«Саламатсыз ба, апай?!»
Әшейінде кең сарайдай болып көрінетін азық-түлік дүкенінің іші бүгін құрқылтайдың ұясындай тап-тар секілді. Адамда есеп жоқ. Иін тіреседі. Жаз айы. Дала ыссы. Ал бұл жер құдды монша. Ауа жетпейді. Дүкенде ет сатып жатыр. Ажар екі пакет ет алмақшы болып, үйде Лұқпан болмағасын жанына Айнұрды ерте шыққан-ды. Міне, кезекте тұрғанына жарты сағат. Кезек жылдам жылжитын емес. Кенет Айнұр алдыңғы жақта бір-бірімен кимелескен адамдардың арасынан өзіне таныс әлдекімді көріп қалды да, мамасының қолынан сытылып шықты. Ажар:
– Айнұр, қайда барасың? – деді.
Айнұр қолымен алдыңғы жақты нұсқады. – Біздің апай. Сәлем беремін.
– Қой, бері кел, жұрттың аяғының астында қаласың. – Жоқ, қалмаймын.
– Болмайды. Қазір апайың бері шығады ғой. Сосын...
Ажар сөзін аяқтап үлгермеді, Айнұр жұрттың арасына кіріп кетті. – Айнұр!
Ажар шарасыз күйде қала берді.
Айнұр сынаптай жылжып, қысылып-қымтырылып, терлеп-тепшіп Зұлифа апайына қарай қарыс адым болса да жақындай берді. Кезектегілер бірі аяп, екіншісі ренжіп жатыр.
– Мына бала қайда барады, әй?! – Қыстырылып неғып жүр?!
– Абайласаңдаршы, кішкентай бала ғой.
– Шешесі қайда бұның? Неге шақырмайды?
– Осындай кішкентай баланы да дүкенге жібере ме екен? Бұл сөздерді естігенде, Ажар өзін қоярға жер таппады.
– Қап, сені ме... Қазір қасыма келерсің.
Ізінен барайын деп еді, ешкім жол бермеді. Әрі баланы өтірік сылтауратып, кезексіз ет алмақшы ғой деп ойлайды. Амал не. Бір орнында күйініп тұрды да қойды.
Сағатына қарады. Айнұр кеткелі бес минут болыпты.
Бұл кезде Айнұр да Зұлифа апайына жеткен еді. Көзіне тер құйылып, тамағы қарлығып:
– Саламатсыз ба, апай?! – деді. Апай айран-асыр.
– Айнұр, мұнда неғып жүрсің?
– Мамам екеуіміз ет алуға келдік.
– Мамаң қайда?
– Ана жақта. Артта. Есіктің аузында.
– Ал сен мұнда не істеп жүрсің? Қалай жеттің? Жұрт деген мынау ығы-жығы...
– Сізді көріп қалдым да, сәлем берейін деп келдім...
Апай толқып кетті. Айнұрдың басынан алақанымен сипай берді, сипай берді. Не дерін білмеді.
Кезегін тастап, Айнұрды қолынан жетелеп, мамасына апарды. Ажар әбден ызаланып тұрған-ды.
– Кел бері! – деп қатты айқайлап жіберді. Зұлифа апай:
– Бір жолғы ашуыңызды маған қиыңыз, – деді өтініп. – Бала ғой...
Сөйтті де Ажардың құлағына әлдене деп сыбырлады: «Жазғы каникул кезі. Сағынып қалған ғой. Қайтесіз ашуланып...» Сол-ақ екен, мамасы да Айнұрдың басынан сипалады. Айнұр апайы мен мамасының ортасында күлім қақты. Үсті-басы шылқыған тер. Гүлді көк көйлегінің омырауындағы екі түймесі үзілген.