28.12.2022
  284


Автор: Сейітқұл Оспанов

ӘДЕМІ АУРУ

Ер баланың алдында апасы болғанға не жетсін. Одан артық бақыт бар ма? Мамасының айтуынша, ертеректе Еділдің Күләш деген апасы болыпты. Бірақ оған тағдыр жарық дүниенің қызығын көруді: ел қатарлы әлденеге қуанып, әлденеге мұңдануды жазбапты. Тәй-тәй басып, құйттай ақ ұлпа табаны туған жердің топырағына тиіп те үлгермепті. Тілі шығып былдырлап та жарытпапты. Қыр үстінде аз күн тұрған қызғалдақтың бір тұтам ғұмырын ғана кешіпті. Қаршадай кезінде қызылша алып кетіпті. Өкінішті-ақ. Ол қазір тірі болып айна алдында айша толып, өз-өзіне таңданып, көбелекше би билеп, тұлым шашы желпілдеп жүргенде, Еділ дәл бүгінгідей қатты жәбірленер ме еді?


Бағана көңілі әрқайым, ішінен ыңылдай әндетіп, ойында дәнеңе жоқ, ауылдың ана басындағы Ажарбұлақтан тірсегі майысып су алып келе жатқан-ды. Неге екені белгісіз, Еділ иінағашты мойнына іліп, бұлаққа бара жатқанда және одан бері қайтқанда өз-өзінен жаман қысылады. Көбіне ел аяғы басыла, қараңғылық түсе су әкеледі. Күн жарықта бір түрлі ұялады. Бүгін де солай ұялып, ауылдың қақ ортасындағы төте, дариядай кең көшеге түспей, тұтасқан қалың бақшалықтың ішіндегі ойлы-қырлы жалғызаяқ соқпақпен тартты. Ел көзінен таса. Қыр­сыққанда, мұны әдейі аңдып, торуылдап түрғандай Ыстидың ескі қамыс сарайының оң жақ мүйісінен қараң етіп Боранбай шыға келгені емес пе. Еділ қалт тоқтады. Ыңылдаған әні кілт тынды. Түнерген қара бұлттың міндетті түрде нөсерлетіп жауатыны секілді, Боранбай бар жерде сөзсіз төбелес шығады. Сәлемі жұдырықтан басталады. Оның бұл тентек мінезі аядай ауылға бес саусақтай белгілі. Біреуге ұрынып-соқтықпаса, ішкен асы бойына тарамайды. Ешкімнен беті қайтпайды. Еркіне салса азаннан кешке дейін төбелесуге бар. Төбелес – құмар қызық ойыны. Одан өзі рақаттанып қалады. Еділ тәрізді нәзік балаларды шыбын құрлы көрмейді. Жылатам десе де, жұбатам десе де – ырқында. Иә, айт-айтпа, жақсылық болмады. Боранбайдың түсі сұп-сұр. Бала емес сияқты. Әйтпесе балада осыншалықты сұс бола ма? Көзі ашудан суық жалт-жұлт етеді. Жанарының ішінде жарқ-жұрқ ойнап шақпақ тас жүргендей. Бүйірін таянып, тәштиіп тастан құйылған кішкентай тірі ескерткіш құсап қарсы алдына келіп тұрды.


Ал басталды... Еділ қорқып тұрса да таңданбасқа амалы қалмады. Ау, адамға адам аты жоқ, жөні жоқ ұрына ма? Бір себебі болуы керек қой. Боранбайға не істеп қойып еді. Не жазығы бар? Ойлап-ойлап басы қатты. Зәредей кінә таппады. Боранбайды ренжіту үшін де одан өткен сотқар болу қажет. Ал Еділ біреуге шәй деп дауыс көтеретіндердің санатынан емес. Әй, бірақ Боранбайға бәрібір ғой, әйтеуір төбелессе, әйтеуір әлдекімді жылатса болды оған. Сүйікті ісі.


– Тоқта, кәне!


Еділ онсыз да қаққан қазықтай қақиып тұр. Боранбай аузынан сөз емес, тас лақтырып жібергендей, Еділдің тізесі дірілдеді. Алақаны бір ысып, бір суыды. Тағы қандай бұйрық болады? Көп күттірмеді, Боранбай:


– Суыңды төк! – деді ақырып.


– Неге?! Үйде қонақтар бар, мамам тез әкел деген...


Еділдің үні оқтын-оқтын үзіліп кететін шірік жіптей әлсіз, жалынышты шықты.


 


 


– Кісі болса кәйтемін! Төк дегесін, төк! Айтқанды істе!


Еділдің ызақорлығы ұстады. Сотқар, сотқар дегенге, жүдә. Мейлі не қылса о қылсын, көп болса мықтап бір таяқ жер, суды бәрібір өз қолымен төкпейді. Намыс керек. Тапқан екен тілалғыш қоянжүректі. Осылай тас түйін ойға келгенімен, іштей өзінің айтқанында діттеп тұра алмайтынын сезді. Әйтсе де қарсыласқан жөн. Әрі таяқ жеп, әрі суды өз қолымен төгіп, екі рет масқара болар жайы жоқ.


Қабырғаны қақ жарғандай Боранбай екпіндеп Еділдің дәл қасына келді. – Мынаны көріп тұрсың ба?!


Жұдырығын Еділдің мұрнына иіскетіп өтті. Жұдырығынан содырлықтың иісі шығады. Еділ қалшиып тұра берді.


– Кімге айттым?!


Бұдан әрі шыдамады, Еділдің иығындағы иінағашты жұлқып кеп қалды. Иінағаш тартпасы үзілген ердей сыпырылып жерге түсті. Қос шелектегі су лақ-лақ ақтарылды. Айнала көл-көсір болды. Сонша жерден әкелген есіл еңбегі зая.


– Неге төктің дейім?! – Сол!


– Неге?


– Себебін білмейді екенсің ғой, ә?!


– Не қылдым саған? Не жазығым бар? Боранбай ерінін шүйіріп, кекете күлді.


– Қарай гөр дым білмеуін. Ақыретті сенен-ақ көріп болдым. Әрине, мені ұрып-соққан жоқсың. Бірақ көрсеткен азабың одан да ауыр. Әбден құлағым сарсыды. Қит етсе апамның айтатыны: «Әне, өзіңдей Еділді қарашы, алтын бала». Фу! Біз сонда темір бала болғанымыз ба? Сөздің тоқ етері былай: бір жолға кешірейін, ендігәрі оңдыртпаймын. Таяқ жегің келмесе, бүгіннен бастап су тасып, үй жинап, шай қайнатуды доғар. Айтқанды істемесең – жақсылық күтпе. Жаңа апам сені жер-көкке сыйғызбай мақтап, шәйімді шала ішкізді. Тіпті соңғы кезде жөнді ойнаудан қалдым. Бәрі сенің кесірің. «Еділге қарашы, су әкеле атыр», «Өзіңдей Еділ үй жинайды, сенікі тек зіркілдеп ойнау». Сөзінің піссімілләсі осы кілки. Ауруға ұшырадым. Екіншілей ондай сөздерді естімеспін деп ойлаймын. Түсіндің бе, әй?!


Мәселе түсінікті болды. Еділ басын шайқады. «Боранбай, Боранбай... Қызықсың-ау. Менде не кінә бар? Өзіңді бір мезгіл менің орныма қойып көрші. Мысалы, сен үйдегі балалардың ең үлкені, естиярысың. Жалғыз мамаң не істейді. Он қолы, он аяғы бар ма? Дүкенші. Күніне бес-алты сағат дүкен ашуы керек. Одан қала берді үйдің мың сан ұсақ-түйек шаруасы тұр күтіп. Келім-кетім кісі көп. Осындайда қолқанат болуың қажет қой. Анау іні-қарындастарым әлі жас. Олар су тасып, үй жинамақ түгілі, жы­ламай тамақтарын ішсе, соның өзі үлкен көмек. Қызықсың, мен бір құдды өзім тіленіп су әкеліп жүр деймісің. Жағдай. Ал сенің алаңсыз ойнауыңа болады. Алдыңда екі апаң бар. Олардан саған ар­тылып қалар іс жоқ. Ал мамаң мені айтып мазаңды алса, жөн-жосықсыз азаннан кешке дейін асыр салып ойнай берме дегені шығар. Мені дұрыс түсін. Мен үйдің шаруасын істеуге қалайда мін­деттімін. Сен айтты екен деп қолымды қусырып отыра ал­маймын. Мен әлі Жақан ағам үйленгенше су әкелемін, отын жа­рамын, айран пісемін, от жағамын, шай қайнатамын. Мен мұның бәрін тез қойсын десең, әуелі Жақан ағам келіншек алсын».


Боранбай әлдеқашан кетіп қалған-ды. Бірақ Еділ әлгіндегі сөздерінің бәрін оған айқайлап тұрып айттым деп ойлады. Өзін-өзі осылай ақтады. Дәлелдеді.


 


 


Әйтсе де жаны кәдімгідей-ақ жәбірленді. Әркім өстіп жұдырық иіскете берсе, не болады?


Бір қолына иінағашты, екінші қолына қаңғырлатып бос қос шелекті ұстап, ойға шомып, басы салбырап Еділ әлгіндегі келген ізімен кері жүрді. Қайтадан су алуы керек. Бұлаққа келді. Мұздай сумен бетін жуды. Цемент астаудың ернеуіне отырып, бақшалық жаққа қарады...


Күләш апасын осы кезде есіне алып еді. Бірақ, өкінішке орай, ол қазір жер бетінде жоқ. Сондықтан оған өкпелеу орынсыз.


Өзінің осындай жағдайға душар болғанына Жақан ағасын кінәлі деп ойлады. Алғаш рет оған қатты ренжіді. Жақан – тәтесінің інісі (Еділ әкесін тәте дейтін). Жасы қазір отыздарда. Ауылда тракторшы. Нағыз алтын жігіт. Мінезі тамаша. Біреуге ашуланып дауыс көтермейді. Кісінің бетіне жел боп тимейді. Қашан көрсең де бала құсап күліп жүргені. Жайдары. Әзілқой. Жұмыс десе, арам еті жоқ. Бар жанын салады. Ауылды айында, жылында бір көреді. Қойшылардың үйін көшіреді. Шөп шабады. Қырқымда болады. Алда-жалда ауылға келе қалса, үйде тыныш отырмайды. Жұрт бірінен соң бірі қолқа салады: «Жақан, сексеуіл әкеп берші», «Жақанжан, шөбімді түсіріп берші». Ол ешбірінің меселін қайтармайды. Әрі ісмер. Есік-терезе жасайды. Пеш соғады. Осынысына қарап, ел оны керемет жақсы көреді. Еділ осындай алтын жігіттің әлі күнге дейін неге үйленбей жүргеніне аң-таң. Жеңгесі болса, Еділ Боранбайдан әлгіндей сөзді естір ме еді? Шынында да неге үйленбейді? Үйлену қиын ба? Жұмыс емес. Еділ ауылдағы талай жігіттердің оп-оңай-ақ үйленгенін біледі. Мысалы, Ерғали. Ауыл айдалада, кұм ішінде болғасын ба, автоклуб сағындырып жылына бір-екі рет келеді. Автоклуб келген күні нағыз мереке болады. Балалар бір-бірінен сүйінші сұрайды. Дүкеннің, мектептің алдына жапсырылған хабарландыруды місе тұтпай, үйді-үйге кіріп, өз ауыздарымен және бір айтып шығады. Құдды бір тойға шақырғандай. Кешке бүкіл ауыл тайлы-таяғы қалмай, мектепке жиналады. Мектептің қара қожалақ қабырғасына ақ мата тұтылады. Кино басталады. Далада көрген кино керемет қызық. Қарма-жарма әңгіме. Кішкентай балалар жылайды, біреулері нан сұрайды, екіншілері ұйқым келді деп қиғылық салады. Аспаннан жамырап жұлдыздар төнеді. Самал жел еседі. Ит үреді. Есек ақырады. Сиыр мөңірейді. Ерекше, бөлекше кино. Міне, осындай бір кинода Ерғали фельдшер қызбен күбір-күбір сөйлесіп отырған... Бас-аяғы сол. Ертеңіне тойлары болды... Жақан ағасы да осылай үйлене салмай ма? Әлде ол жақсы көретін қыз жоқ па? Неге болмасын, Мек­тепбайдың Бақыткүлі ше? Шәкірдің Салтанаты кімнен кем? Тиыш­тықтың Сәлимасын қайда қоясың? Бәрі де шетінен әдемі. Жарқылдаған қыздар. Мінездері жібектей. Жақан ағасы өстіп үй көрмей далада жүргенінде оларды жылдағыдай шөп тасуға келген автобаздың шоферлері алып қашады ғой...


Еділ өз-өзінен күйіп-пісті. Иә, шөл қысқан жолаушының бар аңсары бір жұтым су болса, Еділдің бар арманы – жеңгелі болу. Бұл арманы қашан орындалады, әлі белгісіз. Өткен күзде екен ғой, Еділ тәтесіне, әй, бір ырза болды-ау. Тәтесі Жақанның жанына батырып қатты ұялтты. Үшеуі шуақта отырған. Әңгімеден әңгіме шықты да, тәтесі Жақанға:


– Өстіп жүре бересің бе? Қызыл трактор саған әйел бола ма, қашан келін түсіресің? – деді.


Жақан қолына ілінген сексеуілдің әлдебір шөпшегімен жерді шұқылай берді. – Қыз қайда қашады... – деді міңгірлеп.


Тәтесі қолын бір сілтеді.


– Сөзің бар болсын. Жүр ендеше осылай!..


 


 


Еділді сонар ойдан інісі Жиенейдің шіңгірлеген жіңішке даусы селк еткізді. – Еділ, Еділ, апам қайда құрып кетті деп атыр сені!


Еділ қос шелегін меймілдетіп, иінағашты иығына салды. Жазған құлда шаршау жоқ, тірсегі майысып, бақшалықтың ішімен үйге қарай тартты. Бұл жолы алдынан Боранбай кезікпеді. Кезіксе де манағыдай қорықпас еді, себебі Еділ іштей өз-өзінен ызаланып, мұңданып, әлденеге ширыққан-ды. Ә десе, мә деп шартта-шұрт төбелесе кетуден тайынбайтындай. Қашанғы жазықсыздан-жазықсыз таяқ жей береді...


 


 


 


Еділ азанда қамыс қораның алдында арқандаулы тұрған Байбатшаның сұр есегін көрді. Көрді де таңданды. Жүгіріп үйге кірді.


– Мама, сұр есекті кім арқандап қойған?


– Мен, – деді мамасы. – Қайнағадан сұрап алдым бес-алты күн­ге. Ауылда босқа жүргенше, қасыңа Жиенейді ертіп, хал-қа­дар­ларың келгенше, күніне бір арқа болса да сексеуіл сынды­рыңдар, Жақан шөптен қолы бір қалт еткенде үйге жеткізіп береді.


Еділ қуанып кетті. Отын сындыру, шөп шабу дегендерің жі­гіттің ісі ғой. Ол балалар мазақ қылатындай, Боранбайдың жыны ұстайтындай шай қайнату, ыдыс-аяқ жуу емес. Ұялмауға болады.


Еділ шайды асығыс-үсігіс ішті. Сосын құлағының түбінде шыбын ызыңдап ұшып жүрсе де, мыңқ етпей тәтті пысылдап жатқан інісін ұйқыдан оятты.


– Жиеней, тұр, кәне. Отын сындыруға барамыз. Мамам Байбатшаның сұр есегін әкеліп қойыпты.


– Жиенейжан, тұра ғой, азаңғы салқынмен жетіп қалыңдар, – деді мамасы да. Жиеней әрі-бері аунады да, көпшіктен басын көтерді.


Ұйқысын аша алмай, көзін уқалап:


– Сұр есекпен барамыз ба? – деп сұрады. – Иә.


– О, алақай!


Үстіне әлдекім мұздай су құйып жібергендей, төсегінен атып тұрды. Әркімнің өз қуанышы бар деген осы. Ауылдың кішкентай балалары үшін Байбатшаның сұр есегінің үстіне бір міну – шы­нын­да да қол жетпес арман. Себебі сұр есек – басқа есектерден мүлде бөлек. Таудай, құдды ат секілді. Анау-мынау жаман-жұман аттарды шапқанда жолда қалдырады. Жоқ қарағанда, мал айда­ғанда кісінің көңілі жай. Үстінде тек тәтті қалғып ойға шом да отыр. Сұр есек жолды өзі біледі. Алдындағы малды шашау шығар­май үйіріп айдайды. Қашқақтағандарын тірсектерінен бір-екі рет тістеп алады.


Байбатша сұр есегін кез келген адамға бермейді. Міне, сол кәделі сұр есекпен бұлар отынға бармақшы.


Ибагүл ақ кенеп қалтаға күрең қызыл жарты тапа нан, бір уыс шекер салды. Ердің басына бір мұтыра ашытпа ілді. Еділ мен Жиеней сұр есекке мінгесті.


– Әйт шу, сұр тұлпар!


Тұлпар деген сөзге елең ете қалды ма, сұр есек бірден шоқыта жөнелді. Мамасы соңдарынан айқайлады:


– Абайлаңдар, бастарыңа күн өтпесін, қараңғы түспей қайтыңдар! Қарттардың айтуынша, бұрын ауылдың маңайының бәрі тұнған сары жігер


сексеуіл болған екен. Ол кезде жұрт отын жинап әбігерленбепті. Күнделікті керекті отынын қорасында тұрғандай арқалап алып келе беріпті. Қазір ол дәурен


 


 


жоқ. Сексеуіл күннен-күнге азайып ауылдан, адамдардан құмға қашып барады. Жұрт ізінен қуып барады...


Еділдердің де сексеуіл сындыратын жері кәдімгідей ит арқасы алыс. Он шақырым жер. Онда да қураған кәрі сексеуіл. Жақын маңайда қызуы күшті сары жігер жоқ. Ол оңайлықпен бала-шағаға таптырмайды. Арнайы сайланып трактормен не машинамен шығу керек.


Жол ұзақ. Жиеней Еділге ертегі айт деді. Еділ не айтады. Күлді де, Жиенейге қарады.


– Әуелі сен баста.


Жиеней бөгелмеді. Әйтеуір әңгіме болсын деп бірдеңені қойып қалды. – Жақында Нәзипаның қауыны піседі.


– Оны қайдан білдің?


– Сыртынан көрдім, пәлектердің арасы сарғайған жәм­білшелер. Күләбілері де көп.


– Үлкен бе?


– Үп-үлкен. Самаурындай-самаурындай. – Солай де.


– Солай. Піскен кезінде үйлеріне қалай алып барады? – Онда не тұр, қапқа салып сүйретеді ғой.


Әне-міне дегенше сұр есек Ақбелдің жазығына – қалың шырпылыққа жетті. Бұл – жарты жол.


Неге екені белгісіз, Жиеней тетелес бірге өскесін бе, Еділді аға демейді, мейлі. Еділ өкпелемейді. Кейін дәу жігіт болғанда, аға демек түгілі, көке дер-ау. Қазір не, денесі қораш. Жиенейден сәл-пәл ғана қалбетті.


– Еділ.


Жиеней Еділді бүйірінен түртті. – Ау.


– «Кімнің үйі» ойнайық. – Жарайды.


Бұл – екеуінің өздерінше ойлап тапқан ойыны. Жұмбақ секілді. Шарты былай: біреуі бір үйдің бүкіл мал-жанын тізіп шығады, екіншісі оның шешімін табады, кімнің үйі екенін дәл айтып беруі керек.


Жиеней ойынды бастады.


– Үйінде бір шал, бір кемпір бар. Біреуі таяққа сүйеніп жүреді. Бір баласы бар. Он ешкісі, алты қойы бар. Бір қойының оң құлағы қиық. Бұл кімнің үйі?


Жиеней аңқау. Қулық дегенді білмейді. Мұның несі жұмбақ? Бәрін қолға ұстатқандай ғып айтып берді. Еділ әп дегеннен-ақ тапты. Қайыпбайдың үйі ғой. Бірақ мақтанған секілді тақ еткізіп бірден айтпады. Себебі шешімін жылдам айтса, Жиеней ренжиді. «Қиын» жұмбағына бір минут бас қатырмаса, не болғаны сонда? Сондықтан Еділ өп-өтірік білмеген адам құсады.


– Шертайдікі. – Жоқ.


– Шәкірдікі.


– Жоқ. Ол үйде үш бала бар емес пе? – Сонда кімнің үйі екен, ә?


Еділ қиналғансыды. Жиеней аяп, әрі өзінше мәз-мейрам болып көмектесе бастады.


– Үйі дүкен жақта.


– Ә, таптым. Қазидікі.


– Дұрыс емес. Дүкен жақтан есептегенде үшінші үй.


 


 


Еділдің бұдан әрі қиналуына қақысы жоқ. Ұят. – Қайыпбайдікі.


– Дәл өзі. Ал сен айт енді.


– Мен бе? Қазір. Үйінде екі шал, бір әйел, екі үлкен жігіт, төрт бала, екі қыз. Бір баласы қалада. Екі аты, бір нары бар. Шал­дың біреуі соғысқа қатысқан. Бір жігіт мұғалім. Бұл кімнің үйі?


– Жолдасбайдыкі! – Маладес!


Жиеней: «Мен ауылдағы барлық үйді жатқа білемін!» – деп мақтанды. Әңгімемен екеуі сексеуілге де келді. Еділ сұр есектің аяғына тұсамыс салды


да, көрпеше, қалта мен мұтыраны шоқ сексеуілдің түбіне апарып қойды. Екеуінің сексеуіл сындырамыз дегені жай аты ғана. Жан қиналатын ештеңе


жоқ. Борпылдақ жұмсақ құмның үстінде сексеуілдің өзі түбі аспанға қарап аударылып-аударылып жатыр. Тек сүйре де бір жерге апарып үйе бер. Еділ мен Жиеней соның өзінде де таңдап жинады. Көбіне қураған қу томарларын ғана алды. Бұларында сыр бар: өздеріне жеңіл, қыста бұтарлап әуреге түспейді, балтаның шүйдесімен бір қойып қалса болды, не етікпен тепсе де опырылып сынады. Сары жігер сирек. Қатын сексеуілге жоламады. Себебі оны сындыру ақырзаман. Майысып, бұралып, резеңкеше созылып, оңайлықпен сынып болмайды, қыруар уақыт кетеді. Ең тамашасы – майда томашалар. Бірақ Еділ ылғи томаша жинауға бір түрлі ұялды. Ертең мамасы мен тәтесі «жинаған сексеуілдерің осы ма?» деуі әбден мүмкін ғой.


Бірте-бірте құм қызды. Еділдің басындағы қағаз қалпағын сексеуіл іліп кетіп, пырым-пырым болды. Басына көйлегін орап алды. Күн тас төбеге тармасты.


– Жиеней! – Не?!


Жиеней пысылдап бір дәу сексеуілді сүйреп бара жатқан-ды, кілт тоқтады. – Әзірге осы да жетер. Демалайық.


Екеуі соңғы үйіншектің түбіне отыра кетті. Шамамен сағат он бір, не он жарым.


Ашытпа      ішті.     Шөлдері     басылды.     Сосын    қалың    бұтақты      шырпы сексеуілдерден қоршалап, күрке жасады. Астарына көрпешені төсеп, көлеңке ұзарғанша жата тұрайық деп ойлады.


Еділ бір кезде көзін ашып алса – айнала ала сәуле. Мәссаған! Күн еңкейген. Жалма-жан інісін оятты.


– Тұр! Тұр! Кеш болыпты ғой.


Енді отын сындыру қайда. Қараңғылық үйірілмей үйге жетіп алу керек. Сұр есекке мінгесіп, ауылға тартты. Бағанағы, азандағы пәт жоқ: Жиеней былқ-сылқ. Еділ де бір түрлі шала ұйқы. Ал сұр есек қунақ, желіп келеді...


 


 


 


Еділдің жай уақыттан гөрі ала-бөле қиналып, Жақан ағасына сыртынан қатты ренжіп, тезірек жеңешелі болсам-ау деп тәтті қиялға берілетін кезі – мамасының дүкенге зат әкелу үшін кеңшарға кететін күндері. Себебі мамасы кемі үш-төрт, кейде он шақты күнсіз оралмайды. Жер шалғай. Құрдай қатынап жатқан машина жоқ. Сондайда әбден әбіржіп бітеді. Үйдің бүкіл тауқыметі өзіне түседі. Жұмысы бұрынғыдан екі есе ауырлайды. Тәтесі жаздай үйдің қарасын көрмейді. Қойшылардың қора-қопсысын жөндейді. Шөпте болады. Үйге жыл құсындай оқта-текте бір соғады.


 


 


Еділ мамасының кешелі бері дәу сырлы тегешке бетпе-бет қы­лып қамыр илеп, отты лаулата жағып, жиілетіп тапа көміп жат­қанынан секем алып, көңілі бір түрлі құлазып сала берді. Бұл – жақсылықтың белгісі емес. Бұл – мамасы жолға шығады деген сөз.


– Еділжан, – деді түскі шайдың үстінде. – Машина болса мен бүгін-ертең кеңшарға жүремін. Дүкенде дым зат қалмады. Тіпті шекерге, сабынға дейін жоқ. Құдай қаласа, екі-үш күнде қайтып ораламын. Үйге, балаларға бас-көз бол. Міне, алты тапа нан көмдім. Бауырсақ пісіріп беріп кетем. Кәкен әжеңе айттым, бір мезгіл ыстық тамақ істеп береді. Шайларыңды өздерің қайнатып ішесіңдер ғой. Мырзагүлге тапсырдым, сиырды сауып тұрады. Сүтін ұйытып, айран қып ішіңдер... Бұқарға бара жатқан жоқпын, мынау тұрған кеңшар... – Сөзін аяқтап үлгермеді, Еділдің інілері құдды бір ол базарға баратындай, бірінен соң бірі «аманаттарын» айтып, жамырай жөнелді.


– Мама, маған белсебет әкел.


– Маған ойыншық автомат керек. – Матрос көйлек әкел.


– Балалардың бәрінде кеті бар, жалғыз менде ғана жоқ.


Отырған орындарынан атып-атып тұрып, мамаларын қоршап алды. Ибагүл олардың маңдайларынан сипап, беттерінен сүйді.


– Жарайды, кезіксе, бәрін де аламын. – Ура! Тез әкел!


– Машина болса, кідірмеспін. Ауылда сендер, шиеттей бала-шаға...


Сөз осымен тамам болды. Еділ үндемеді. Ең естияры өзі. Кішкентай бала құсағысы келмеді. Әйтпесе оған коньки керек еді. Коньки болғанда да ең әдемісі, қайқы бас, жылтырағы. Мамасы Еділдің ішкі бүкпентай сырын оның жаутаңдаған көзінен оқыды.


– Осы жолы саған әлгі кәңкиіңді әкелемін, тек дүкенде болса де.


Түстен кейін аспанды ала шаң ғып, тамның алдына сары водо­воз келіп тоқтай қалды. Буынып-түйініп дайын отырған Ибагүл қолына былғары қара сөмкесін ұстап, үйден жүгіре шықты.


– Ал, Еділжан, аман болыңдар, мен кеттім! – деді кабинаға мініп жатып. Берік мамасының өзіне матрос көйлек әкелетінін ұмытып кетті ме, бақырып


жылап жіберді. – Мама!


– Қой, құлыным, қайдағы жаман әдетті шығарма. Еділ, балаларға ие бол. Машина гүр-гүр от алды да, жаймен орнынан қозғала берді. Берік Еділдің


қолынан бұлқынып шығып, машинаның соңынан қуды. Ауылды басына көтерді. Даусы ащы. Құдды бір мамасы үйге енді қайтып келмейтіндей, шырқырай жылайды.


– Мама!!!


Ізінен Еділ де жүгірді. – Берік, тоқта деймін!


Берік сөзге құлақ асатын түрі жоқ. Үй-үйдің алдында жұрт қарап тұр. Еділ қатты ұялды. Ақыры қуып жетіп, білегінен шап беріп ұстады, белінен тас қылып көтеріп үйге қарай аяңдады.


– Қой деймін, жұрттан ұят... – деді әлденеше рет сыбырлап.


Берік ұят-сұятты елейтін емес, одан әрі бақыра түсті. Әйтіп-бүйтіп үйге де әкелді-ау. Сәлден соң жылап-жылап, өз-өзінен шаршап ұйықтап кетті.


Енді қарайлайтын ешкім жоқ, Еділ үй шаруасын дереу қолға алды. Тәтесі – алыста қора салып жатыр. Бірақ билік өзімде екен деп, шектен тыс кетпеді.


 


 


Інілерінің қас-қабағына қарады. Олар да мамалары бардағыдай емес, бір түрлі жетімсіреп, жуасып қалған секілді. Жиеней бұрынғыдай қиқарланбайды. Еділдің жұмсаған жеріне барады. Талғат та сондай. Тек көндікпеген Берік қана. Ол бес жаста. Кенже. Ерке. Еділ шифоньерден екі-үш түйір бал кәм­пит әкеліп берді оған. Әйтеуір жыламаса болды. Соның өзі көмектескені, айтқанын тыңдағаны.


Кешкі шайды дастарқан басында шүпірлеп отырып ішті бәрі. Көрші үйдің әйелі – Мырзагүл сиырды сауып берді. Еділ жерошаққа от жағып, сүтті пісірді. Шекшек шырылдай ұйқыға жатты. Төртеуі бір көрпенің астына тығылды. Түнде қорықпас үшін Еділ шамның білтесін сәл көтеріңкіреп қойды. Бөлме іші күңгірт жарық. Кісінің жол аяғы ғана көрінеді. Інілері ұйықтаған соң, орнынан тұрып барып, сыртқы есікті итеріп көрді. Бұл өзінше пысықтағаны. Ілгегі мықтап салынған. Еділ мамасы барда еш­теңеге алаңдамайтын еді. Енді өйтуіне болмайды. Балалардың үл­кені. Ұйқысын да күзетуі керек. Олар тыныш ұйықтауы тиіс. Ең бас­тысы, өзі қорықпағаны жөн. Қорқу ұят. Онда інілері кімге сенеді? Иә, солай. Әйтпесе Еділ оншалықты ақ көз батыр да емес. Бұған дәлел көп. Әсіресе мына жайт әбден есінде қалыпты. Біріншісі былтыр күзде болған. Үйге Картбай атай келіп мұңын шақты.


– Келін, міне, екі күн, ала сиыр жоқ. Сірә, өріс қуалап, сонау Ақсуатқа кеткен-ау деймін. Бұзауы дамылсыз мөңіреп тұр. Әрі өзіміз де ағарғансыз, шәй қатықсыз қалдық. Айдап әкелейін десем, атқа отыруға жарамаймын, Еділ Ақсуатқа барып келсін, – деді.


Ибагүл:


– Мейлі, – деп келісімін берді де, Қартбай атайдың жанына Еділді қосып жіберді. Еділ атайдың торы атының үстіне қонды да «міне, мені көрдіңдер ме» дегендей, көшенің қақ ортасымен сатырлата шапты. Ақсуат бұлағы ауылдан отыз шақты шақырым жерде еді. Бірақ сиыр бұлақтың басында байлаулы тұрған жоқ, дала кең, қуыс-қолтық, сай-жыра көп, қайда жайылып жүргенін кім білсін. Еділ бұлақтың о жақ, бұ жағын әбден шарлады. Әйтеуір шаққа дегенде бір иіннен тапты. Төрт сиыр қалың жыңғылдың арасында қаннен-қаперсіз күйіс қайырып жатыр. Еділдің ала сиырға жыны келді.


– Әй, ауылда бұзауың мөңіреп, жылап тұр неше күннен бері. Ал сенің түк болмағандай күйіс қайырып тұрғаның мынау?!


Ала сиыр сөзді қайдан түсінсін, басын шайқап, көзін бір аударып қарады. Еділ төрт сиырды «өк, өк!» деп қайырмалап, ауылдың қара жолына салды. Өстіп жүргенде күн де батты. Қараңғылық үйірілді. Сиырлар да қырсыққанда машина құсап айдау қара жолға түсіп алып, еңкілдеп жүріп отырмады. Біресе біреуі былай қашады, біресе екіншісі олай қашады. Не бастарын көтермейді, ауық-ауық жусан шалып, тас-табандап тұрып алады. Әбден шаршатты. Әуре-сарсаңмен көп уақыт өтті. Еділ бірте-бірте бір түрлі елегізиін деді. Айнала көзге түртсе көргісіз қап-қараңғы. Әсіресе ескі қорым, үңірейген қора, обалардың жанынан өтіп бара жатқанда қиын. Әлем-тапырық қиқулап байғыз шақырады. Суылдап әлдебір құс ұшады. Шоқ-шоқ жыңғыл, аумақ-аумақ сексеуіл бұталарына жан біткен секілді. Қайсыбірі Еділге қасқыр болып көрінеді. Қыбыр-қыбыр қимылдайды. Қорқынышты. Қай шамада келе жатқанын білмеді. Әйтеуір жүріп келеді. Әлсін-әлсін сиырларға «өк, өк!» деп айқайлап қояды. Кейде өз даусы өзіне жат болып, ауада шыңылдап тұрып алады. Дыбыс атаулы үрейлі. Дыбыс атаулы сүйкімсіз. Селт еткен үн, сыбдырдан жүрегі кеудесінен ұшып шыға жаздайды. Тек ауылдың шетіне іліге бере ғана көңілі орнына түсті.


– Әй, Еділмісің?! – деген Қартбай атайдың даусын естіді.


 


 


– Менмін ата, менмін!


Қуаныштан көзінен бір тамшы жас ытқып кетті...


Екінші қорыққаны биыл қыста. Үйде қаладан келген екі қонақ бар-тұғын. Кешке әлдебір қорқынышты әңгімелер айтылды. Мамасы:


– Осы біздің ауылға бір пәле болды, – деді. – Өткенде біреу түнде интернатқа түсіпті. Балалар шошып ояныпты. У-шу жы­лапты. Қазір интернатты қолына мылтық ұстап Нұрабай күзетіп жүр. Ауыл бұрын тып-тыныш еді. Жақында әлдекім Мақанның үйіне ұрланып кіріпті. Әйелі көзімен көріпті, бет-аузын қара шүберекпен байлап алған дейді. Үстіндегі тонын теріс айналдырып киген. Кім екенін танымапты. Ойбайды салыпты. Анау алды-артына қарамай қаша жөнеліпті...


Еділ сонда неге екені белгісіз, түн ортасында ұйқысынан оянып кетті. Оянды да бөлмеде сырт-сырт етіп тұрған әлдебір дыбысты естіді. Бір түрлі жағымсыз сыртыл. Есіне мамасының кешкісінгі айтқан әңгімесі, «тонын теріс киген» ұры түсті. Сол-ақ екен, көрпесін басына тас бүркенді. Бой-бой терледі. Жанында екі қонақ жатқан еді, соларға үйде ұры жүр деп айтуға батылы жетпеді. Батылы жетпеді емес-ау, айтқансиды, бірақ үні шықпайды. Тамағы құрғады. Құлағы шыңылдады. Әбден азап шекті. Өстіп қиналып жатып бір кезде көзі ілініп кетті... Азанда оянса, түндегі сыртыл және шығады, дәл төбесінен, терезенің алдынан, Еділ мырс етіп күліп жіберді. Көрпесін үстінен серпе лақтырып атып тұрды, сөйтсе, қоңыраулы ақ сағат екен. Әйтеуір абырой болғанда, ешкім білмеді. Әйтпесе қазір мазақ қылып жүрер ме еді...


Бөлме ысып кетті. Мамасы күнде үй салқындасын деп сыртқы есікті әлден уақытқа дейін ашып қоятын. Еділ өйте алмады. Бар болғаны орнынан тұрып, терезенің желдігін ашты. Терезенің алдында тұрып әлгінде ғана бір-біріне тығылып, енді әрқайсысы әр жерде бауырсақтай шашылып жатқан інілеріне қарады. Бәрі де алаңсыз. Тәтті ұйқыда. Еділ еңкейіп Беріктің басынан сипады. Бәлкім, бұл ұйықтап жатқан кезде мамасы да өстіп өзінің де маңдайынан сипайтын шығар. Еділ қайдан біледі. Міне, інілері де білмейді. Еділ өзін қарауыл секілді сезінді. Түнімен інілерінің тәтті ұйқысын күзетті. Жиеней түс көріп әлдене деп былдырлады. Берік су сұрады. Түнгі күзетшілік оңай емес екен...


Күндер бір қалыпты өтіп жатты. Балалардың қарындары тоқ. Ойыннан кенде емес. Ұрыс-төбелес болған жоқ. Еділ інілерінің «келгесін мамама айтам» деген дөң айбатын естімеді. Ол осыған қуанды. Інілерін ренжіту Еділдің ойында да жоқ-ты. Неге өйтеді? Оларды ренжіткені өзін ренжіткені емес пе. Қайта бір-біріне мамаларының орнын жоқтатпауы керек қой. Еділ осыны түсінді. Дегенмен бетімен де жібермеді. Өздеріне лайық жұмыс істетті. Жиеней ыдыс-аяқ жуды. Талғат үйді сыпырып-жинады. Тек Берік қана ештеңе істемеді. Оның тамағын жыламай ішіп, жыламай ойнап жүргенінің өзі Еділге жасаған жақсылығы еді.


Иә, күндер осылай тыныш өтіп жатты. Тек екі күлкілі, күлкілі емес-ау, екі қызық оқиға болмаса...


Күнде азанда, кешкілік сиырды мамаларының тапсырмасы бойынша көрші әйел – Мырзагүл сауып беріп жүрген-ді. Кеше ертеңгілік Еділ әрі күтті, бері күтті – Мырзагүл келмеді. Сиырдың желіні сыздап тұр. Күн көтеріліп барады Сиыр өріске кетуі керек. Еділ Мырзагүлдің үйіне екі-үш рет барды. Жоқ. Сөйтсе ол судың кезегі тиіп, ауылдың шетіндегі бақшасын суғаруға кетіпті. Еділдерді тарс есінен шығарған. Иә, соншалықты міндетті де емес қой. Қайта қалт еткенде қолғабыс беріп жүргеніне рақмет. Енді қайтпек? Бұзауды емізе салайын десе,


 


 


обал. Сүт те қажет. Балалар айран ғып ұйытып ішіп отыр. Үйдің қарсы алдындағы Жұма апасына айтты. Ол қолыма күбірткелі шығып ештеңе ұстай алмаймын деді. Құрсын, бір сауымға бола бүкіл ауылды шарлай ма. Нартәуекел. Еділ бір іске белін бекем буды. Үстіне мамасының дәу халатын киіп, басына көк орамалын тартып, қолына сары сырлы шелекті ұстап, сиырға барды. Желінін иітіп, бұзауын шама­лы емізді де, сосын қазыққа бас жібінен тас қып байлады. Бұдан соң «әукім-әукім» деп, мамасының әдетімен сиырдың үлпілдек жұмсақ тамағынан сипады да, саумақшы боп тізесін бүгіп, қолын батылсыздау желініне тигізе бергені сол еді, сиыр үркіп, үркіп емес-ау мамасы емес екенін біліп қойып, кімді алдап жүрсің дегендей, ашумен алая бір қарады да, шелекті пәтпен теуіп кеп жіберді. Еділ анадай жерге тоңқалаң асты. Міне, бұл бір қызық.


Екінші қызық та бұдан кем соқпас. Ибагүл сыйлы бір кісілер келгенде дастарқанға қою үшін балаларға көрсетпей, шифоньердің ішінде бір-екі келі шоколад тығып сақтайтын. Шифоньердің есігін құлыптап, кілтін этажерканың жоғарғы сөресіндегі қызыл құмыраның астына жасыратын-ды. Оны Еділ білетін. Мамасы кетісімен шифоньерге шабуылды бастады. Күнде дымын білдір­мей бес-алты түйір кәмпит алып жүрді. Тәйірі, енапат кәмпиттен күніне бір уыс алғанда не тұр! Еділ осылай ойлады. Бірақ бір қы­зығы, бүгін түсте суы тартылып бара жатқан көлдей шифоньердегі көп кәмпиттің кем-кем азайып, қарамы кішірейіп, шөкімдей болып қалғанын байқады. Қорқып кетті. Сөз жоқ, ертең мамасы біліп қояды. Сонда таяқ жейтіні анық. Дәл бұлай болар деп ойлап па? Таусылмайтын секілді болып көрініп еді. Шынымен бәрін өзі жегені ме? Көңіліне күдік кірді. Иә, оның күдігі негізсіз емес-ті. Түнде Жиенейдің шалбарын кереуеттің үстіне қойып жатқанында, сыртындағы қалтасынан жылтырақ қағаздары қытырлап екі-үш түйір кәмпит сырғып түсті. Еділдің көзіне оттай басылды. Сол өзі жеп жүрген шифоньердегі шоколад. Мәссаған! Сөйтсе, екеуі алма-кезек ұрлық жасап жүрген болды. Еділ де менен өзге ешкім білмейді деп ойлаған. Жиеней де сөйткен. Бірінің көзін ала бере бірі шифоньерді торуылдаған. Енді не істеу керек? Болар іс болды. Өкінгеннен ештеңе өнбейді. Еділ ертеңіне қалған кәмпитті іні­леріне түгел үлестіріп берді. Олар мәз. Ауыздары бұлтың-бұл­тың, томпаң-томпаң. Мамасы «кәмпит қайда?» десе, Еділдің қайтарар жауабы дайын: «Берік пен Талғат жылап қоймады, өзіңді іздеп жұбанбады, кәйтемін, ұрып-соғам ба, амалсыз шифоньер­дегі кәмпитті алып бердім...»


Сөз жоқ, мамасы ұрыспайды. Өзін сағынған балаларын кәмпит беріп алдандырса, несіне ренжиді. Сыйлы қонақтарға дастарқанға қою үшін дүкеннен басқа тәтті-мәтті әкеледі ғой. Балаларының өзі қайтып оралғанша аман-есен отырғанына қуанбай ма?


Еділ мамасы кеңшарға кеткенде өзін емтихан тапсырып жүр­гендей сезінеді. Себебі мамасы ауылға келгенде, алдынан жаманат сөз шықпауы керек. «Сатушы болған не теңі, балалары анау улап-шулап, азып-тозып...» дегендей суық сыпсыңдар естілсе, не бол­ғаны. Онда демек, Еділ ол жоқта үйді асықтай үйіріп, дұрыс ұстап отыра алмағаны ғой. Еділ осыдан қорқады. Сол үшін де шамасы  келгенше       мамасының      орнын     жоқтатпауға      тырысады.      Өз пайымдауынша, әзірше ши шықпаған тәрізді.


Бұл күндер сонымен бірге ауылдағы көрші-қолаң, ағайын-туысқанға да сынақ. Көбісі Ибагүл бардағыдай сол баяғы ықылас-пейілінен жазбайды. Ал енді біреулері қалпынан айнып, өзгеріп шыға келеді. Үйге бас сұқпайды. Дүкеншісі жоқ үйді қайтсін. Өзі барда дүкен үшін ғана амалсыз қарым-қатынас жасайтындай. Еділ осындай нәрселердің бәрін жақсы аңғарады.


 


 


Мәселен, Еділ Әли көкесіне дән риза. Бірнеше рет келіп: «тұрыңдар, ұйықтап қалмаңдар, сиырларыңды саудырыңдар!» – деп терезені тықылдатып, азанда оятып кетеді. Мұның өзі көп-көрім көмек. Кілең бала. Тас боп ұйықтап қалулары әбден мүмкін ғой. Мырзагүл апаға да еш өкпесі жоқ. Қабағын шытпай мезгілімен сиырды сауып беріп жүр. Тек өткенде әнтек бір рет ұмытып кеткені болмаса.


Кәкен әжелері әрдайым бәйек. Екі рет келіп ыстық тамақ ішіңдер деп, үзбен істеп берді. Бір рет макарон қуырды. Әйтеуір уақыт табады. Әйтпесе өзінің үйінде де шаруасы шаш-етектен. Көршілер Жәнімкүл мен Күлқатша кездескен сайын «қарындарың ашып жүрген жоқ па?», «нандарың бар ма?» деп сұрап қояды. Демек, олар да іштей алаңдайды.


Еділ осыған қуанады. Адамды адам ұмытып кетпеуі керек қой. Қандай жағдайда да. Қартбай ата кеше: «Иә, жаман шешелеріңді сағынған жоқсыңдар ма?» – деп сұрады күліп. Бірақ Еділ күле алмады. Сәл мұңайды. Оның сөзі мамасына деген сағынышын оятып жіберді. Еділ бәрібір Қартбай атаны жақсы көреді. Жұма апа бұрнағы күні «құдайжолы жасап едім, мә, ауыз тиіңдер» деп, екі тәти нан (майға піскен нан) әкеп берді. Бірі нанымен, бірі көңілімен алдарқатып, жұбатып жатыр... Ертең мамасы әр жолғы әдеті бойынша дүкеннің затынан бөлек сөмке-сөмке базарлық әкеледі. Ауыл адамдары сонда құдды балалар құсап бәрі жапыр-жұпыр үйге жиналады. Амандық-саулық сұрайды. Жылдап көріспегендей әңгіме-дүкен құрады. Сонда Еділ өзі жоғарыда іштартатын, өздеріне деген ыстық көңілін суытпаған көрші-қолаңдарға тәтті-дәмді кәмпит, пешенейлерден уыс-уыс қып бер дер еді. Тіпті кейбіреулеріне бір-екі әшмөңке үнді шайын берсе де артық емес. Бәрінен бұрын Еділ олар жөнінде жақсы лебіз-лепесін айтады...


Ал Бектай, Сәрсенкүлдер туралы пікірі бөлек, бір түрлі ұнат­пайды. Олар Еділ үшін сынақтан өтпеген, емтихан тапсыра алмаған адамдар секілді. Өткенде Бектай есіктің алдынан өтіп бара жатып: «Шешелерің қайда?» – деп сұрады. Еділ: «Кеңшарға кетті», – деді. Бектай көзін жіпситіп, ернін сылп еткізді: «Е-е, қаңғып кетті десеңші, сендерді тастап, ол келгенше енді тірі жетім болып жүре­сіңдер ғой...» Еділ оның сөзін көңіліне ауыр алып қалды. Жылы лебіз білдіріп, алдандырудың орнына мұнысы несі?


Сәрсенкүл де қазымыр. Қайсыбір күні Жиеней, Талғат, Берік – үшеуі балалармен ойнамақ боп, Сәрсенкүлдің үйіне барса, шайды алдарына алып жатыр екен, бұларды көріп: «Шұбырып неғып жүрсіңдер, үйлеріңде тамақ жоқ па?» – деп қабағын түйіпті. Содан былай Еділ інілерін оның үйіне қарай жібермейтін болды. Міне, адамдар әр түрлі, аядай ауылдың өзінде осындай. Ал үлкен қалаларда тіпті қиын шығар.


Дегенмен шыдамның да шегі бар. Төрт күннен соң Берік «мамам қашан келеді» деп қыңқылдай бастады. Талғат пен Жиеней әр машинаның гүріліне құлақ түріп, сарайдың үстіне шығып алып, кеңшар жақтан құлайтын қара жолға қарап, ұзақ-ұзақ сарылып отыратын болды. Тек Еділ ғана ішінен тынып, білдіртпей жүр. Ол да сағынғанын сездірсе, інілері үйді бастарына көтеріп, жылап қоя беретіндей. Еділ бәрібір әре-кетсіз қалмады. Түнде жатар алдында еміс-еміс бір гүрілді құлағы шалды кеңшар жақтан. Орнынан атып тұрып, сарайдың үстіне шықты. Иә, шамасы дұрыс. Аздан соң қоңыр төбенің басынан қою қараңғылықты үңгіп, екі жарық көрінді. Бәлкім, мамасы келе жатқан шығар. Жүрегі қатты-қатты соқты. Әне-міне дегенше машина шеткі үйдің алдына жетіп тоқтады. Еділ жүгіре жөнелді. Келсе, Жәнібек екен. Сары водовоз.


– Аға, кеңшарда мамамды көрген жоқсыз ба? – деп сұрады.


 


 


– Көрдім, – деді ол. – Ертең келеді. Заттарын Қанатбайдың машинасына тиеп қойыпты. Рабкоптың бастығын күтіп жүр. Бір қағазына қол қойдыруы керек екен. Сендерге сәлем айтты.


Ой, Еділдің қуанғаны-ай! Жерден жеті қоян тапқандай үйге келді де, жұлқылып інілерін оятты.


– Ертең мамам келеді! Жәнібектен айтып жіберіпті.


Үш інісі ұйқылы-ояу төсектерінен атып тұрды. Үйді бас­тарына көтере секірді. Сосын қайта жатты. Әлден уақытқа дейін кірпіктері ілінбеді. Тек Берік қана не күлгені, не жылағаны белгісіз, түсініксіз есінеп қор ете қалды.


Ертеңіне бәрі жабылып үйдің ішін әдемілеп жинастырды. Әр затты өз орындарына қойды. Мамалары мен жоқта ұсынақты болмай, үйді шашып, бүлдіріпсіңдер деп ренжімеуі керек қой.


Кешкісін өзі де келді. Ақ түйенің қарны жарылды! Інілері мәре-сәре. Еділ бойын бір түрлі жеңіл сезініп қалғандай болды. Құдды еңсесінен ауыр бір жүк түскен секілді.


 


 


 


Ауылда күз бояуы мол. Даланың қоңыр көйлегі сарғайды. Балалар арагідік көлеңкеге емес, тәттіге құмартқандай енді шуаққа таласады. Қайсыбір күні бұдан былай жадыраған жаздан күдерлеріңді үзе беріңдер дегендей, дүркіреп мұздай жаңбыр жауып өтті. Қырдан шөпшілер оралды. Ерте піскен қауын бақ­шалар көтерілді. Пәлектерде қабығы қалың торлама күләбілер мен кешең гүлдеген тас түйнектер ғана қалды.


Күн сайын, сағат сайын қыркүйек жақындап келеді. Жаз – бір қап тәтті кәмпит еді, желіне-желіне таусылуға айналды...


Ауыл қаладан алыс. Құмның ішінде. Қатынас жоқ. Айдалада ақ отау. Содан ба, мұғалім тұрақтамайды. Бір жылға әрең шыдайды. Оқу аяқтала кетіп қалады. Мектеп жылдағы әдетімен ауданнан тағы да жаңа мұғалім күтеді.


Ауылға қаладан екі мұғалима қыз келді. Біреуі сап-сары бауырсақтай, беті дөп-дөңгелек. Қара шашы жібекше төгілген, денесі нәзік. Көзі үнемі күлімсіреп тұрады. Мінезі ашық. Аты Аманкүл. Неміс тілінің маманы. Балалардың қуанышында шек           жоқ:    қуанбай                                     қайтсін, азғантай                                   уақытта жер жүзі халықтарының тілін түгел біліп шығатын болды. Былтыр Әсемкүл деген қыз француз тілінен сабақ берген. Алдыңғы жылы Жәлел есімді жігіт ағылшын тілін үйреткен...


Екіншісі ұзын бойлылау. Аппақ күріш секілді. Тұйықтау. Ұяң. Жарқылдап жүрмейді. Бірақ өнерлі. Домбыра тартады. Ән салады. Сырнайды да сызылтады. Келе сала мектепте би үйірмесін ашты. Бар уақыты мектепте өтеді. Есімі Төлебике. Бастауыш сыныптардың мұғалімі. Жұрт оның өнерін алғашқы мерекеде – мұғалімдер күніне арналған концертте-ақ көрді. Сонда Төлебике ән айтты. Әй, бір үзілдірді-ау. «Сәулешім» деген ән.


 


– Зармын жалғыз сөзіңе, Күлімдеген көзіңе. Бақыттымын өзіңмен, Сәу-ле-шім! –


 


 


деп бір қайырғанда, жұрт сатырлап шапқан аттай алақандарын сарт-сұрт соқты кеп. Төлебике жел тербеген күріш сабағындай оңға бір, солға бір бұралып тұрды.


Сонда мектептің үлкен дәлізінің бір бұрышында малдас құрып отырған Еділ қанатын қағып көкке ұша жөнелер құстай орнынан әнтек көтеріліп-көтеріліп, «шіркін-ай, Төлебике апай менің жеңе­шем болса ғой...» деп армандады. Жанындағы Жақан ағасына қарап еді, ол «ондай күн қайда...» дегендей бір түрлі күрсініп қалды... Шынында да қаланың қызы ауылдың қой баққан, трактор айдаған қарапайым жігіттерін кәйтсін. Менсінбейді ғой. Қалада оқыған, үстіне ақ көйлек киіп, мойнына қызыл-жасыл галстук байлаған сүйген жігіті бар шығар. Мұнда тек бірер жыл жұмыс істейді де қайтады. Іссапар секілді. Жігіт іздеп келмеген.


Төлебике      Бәтима     кемпірдің     үйінде.    Енді    ол    үйге    себепті-себепсіз барғыштайтындар көбейді. Бұрын ешкім есігін ашпайтын. Жалғыз кемпір. Оның бар-жоғын жұрт ұмытып та кететін. Енді Бәтима кемпірдің күні туды, өмірге қайта келгендей болды. Төлебикеге ұнау үшін жігіттер әуелі Бәтима кемпірдің көңілінен шығуы керек. Сөзін ешкім екі етпейді. Бір жігіт машинасымен отын-шөбін әкеліп береді. Екіншісі қорасын тазалап жүргені. Бәрінің көкейінде Төлебике. Қожанияз деген тракторшы жігіт жанындағы жолдастарына былай деп айтыпты-мыс: «Төлеш (Төлебикені сырттай өзінше еркелеткені) менің жарым болса, бұл өмірде еш арманым болмас еді, бар жағдайын жасар ем... Оллаһи, міне, шын сөзім, оған жерден сынық шөп көтертпеймін. Тракторға мінгізіп қыдыртамын да жүремін. Түк жұмыс істетпеймін. Тек үзілтіп ән салдырып, сызылтып сырнай тартқызып қана қоямын...»


Тату дос-жігіттер бір-біріне араз бола бастады. Еділ мұның сырын түсінді. Барлық бәле – Төлебикеден. Оны бір-бірінен қызғанады. Өткенде бұлақтың басында Әліпбай мен Жеткер төбелесті. Өздерінше сырттай Төлебикеге таласқаны...


Былтыр әскерден келген Зайырбек боратып «ғашық-машық» хаттар жазады. Еділ бір түрлі қорқып қалды. Кілең сен тұр, мен атайын жігіттер, олар тұрғанда Жақан ағасына Төлебике қайда... Көлеңкесіне де жақындай алмас. Бірақ қызығы, Төлебике неге екені беймәлім, олардың ешқайсысына көз қиығын салмады, басқа, ертегідегідей керемет бір адамды күтіп жүргендей...


Жақан да жігіт. Әйтсе де ол өзгелер құсап есі кетпеді. Түк бол­мағандай. Сол баяғы күйі тракторын айдап, үндемей жүре берді. Тіпті бұл ауылда Төлебике есімді сұлу барын мүлде ұмытқандай. Не масқара? Жер қозғалса да қозғалмайды. Тосын мінез. Еділ сырттай күйіп-пісті. «Ел қатарлы» талап қылмай ма? «Үмітсіз шайтан» деген. Өзін болмаса да, мына Еділді аяса нетті? Еділ бойжеткен қыз секілді қашанғы ошақтың айналасында жүреді? Осы сөздерді айтпақ боп әлденеше рет оқталды, алайда бетпе-бет келгенде, тілі күрмеле береді. Ағасы: «Боқмұрын, менде шаруаң болмасын» деп тастауы да әбден мүмкін... Мейлі, дегенмен бір әрекет керек. Көрер көзге Төлебике апайды әлдекімге жетектетіп жібере ме?


Ойлап-ойлап Еділ Төлебикеге хат жазуға бекінді. Қатты қи­налды. Не дейді? Кеудесінде айтар сыры көп, қағаз бетіне қалай тү­сіреді? Әрі Төлебике – мұғалім... Дегенмен, торкөз дәптердің бір бетіне қайта-қайта көшіріп, түзеп, сызып мынадай сөздерді жаз­ды: «Төлебике апай, менің ағам – Жақан ағам сізді жақсы кө­реді. Не істерін білмей жүр. Қазір күндіз күлкі, түнде ұйқыдан айрылды. Бірде сізді ойлап келе жатып далада жолдан шығып кет­ті, тракторын


 


 


аударып ала жаздады... Өзі осы ауылдағы ең жақсы жігіт, одан артық ешкімді таппайсыз... Дос болсаңыз ешқандай өкінбейсіз. Сізді төбесіне көтеріп жүреді... Сәлеммен, 7-сынып оқушысы Еділ Әбділдаев».


Енді хатты қалай табыс ету керек? Жүрегі дауалайтын емес. Нартәуекел. Жасқанбаған жөн. Жеңгелі болғың келсе тайсалма.


Еділ Төлебикенің оңаша сәтін аңдып бір күн жүрді. Реті келмей-ақ қойды. Үнемі біреулермен әңгімелесіп тұрады. Аман­күл апай да жанынан бір елі қалмайды. Ақыры сәті түсті-ау. Кешкілік Төлебикені бұлақ басынан көрді. Жалғыз өзі. Өкпесі өшіп бұлаққа қарай жүгірді. Ентігін баспаған күйі «апай, мынау сізге...» деді де, төрт бүктелген бір жапырақ қағазды Төлебикенің қолына ұстата салып, сәл тұрса «бұл не?» деп тергеп-тексе­ретіндей, бір ауыз сөз айтуға мұршасын келтірмей, тұра қашты. Беті ұяттан лап-лап қызарды. Әлден уақытқа дейін жүрегі аузына тығылып, дүк-дүк соғумен болды...


Ертеңіне Төлебике Еділді көріп, жымиып күлді. Еділ ұрысып ала жөнеле ме деп қорқып еді. Үндемеді. Қылмыс жасағандай қатты қысылды. Бірақ қуанды да, апайды ағасының жақсы көретінін сездірді. Осының өзі неге тұрады?


Арада үш күн өтті. Еділ көшеден Жақан ағасы мен Төлебике апайды көріп қалды. Апай әлдене деп тұр. Сөзі естілмейді. Жақан ағасы күле береді. Төлебике қосыла күледі. Бірдеңеге таңданып бастарын шайқайды. Еділ әңгіме өзінің өткенде жазған хаты туралы екенін білді...


Кешке Жақан ағасы Еділдің басынан бір түрлі жұмсақ сипады да: – Әй, қу бала... – деді күліп. – Әй, қу бала...


Жақан бұрын жұмыстан шаршап келіп, шала-пұла жуынып-шайынып, шайдың үстінде бір таба нанды бір өзі жеп, тамақ ішіп, сосын тас боп ұйықтап қалатын-ды. Соңғы кезде бұл дағдысы өзгерді. Жұмыстан келгесін үсті-басын әбден қаққылайды. Кір сабынмен емес, иіс сабынмен жуынады. Құдды бір тойға бара­тындай киімнен киім таңдайды. Ана көйлегін бір киеді, мына көйлегін бір киеді. Қыздар құсап айна алдынан шықпайды. Шалбарының қырын біздей ғып өтектейді. Шаң мен май баттасып жүретін қара туфлиін жылтыратып сүртеді. Сосын үйде көп айналмайды. Содан түн ортасы ауа бір-ақ оралады. Тәтесі бір күні:


– Осы түнімен қайда қаңғып жүреді? – деп сұрап қалды. – Қайдам, жігіт емес пе, қыдырады да... – деді мамасы. – Неғылған қыдырған мезгілсіз уақытта...


Шынында да ауыл аядай. Қайда қыдырады? Театр жоқ. Клуб жоқ. Парк жоқ. Жақан өзгелер құсап карта ойнамайды. О бастан құмар емес. Бірақ Еділ Жақан ағасының түнімен қайда «қаңғып» жүретінін білетін. Бірде бала әуестікпен ізіне түскен. Із Бәтима кемпірдің үйіне апарған. Сол-ақ екен, өз-өзінен қуанып, Бәтима кемпірдің қорасының түбінде алақанын шапалақтап жіберді. Екінші күні ұрланып терезесінен сығалады. Бұл жолғы шаттығы тіпті керемет болды. Төлебике апайы мен Жақан ағасының бас­тарының әнтек түйісіңкіреп отырғанын көрді. Шын ба, өтірік пе? Қайта қарады. Рас. Екеуі шұқшиып әлдебір дәптерді тексеріп отыр. Ауыздары жыбырлайды. Бірдеңе деп сөйлеседі. Сосын бір-біріне қарап күліседі. Еділ үйге қарай құстай ұшты. Еділ тәтесіне осыны айтты. Тәтесі қолындағы жонып жатқан ағашын тастай салып:


– Шын ба, балам? – деді.


– Шын, тәте! – деді Еділ күмілжімей. – Мынау бір жақсы лепес болды-ау... Тәтесі күлімсіреп ойға шомды.


 


 


Әбділдә Жақанға іштей алаңдар еді. Алаңдамай ше. Ізінен ерген жалғыз інісі. Оның үй болып, ел қатарына қосылғанын қалайтын. Екеуі қиындықты бір адамдай-ақ көрген-ді. Әке-шешеден ерте айрылды. Бұл он жетіде, Жақан бес жасында жетімдіктің ащы дәмін татты. Сөйтіп жүріп, әйтеуір, адам болды. Әбділдә соғыстан да аман қайтты. Бар болғаны бір аяғынан жараланды. Көрер қызығы бар екен. Келген соң үйленді. Жақан от басының жылуына бөленді. Жібі түзу киім киді. Қарны тойып тамақ ішті. Әбділдә інісіне әрі әке, әрі аға болды. Жетімдіктің көлеңкесін түсірмеуге тырысты. Қас-қабағына қарады. Жақан кішкене кезінде алып батырлар секілді жерді ойып жіберердей дүрс-дүрс жүретін. Ибагүл оны сонысына қарап, еркелетіп «герой» деп атады. Герой жеті жылдықты бітірген соң, СПТУ-да оқыды. Тракторист мамандығын алды... Өтіп бара жатқан уақыт... Әбділдәнің ендігі арманы – сол жалғыз інісін аяқтандыру еді... Бұлттан сығалаған айдай бұл тілегі де еміс-еміс елес бергендей. Тойларын жаңа өмір бастайтын болғандықтан нышан ғып жаңа жылға деп уәделескен екен...


Бірақ өкінішке орай, Әбділдә Жақанның тойын көре алмады.


Еділ таң алдында мамасының әлемтапырық ащы даусынан шошып оянды. – Ойбай, сорлап қалдық қой, сорлап қалдық!


Төргі бөлмеде шам самаладай жанып тұр. Тосын жарық. Таң алдында кім бүйтіп жағып қояды. Таң алдында адам тәтті ұйқыда жатуы керек. Еділ тұла бойы дірілдеп, төсектен тұрды. Мамасы бас салып, бауырына қысты.


– Құлыным-ау, тәтеңнен айрылып...


Айрылғаны несі? Еділ суық сөзден көңілі суып кетсе де, бір түрлі аң-таң. Тәтесі биік көпшіктің үстінде тым-тырыс жатыр. Құлағын тас бітеп алғандай. Таң алдындағы ызы-шу, ұлы айқайға елең етпейді. Тірі жан дәл бұлай селт етпей жатуы мүмкін емес. Еділ де мамасына қосыла жылады. Демде көршілер, туған-туысқандар жиналып қалды.


Сыртқа киіз үй мезгілсіз уақытта – қақаған желтоқсанда тігілді. Еділге бұрын киіз үй тігу мереке секілді еді. Мамасына уық алып беріп, шидің, үзік, туырлықтың желбауларын тартысып, зыр жүгіретін... Бұл жолы бір түрлі жек көріп қалды. Киіз үй бұрын тек жақсылыққа, қуанышқа ғана тігіледі деп ойлайтын. Көктемде бой көтерген үй – мереке де, мезгілсіз кезде қарайған үй – жақсылықтың белгісі емес екен. Осыны сезді.


Сөйтіп тәтесі ауырмай-сырқамай дүниеден қайтты. Жүрегі тоқтап қалыпты түнде. «Соғысты, жоқшылық, көп бейнет көрді ғой, жүрегіне жүк түскен ғой» десті ауылдағылар.


Еділ қатты өкінді. Тәтесі мәңгі көз алдында жүре беретіндей көріп еді. Сырласпағанына, сөйлеспегеніне өкінді. Енді бәрі кеш. Тәтесі жүрегінің шуағын сеуіп елеусіз күн кешкен екен. Еділ енді тәтесінің бір-ақ сәттің ішінде заңғар тау, ертегі, аңыз секілді боп кеткенін сезінді. Көкірегіне ащы өксік тығылды. Қазір жанында тәтесі болса, ағыл-тегіл көп нәрсе айтардай. Жасау-жиһазын жиып тастаған үйдей жан дүниесі жаман құлазыды. Тәтесінің мінез-құлқы, ісі, күлгені, ашуланғаны... бәрі-бәрі анталап көз алдында тұрып алды...


Неге екені белгісіз, Еділ ертерек кезде төртінші-бесінші сыныптарда тәтесінің аяғының ақсақтығына қатты намыстанатын, бетінен оты шығып ұялатын. Айналасындағы өзге балалардың әкелерінің бәрінің он екі мүшесі сау. Тек тәтесі ғана ақсақ. Осыған азарланатын. Мамасы тәтең соғысқа барған, батыр болған дейтін. Батыр жараланушы ма еді? Еділ батырларға оқ дарымайды деп ойлайтын. Бірде Еділ көрші үйдің баласымен асыққа таласып, ұрсысып қалды. Бірін-бірі мазақтады. Әлгі бала қыза-қыза, «сенің әкең ақсақ» демесі бар ма?


 


 


Еділ не дерін білмей, көзі боталап үйге келді. Үйде тәтесі бар-ды, болған жәйтті білді. Бір күрсінді де, Еділдің көзінің жасын сүртіп, былай деді: «Балам, жылама, қайта қуан, әкеңнің қан майданнан аман келгеніне, қаншама боздақтарға туған жердің бір уыс топырағы бұйырмады. Мен өз тағдырыма ырзамын. Сол өлім мен өмірдің ортасында жүріп, бүгінгі қызықты көрем деп ойлап па ем. Шүкірлік. Әлгі бала әкең ақсақ десе, түсінбей мазақтап жүрген де. Кейін ұғынады. Бала емес пе. Тыңда, қалай жараланғанымды айтайын. Мен пулеметші едім. Окопта тас бекініп жатырмыз. Алдымыздан жау қаптап келеді. Енепат көп. Қара құрттай қаптайды. Тажал танкілері және бар. Біз де оқты бораттық. Мен пулеметімнен оқ септірдім. Екі жақтан оқ қарша борап тұр. Аспан да, жер де көк түтін. Гүрс-гүрс жарылған мина, снаряд. Адамды адам танымайды. Бір кезде менің окобымның дәл түбіне кеп бір снаряд жарылды... Одан арғысы есімде жоқ. Арада қанша уақыт өткенін білмеймін, әлден мезгілде көзімді ашып алсам, жан-жағым тып-тыныш, тас төбемде аппақ қабырға... Сөйтсем, госпитальда жатыр екем. Қара санымнан қан көп кетіпті. Әлден мезгіл дегенім – екі күн екен. Есім әрең кіріпті. Міне, балам, өлімнің аузына осылай барып қайттым...»


Сонда Еділ көзінің жасын кілт тыйған. Тәтесі әп-сәтте ертегінің жүрек жұтқан батырына айналып кеткендей болды.


Ауылдағы    қарттардың     айтуынша,     егер    марқұм    кісіні    оның    туған-туысқандары, бала-шағалары, құрбы-құрдастары естеріне алып жүретін болса, ол өлмейді, өмір сүреді. Еске алудың осындай сиқырлы күші бар екен. Ол – өмір нәрі, өмір дәрісі секілді. Еділ тәтесін өлімге қиғысы келмеді. Күндіз-түні жадынан шығармады. Енді тәтесіне көрсетер ең үлкен қызметі осы ғана сияқты. Еділ мұндай қызметтен өмір бойы жалықпайды. Сол қастерлі қыз­меттің басталғанын да сезді... Былтыр жазда бес-алты бала түнде бұлақтың басындағы Нұрабайдың бақшасына түсті. Ұрлық қауын әмәнда тәтті ғой. Әбден жеңсіктері басылғанша жеді. Жемегендерін жыңғылдың арасына апарып тықты. Бірақ кім айтқаны беймәлім, Нұрабай біліп қойыпты. Ертеңіне азанда Еділдің мамасына келіп шағынбасы бар ма. Ибагүл қатты ашуланды. Еділді желкесінен бір-екі рет түйіп-түйіп, дүкеннің алдында құрылысшыларға ағаш апара жатқан машинаға мінгізіп жіберді. Қабағын шытып: «Зіңкілдеп асыр салғанша, жұрттың қауынына түскенше әкеңе барып қолғабыс бер», – деді. Тәтесі ауылдан қырық шақырым жерде Мықтыбай деген шопанның қой қорасын жөндеп жатқан-ды. Айтты-бітті. Еділ қарсы ештеңе демеді. Машина Қызылбай базына қарай тартты. Машинаның үстінен баласын – Еділді көргенде Әбділдә таңқалды.


– Балам-ау, неге келдің мұнда? – деді әлдебір жұмбақтың шешуін таппай тұрғандай ойлана.


Шофер жігіт – Мәжібай:


– Әкесін сағынып қалыпты... – деді күліп. Сөйтті де Әбділ­дәнің құлағына сыбырлады. Сол-ақ екен, тәтесінің түсі бұзылып жүре берді.


– Мұның жарамаған екен, балам. Бірақ іле-шала өңі жадырап:


– Бала емес пе, балалық жасаған да, – деді де, емірене Еділдің маңдайынан сипалады. Қатқыл, мүйіз-мүйіз алақаны Еділдің маңдайын жырғылады. Еділ бірақ ауырсынбады.


Кешке Еділді машинаға отырғызып, ауылға қайтарды. Машинаның үстіне көтеріп мінгізіп жатып:


 


 


– Буының бекіп, бұғанаң қатпай, жерден сынық шөп көтерт­кізбеймін. Мен тірі тұрғанда алаңсыз ойна, жұмыс ешқайда қаш­пай­ды, – деді бір түрлі көңілі бұзылғандай кірпігі жыпылықтап.


Міне, сөйткен тәтесі енді жоқ. Бұдан былай басқа өмір бас­талады. Бұрын тәтесі айлап үйдің жүзін көрмейтін. Шөпте бола­ды. Алыс қияндағы қойшылардың қораларын жөндейді. Бірақ өтеніне қайтып оралатын. Бұл жолы қайта оралмады. Бір ай өтті. Екі ай өтті. Еділ өмір-бақи көрмеген талай жат туыстар ат ізін салды. Көңіл айтты. Тек ауылдың сыртындағы төртқұлақтан тәтесі ғана келмеді.


Жаңа жыл Еділдің ең сүйікті мерекесі еді. Жылда керемет дайындалатын. Биыл да сөйткен. Шыршада қоян боп ойнамақшы еді. Мамасы қоянның киімін тіге бастаған-ды. Алайда аяқтамады. Еділді қуанта алмады. Қолы іске бармады. «Ақ қоян» бір құлағы ғана қалқиып кереуеттің астында жатты. Жаңа жыл көңілсіз өтті. Еділге енді бұдан былайғы күндердің бәрі көңілсіз, қызықсыз болып көрінді. Дегенмен, тірі адам тіршілігін істейді. Өлгеннің соңынан өлмек жоқ. Бұл – ауылдағы шалдардың сөзі. Той жөнін­дегі сөз ұмыт бола бастаған болатын. Қазалы үйге қуаныш оғаш. Жөнсіз қуануға болмайды. Ырым осылай. Әйтсе де бір күні түскі шайдың үстінде Ибагүл Жақанға былай деді:


– Жақанжан, қайным болғанмен, қолымда балам секілді өстің. Тәтең сенің қызығыңды аңсап еді, амал не, тағдыр оған жазбады. Жазмыштан озмыш жоқ. Қайсыбір түндері сені ойлап кірпігін ілмейтін. Тойыңа асығатын... Енді бұл үйдегі бас көтерер ер-азамат өзіңсің. Мынау шиеттей бала-шаға. Тәтеңнің жүзі өткесін ана келінді үйге әкеліп түсір. Балалар да бір түрлі жүнжіп кетті. Қайғыға езіліп отыра береміз бе...


Ибагүл көзіне жас алды. Жақан:


– Иба апа (ол жеңеше демейтін), қойыңыз, елден ұят... – деді міңгірлеп. Ибагүл оңың сөзін кілт тыйып тастады.


– Жауабын өзім беремін елге.


Бұл – Әбділдәнің жылы өткен соң қозғалатын әңгіме еді. Бірақ қуаныштың ерте-кеші жоқ деп, Ибагүл асықтырып әкетті. Әрі жаман ойы бұдан әрі ұзай берсе, Жақан өзі жуас, ынжықтау-тұғын, аралары суысып, әлгі уәделескен қыздан айрылып қалар деп қауіптенді.


Ибагүлдің сөзін ауылдағы ағайын-тумалары да мақұлдады.


Қайғының орнын бір қуаныш басатын болды. Еділ осыған алдарқанды. «Жеңгелі болсам-ау» деген талайғы тәтті арманы қайта оянды.


Үй іші Әбділдәнің жүзін берген соң, той қамына кірісті. Той болған күн Еділдің есінде мәңгі жатталып қалды.


Нағыз мереке. Құдды тәтесі тірі жүргендей. Тек шөп шабуға, қойшылардың қорасын жөндеуге аз ғана уақытқа кеткендей, сонда бөгеліп жатқандай. Той тәтесінің қазасын әнтек ұмыттырып жіберген...


Кешке күн ашық болды. ұлыған боран, ұйытқып жауған қар тоқтап, аспан шырадай жанды. Табиғат тамылжып тұрды. Көктен жұлдыздар жамырады. Құрғақ аяз беттен жұмсақ шымшылады. Бәтима кемпір Төлебикені өз қызындай ғып ұзатты. Бар кәде-қауметін жасады. Көше бойымен шұбырған жұрт жарқ-жұрқ күліп, саңқ-саңқ әңгімелесіп, Еділдің үйіне қарай беттеді. Орта­ларында Жақан мен Төлебике. Жақанның үстінде қара костюм-шалбар, Төлебике пальтосының сыртынан ақ фата жамылған. Жағасында пластмасса қызыл гүл. Басында үкілі сәукеле. Өз-өзі­нен күле береді. Еділ Төлебике апайынан, айтпақшы, жеңгесінен көз алмады. Әр қимыл, әр сөз, әр күлкісін бақты. Бұл


 


 


жерде фотограф жоқ еді. Еділ қос жанарымен сол фотографтың қызметін атқарды.


Шеру үйдің алдына келіп тоқтады. Ибагүл әлдене деп күбірлеп, өз-өзінен толқып, Төлебикенің маңдайынан сүйді. Шашу шашылды. Жылтырақ қағазды сан алуан тәтті кәмпиттер қар үстін көмді. Есік алды жосылған аяқ ізі. Балалар апыр-топыр кәмпиттерді теріп алып, жалма-жан ауыздарына салып әлек.


Әлдекім:


– Құтты келін бол, шырағым, – деді. Төлебике сәл қымсынып, басын изеді.


Жұрт у-шу. Даудыр-дәудір сөз, әңгіме. Әзіл-күлкі. Ауыз­дарында тек ақ тілек.


– Табалдырықтан оң аяғыңмен атта! – Отқа май құй!


Бар жақсы рәсім жасалды. Жар-жар айтылды. Сонан соң Жақан мен Төлебике үлкен бөлмеге өтіп, қақ төрге барып отырды. Бұл олардың құрметті орны.


Әне-міне дегенше қой сойылып, қуырдақ қуырылып, бауырсақ пісірілді. Қазан-ошақтың басы әлеке келіншектер.


Жастар кеші басталды...


Еділ шын мәнінде бақытты еді. Құдды өң мен түстің арасында қалқып жүрген секілді. Айта алмайды, тілі жетпейді, не болса да бұл күннің ұзаққа созылуын тіледі. Тәтесінің қазасы мүлдем есінен шықты. Қолды-аяққа тұрмады. Зыр жүгіріп жер түбіндегі бұлақтан су тасыды. Су алып келе жатып талай құлап, талай сүрініп жығылды. Бір рет дәл үйдің түбіне келгенде аяғы тайып кетіп, шалқасынан түспесі бар ма. Есіл еңбегі. Әшейінде мұндайда ашу­ланып, ызаға булығып көз жасына ерік берер еді. Бұл жолы өйтпеді. Тойдың үрметіне қабақ шытпау керек. Жыламады. Қарғып тұрып үсті-басын қаққылап, ауырған жамбасын сипалап, бұлаққа қайта барды. Жүгіріп барды. Ыңылдап ән салды жолда. Еділдің ойынша бұл күні ешқандай ренжуге, қабақ шытуға болмайды. Себебі жылдар бойы күткен тойы ғой. Тәтесі де күткен еді. ғұмыры жетпеді. Тоңбады. Жаурамады. Шолақ пальтосының өңірі ашық жүрді. Құлақшынының құлағын түсірмеді. Екі беті алмадай қызарды. Көз алдында әбден жатталып қалған суреттей ақ көбелек жеңгесі мен ұялшақтау күлімсіреген Жақан ағасы, тас төбесінде төңкерілген айбан тостаған секілді алқара көк аспан, суық жылтыраған шырқау жұлдыздар. Аяқ астында ақ ұлпа қар, ыстық қар.


Бұл күні Еділ жалқауланбады. Қырсықпады. Кегежектеу тіпті ойында да болған жоқ. Еділ суды үзбеді. Бұлақ пен үйдің арасын таптаурын сүрлеу қылды. Бәлкім, бір водовоз су тасыған шығар. Әйтеуір, есебі жоқ. Самаурыннан соң самаурын қойылып жатыр. Ыдыс-аяқ жуылып жатыр.


Сексеуілді де төбе-төбе ғып жарды. Пәттелеп ірісін бөлек, майдасын бөлек жинады.


Ошақ басындағы келіншектер Еділді мақтаумен болды. – Міне, саған ағаң мен жеңгең дән риза.


– Бүгін-ертең шыдасаң, отын-судан мойның біржола босайды.


Иә, ол күн жақын қалды. Бәрінен бұрын Боранбайдың аузына құм құйылатынын ойлағанда, Еділдің құйттай жүрегі тордағы құс секілді тыпырлап-тыпырлап кетті.


Еділдің екі көзі мен екі құлағы төргі бөлмеде. Гу-гу жақсы тілектер айтылып жатыр.


– Бақытты болыңдар!


 


 


– Жұптарың жазылмасын!


– Ата-анаңа мейірімді болыңдар!


Жастар таң ата тарқады. Таң атқанша Еділ де көз шырымын алмады. Тіпті кірпігі ілінер емес. Сәл мызғып кетсе, бар қызықтан құр алақан қалатын тәрізді.


Ертеңіне той болды. Беташарды Санақбай айтты. Беташарға ол Еділдің де атын қосып жіберді. Жұрт мәз.


– Бәрекелде!


– Сөз болғаныңа!


Алдыңғы жағында не дегенін естіген жоқ, тек мына сөзді ғана құлағы шалып қалды:


 


– Ұл болса да қыз еді, Үйді жинай біледі, Су да тасып жүреді,


Қуанды жарыла жүрегі, Қайның Еділге бір сәлем!


 


Төлебике иіліп сәлем қылды. Еділдің төбесі көкке жетті.


Беташардан соң ел келіннің қолынан шай ішуге отырды. Төлебике келін болып алғашқы қызметін бастады. Жұрттың көзі сонда. Сынақ секілді. Еділ қатты қысылды. Жеңгесі сынақтан сүрінбесе екен деп тіледі ішінен. Тек жақсы сөз естігісі келді. Төлебике самаурын қойды. Дастарқан жасады. Шай құйды. Еділ жұрттың қас-қабағын бақты. Бәрінің де көңілі тойған сияқты. Айтқандары кілең жылы сөз.


– Көп жаса, қарағым.


Кеше Төлебике бұлақтан екі қатынап су әкелді. Еділ арқа-басы кеңіп, өзін жеңіл сезінді. Тура ноқтадан босаған тай сияқты. Беталды дөй далаға жүгіріп ала жөнелгісі келеді.


Ақыры арманы орындалды-ау...


Ауылдағы көп балалардың үш аты бар. Біріншісі – туған кезде әке-шешесінің азан шақырып қойған есімі; екіншісі – лақап, мазақ аты, мәселен, «қара шайтан», «тасқара», «қияли» деген секілді; үшіншісі – жеңгелері қойған аттары, «мырза бала», «тентек, бала» деген тәрізді. Ең жақсысы да осы үшінші есім. Жеңгелері бір түрлі еркелетіп шақырады. Жып-жылы. Еділге Төлебике «Ақтөре» деп ат қойды. Еділдің бұған біраз уақытқа дейін құлағы үйрене алмай жүрді. Сосын дағдыланды. «Ақтөре» десе, тура төл есімі секілді жалт қарайтын болды.


Тойдан соң үшінші күні кешке қарай Еділдің басы айналды. Мең-зең. Дел-сал. Ештеңеге зауқы соқпады. Тамаққа тәбеті шаппады. Бірте-бірте тұла бойы өрт болып жанды. Маңдайы лап-лап от. Қол-аяғы ісіп, балық ауыз қызыл бүртік бірдеңелер қаптап кетті. Төсектен басын көтермеді. Ибагүл әлденеден ұшынған болар деп ойлады. Қалың киіндіріп, қолынан жетелеп сыртқа шығарып, қызарып батып бара жатқан күнге қаратып, жерұшық жасады. Бір еңкейтті, бір тұрғызды. Еділ мамасының айтқанын әлденеше рет қайталады.


– Бәле-жала, ауру-сырқау батқан күнмен бірге кет! Ұшық-ұшық!


Еділ әлсіз, отсыз жанарымен айналаға қарады. Оған бір түрлі ауыл да, дала да, адамдар да өзі секілді ауру болып көрінді. Бәрі бейжай, селқос. Сылбыр, созалаңдаған, шұбалаңдаған әлденелер. Қызық. Әлде дала өзгерген бе? Сол баяғы ауыл емес пе? Көше бойындағы түп-түзу бағаналар өз-өзінен жылан


 


 


құсап ирелеңдеп кетеді. Еділ түсінбеді. Түсінейін, ұғынайын деп сәл күшін жинап еді, басы одан әрі зеңіді.


Бірақ жер ұшықтан пайда болмады. Еділ түнімен сандырақтап шықты, Бір сөзі екіншісіне бірікпеді, үзік-үзік.. Мама...тәте... Жақан аға... жеңеше... Боранбай... Көзінің алды қызыл-жасыл сәуле. Мамасы бір елі жанынан кетпеді. Ауық-ауық кеберсіген ерніне су тамызды. Бетіне ыстығын қайтару үшін сулы шүберек басты. Еділ ондайда сәл тыншиды да, сосын және сандырақтайды, төсекте әрі-бері дөңбекшиді, тек таңға жақын түс аралас бір сәт кірпік ілді. Онда да ұзаққа бармады, айқайлап шошып оянды. Түсінде маймылды көрді. Кәдімгі тірі маймыл. Күлгені не қылжақ қылғаны, я бірдеңе деп сөйлегені белгісіз, әлгі маймыл Еділ жатқан бөлменің көше жақ бетіндегі терезесінің қырауын қып-қызыл тілімен жалап, қос алақаны мен танауын көрсетіп тұр...


– Мама, маймыл...


– Қайдағы, маймыл?!


– Маймыл... Шын айтам...


Еділ мойнын бұрып, терезеге қарады. Гүлді көк пердені көрді. Сөйтті де төсекке сылқ құлады.


Көршілер Еділдің сырқатын неше саққа жорыды. Бірі көз ти­ген деді. Екіншісінің ойынша, суық шалған. Мамасының айты­сы – жағымсыз бір тамақтан ұшынған. Ол Еділдің не жеп, не ішкенін түгендеп шықты.


– Алдыңғы күні не жедің? Еділ есіне түсірді.


– Күріш. Бауырсақ... – Сосын?


– Тағы да бауырсақ... Кәмпит... – Және?


– Сүт көже.


Бәрі де кәдімгі күнделікті тамақтар. Тұрып қалған, иістенген ештеңені аузына алмаған.


Ертеңіне шопандарды аралап кеткен фельдшер ауылға оралды. Бірден ешқайда бас бұрмай, Еділге келді. Еділдің денесіндегі шүпірлеген қызыл бүртіктерді көріп, ұзақ ойланды.


– Апыр-ай, ә!


О жер, бұ жерін ұстады. Кеудесін тыңдады. Оң, сол бүйірін қолымен басты. Сол сәт Еділ ыңқылдап қоя берді.


– Ы-ы-ы.


– Қатты ауыра ма? – Иә.


– Қалай ауырады? – Түйіледі.


– Әсіресе қай бүйірің? – Оң.


Фельдшер Еділдің қарнына сол алақанын қойып, сыртынан дік-дік шерткіледі.


– Ауыра ма? – Иә.


– Түсінікті. Соқырішек. Аппендицит. Қалаға апару керек. Операция жасамаса болмайды.


Мейлі, айға, мейлі жылға созылсын, үйде ауырып жатқаны жақсы еді. Қала дегесін, Еділ бір түрлі болып кетті. Сырт жер. Бейтаныс жер. Үлкен қаланы


 


 


көру Еділдің және бір арманы еді. Көкпен таласқан зәулім үйлер. Хайуанаттар паркі. Автобус. Троллейбустар. Әсіресе балмұздағын айтсаңшы. Саяхаттап, қыдырып барғанға не жетсін. Онда әсері де бөлек қой. Сол қалаға жолы түскелі тұр. Бірақ басқаша жағдайда. Амалсыз. Ауырып... Еділ қалаға бармай жатып, ауылды сағынатынын ойлады. Шіркін, үйде ауырғанға ештеңе жетпейді ғой. Ол да бір дәрі, ең шипалы дәрі. Міне, сырқаттанғалы мамасы қасында өбектеп жүр. Айналып-толғанады. Шығарға жаны жоқ. Төлебике жеңгесі «Ақтөре», «Ақтөре» деп әлек. Сүйген тамағын әкеледі. Сүт көже, үзбен, салма нан, ет – бәрі-бәрі әзір. Жемей қарны тоқ. Жақан ағасы да қайта-қайта келіп хал-жағдайын сұрайды. Күнде үйді бастарына көтеріп, айқай-шу, ат-көпір қылатын інілері де тып-тыныш. Мазаламайды. Үйден шыбынның ызыңы ғана естіледі. Мана достары келіп кетті. Көршілер. Туған-туысқандар. Қандай жақсы. Бәрінің көңілі үшін Еділ демде сауығып-ақ кеткісі келеді. Бірақ сырқат оның бұл ішкі сырын түсінетін емес.


Фельдшер рация арқылы ауданнан санитарлық ұшақ шақыртты. Аспан ашық еді. Түстен кейін кішкентай «АН–2» ұшағы Еділді аудан орталығына қарай алып ұшты. Қасында мамасы. Еділ ұшақтың оймақтай дөңгелек терезесінен қар үстінде қарайған ауыл тамдарына ұзақ тесілді. Жанары талғанша, көзден ғайып болғанша қарады.


Аудандағы дәрігерлер Еділді қайта тексерді. Рентгенге түсірді. Фельдшер диагнозын дұрыс таппапты. Бұлардың айтуынша, суық тиген. Анау-мынау емес, суық кәдімгідей қатты тиген. Ревматизмге шалдыққан. Әлдебір қажет дәрі, құралдардың жоқтығына байланысты, олар енді Еділді облыс орталығына жөнелтті. Мамасы екеуі кешке пойызға отырып, облыстық ауруханаға түн ортасында жетті...


Толық денелі, жалтыраған көзәйнекті кезекші дәрігер әйел жолдаманы оқып, әлдебір қағаздарды толтыра бастады.


– Атың кім? – Еділ.


– Пәмиләң? – Әбділдаев.


– Нешіншіде оқисың? – Жетіншіде.


– Солай де. Ревматизм. Суық тиген. Әй, баламысың деген, сірә, қыста жеңіл-желпі киініп, далада ұзақ ойнағансың-ау. – Ибагүлге қарады. – Сіздің қадағалауыңыз керек еді ғой. Еркіне жіберсеңіз, бала не істемейді...


Ибагүл тамағын жұтынды.


– Шырағым, мұның бала болып ойынға онша әуестігі жоқ, жұрттың баласы құсап есі кетіп далада қаңғымайды. Көбіне үйде кітап оқиды. Мінезі ауыр. Тұйық. Бір кәкір болса, мынадан ба деп ойлаймын: жақында қайным, Жақанжанды айтам, келін түсіріп еді, отағасымыз дүниеден қайтқалы бері қайғыдан езіліп кетіп едік, қуаныш қой, сонда бұл бала тойында зыр қағып, күні-түні сонау жер түбіндегі бұлақтан су тасып еді, абыр-сабырмен мен де тарс есімнен шығарыппын, бұл да өзінің жағдайын ойламаған. Күн суық, аяз, сонда суық тимесе...


Кезекші дәрігер әйелдің сұсты өңі бір түрлі жылығандай болды. Жалтыраған көзәйнегін алып, үстелдің үстіне қойды.


– О, онда бұл әдемі ауру болды ғой. Ибагүл оның сөзіне түсінбей қалды.


 


 


– Аурудың жақсы-жаманы бола ма? Әсілі, ауырма. Ал ауырса, кім де болса мехнат шегеді ғой...


– Сонда да. Көп жұрт ауруды қолдан жасайды. Өздерін-өздері аямайды. Қыста жалаң бас, жеңіл-желпі жүреді. Жақпайтын тамақтарды ішеді. Ал бұл бала ағасы мен жеңгесінің тойында қызмет керсетіпті. Сонда суық тигізген. Әйтеуір, жақсы ниеттен тапқан ауру...


– Иә, ол сөзіңнің жаны бар.


Еділ үстіне аурухананың олпы-солпы сары помази көйлек-шалбарын киді. Нағыз науқас адамға ұқсады. Қарсы алдындағы айнадан түрін көріп, өзін-өзі аяп кетті. Мамасы ерні дірілдеп, кемсеңдеді. Еділдің де көңілі бұзылды. Білдіртпес үшін теріс айналды. Дәрігер әйел орнынан тұрды.


– Оу, не болды апасы? Балаңыз ертең-ақ құлындай ойнап құлдыраңдап шыға келеді. Ал енді сіздің кете беруіңізге болады. Бұл жерде таныс кісілеріңіз бар ма еді?


– Бар ғой, бар. Бірақ қазір жеті түнде кімнің есігін қағып жүрем, беймезгіл шақ. Таң атқанша осы арада отыра тұрайын.


– Жарайды. Өзіңіз біліңіз.


Дәрігер кетуге оқталды. Ибагүл қасына жақындай түсті.


– Шырағым, сіңілім екенсің, Еділжан өзі үргедектеу еді, мүмкін болса, ине салмай-ақ койсаңдар етті. Тәтті дәрі-дәрмектеріңді көбірек берсең...


Дәрігер әйелдің ішек-сілесі қатты.


– Апасы, қызықсыз-ау. Тәтті дәріні де, витаминді де береміз. Бірақ ине де салу керек. Онсыз болмайды. Еділ инеден қорқады дегеніңізге сенбеймін. Еділ, солай емес пе?


Еділдің екі беті ду қызарды. Осал жері. Былтыр ауданнан мектепке арнайы дәрігерлер келіп тұмауға, тағы бір ауруларға қарсы бір-екі рет балалардың қарынан дәрі еккен-ді. Сонда Еділ алдын ала біліп қойып, қашып кеткен болатын. Мына дәрігер апай бір түрлі соны сезген бе екен... Еділ қатты ұялды. Дегенмен батылданып:


– Мама, мені бала көресің бе? – деді. Ибагүл аң-таң.


– Әй, сен бала емей несің енді?


Мына жақтан дәрігер әйел қапталдасты. – Кәне, қорқады дегеніңіз?


Ибагүл күмілжіді. – Қайдан білейін...


Еділ үшінші қабаттағы № 17 палатаға орналасты. Палатаның үлкен терезесі көше бетке қарайды екен. Еділ терезеге үңілді. Түн­гі қала жанарында ертегілерде айтылатындай қырық құбылды. Кө­ше бойы сапқа тұрған солдаттардай қаз-қатар тізілген бағаналар. Бағана бастарындағы саңырауқұлақ шамдар түнгі қалаға самала жарық төгіп тұр. Қала тыныш. Ұйқыда. Тек тұнық сүт ауаны мазалап, оқтын-оқтын от ала қашып бара жатқандай, әлдебір машиналар зымырайды. Ұйқысы қашқан кісілердей сонадайдағы әлдебір үйлердің терезелерінен әлі жарық өшпеген. Бірінің сәулесі көгілдір, екіншісінікі қызғылт, үшіншісі сарғыш. Ауылда жаңа жыл кешінде ғана болатын қызықтар. Үлкен қаланың түнгі суреті осындай болса, күндізі тіпті ғажайып шығар...


Еділ сосын іште жатқандарға көз қиығын салды, олар оған науқастар емес, саяхатшылар секілді боп көрінді.


Ертеңіне Ибагүл ауылға қайтты. «Бір айдың шамасында соғамын» деді.


 


 


Еділ бірте-бірте аурухананың өміріне де үйренді. Күнде неше түрлі дәрі ішеді. Екі мезгіл ине салады. Бір күн бір күнге ұқсас. Күн­дегі нәрсе қайталанады да тұрады. Уақыт өтпейді. Еділ бір сырқаттан айығып, екінші бір сырқатқа шалдыққан сияқты. Ол – сағыныш. Есіл-дерті ауыл. Ауылда жүргенде айдала, құм, жәпірейген жаман тамдар деп босқа мұрнын шүйіреді екен. Қазір әбден қадірі артты. Сол ауылдың жаман тамдарын көруге зар. Туған жер дегеннің де не екенін еміс-еміс сезінгендей... Бір рет қиялымен ауылға сапар шекті. Құсқа айналды. Қолы, аяғы – қауырсынды қанат. Тек басы ғана өзгерген жоқ. Күн желсіз, тымық екен дейді. Аспан бұлтсыз. Палатаның қаусырмалы терезесін ашып, жан-жағына қарап алды да, қанатын жеңіл қағып-қағып жіберіп, қалықтап ұша жөнелді. Ауылдың қай бағытта екенін анық білмейтін-ді. Қайдан біледі, өткенде қалаға түнде келді ғой. Жолды көрген жоқ. Дегенмен саспады. Қаладан едәуір ұзап шыққасын, сірә, жылқышы боларсың деп, басында тымағы, үстінде түйе жүн шекпені бар бір қарттан жөн сұрады. Қарт өңім бе, түсім бе дегендей біраз таңданды да, адамды құс секілді аспанда қалықтап ұшады деп кім ойлаған, Еділге туған ауылының – Сарыбұлақтың бағытын сілтеді. «Бала, тура ұша бер, алдан аздан соң темір жол кездеседі. Соны жағала да отыр, сосын Байқожа стансасының тұсынан солға бұрыл, дариядан өткесін, үлкен қара жол шығады алдыңнан, соның бойымен ұша бер, дәл аулыңның үстінен құлайсың», – деді ол ежіктеп түсіндіріп. «Рақмет, ата!» Қарт айран-асыр. Құс дейін десе, адамша сөйлеп тұр. Еділ ұша берді, ұша берді. Тым әуелемеді. Себебі өте биікке көтерілсе, шырқау аспаннан көзі шалмай қалып, Сарыбұлақтан өтіп кетуі мүмкін ғой. Жер беті дегенің әуеден қызық болып көрінеді екен. Көлдер оймақтай. Үйлер шырпының қорабындай. Өзендер шұбатылған жіңішке жіп секілді. Талай ауылдың үстінен қалықтап өтті. Көргендер жағаларын ұстады. Қайран қалды. Адамдар түгілі, жолай кездескен құстардың өзі таң-тамаша. Еділдің жанына келіп өз тілдерінде бірдеңе дейді. Шиқ-шиқ! Шыр-шыр! Қайта-қайта әлдене деп сұрайды. Еділдің шамалауынша, сірә, сен кімсің, қандай құссың, қайда бара жатырсың дегені болар. Еділ шырылдаған торғай, шықылықтаған құс атаулының бәріне былай деді: «Мен Еділ деген баламын. Ауылды сағынғаннан құсқа айналып кеттім. Сарыбұлаққа ұшып бара жатырмын. Мен сендер бұрын-соңды көрмеген жаңа құспын. Егер маған ат қойғыларың келсе, Сағыныш деп қойыңдар. Солай, «достар!». Олар түсінді ме, түсінбеді ме, кім білсін...


Бір рет Еділ қалың бұлттың арасына кіріп кетті. Әбден састы. Денесі ауырлап, қос қанаты суға малшынды. Кескен томардай топ етіп жерге құлап түсуі әбден мүмкін еді, әйтеуір, әлгі бұлтты қайырымды бір жел алдына салып айдап әкетті. Еділ қанатын кептіру үшін күннің көзіне қарай біраз әуеледі. Қанаты құрғады. Бір рет көктен көзі талып, мынау қай жер деп, бір ауылдың үстіне таман төмендеп еді, зәре-құтының ұшқаны. Тым төмендеуге болмайды екен. Әлгі ауылда Боранбай секілді ұрынарға қара таппай жүрген сотанақ балалар бар екен, көйлегінің өңірі атал-сатал ұзынтұра біреуі жұдырықтай кесекті бұған қарай жіберіп кеп қалғаны бар емес пе. Абырой болғанда, шекесіне қаға тиді. Дәл тигенде оңдырмайтын. Сонда да шекесі дызылдап қоя берді. Еділ қанат-қолымен басын сипалай берем дегенде, әнтек ауып, құлап қала жаздады. Не керек, қойшы, әлгі жылқышы қарттың сілтеген бағытымен ұшып отырып, аспанда небір қызық-шыжықты көріп, ақыры, өзінің сүйікті Сарыбұлағына да жетті-ау. Балалар үзілісте жүр екен, мектептің үстін екі рет айналып ұшты. Олар көре сала шулап қоя берді.


– Ей, мынау не ғажап?!


 


 


– Самұрық құс па?


– Жоқ, Еділге ұқсайды, басына қараңдаршы! – Сонда ол құс болып кеткені ме?


– Қалада ауруханада жатқан жоқ па еді? Жамыраған сұрақ...


Еділ: «Мен Еділмін ғой!» – деп еді, қырсыққанда сөзі сөз емес, құстың шиқылы боп шықты. Ызасы мұндай келмесін. Достарына адамша бір тіл қата алмағанына өкінді. Шынымен құсқа айнала бастағаны ма?


Мектептің үстінде бұдан әрі бөгелмеді. Үйіне қарай ұшты. Мұның жердегі көлеңкесін басып, балалар да соңынан жүгірді. Еділ кептер құсап шатырға қонды. Сырттағы у-шуды естіп үйден мамасы, Төлебике жеңгесі, Жақан ағасы, інілері – бәрі атып-атып шықты. Балалар қолдарымен шатырды нұсқап жатыр.


– Еділ қонып отыр! – Әне, Еділ!


Мамасының есі кетті.


– Ойбай-ау, Еділі несі, шатырда отырғаны қалай, үйге кірмей ме?! – Кірмейді. Ол – құс қой.


Мамасы көзіне күн салып шатырға қарады. – Еділжан!


– Мама! – Әлгіндегідей емес, Еділ адамша сөйледі. Бұған өзі қатты қуанды. – А құдай, аман-есен келдің бе? Сырқатыңнан айықтың ба?


– Айықтым. Міне, айыққаным сондай, құс болып ұшып келіп тұрмын. Еділ кенет:


– Ақтөре! Ақтөре! – деген дауысты естіді. Дауыс – әннің бір әуені секілді. Жалт қарады. Төлебике жеңгесі екен.


– Жеңеше! Жеңеше!


Тәп-тәтті керемет түс еді-ау, осы сәтте медбике қыз келіп, иығынан жұлқылап, уколға шақырғаны. Көзін қайта жұмған-ды... Қайтадан әлгі түсін ізіне түсіп індетіп, одан әрі жалғастырмақшы болған... Сорабын таба алмай қалды... Еділ жылап жібере жаздады.


Медбике қызға көзінен оқ ата қарады.


х, өмірде бір-ақ рет болатын түс еді-ау.


Ауылды жақсы көру үшін алыс кетіп, сағыну керек екен. Еділ күнде палатаның терезесінен телміріп далаға қарайды. Дала қайда, мұнда бәрі көше. Көзіне кілең көп қабатты тас үйлер көрінеді. Ағылған машиналар. Әлдеқайда асығып бара жатқан адамдар. Ал ауылда бәрі басқаша. Есіктің аузынан-ақ дала басталады. Жа­нарың көкжиекке сүңгіп, армансыз сайран салады. Құм төбе­лерді, сексеуіл тоғайларын көреді. Маң-маң басқан аруаналар, шапқылаған тайлар. Жуас есектер. Анау-мынауға шыбын ызыңдаған құрлы елең етпейтін көпектер. Әсіресе қызыл қыш моншаның түбіндегі бұлақты айтсаңшы. Ауылдың               базары.        Басынан                     адам         арылмайды.          Бірін-бірі         іздеген         жұрт шұрқырасып сол жерден табысады. Құм ішіндегі жалғыз бұлақ. Сол себепті де ол кәделі. Қорықшысы бар. Қорықшысы – Бермағамбет. Өкімет қоймаған. Өз еркімен күзетеді. Жазда моншаның көлеңкесінде насыбайын атып, ыңылдап әнін айтып, бұлақтан көз алмай отырады. Бұлақтың басында ешкімге кір жудырмайды. Балаларға бей-берекет су шашып ойнатқызбайды. Судың дөй далаға жырылып кетпеуін қадағалайды. Бар кәсібі осы. Сосын жұмыс істегендей,     кешке     шаршап                     үйіне     қайтады.     Еділ        оны     ауылда     еркін ойнатқызбайды деп бір түрлі іштей жек көретін, қазір сол Бермағамбеттің ащы айқайын да сағынды. Тіпті сотқар Боранбайдың өзі де ыстық боп кетті...


 


 


Көкірегіндегі осы сырлардың бәрін айтпаққа оқталып, бірде хат жазды. «Сәлематсыз ба, мама, – деп бастады. – Ауылда не жаңа­лықтар бар? Жиеней, Талғаттар асыр салып жүр ме? Жақан ағам мен Төлебике жеңгем қалай? Жеңешем менің орнымды жоқтатпай ма? (Ішінен мырс күлді). Бәріңді де сағындым, менен хабар білмек болсаңдар, жағдайым жақсы. Жазылып қалдым. Үстімдегі қызыл бүртіктер кетті. Жақында шығып қалармын...» Көңілі сайрап тұрған секілді еді. Бірақ төгілтіп ештеңе жаза алмады.


Қаламсабын тістелеп, «Сәлеммен, балаң Еділ» деп нүкте қойды. Конверттің сыртына «Аттай шап, адаспай тап!» деп айқайлатып белгі соқты.


Наурыздың аяғында мамасы келді. Өткенде хатқа сыйғыза алмаған сөздердің сырын Еділ оған бір тамшы көз жасымен білдірді. Мамасы құшағына қысты.


– Шамалы шыда, әлгінде дәрігермен сөйлестім, он бес күннің о жақ, бұ жағында шығаратын түрі бар. Мен енді жер түбінен қайта-қайта келе алмаймын, ауылда мың сан шаруа бар. Дүкенге ауданнан мінгізіп жібереді. Ауданда Жақсыгүл апаңа тапсырып кетемін. Қорықпа. Ұшақпен ұшып жетесің. Өзің де дәу жігіт емессің бе, адаспассың, – деді.


Мамасы бір сөмке ғып әкелген алма, өрік, кәмпит, пешенейлерін Еділдің қолына ұстатты. Еділ мамасын көзімен ұзатып салды.


Мамасы айтқан санаулы күндер өте шықты. Соңғы күн. Еділ­дің жүрегі лүп-лүп соқты. Көңілі алып ұшты. Күнұзаққа тордағы күшіктей тыпыршумен болды. Оның бұл көңіл күйін палатадағылар жақсы түсінді.


– Міне, бір жарым ай көзді ашып-жұмғанша өте шыққаны, ә. – Баланың ауыруы да тез, сауығуы да тез ғой.


– Жақсы бір істің жолында ауырған кісі жылдам жазылады дейді. – Иә, солай! Көңілі таза. Жаман пиғылы жоқ.


Олар өзара осылай десті.


Еділ сарылып бір жарым ай жатқанына еш өкінбеді. Аурухана оны ең бастысы, ауылды сағыну өнеріне үйретті. Өзі тетелес құрбылары әлі мұндай сезімді білмейді. Көбі ауылдан аттап шықпайды. Еділ өзін бір түрлі есейіп кеткендей сезінді.


Ертеңіне мамасының айтуынша, Қайырбекті көп күтті. Түс болды. Түс ауды. Әлі жоқ. Келмесе келмесін, оны Еділ іштей онша жақсы көрмейтін. Бұған себеп мына жәйт еді: Қайырбек – ауылдағы сиыршы Садық шалдың жалғыз ұлы. Елдің айтуынша, Садық оны үлде мен бүлдеге бөлеп өсірген. Бетіне жел боп тимеген. Қанаттыға        қақтырмаған,          тұмсықтыға                   шоқыттырмаған.     Аялап-әлпештеген. Бар айтқанын істеген. Ауылда жұрттың баласы жалаң аяқ, жалаң бас шапқылап, ақ таяқты ат қылып ойнап жүрген кезде, ол елден ерек велосипед тепкен. Садық шал велосипедті әлдекім арқылы сонау Алматының өзінен алдырған. Қаз тұрғанына да, тәй басқанына да, күлгеніне де, былдырлап сөйлегеніне де атап-атап кәделеп той жасаған. Мектепке барғанда ұлан-асыр ат шаптырған, бас бәйгеге түйе тіккен. Әйтеуір, елде жоқ нәрсе Қайырбекте болған. Бесінші сыныпта-ақ мотоцикл айдаған. Тоғызыншы сыныпта жеңіл машина алып берген... Бірақ не керек, Қайырбек әкесінің осыншалық өлшеусіз қамқорлығын                   түсінбепті.     Мектепті     де     қашып-пысып шала     бітірген. Қарша­дайынан ішімдікке әуес болып, шылым тартқан. Қысқасы, бұзық болған. Әкесін жасына жеткізбей қартайтқан. Сөйтіп жүріп, әскерге барып келген. Онда да ақыл қонбаған, түзелмеген. Әскер­ден келген соң, қолын қалтасына салып, салаңдап даласуанданып бір жыл жүрген де, кейін оқимын деп сылтауратып, қалаға кеткен. Содан ізім-ғайым жоғалған. Ауылға ат ізін салмаған. Хат-хабар жазбаған. Сол қалада үйленген. Келіншегінің аты Бибайша көрінеді. Садық


 


 


шалдың арманы келін жұмсау, немере сүю еді, оған бұл қуанышын да сыйламады. Ауылға келмеді. Садық шал: «Қайырбек, Қайырбек!» – деп былтыр жазда қылтамақтан қайтыс болды. Қайырбек сөйткен әкесінің басына құлпытас та қоймады. Еділдің мұндай тасбауыр адамның бетін көргісі жоқ. «Ол біздің ауылдың адамы емес шығар, – деп ойлады. – Мүмкін емес. Біздің ауыл... Ондағы жұрттың бәрі қайырымды. Қуанышы да, қайғысы да ортақ. Қай кезде де бір-біріне қол ұшын береді...» Әрі құс көңіліне салса, ауылды өзі-ақ көзін жұмып таба алатындай әсерде. Анау дала төсіндегі қым-қиғаш шимай жол, сүрлеулердің бәрі де Сарыбұлаққа – барып тірелетін секілді. Қайсысына түссе де адасам-ау деген ой қаперіне кірмейді. Тіпті болмаса, ұялып қажеті қанша, жолыққан жұрттан жөн сұрайды. Әуелі автобуспен вокзалға барады. Сосын вокзалдан аудан орталығына қарай жүретін пойызды біледі. Одан әрі оп-оңай. «АН–2» ұшағына отырады да, ауылдың тас төбесінен түседі. Еділ әнтек тәтті қиялға беріліп кетті. Құдды тап қазір ауылға жетіп баратындай жалма-жан орнынан атып тұрды. Кереуеті сықыр-сықыр ете қалды. Тек қазір дәрігердің алдында балалық жасамауы керек. Өзін ауыл мен қаланың арасында талай-талай жүрген әккі жолаушы секілді етіп көрсетуі тиіс. Иә, солай.          болмаса, еңіз-теңіз жылайды. Дәрігер сосын өзі-ақ жібереді. Әрине, оның беті аулақ. Жылап-еңіремей тып-тыныш кеткені жөн. Ертең естісе елден ұят қой.


Шынында да бекер қауіптенбеген екен. Дәрігер – мосқал ер кісі Еділді сотша тергеді.


– Ауылыңды тауып бара аласың ба? Еділ батылданды, қуақыланды.


– Әрине, табам. Екі арамен бұрын сан мәрте жүргем.


– Е, онда дұрыс. Қайсыбір ауылдың балалары сыртқа аттап шықпайды ғой, адасып кетеді. Сенің жөнің бөлек екен. Ал жолға тиын-тебенің бар ма?


– Бар.


Мамасы өткенде жиырма бес сом тастап кеткен еді. Ол әлі мұрты бұзылған жоқ. Еділ кәмпит, пешеней алып жемеді. Жолына артылып жығылады. Еркін жетеді. Не де болса, тезірек кетсе екен дәрігердің алдынан. Бір жерден ши шықпай тұрғанда...


– Жарайды, ендеше. Мамаңа сәлем айт. Жылы киініп жүр. Күтін. Ауылыңдағы фельдшерге көрініп тұр.


– Жақсы, аға.


Дәрігер Еділдің қолын қысты. Алақаны сұп-суық екен. Еділ дереу үстіндегі аурухананың сары помази көйлек-шалбарын шешті. Қатты асықты. Өз киімін киді. Жарасып тұр. Құдды ескі досымен табысқандай. Есіктің алдына шығып, үш қабатты аурухана үйіне бұрылып бір қарады.


– Рақмет! – деді күбірлеп.


Рақметті кімге айтқаны белгісіз, аурухана үйіне ме? Әлде ондағы ақ емші дәрігерлерге ме? Әйтеуір, ризашылық сезім, қуанышты сезім. Сөйтті де үлкен көшеге түсті.


Еділ қалаға келгенде ақ қырау қыс еді. Енді көктем. Көше бойындағы талдар бүршік жарған. Күн сәл ысып, жаңбыр жауып берсе, әлгі бүршіктер от тұтатқандай лап етіп жапырақ жайғалы тұр. Арықтарда ауырлау, сылбыр сылдырап аққан су. Айнала көктем иісі. Ауылдағыдай көп болмағанымен, бірлі-жарым торғайлар ұшып-қонады.


Күн кешке ауған шақ. Еділдің дәрігердің алдындағы манағы батылдығы бір түрлі су сепкендей басылды. Қаланың аты – қала. Еділ өзінің іштей әлденеге жасқаншақтай беретінін сезді. Қала мен ауылдың арасын жол қылдым деді-ау


 


 


әлгінде. Өтіріктің құйрығы бір тұтам. Еділ бір түрлі қобалжиын деді. Пошымы – «Ауылдың баласы! Ауылдың баласы!» – деп айқайлап тұрғандай. Жұртқа қарайды, бәрі еркін: туған үйлерінде жүргендей, аяқтарын нық, батыл басады. Бір-бірімен емен-жарқын сөйлеседі. Жарқ-жұрқ күліседі. Ал мұның сыртқы түрі қала өміріне үш қайнаса сорпасы қосылмайтын секілді. Ұялшақ. Жасқаншақ. Өзгелер шетінен жұлқынып тұр, кілең пысық. Еділ Қайырбекті күтпей, ерте шығып кеткеніне әнтек өкініп қалды. Дегенмен, тәуекел. Шешінген судан тайынбас. Үлкен көшенің бұрылысында жан-жағына жалтақ-жалтақ қарап тұрды да, киімі олпы-солпылау, жуастау, иманжүзді бір кісіден жөн сұрады.


– Аға, вокзалға қалай баруға болады?


Жүрісі шабан болғанмен, әлгі кісінің шаруасы асығыс екен, жүре жауап берді.


– Ана жерден бірінші автобусқа мін, тура апарады, соңғы аялдама – вокзал. – Рақмет.


Уһ, не де болса ауылға қарай бір қадам жасалды.


Құмырсқа бел ұзын сары автобус вокзалға әкелді. Вокзалдың басы ығы-жығы адам. Бүкіл қала көшіп жатқандай. Қаптаған сөмке, иін тірескен шабадан. Екі кісі бойы келетін дәу ағаш есік шалқасынан ашық, жұртты тойымсыз жұтып жатыр. Еділ де сүңгіп кетті, жоқ іздеген кісіше вокзалдың ішін біраз аралап, бір уақытта             көше           жақ        беттегі            қабырғаны                   толайым          алған       жолаушылар пойыздарының қозғалысы жазылған үлкен ақ тақтаның алдына келіп тұрды. Шынында да тақтаның көлеміне орай пойыздар да көп жазылған екен. Көз сүрінеді. Бірақ ауылға қарай жүретіні қай­сысы? Әлде бәрі ауылға бара ма? Еділ биік қабырғадағы жы­пыр­лаған жазуларға үңіліп, едәуір уақытын өткізді. Әлдебір жұмбақтың шешімін таба алмай тұрғандай. Бір кезде әлдекім шап беріп білегінен ұстады. Еділдің жүрегі су ете қалды. «Көлигән». Басына бірден осындай ой келді. Бұлай ойламай қайтеді, ауылда қала жайлы алып-қашпа сөз көп. Қала толған ұры-қары, бұзықтар, көлигәндар дейді. Адам тонайды. Бермесіңді тартып алады. Ұрып кетеді, олар әсіресе ауылдан келген аузы ашық аңқауларды бірден таниды...


Еділ білегінен шап беріп ұстаған адамға жалт қарады. – Сен Еділ емессің бе?


Еділ аң-таң. Бұл кім? – Иә, Еділмін...


– Ой, тентек, мен Қайырбек ағаңмын ғой. Неғып күтпедің? Апам әнеукүні қатты тапсырып кеткен. Жаңа гаражда шыр айналып, кідіріп қалғаным. Содан жұлдыздай ағып ауруханаға барсам – жоқсың. Ал содан осылай қарай зымырайын. Бағдар­шамға да қарамадым, ойпырай, жаман қорыққаным-ай! Кәне, жүр үйге. Пойызға әлі біраз уақыт бар. Кешке өзім мінгізіп саламын.


Қайырбек басын шайқап, өз-өзінен әлденеге таңданып, Еділді аяғын жер иіскетпей, дедектетіп сыртқа қарай жетеледі. Өзі бой-бой терлеген. Маңдайына түскен шашы тарам-тарам.


Еділдің Қайырбекті бірінші рет көруі. Түріне бажайлай қарады. Сом қара. Шашы сұйық. Бадырақ көз. Байқамаған кісі ашуланып тұр ма деп қалады. Бірақ неге екені белгісіз, беті суық­тау көзіне бағынбағандай өзінше күлімсіреп тұрады екен. Қызық. Қайырбек жайындағы көкірегіндегі жаман пікірі қайта бас көтеріп, әрі-бері тартыншақтап еді, болмады. Қолы әлеуетті. Еділ жел қуған желкендей аяғын аннан-мыннан бір басып келеді. Таксист екен, Еділді аспан көк таксиіне әкеліп отырғызды. Жол бойы салдырлап сөйлеумен болды.


 


 


– Баяғыда жалаң аяқ, жалаң бас жүгіріп жүрген бала едің, міне, енді әп-әйдік жігіт болыпсың. Мені білмейтін шығарсың (осы арада Еділ оның сөзін бөліп, кекетіп неге білмейін, «атақты» Қайырбек емессіз бе дей жаздады), сол ауылдан – Сарбұлақ­танмын. Ауылдан ертерек кеттік. Қазір осындамыз. Бәрін қойшы, әуре-сарсаңға түспей, сені тез тауып алғаныма қуанып келе жатырмын. Абыройым бар екен, әлдеқалай адасып кетсең... Масқара. Ертең Ибагүл апам ренжиді ғой. Әдейі тапсырғанында. Әй, дәу де болса осы сен боларсың деп ойлап ем. Жаңылыспаппын. Дәл тауыппын. Сонша неге асықтың? – Еділ үндемеді. – Ауылды сағындың ба? – Еділ бұл жолы да ештеңе демеді. Қайырбек те шұқшимады, сұрағына жауап күтпейтін тәрізді. Несін сұрайды. Бәрі түсінікті емес пе. Қалада екі айға жуық ауруханада жатты ғой. Сосын шығарда бір минут тұра ма. – Қызық сені таба алмағанымда болатын еді. Дардай басыммен апама ертең не уәж айтамын. Ұяттан өлемін ғой, әдейі тапсырған кезінде. Қарның ашты ма? Қазір үйге жетеміз. Тыңқиып тойып ал.


Қайдан жүріп, қайдан келгені беймәлім, әлден       уақытта Қайырбек машинасын кішкентай бір тар көшедегі қызыл дарбазалы үйдің алдына әкеліп тоқтатты.


– Міне, үйге де келдік.


Мәссаған. Қаладағылардың бәрі аспанмен таласқан биік тамдарда тұрады дейтіні қайда? Мынау Сарыбұлақтағы үйлер секілді ғой. Жер үй. Көшесі де тас төселмеген, шаңдатып жатыр.


Қайырбек үйге сөйлей кірді.


– Бибі, мынау Еділ дейтін батыр. Ибагүл апамның баласы. Өткенде айтып едім ғой. Бүгін ауруханадан шығыпты. Мені күтпепті. Ауылына өз бетімен кетпекші. Бәлесін қара. Вокзалдан әрең тауып алдым.


Бибі – Қайырбектің келіншегі гүлді сұр халатының жағасын ұстап, көзі ұясынан шыға таңданды.


– Оның не?! Адасып кетсең, қайттің? Жарайды, әйтеуір, ағаңа жолығыпсың. Оқасы жоқ. Әйтпесе ұятқа қалатын едік...


Бибі шай-тамағын әзірлей жүріп, әлсін-әлсін сұрақ қойып, әлсін-әлсін өздерінің жағдаятын да айтумен болды.


– Жетінші сыныпта оқимын дедің бе? – Иә.


– Қалай енді жазылып шықтың ба? – Иә.


– Неден ауырып едің? – Суық тиіп...


– Ой, абайлау керек. Баланың бәрі сол. Ойын-ойын деп... Өлгеніне қарамайды...


Еділ қалай ауырғанын ежіктеп айтып жатуды бір түрлі ыңғайсыз көрді. Әдемі ауру екенін кім түсінеді.Көп аурудың бірі дейтін шығар...


– Ауыл түгілі, қаладағы балалар да сол. Суық тиіп жиі ауырады. Әйтеуір, бір жақсысы, дәрігер қасыңда... Жетіншіде оқисың, енді бала емессің, бәрін түсінесің. Ағаң екеуіміз де ел қатарлы күн кешіп жатырмыз, біреуден ілгері, біреуден кейін дегендей. Екі қызымыз бар. Біреуі мектепте, екіншісі балабақ­шада. Анада атамыз қайтыс болғанда барайық деп, құдайдың зарын қылдым, ағаң қозғалмады. Бірақ, неге екенін қайдам, түнімен жер бауырлап солқылдап жылап шықты. Беті, көзі ертеңіне күп болып ісіп кетті. Сірә, осы күнге дейін әкесінің кәдірін білмей келгеніне өкінеді ғой деймін. Ағаңның енді-енді ғана ақылы кіріп келеді. Биыл жазда қайтсек те ауылға барамыз.


 


 


Атамыздың басына құлпытас қоямыз. Құран оқытамыз. Әсіресе әлгі екі немересі біздің неге атамыз жоқ деп қоймайды күнде. Атасы бар екенін білсін олар да. Қыр үстінде төмпешік болып жатса да, бәрібір атасы ғой... – Бибі осы тұсқа келгенде өз-өзінен пырс-пырс етіп көзінің жасын сығып алды. – Әкелерінен             безген    тас             бауырлардан            аулақ  жүрейік                        дей         ме,    ағайын-туысқандарымыз да бас сұқпайды. Не масқара. Өткенде сенің апаң да Қайырбекке көшеде жолығыпты. Үйге кірмей ме? Жоқ, бұдан әрі бұлай күн кешуге болмайды. Жазда ауылға барамыз. Енемнің – Қайыр­бектің шешесінің қолына барып тұрамыз. Әлі ел қатарына қосылмаған екі-үш іні-қарындасы бар, соларға демеу боламыз. Шамамыз келгенше қамқорлық жасаймыз. Атамыздың аруағы бізді сонда ғана кешер...


Еділдің көңілі бұзылды. Жақсы адамдар екен ғой. Жұрт бекер жаман ойлайды. Аруақтарды аузына алғаны... Көңілдері таза екен... Кесесіндегі шай әлдеқашан суып қалған-ды, не істерін білмей сонда да қолына алып үргілей берді.


Қайырбек төмен тұқыртқан басын жоғары көтеріп, балаша сасқалақтады. – Қойсаңшы, қайдағы-жайдағыны айтып...


– Несі бар, естісін, анау ауылдағы ағайын-тумалардың құла­ғына жеткізсін, біздің де адам екенімізді білсін... Бала бар шын­дықты, бар жағдайымызды бүкпесіз таза айтады, жұрт басқаға сенбесе де баланың сөзіне сенеді...


– Туһ, сен де...


Қайырбек шарасыз күйде қолын сермеді.


Еділ ауыр әңгіме естісе де бір түрлі бойы жеңілдеп қалған тәрізді. Қораш, түнеріңкі кішкентай бөлме жаңбырдан соңғы даладай тазарып, жайнап кеткендей болып көрінді оған.


Қайырбек Еділді кешке пойызға мінгізіп салды. Жолсерік әйелге қайта-қайта тапсырды. «Қаратөбе стансасынан түседі, ұйықтап қалмасын, азанда оятып жібересіз ғой», – деді.


Еділ таң алдында Қаратөбеге – аудан орталығына жетті. Түнімен кірпік ілмеді. Ұйқтау қайда. Жолсерік әйел: «Балақай, алаңсыз ұйықтай бер, ешқандай қам жеме», – деді бірнеше рет. Еділ «жарайды» дегенімен, бәрібір жастыққа басын тигізбеді. Бетін терезеге басып, далаға қарады да отырды.


Сол күні «Ан–2» ұшағына отырды. Көңілі ғана емес, өзі де көкке көтерілгендей. Жарты сағат шамасында ауылдың қарасы көрінді. Әне, бұлақ. Әне, Қуаңдария. Суы жоқ болса да осы бір құмды сайды жұрт дария дейді. Ертеректе, сірә, шалқыған өзен болса керек. Анау жылқы баз. П әрпіне ұқсас мектеп үйі. Қарақұрым қиқы-жиқы қамыс қоралар. Жапырайған тамдар. Бәрі-бәрі көзіне оттай басылды. Төбеден жақсылап көріп ал дегендей, ұшақ ауылдың үстінен екі рет айналды. Еділ үй-үйдің алдынан көздеріне күн салып көкке қараған адамдарды көрді. Балалар тақырлыққа қарай жүгіріп барады. Ұшақ шаң боратып, адырас­пандардың түбін суырып, тақырлыққа дік етіп қонды. «Аэро­порттан» – қамыс сарайдың алдынан Еділге мамасының таныс тұлғасы жылы ұшырады.


 


Ауылда жаңалық көп екен. Еділ әр әңгімені бал жалаған секілді еліге тыңдады. Мектепбайдың үлкен қызын шөп тасып жүрген автобазаның бір шофері алып қашыпты. Кәмәлиденнің келіні ұл туыпты. Көрші қарақалпақ елінен екі үй көшіп келіпті. Өздері қазақтар екен. Атамекендері осы маң болса керек. Бірақ жұрт көп айта беретін, Еділ жылын дәл білмейді, ашаршылық кезінде қарақалпақ жеріне қарай ауған көрінеді. Міне, енді араға көп уақыт


 


 


салып оралып отыр. «Ат айналып қазығын табар» деген. Ауыл жоғалғаны табылғандай мәре-сәре. Еділдер қатарлы балалары бар екен. Алғашқы кезде қызық болыпты. Ауылдың тентектері оларды жат санап, әуелгіде орталарына енгізбепті.                Күнде              төбелескен.                       Ақырында,                    әйтеуір            татуласқан.                      Сөзінің піссі­мілләсін «қылшылдаған жігіт кезім, екі көзім оттай жанады, ас­тымда сүлік қара жорғам, қолымда сақтиян пістөлетім бар» деп бастайтын Бержан ата қайтыс болыпты. Еділге бір түрлі ауылдан бір бұлбұл алысқа ұшып кеткен секілді болып көрінді. Шынында да ол шежіре еді. Көкірегі тұнған көне әңгіме... Бірінші мамырда Әлібай келін түсірмекші екен, әкесі ат шаптырып ұлан-асыр той жасамақшы. Сейістер әлден-ақ бәйге аттарын жарата бас­тапты. Бұлар Еділ жоқтағы жаңалықтардың белгілі-белгілілері ғана. Ал ұсақ-түйектері қаншама. Оның әрқайсысы бір-бір хикая. Бәрінен бұрын Еділ бұлақты сағынып қалыпты. Бірнеше күн таңдайы кеуіп шөл айдалада жүргендей, көршілердің бірі келіп, бірі кетіп жатқан абыр-сабыр шағында, үйден сытылып шығып, бұлаққа қарай жүгіре жөнелді. Қос алақанын тосып, бұлақтың суын қайта-қайта ішті. Ішкен сайын бал татиды. Мейірі қанбайды. Мұп-мұздай, тәп-тәтті. Сосын айналаға сұқтана көз жіберді. Ғажайып сурет. Кәрі қу жыңғылдарға дейін жасарып үлпек майда бүршік жарыпты. Адыраспан, жусаннан аяқ сүрінеді. Бұлақтың ырғын-тегін аққан қыстайғы суы ойпаңды көл ғыпты. Беті толы шүрегей. Сыпылдаған үйрек. Еділдің көзі тояр емес. Ес білгелі ауылдың мұндай ертегі кезін алғаш рет көріп тұрғандай.


Сұр есегін иығынан шұқылап, бұлақтың басына томаша шал – Шамырат қожа келді. Еділ астаудың ернеуіне көтеріліп, қос қолын беріп амандасты.


– Ассаламаәлейкум, ата?


– Үлкен жігіт бол. Кімсің? Кімнің баласысың?


Шамырат қожа инеге жіп өткізгендей Еділге сықсия қарады. Сірә, шырамыта алмай тұрған секілді.


– Еділмін ғой. Әбділдәнің баласымын.


– Е, солай де. Мұнда неғып отырсың жалғыз өзің? – Жәй...


«Бұлақты сағынып қалыппын...» деп айта алмады, бір түрлі ұялды. Түсінбеуі де мүмкін ғой. Жұрт естісе әрі күліп жүрер. О заманда бұ заман адам сылдыраған суды да сағына ма?


– Біздің қызыл сиырды көрмедің бе? Кешелі бері жоқ. Еділ күлді.


– Ата, мен ауылға жаңа ғана келдім ғой. – Е, қайда болдың?


– Қалада. Ауруханада жаттым екі ай.


– Не дейді?! – Шамырат қожа шошып кетті. – Қаршадай болып не ауру? Әлден ауырасыңдар, бара-бара не боласыңдар? Біздің шықпаған жанымыз...


Сөйтті де есегін тебініп, ауылдың сыртына қарай тартты.


Кешке тележкасына тау қылып отын тиеп, Жақан ағасы келді. Оның қызыл тракторы Еділдің көзіне оттай басылды. Алдынан жүгіріп шықты. Жақан көшенің қақ ортасында тракторын тоқтатып, Еділді кабинасына мінгізіп алды.


– Аға, ауылды бір айналдыршы, – деді Еділ.


Жақан оның сөзін екі етпеді. Тележкасын ағытпастан тақырлыққа қарай құйындатты...


Жұрттың айтуынша, Еділ – баяғы Еділ емес. Едәуір өзгерген. Артық еті сылынған. Бойы сырықтай. Беті қағаздай ағарған. үңірейіп көзі, қалқиып құлағы


 


 


ғана қалған. Саусақтары шидей. Мұның бәрі ауру салған іздер. Ибагүл Еділдің аман-сау келгеніне қуанып, құдайжолы жасады. Шалдардың батасын алды.


Еділ сабағына бара бастады. Достарымен табысты. Бұрын онша сезбеген екен. Еділ туған жердің қасиетті екенін түсінді. Сонау ит арқасы қиянда – қалада ауруханада жатқанда ауылдың май шаң­дағына дейін ертегі-тұғын. Жалғыз аяқ соқпақтар мен қара жол­дар дүбірлетіп шаба жөнеліп, құдды көкжиекке сүңгіген сәй­гүліктер секілді болатын. Тоқал саман тамдар – хан сарайлары. Бұ­лақ – зәмзәм тұма. Ойдым-ойдым сексеуіл, жыңғыл тоғайлары – ит тұмсығы батпайтын сиқырлы ормандар. Осылай елестететін. Ту­ған жерді алыстан сағыну керек екен. Сонда кәдірі артады. Адамдардың арман қуып, неге қиырға кететінінің сырын енді ұғын­ғандай болды. Өмір бойы ауылдан ұзап шықпасаң, туған жердің қасиетін сезінбей өтуің ықтимал. Еділ ауырғанына өкінген жоқ.


Еділдің бір таң қалғаны: Жақан ағасы мен Төлебике жеңге­сінің қазіргі өмірлері баяғы той күнгі бақытты мезеттеріне мүлде ұқсамайтын тәрізді. Бала көңілі ештеңенің байыбына бара алмай әуре. Неге қуанбайды? Міне, Еділдері – Ақтөрелері келді ғой дін-аман сауығып... Әлде бұл түсінбейтін өзге бірдеңе бар ма? Екеуі де бір түрлі көңілсіз. Қабақтары қату. Ашылып ештеңе айтпайды. Жұмбақ. Дастарқанның аяғына дейін отырмайды, бір-екі кесе шайларын ішеді де, үн-түнсіз тұрып бөлмелеріне кетеді. Жақан жұмыстан шаршадым дейді. Төлебике оқушылардың дәптерін тексерем дейді. Қызық. Бірақ бөлмелерінен ауық-ауық жайдары күлкі, көтеріңкі үндер естіліп қояды. Сол күлкі, сол жарқын дауыстарын бұған, мұның інілеріне, мамасына қимағаны ма?


«Неге бұлай?»


Еділдің бұл сұрағына мамасы бірден жауап бере алмады.


– Білмеймін, балам... Соңғы кездері, әйтеуір, осылай болып жүр ғой, не ойлағандары барын кім білсін...


Бір күні Жақан қызық өнер көрсетті. Жұмыстан өлесі ішіп келді. Бұрын мұндай әдеті жоқ-ты. Ащы аузына алмайтын. Трак­торын дар-дар еткізіп көше бетке қойды да, қисалаңдап үйге кірді. Кірді де үйдің әлек-шәлекейін шығарды. Төргі бөлмеде кілемнің үстінде шашын артына қайырып түскен суреті ілулі тұратын. Әдемі портрет. Соны шеге-мегесімен қабырғадан жұлып алып, аяғымен таптады. Бетіндегі әйнегі быт-шыт сынды. Ибагүл шыр-пыр болды.


– Жақанжан-ау, мұның не? Есің бар еді ғой. – Қазір менде ес жоқ!


– Не көрінді сонша?! – Сол!


– Қарағым, мынадай қылуаңды қой. Жаңа үй болып келе жатырсың. Елден ұят емес пе?


Жақан сөзге құлақ аспады. Көзіне шалынып, қолына ілінген киімдерін сыртқа лақтырды.


– Өртеймін! Өлемін!


Айқай-шуға елеңдеп, лезде айналадағы көршілер жиналып қалды. Бәрі жағаларын ұстады.


– Ойбай-ау, мұндайы жоқ еді ғой... – «Жуастан жуан шығады» деген... Ибагүлдің жан даусы шықты.


– Төлебике, а, Төлебике, бері келсеңші, сенің сөзіңді тыңдар! Төлебике бөлмесінің есігін ашып, самсоз күңк етті.


– Мені де тыңдамайды.


 


 


– Сонда не болғаны?


Тып-тыныш үйдің шырқы бұзылды. Балалар бет-бетіне қашты. Еділ Жақанды қолынан тартқылады.


– Аға, аға деймін, демалшы.


Жақан қолын сілкіп қалды. Еділ шалқалап құлап түсті.


– Ойбай-ау, мынау қайтеді, қыра ма, тегі, өзі ауру баланы... – Қырамын.


– Қой, адам болмассың. Бір бәле көрінейін деген шығар. – Бір бәле көрінді. Адам болмаймын.


Еділ жерден атып тұрып және жармасты. – Аға...


Жақан бейтаныс әлдекімді көріп тұрғандай, одырая қарады. – Жоғал!


Бұл Еділдің Жақан ағасынан күтпеген сөзі. Не істерін білмеді, көкірегі ызаға булықты. Бұлаққа қарай жүгіріп ала жөнелді. Бір нәрсеге қатты қамықса да, қатты қуанса да бұлаққа баратын әдеті.


Бір-екі     қарулы    жігіт     Жақанды қоярда-қоймай    қол-аяғынан    көтеріп, бұлқынғанына қарамай тамға апарып жатқызды...


Құдды суық жауынның астында қалғандай Еділ түнімен жаурап шықты. Тұла бойы бір жылымай қойды. Мамасы да, інілері де ауыр ойға батқандай. Бұл не болғаны? Ибагүл ауық-ауық күрсінді.


Иса – ауылдағы ең бақытты, үрім-бұтақты шал. Ұлы ұрымда, қызы қырымда. Бір баласы жылқышы. Біреуі қойшы. Біреуі шофер. Екеуі Алматыда тұрады. Үлкен шаңырақ. Әлібай – сүт кенжесі. Иса «осы кенжем аяқтанса, екі дүниеде де арманым жоқ», – дейтін. Әлібай баланың ең кішісі болғасын, ерке-тұғын. Соқталдай жігіт. Бірақ ісі тура баланікі. Сөзі де пәтуасыз. Бірақ былтыр ақылы кірген-ді. Сары шабдарымен құйындатып келе жатып, оңбай құлаған. Сол сабақ болды. Көпке дейін төсек тартты. Сосын сауыққан соң, бір түрлі адам қалпына келген. Ойланған... Таяқ жеп, сабақ алып адам қалпына келгендей. Міне, бүгін сол Әлібайдың тойы. Көрші ауылдың бір қызын үйіне келін ғып түсірді. Иса шал үшін ақ түйенің қарны жарылған күн. Велосипед мінген қара домалақ балалар үйді-үйге кіріп, жұртты тойға шақырып жүр. Ел «қабыл болсынды» қардай жаудырып, ағылып жатыр. Кемпірлерге дейін сандықтарының түбіндегі бір киер көйлектерін үстеріне ілген. Келіншектер мен жігіттер қызыл-жасыл. Ең әуелі жұрт ауылдың сыртындағы Ақынқожаның мазарының басына жиналды. Таңғы салқында сәйгүліктер бәйгеге қосылды. Жиырма шақырымға жіберілді. Бәйге аттары қайтып оралғанша жігіт-желең мүше алып қашысты. Көкпар тартылды. Күрес болды. У-шу. Мәре-сәре. Мереке. Көрген де арманда, көр­меген де арманда. Еділ Қабыланбайдың тракторының кабинасы­ның төбесіне шығып алып, айналаға таңдайын қағып қарады да тұрды. Ғажап. Адамды құдды тек мереке, той үшін жаралған дерсің. Бүкіл ауыл көшіп жүр. Тайлы-таяғы қалмаған. Иә, дәл бұл күні небір қапылған шаруа болса да үйде қалу – ақылға сыйымсыз. Осы күні үйде отырдым десе, ешкім сенбес еді. Бірақ өкінішке орай, Еділ мынау сапырылысқан дүйім елдің ішінен Жақан ағасы мен Төлебике жеңгесін көре алмады. Әрі іздеді, бері іздеді. Көзі талды. Олар қайда жүр? Бүгін жұмыс жоқ. Бірінші мамыр мейрамы. Еділдің ойынша тойға бару – құр еріккеннің ісі емес. Той – ахеху-ехехулеп ойсыз күліп, ет жеп, қарын тойдыру ғана ма? Жоқ. Біреудің қуанышына ортақтасу ғой. Қайсыбір елең-селең пайдасыз жұмыстан әлдеқайда жақсы сауық-сайран. Той иесі болып шаттану. Той иесі болып ренжу. Ұл өсіріп отырмын, қыз өсіріп отырмын, маған да


 


 


шарапаты жұқсын, ертең өзімнің үйімде де осындай той болады деп ниет қылу. Бұл – тойдың ешқандай кітапқа жазылмаған рәсімі, заңы. Жақсылыққа, ізгілікке қарсы тұруға, ол жайлы жаман ойлауға, қитығып-қырсығуға болмайды. Ретті жерінде қуана білмеген адам адам ба? Әлде Жақан ағасы өткендегі ісінен елдің бетіне қарауға ұялып жүр ме екен? Өйтсе, жақсы. Ал олай болмаса ше?


Той тарқады. Жұрт үйдің иесімен – Исамен жақсы сөзін айтып қоштаса бастады.


– Келіннің келген қадамы құтты болсын. Тойың тойға ұлассын. – Айтқаның келсін.


Иса қаға берісте Ибагүлге өзінің өкпесін білдірді.


– Қарындасым, қайның мен келінің келіп, неге құтты болсын айтпады. Бұл менің өмір бойы күткен қуанышым емес пе еді. Соншалықты елеусіз тастайтындай не жазып едім оларға?


Ибагүл не дерін білмеді. Жаман қысылды. Амалсыз сөзбұйдаға салды. – Ата-ау, жұмыстары болып... Қазір кіріп шығады ғой.


– Е, жарайды онда. Аңқылдаған Жақаннан мұндайды күткен жоқ ем... Ауылдың қара сирақ балалары мен иттері үшін той тарқаған жоқ. Иттер


қазан-аяқ жақтан сүйек-саяқ іздеп әуре. Балалар тойды өздерінше одан әрі жалғастырды. Бір-бір жыңғыл шыбыққа мініп, ақ тақырда дүбірлетіп шауып жүр.


Еділ мамасымен бірге үйге келді. Терезенің пердесі ашыл­маған. Үйге күн сәулесі түспеген. Ибагүл күйінді.


– Шырақтарым-ау, тойға неге бармадыңдар?


Төлебике шашы дудыраған күйінде көзін аударып бір қарады. – Той біздің не теңіміз?


– Немене, сендер соншалықты жұрттың азы мен тозы ма едіңдер, түге? – Жауап жоқ. Үнсіздік.


– Бұл не масқара! Бұрын-соңды мұндай болып па? Қойшы, бала емес, өздері түсінер деймін. Жоқ күннен күнге үдетіп бара­сыңдар. Үйдің әбден берекесін алдыңдар. Баяғы күнімізге зар болдық қой. Өлік шыққан үй де дәл мұндай болмас. Балалар сендердің қас-қабақтарыңа қарайды. Өздері онсыз да жарым көңіл. Әкелері болса бүйтіп жүрер ме еді? Ағаңның орнын жоқ­татпайды ма десек, сенің мұның не, Жақан? Ендігі бұл үйдегі бас көтерер азамат өзің емес пе? Қой, бұлай өмір сүруге болмайды. Не масқара? Жұрт қазір саусағын шошайтып күледі...


Еділ түнімен дөңбекшіп ұйықтай алмай шықты. Бір емес, екі-үш келіндерімен сүттей ұйып, ақар-шақар болып отырған үйлерді есіне алды. Мысалы, Қарақұлдың үйі. Құрқылтайдай там. Шиеттей бала-шаға. Екі келіні бар. Бәрі тату-тәтті. Ың-шың жоқ. Адам сүйсінеді. Ал Жақан ағасы мен Төлебике жеңгесі мынау. Сүттей ұйып бірге тұра бермей ме. Неге үйдің шырқы бұзылды? Әркім тек өз бақытын ғана ойлауы керек пе? Онда не болады. Ешкімге ешкім жақсылық жасамауы тиіс пе сонда? Жоқ, ондай өмірде не қызық, не мән бар?


Өткенде кешкілік сүт сұрай келіп сөз арасында көрші үйдің әйелі – Қадиша апа мамасына жаман бір әңгіменің шет-пұшпағын бықсытқан-ды. Ұйқтап жатқан болып Еділ де құлағын салған.


Жақан ағасы мен Төлебике жеңгесінің ойы – бөлек шығу, өздерінше еркін өмір сүру екен. Бірі білдей тракторшы. Екіншісі мұғалім. Табыстары өздеріне жетеді. Мына үйдің тауқыметін ауырсынатын секілді. Төрт бала адам болам дегенше, әлі қанша уақыт. Өмірің өтеді. Тапқан-таянған ақшалары зая кетіп


 


 


жатқан секілді. Ел қатарлы жарқырап киінбейді-міс. Қыдырып қалаға барып жатқан жоқ. Оған шама қайда, жетім бала, жесір әйелмен бірге мынау аяқтары тұсалып, үйде бықырсып отырғандары.


Бұл күтпеген әңгімесі еді. Мамасы қатты күйінді.


– Дәм-тұзым, ақ пейілімнен аттаса, өздері білсін. Кетем деген адамды байлап тұра алмаймын. Саналарына берсін. Құдайға шүкір, әзір қайратым қашқан жоқ. Әр баланың өз тиесілі несібесі бар. Қайтейін, қазір әркім өз басын қайттаған заман болды ғой. «Жақан, Жақан, Төлебике, Төлебике» дегеннен өзге кінәм болса, кәне. Жақсылыққа – жамандық. Мейлі, маған ренжімес, үй қыл­дым, өтен жасадым. Біз де өлмеспіз. Балалар өсіп келеді. Өз қолдары өз ауыздарына жетер. Бәрі бірдей арам болмас...


Еділ бұл әңгімені естіп тып-тыныш жата алмады. Ұйқысынан шошып оянғандай, орнынан оқыс атып тұрып, далаға жүгіре жөнелді. Бұлақтың басына барып өксіп, ұзақ жылады.


Шынында да Жақан ағасы мен Төлебике жеңгесі соңғы кездері қамшысын сырттан салып бір түрлі қонақ секілді болып жүр. Бүгін-ертең бір жаққа жол жүріп кететін адамдар секілді. Үй шаруасына бұрынғыдай етене араласпайды. Төлебике жеңгесі тамақты да ықылассыз әзірлейді, бұрынғыдай тәтті емес. Көңілі дұрыс болмағасын, тамағы қайдан дәмді болады. Үйдің іші ыбырсық. Еділ бұрынғыдай білек түріп кірісіп кетуге ыңғайсыз­данады. Жеңгесі ренжіп қалуы мүмкін ғой. Жақан ағасы да селқос. Үйде отын таусылғалы қашан. Ер-азаматы бар үйге бұл жараса ма? Зау еткізіп бір тележка сексеуіл әкеліп тастамай ма?


Емен-жарқын тіл қатыспайды. Бөлмелерінен шықпайды. Еділ олардың өздерінен алыстап кеткенін білді..


Әне-міне дегенше оқу жылы аяқталды.


Еділ бір күні түсте тосын істің үстінен түсті. Ойында дәнеңе жоқ, ашытпа ішейін деп тамға кірген. Көзі атыздай болды. Дәлізде қампиған дәу қара чемоданды ұстап, Төлебике жеңгесі мен Жақан ағасы тұр. Бір түрлі жүрегі шаншыды. Жақсылық болса игі еді. Сасып қалды.


– Аға, жеңеше, қайда барасыңдар?


– Біз кетеміз... – деді Жақан ағасы күңк етіп. – Қайда?


– Қалаға.


– Қыдырып па? – Жоқ. Біржола. Неге?


– Солай. Бұл өзі ұзақ әңгіме. Еділ, сен бәрібір түсінбейсің. – Түсінемін. Айтыңызшы.


– Не деуге болады...


Осы сәт сырттан үйге мамасы кіріп келді. Әлгіндегі әңгімені естіп қойғандай, күйініп былай деді:


– Не дейтіні бар, ақыры осылай боларын көптен бері жүрегім сезген. Бірақ адам құсап кетпейсіңдер ме? Азын-аулақ ыдыс-аяқ, көрпе-төсек, еншілеріңді алып... Жаманды-жақсылы осы үйде тұрдыңдар, ағайын-туғанды шақырайық. Мен онсыз да етектеріңнен жабысып, ұстап қалмаймын сендерді. Ұят емес пе елден? Біреу қуды ма? Тым құрыса, тәтелеріңнің жылына шыдамадыңдар ма? Ол байғұс сендердің қуаныштарыңа жете алмай, арманда кетті ғой...


Сөзінің аяғы пышырап, жылап жіберді.


 


Екеуі ләм-мим тіс жармады. Бастарын жерден көтермеді. Олар үшін Еділ қатты қысылды. Тек әлден уақыттан соң ғана бірдеңе дегісі келіп, Жақан тамағын қырнады.


– Ы-ы-ы..


Кенет аспаннан ұшақтың дүрілі шалынды. Бүгін сенбі – қаладан ұшақ келетін күн.


– Ал, Иба апа, ұшақ келе жатыр... Қалып қоярмыз...


– Иә, қалып қоярсыңдар, барыңдар, барыңдар. Алдарыңнан жарылқасын. Адам адамға кездеседі. Осыны естеріңнен шығар­маңдар. Ел-жұртқа масқара болдық-ау...


Еділ Төлебике жеңгесінің қолына тас кенеше жабысты. – Жеңеше, кетпеңдерші...


– Ақтөре, енді бәрі кеш, болмайды. Келісіп қойғанбыз. Сен бізге ренжіме. – Ренжимін!


– Ренжімеңдер...


Жақан мен Төлебике жарқырап көшенің қақ ортасымен жүрмей, ұрлық жасаған адамдарша тақырлық жақпен, ауылдың сыртымен – қора-қораның арасымен кетті.


Еділ кірпіш сарайдың үстіне шығып, көзі жасаурап олардың соңынан ұзақ қарады. Сенгісі келмейді. Кеше ғана емес пе еді той болғаны. Кеше ғана емес пе еді Еділдің ауруханадан шыққаны. Өң мен түстей. Бәрі тез. Әуеге ақ шілтер шаң қалқытып, ұшақ көкке көтерілді. Бірте-бірте қылдырықтай болып, көз ұшынан жоғалды. Еділ көкжиекке жанарын суарып көп тұрды. Алғаш рет тақпақтап:


 


– Самолет-ау, самолет , Біздің үйге қона кет. Қанатыңа мінгізіп,


Мені өзіңмен ала кет! –


 


деп соңынан шаттана айқай салмады. Әлдебір тәтті қиял-арманға беріліп, қол бұлғап қоштаспады. Бұл ұшақ оған дүниедегі ең жаман ұшақ секілді болып көрінді. Ағасы мен жеңгесін алып кетті. Бар қызығы мен қуанышын алып кетті. Алысқа. Қайта оралмайтын жаққа...


 


 


Еділ ертеңіне қос жез шелекті иінағашқа іліп, суға барды. Бұлақтың басынан Боранбайды көрді. Былтырғыдай жұдырығын ала ұмтылатын шығар деп ойлады. Бірақ ол өйтпеді. Қайта көмек­тесіп су алысып берді. Үндемеді. Тек кетіп бара жатқанда Еділге:


– Кешке жасырынбақ ойнайық, – деді. Еділ күлімсіреді.


– Жарайды.


Бір түрлі бойы жеңілдеп қалғандай. Боранбайға ақыл қонған секілді. Сыпайы. Әлде Еділ онсыз да қамығып жүр ғой, оны одан әрі ренжітпейін дегені ме екен...


 


 





Пікір жазу