіп, сол жаққа бұрылды да, қараңғы бір көшеге қарай беттеді. Сәл жүріп, бұзылған әлдебір үйдің алдына келіп тоқтап, сөмкенің аузын ашып, ішінен Мурканы сыртқа шығарды да, сәл кідірсе, әлдекім ұстап қалардай, келген ізімен кері қарай жүгіре жөнелді...


 


10


 


Мурка аң-таң. Өңі ме, түсі ме? Бірдеңе түсінсе, кәне. Дина­раның папасы сөмке-түрмеге қамап, әлденеден қорыққандай қараңғы бір көшеге әкеп, тастай сала, алды-артына қарамай тұра қашқаны несі? Жасырынбақ ойнағаны ма? Ойын мұндай бола ма? Әп-әйдік адам. Қызық. Былтырғы оқиға жыл айналмай және қайталанғаны ма? Бірақ онда Петя деген сотқар баланың портфелінен өзі қашып құтылып еді. Қазір керісінше.


Жо-жоқ, бұл ойын емес. Басқа. Жақсылықтың иісі шық­пайды. Осыны ойлағанда, Мурканың іші-бауыры қалтырап кетті. Қалай дәті барды? Мысық болса да сол үйдің бір мүшесі емес пе еді? Қалайша оп-оңай лақтырып тастай салады? Әбден басы қатты. Не жазды? Нені бүлдірді? Қожайындардың көңіліне дақ түсі­ретіндей пәлендей ештеңе істемеген секілді. Рас, әдепкіде жаңа баспанасының бұрыннан қалыптасқан кәдуілгі тіршілігіне үйренісе алмады. Бала еді ғой онда, бәрін іштен біліп туады ма? Үстелдің үстінен құйрығымен қағып бір-екі кесені сындырды. Бірақ Динараның мамасы «оқасы жоқ, бақытты болады екенбіз» деп, әлгі сынған кеселерді далаға лақтырған жоқ па? Ренжімеді. Әуелгіде әр нәрсені таңсық, әуес көріп иіскелеп жүріп, абайламай сүтке, майға тұмсығын тигізді. Ол үшін кезінде жазасын алды. Зеку естіді. «Піш!» Содан бері өздері бермесе, сұғынып сүтке, тамаққа жоламайтын болды. Кейде түн ортасында шырт ұйқысынан шошып оянып, қараңғы бөлмеден иманы ұшып, мезгілсіз уақытта жанұшы­ра мияулағаны бар. Осыған бола қуғын көре ме? Кейін қалыпқа, тәртіпке түсті. Динараның да, оның папасы мен мамасының да қас-қабағын бақты.


Өзінің жаман ойынша, бар пәле биылғы көктемнен бері қарай басталған тәрізді. «Бөпелі» болды да, үй иелерінің қату қабағына шалынды. «Бөпелі» болғаны үшін неге кінәлі? Қайта қуаныш емес пе? Қашанғы жалғыз жүреді? Тал-ағашқа бұтақ-жапырақ қандай керек болса, мысықтарға да ұрпақ-тұяқ сондай қажет. Бұл – табиғаттың заңы. Айт-айтпа, бірақ сол үлпілдек мияуқандарының қуаныш-қызығын толық көре алмады ғой. Еркің болмаған соң, қиын екен. Үш мішімі қол-қолда кетті. Өзінің халі мынау...


Бірақ бұл Муркаға ағат, жаңсақ істелген іс секілді болып көрінді. Бір нәрсенің басы ашық: бұл жәйтті Динара білмей қалды. Әйтпесе жылап-еңіресе де, өзінің сүйікті Муркасынан айырылар ма еді. Сол себепті қайтсе де үйді іздеп табуы тиіс. Динара мен Кірпішекке қауышуы керек. Осы үшін де қиындық көруге, азап шегуге бейіл.


 


 


Күз түні суық, ызғарлы. Мурканың денесі жаурады. Қайдан келіп, қайда тұрғанын білмеді. Айнала қаптаған жертам. Әредік-әредік зәулім тас үйлер бой көтереді. Көз жетер маңайдың бәрі самаладай жарқыраған шамдар. Үлкен, шулы қала. Әйтсе де Мурка үшін бәрібір айдала тәрізді. Жападан-жалғыз. Таныс-біліс ешкім жоқ. Мурка ішін тартып ащы мияулады.


– Мияу! Мияу! Мияу!


Жанынан асығыс емпелеңдеп өтіп бара жатқан бір әйел кілт тоқтап, таңдана күбірледі: «Даусының жаманыншы. Қасқырша ұлиды ғой...»


Иә, даусы қайдан сызылып әдемі шықсын. Ән салатын жағдай ма? Мұндайда тек қасқырша ұлу керек!


Мурка сәлден соң, әлгінде бұл «жапан далаға» арылдаған автобуспен келгенін жадына түсірді де, машиналар фарларын жарқыратып ерсілі-қарсылы ағылған үлкен тас көшеге көзін қадап, бүлкілдей жөнелді. Бәлкім, бұл тас көше үйіне, Динара мен Кірпішекке апаратын үміт жібін ұстатар.


Алайда тас көшеден маңдайы тасқа соғылды. Мүлде бейтаныс. Мұздай жансыз тас өзен. Қайда, қалай қарай жүру керек? Автобуспен әлгінде қай жақтан келді? Есіне түсіре алмады. Түрме-сөмкені ғана біледі. Өзгесі жадында жоқ. Тұрып-тұрып төмен қарай сырғыды. Тротуарға түсіп алып оңға, солға алақ-жұлақ қарап, алға тартты. Бір кезде жолда темекі шегіп тұрған жігіттер Мурканы кекетіп:


– Әй, мынау спортсмен құсап қайда зымырап барады? – деп, біреуі аяғымен теуіп кеп жіберді.


Мурка ащы мияулап, тротуардан сытылып шықты. Енді бұдан әрі тротуарға жоламады. Бір түрлі қорқып қалды. Үй-үйдің, бақша-бақшалықтың ара-арасымен жүрді. Бірақ бағдар-құбылнамасы – сол жақтағы үлкен тас көше.


Деп-демде көшенің басына шығам ғой деген-ді. Үміті үзілді. Екі сағаттың әлетінде жалғыз көше – үш көшеге бөлінді. Ертегі­дегідей. Қайсысына түскені жөн? Қиын сұрақ. Тәуекел. Солға бұрылды... Ол көше жолда тағы да үшке айырылды. Мурка әбден адасты...


Жиырма күн қаланың төменгі жақтағы көшелерін шиырлады. Арып-ашты. Тоғы қашты, ырсиып сүйегі ғана қалды. Былтырғыша күл-қоқыстан нәпақа іздеді. Әлдебір бұралқы иттерге таланды. Көкпарға түсіп, арқа жүні дода-дода болды. Мурка бәрібір жасымады. Көз алдында – Динара мен Кірпішек. Бірақ бойынан күш-қуат қашқасын ба, жанарындағы олардың сүйкімді дидарлары бұлдырап, майдай еріп сұйылып бір түрлі алыстап бара жатқан сияқты. Иістері де еміс-еміс...


Қаланың төменгі жағынан үйдің қарасын таппады. Бәрі бөтен. Енді жоғары қарай өрлеуге бел буды. Кері жүрді.


Қырсыққанда күн де суытты.


Әлдебір асхананың қасындағы қоқысты жайлап жүрген басы қазандай, құлағы едірейген семіз қарт мысық тілге келіп, Муркаға ақыл берді:


– Бұл әурені қой. Немене, емешең үзіліп бара ма? Қылышын сүйретіп қыс келіп тұр. Одан да өз қамыңды ойла. Үйім деп өзеурейсің, қайдағы үй ол саған? Жаны ашыса, сені өстіп қаңғыртып жібере ме? Намыс бар ма өзіңде? Іздеме ондай тас жүрек жандарды!


Мурка күмілжіді. Алдыңғы екі аяғымен жер шұқыды.


– Динара мен Кірпішекті қайтем? Олар мені іздейді ғой. Сұр мысық күлді.


– Мияу! Ха-ха-ха! Мияу! Ха-ха-ха! Сөз болғаныңа. Сен ешкімге де керек емессің. Елжіреме. Мысықтар адамдарға уақытша ермек қана. Ертең Кірпішегің


 


 


де қаңғып қалады. Ал әлгі кішкентай қыз есейгесін, өзіне басқа қуаныш тауып алады. Бәрі өткінші. Мен осы ғұмырымда жүз үйдің босағасында болған шығармын. Бәрінен де түңілдім. Бір кесе сүт, бір жапырақ етке бола жалтақтап жүргеннен гөрі, осы күнім әлдеқайда жақсы. Емін-еркінмін. Бас еркім өзімде. Аш бол, тоқ бол, азаттыққа ештеңе жетпейді Мысықтарды мысық қылған адамдар. Өйтпесе олар мысық емес, иен далада, қалың орманда жолбарыс болып жортып жүрер еді...


Мурка бетінен қайтпады.


– Мен бәрібір Динара мен Кірпішекті тауып алуым керек. Қарт мысық таңданып, басын шайқады.


– Ендеше жолың болсын...


 


11


 


Дүйсенбі күні кешке Мақсұт үйге балаша қуанып кірді. – Сүйінші! – деді аптығып.


Бақыткүл елең ете қалды. Күйеуінің мінезі салмақты еді. Анау-мынауға елпілдей қоймайтын. Мұнысы несі? Сірә, ерекше бір оқиға.


Мақсұт плащының қалтасынан беті қызыл бояумен қиялай бір сызылған қағазды үстелдің үстіне алақанымен шарт еткізіп қойды.


– Ордер! Жаңа пәтер!


Бақыткүлдің қолына ұстап тұрған көк кесесі жерге түсіп кетті. – Шын ба?


– Шын. Міне, қара.


Бақыткүл көзі бұлдырап оқып шықты: «Қазақфильм» микроауданы, 32-үй, 29-пәтер...» Рас екен.


– Нешінші қабат?


– Төртінші. Таудың етегінде!


Бұл олардың талай жылдан бері күткен қуаныштары еді.


– От жағудан құтылатын болдық-ау. Ел қатарлы ыссы су, жылы суымыз болады, – деді Бақыткүл күлімсіреп.


– Енді ғана шын мәнінде қалалық атанамыз. Көп қабатты, балконды үйде тұрмай, қалалықпын деу қиын...


Мақсұт оны қостады.


Әсіресе Динараның шаттығында шек жоқ. – Алақай! Балконда ойнаймын!


– Айтпақшы, ұмытып кетіппін ғой, көшіп барған соң, бір айдан кейін телефон құрады.


– Алақай! Достарыма телефон соғамын!


Қуаныштары қойындарына сыймай, үшеуі түнімен кірпік ілмеді. Көшудің қамына кірісті. Ыдыс-аяқтарды, көрпе-төсектерді буып-түйе бастады.


– Ештеңе ұмыт қалмасын, – деп пысықтады Мақсұт. – Папа, қашан көшеміз?


– Ертең кешке. Машинаға заказ бердім. Динара бір түрлі ренжіп қалды.


– Неге тез? Асықпайықшы...


– Неге? Қызым-ау, қыс болды ғой, жылы үйге ертерек кіріп алғанымыз жөн емес пе? Әйтпесе мұнда ағаш, көмір түсіруіміз керек, от жағамыз...


– Күтейікші. Бәлкім, Мурка келіп қалар. Түнде түс көрдім, Мурка адасып, үйді таба алмай жүр екен...


 


 


Мақсұттың тілі байланды. Себебі Динара Мурканы папасы апарып тастағанын білмейтін-ді. Күнде іздеп, екі көзі төрт. Бірақ үміт үзбеген. Әне-міне келіп қалатын секілді.


Бақыткүл:


– Түу, сен де, Муркасы несі, енді соны күтіп отырмақпыз ба? қайдағы бір мысыққа бола. Ертең көшеміз. Кірпішек бар емес пе?


Динара мұңайды.


– Жаңа үйді көріп, ол да қуанатын еді ғой... Сөз осымен бітті.


Ертеңіне олар көшіп кетті.


 


12


 


Ертеңіне кешке Мурка да келді. Бұл бір жарым айға созылған жол азабынан соң оралуы еді. Әбден арып-ашқан. Көзі шүңі­рейген. Жүні үрпі-түрпі. Сүйегі арса-арса. Құдды көрден шыққан­дай. Бірақ керемет қуанды. Туған үйін тапты. Динарасына, Кір­пішегіне жетті. Шаттана мияулады. Дегенмен шаттығы ұзаққа бармады. Тастай қараңғы өлі терезелерді көріп, зәресі ұшты. Есік тарс жабулы. Жан баласы жоқ. Бұл не болғаны?


Мурка түнімен үйді айналып мияулай берді. Терезені, есікті тырналады. Тырнағының түбінен сыздықтап қан ақты. Таң ал­дында тұла бойынан әл-дәрмен кетті. Таң алдында жапалақтап қар жауды. Аяз күшіне мінді. Мурка бұдан әрі шыдамады. Сыртқы есік­ті соңғы рет қатты тырналап, соңғы рет ышқына бір мияулады...


Шатырдың төбесінен сырғып түскен үрлесін қар Мурканың үстін жапты. Ол аппақ шүберекпен құндақталғандай болды. Ол аппақ мысыққа ұқсады...





Пікір жазу