28.12.2022
  326


Автор: Сейітқұл Оспанов

КІЛЕМ МЕН КИІЗ

 


 


Төрде ілулі тұрған Кілем терезеден сыртқа сұқтана қарады да, өз-өзінен сықылықтап күліп жіберді.


– Қандай тамаша! Қандай ғажап!


Еденде жатқан Киіз сәл-пәл еңсесін көтерді. – Кілемжан, ол не? Неге мәз боп тұрсың?


– Керемет! Кілем болып жаратылғаныма ризамын. Әйтпесе сен секілді жер бауырлап еденде жатсам, мұның бірін де көре алмас едім...


– Айтсаңшы... Киіз қиыла өтінді.


– Айтпаймын! Сен бәрібір түсінбейсің. Сенің көрген-бақ­қаның еден: аспанда, әлемде, жерде небір қызықтар болып жатыр...


 


 


Кілем Киізге менсінбей шекесінен қарады.


– Өмірің неткен көңілсіз еді. Үсті-басың өрім-өрім. Ою-өрнегіңнен түк те қалмаған. Бір жерің ойық, бір жерің жыртық, жұлдыз-жұлдыз тесік. Шет-шетің кетілген. Кірсің. Лассың. Тамақ төгілген. Май тамған. Қарауға ұят. Мына маған қарашы. Ине-жіптен шыққандай әлі де су жаңа қалпымдамын. Семіз малдай түгім жылтырап тұр. Қызыл гүлдерім көздің жауын алып, отша алаулайды. Көк, жасыл өрнектерім құрақша құлпырады. Үсті-басым ұқыпты баладай тап-таза. Мін жоқ. Қожайынның әйелі мені әлпештеп ұстайды. Апта сайын сулы шүберекпен әдемілеп сүртеді. Шаң-тозаңымды қағады. Бұл үйдегі ең кәделі мүлікпін. Бағам да қымбат. Сондықтан орным төрде. Қызметім бар болғаны – үйге сән, салтанат беріп, келген жұрттың көзін қызықтырып, кұл­пырып тұру. Әлі жап-жаспын. Терезеден далаға қарап тұрмын. Көргенім қызық-думан. Ал сенің жатысың мынау шаңға көміліп...


Киіз тамағы қарлығып, шаршау дауыспен былай деді:


– Кілемжан, несіне мақтанасың, төрде ілулі тұрсам, мен де сен құсап сайрар едім. Амал не. Әркімнің өз орны бар: сенікі төрде, менікі еденде. Бірақ өкінбеймін. Сен бар болғаны көзге ғана қуанышсың. Ал мен кәдімгідей жұмыс істеймін. Сен секілді қолын қусырған ақсаусақ емеспін. Еденнен суықты жібермеймін. Үстімде күндіз-түні балалар асыр салып ойнайды. Бір мезгіл тыныш жатқызбайды. Сирек демаламын. Ою-өрнегімнің оңып кеткені де содан. Ерте қартаям. Ерте ескірем. Не десең де, әйтеуір қызметіме адалмын. Сен көп мақтана берме. Түгіңді күн жеп, күйе жеп еденге түсуің оп-оңай. Менің жағдайымды сонда түсінесің. Әбден шаршап жатырмын, еңсемді көтеруге халім жоқ, әлгінде ғана балалар тепкілеп кетті, неге күлдің, далада не қызық бар? Әңгімеңді айт...


Сол-ақ екен, Кілемнің асқақтаған көңілі су сепкендей басылды. Терезеден не көргенін асығыс-үсігіс айта бастады:


– Далада күн ашық. Аспанда шөкімдей бұлт жоқ. Торғайлар шықылықтап ән салып ұшып-қонып жүр. Әудем жерде сылдырап бұлақ ағып жатыр...


Киіз рақметін айтты.





Комментарии

Элвирьа
Элвирьа 03.01.2023 20:50
Өзгеше ертегі. Киізді аяп кеттім.

Пікір жазу