28.12.2022
  212


Автор: Сейітқұл Оспанов

Ең жақсы маусым

 


 


– Айнұр, сен жылдың қай мезгілін ұнатасың? – деді папасы не дер екен деп. – Мен бе?


– Иә, сен.


Айнұр сәл ойланып қалды.


– Мен көктемді ұнатамын. Көктем – ең жақсы маусым. Қар ериді. Жылға ағады. Жылғаға қағаз кеме жүздіріп ойнайсың. Алыстан құстар ұшып келеді. Бау-бақтар көгереді. Гүл деген көздің жауын алып, қаптап өседі. Ең бастысы, мамалардың мерекесі бар...


– Сонымен сен көктемді жақсы көресің ғой?


– Жо-жоқ. Ең жақсы мезгіл – қыс. Сондай ғажап. Айнала ақ көрпеге оранады. Аспаннан жерге аппақ көбелектер ұшып қонады. Шанамен армансыз сырғанайсың. Коньки тебесің. Жаңа жыл келеді. Аяз Ата көп-көп базарлық береді. Шыршаны айналып би билеп, ән шырқаймыз. Бәрінен бұрын өзендер демалып, әбден ұйқысын қандырады.


– Өзендер ұйықтай ма?


– Әрине, ұйықтайды. Олар көктем, жаз, күзде аға-аға әбден шаршайды ғой. Қыста демалады. Мұз боп қатқаны – ұйықтағаны.


– Солай де. Сонымен сенің ең жақсы көретін мезгілің қыс болды ғой?


– Жоқ. Ең жақсы маусым – күз. Күзде барлық жеміс-жидек піседі. Сабақ басталады. Тек өкініштісі, құстар басқа жаққа ұшып кетеді. Дала бір түрлі мұңайып қалады. Әйтпесе күз жақсы.


– Сонымен сенің ең жақсы көретін маусымың қайсы? – Ең жақсысы ма?


– Иә. – Жаз.


– Неге?


– Жазда ең ұзақ каникул. Үш ай армансыз ойнайсың. Жаз­да – тамыз айында менің туған күнім бар. Ең жақсы маусым – жаз. Бірақ, папа, жыл мезгілдерінің бәрі жақсы. Олардың ешқайсысын да ренжітуге болмайды.


– Неліктен?


– Солай. Мәселен, қысты жаман десем, ол уақытында келмей қойса, қайтеміз? Шанамен сырғанай алмаймыз. Коньки теппейміз. Аяз Ата жоқ. Күзді жаман десем, бау-бақшалар жемістерін бер­мей қояды. Көктем жаман десем, құстар келмейді. Жер көгермейді. Жазды жаман десем, каникулсыз қаламын. Туған күнім болмайды. Жоқ, папа, олардың бәрі де жақсы. Мен бәрін де ұнатамын.


 





Пікір жазу