АРҚАН МЕН ҚАЗЫҚ
Арқан мен қазық әлімсақтан дос еді. Олар ашық қорада, күннің астында жұптары жазылмай, тату-тәтті бірге тұратын. Бір күні екеуі ренжісіп қалды.
– Әй, Қазық! –деді Арқан даусын көтеріп. – Менің бағымды байлама, еркіме жібер, саған өмір бойы шырмалып жүрем бе, бүйтіп қорлама, намысыма тиме. Осы қоңсыластығымыз да жетер. Ойлап қарасам, сен менің теңім емес екенсің. Бойың мыртық, бір-ақ қарыс. Ал мен болсам сұлумын, сусылдаған ұзынмын. Шу асауларды тырп еткізбей ұстаймын. Әбжілмін. Бірақ неге екені белгісіз, адам сорымды қайнатып, бір ұшымды саған әкеп байлап қояды. Осыған қайранмын. Бар еңбегім босқа кетеді. Сен менің арқамда күн кешіп жүрсің. Әйтпесе сені ешкім көзіне ілмес еді. Кеудең жерден бір қарыс қана көтеріліп тұрады. Қақшиясың да тұрасың. Одан басқа бітірер ісің жоқ. Қайта зияның көп. Мәселен, ойнап жүріп, балалар саған сүрініп жығылады...
Қазық Арқанның сөзін үнсіз тыңдады да, былай деді:
– Досым, текке лепірме. Шынтуайтына келгенде, асауды сен емес, мен ұстап тұрмын. Мен болмасам, асаудың мойнында қауқарсыз қаңбақша шұбатылып кете берер ең. Сен адамды кінәлама. Қайта менімен дос қылғаны үшін құрметте. Әйтпесе кәдеге жарамай, әр жерде түте-түтең шығып шіріп жатар едің-ау.
Балалар сүрініп жығылады дейсің, ол менің кінәм бе? Көздеріне қарап жүрсін, мен өзім барып ешкімге ұрынбаймын. Өмір-бақи бір орнымнан қозғалмаймын. Мінезім салмақты. Бойым бір қарыс болса да, күш-қайратым көп. Бұқа да, бура да – бәрі жанымда шыр айналып жүреді де қояды.
– Несіне салғыласамыз, кел, одан да татуласайық. Екеуіміздің өміріміз бір емес пе? Бірімізсіз екіншіміз күн кеше алмаймыз ғой. Осыны түсінсеңші. Керілдесіп қайтеміз.
Арқан ұялып, шыр айналып, қазықты тас қып құшақтады. – Кешір мені.
– Сен де ренжіме. – Жарайды...
Арқанның көңілі көтеріліп, бойы жазылып шыға келді.