28.12.2022
  191


Автор: Сейітқұл Оспанов

ЖҰДЫРЫҚ ПЕН АЛАҚАН

 


 


Тым-тырыс тыныштықты Алақанның даусы бөлді.


– Досым, кеше саған қатты ренжідім... – деді ол бір түрлі мұңайып Жұдырыққа.


Жұдырық таңданып, Алақанға жалт қарады. – Неменеге?! Не істеп қойдым сонша?


– Айдос деген баланы білесің бе? – Білемін.


 


 


– Білсең, кеше сол балаға орынсыз қол жұмсадың. Шанасын тартып алдың, онымен шектелмей, бетінен бір періп жібердің. Осының дұрыс па? Ретсіз-ақ қой. Сенің ісің үшін мен ұялдым...


– Туһ, соны да сөз деп! – Жұдырық масаттанды. – Жөнсіз еште­ңесі жоқ. Екіншілей шанасын сұратпай береді. Сол керек өзіне!


– Жоқ, мұның дұрыс емес! Жұдырықтың көзі шатынады.


– Маған сонша ақыл айтатындай сен кімсің, әй?! А? Әттең бір жерде, бір ұяда тұрамыз, әйтпесе сенің де көкеңді көзіңе көрсетер едім... Көп сөзді қой. Менің Жұдырық екенімді әсте есіңнен шы­ғарма. Мен ешкімге есемді жібермеймін. Ақылың өзіңе! Мен сұс­тымын! Мен күштімін! Үнемі түксиіп, түнеріп, түйіліп тұрамын. Жұрт менен қорқады. Сескеніп, именіп жүреді. Кім көрінген ба­сынбайды. Ал сен ше? Күнің құрысын! Елжіреген бірдеңесің. Осы өміріңде «тәйт!» деп біреуді мұрнынан шертіп көрдің бе? Жоқ.


Бірақ Алақан сөзден тосылмады. Жұдырық құсап дікілдемей, сабыр сақтап, жібек мінез, жұмсақ үнмен былай деді:


–     х, досым, әлімсақтан бір жерде тұрып, бір жерде өмір сүрсек те, мінез-құлқымыз бен іс-әрекетіміз екі бөлек екен-ау... Рас, сенікі секілді «өнерім» жоқ. Тентек, бұзық емеспін. Ашу шақыру, көз аларту менің табиғатыма жат нәрсе. Ешкімге күш көрсетпеймін. Қоқан-лоққы жасамаймын. Әлгінде дұрыс айттың, әлі күнге дейін бір адамның мұрнынан шерткен емен.


Өйткені мен – Алақанмын! Осыны түсінесің бе? Атасы мен әже­сі «ботақаным», «құлыным» деп еміреніп, менімен немересінің маңдайынан сипайды. Әкесі ұлының жақсы бір ісіне ырза болса: «Жарайсың!» – деп арқасынан қағады. Адамдар бір-бірімен сәлем­десіп, алақан ұсынады. Анасы баласын «күнім», «гүлім» деп аймалайды.


Маған бұдан артық қуаныштың қажеті жоқ. Мен елді бірлікке, достыққа шақырамын. Ал сенің кәсібің – оларды араздастыру, араларына от салу.


Мені бірақ мойнына су кеткен ынжық, иі жуас екен деп ойлап қалма. Әлдебіреу ретсіз намысыма тисе, Шапалақ боп шарт етемін.


Солай, досым. Менің сөзімді дұрыс түсін. Көршіміз. Мұның бәрін саған жаным ашығандықтан айтып жатырмын. Жұртқа орынсыз ұрына берме. Зәуде бір жұдырық боп сілтенгеніңе қарсы емеспін. Бірақ иеміздің намысы, шын ашу-ызасы боп сілтен. Тек ұятқа қалдырма. Ағат істің артынан өкініші жаман болады.


Жұдырық ойланып қалды.





Пікір жазу