«Аға, сіз папамның досысыз ғой...»
Айнұр күнде сабақтан соң ұзартылған күнге қалатын. Сыныпта үй тапсырмаларын әзірлейтін. Бірақ көбіне у-шу болып ойнап, қаламсаптарын жоғалтып, дәптерлерін жыртып, үсті-бастарын бүлдіріп, үйге кешкі алтыларда қайтатын. Негізінен ойын. Сондықтан да бірінші сыныптықтар ұзартылған күнге қалуға құштар. Ол қалған жоқ. Папасы мен мамасы рұқсат етпеді. Өйткені кеше олар Айнұрды мектептен «әне келеді, міне келеді» деп, сағат жетіге дейін күткен еді. Келмеді. Бұдан әрі шыдамады. Не болып қалды екен деп, жаман мазасызданды. Лұқпан мектепке барды. Мектеп үйге жақын. Барса, Айнұр жоқ. Сыныптары жабық. Оқушылар әлдеқашан үйді-үйлеріне тарқаған. Сонда Айнұр қайда жүр? Жүгіріп қайта үйге келді. Үйде де жоқ. Енді Ажар екеуі бірдей іздеуге кірісті.
Олар Айнұрдың сыныптас балаларының үйлерінің адрестерін де білмейтін. Қайсысы қай жерде тұрады? Ажар жанұшырып көшенің арғы бетіндегі сынып жетекші апайының – Зұлифаның үйіне барды. Апай: «Бағана сағат алтыда бәрі үйлеріне кеткен», – деді. Сөйтті де қызыл блокноттың ішінен балалардың үйлерінің адрестерін іздеді.
– Айнұр кімдермен бірге ойнаушы еді осы? Ә, Жәмилә, Бибігүл, Әсел, Айгүл, Лаура... бәрі бірге жүреді. Өздерінше дос... Олардың адрестері. Кәне, жазып алыңыз...
Ажар адрестер жазылған бір жапырақ қағазды қолына ұстады да, екі өкпесін қолына алып, жүгіре жөнелді. Әне-міне дегенше қас қарайды. Сағат тоғыз болды. Желтоқсан айы. Күн ерте батады. Екеулеп әлгі үйлердің бәріне кіріп шықты. Айнұр жоқ. Енді қайтті? Милицияға хабарлау керек шығар. Сағат он болды. Екеуі не істерін білмеді. Көршілердің бірін қалдырмады. Көрген-білген адам жоқ. Ажардың көзінен жас шығып кетті.
Өстіп не істерлерін білмей отырғандарында, кенет есіктің қоңырауы шырылдап қоя берді. Ажар жүгіріп барып есікті ашты. Өз көзіне сенбеді: көк пальтосы жер сызып, қызыл портфелін қолына салақтата ұстап, Айнұр тұр. Бас салып құшақтады. Лұқпан да айналып-толғанып жатыр. Айнұр аң-таң. Жылдап көріспегендей. Азанда ғана емес пе кеткені. Қуаныштары әлден уақытта барып басылды. Сонан соң екеулеп ұрыса жөнелді.
– Қайда жүрсің осы уақытқа дейін? Есің дұрыс па өзіңнің? Біз мынау жанымыз мұрнымыздың ұшында. Бармаған, іздемеген жеріміз жоқ.
Айнұр не бүлдіргенін сонда ғана ұқты.
– Сәуленің үйіне бардым... – деді кірпігі жыпылықтап.
– Ол кім? Апайың жаңа ондай қыздың үйінің адресін берген жоқ қой? – Ол біздің сыныпта оқымайды..
Ажардың екі көзі атыздай болды. – Енді қайда оқиды?
– Бірінші «е» сыныбында.
– Мәссаған! Қаңғыруыңа өзіңнің сыныбыңның балдары жетпеді ме енді? – Бүгін үлкен үзілісте таныстық. Екеуіміз дос болуға уәделестік...
– Сөзінің түрін қарашы. Неғылған достық. Масқара ғой, масқара! Ол қайда тұрады?
– Әл-Фараби көшесінде. 56-шы үйде. Жерүй.
– Сұмдық. Сонда анау таудың етегіне барып жүрсің бе? Машина ызы-қиқу ағылып жатқан Тимирязовтан қалай өттіңдер?!
– Бағдаршамға қарадық. Көк жанғанда өттік.
– Сұмдық-ай. Жарайды, сосын тез қайтпадың ба? – Ұйқтап қалыппыз. Жаңа ғана ояндық...
– Әке-шешесі үйіңе қайт, папаң мен мамаң іздеп жатқан шығар деп айтқан жоқ па саған?
– Папасы іссапарда. Мамасы ауруханада кезекші екен, жаңа келді... – Масқара! Масқара!
Ұрсып алды да Ажар мен Лұқпан Айнұрға былай деді:
– Қаңғығаныңның алды-арты осы болсын. Ертең ұзартылған күнге қалмайсың. Сағат бірде үйде бол. Телефон соғып білеміз. Уақытында келмесең, енді жақсылық күтпе. Сабағыңды оқып, тып-тыныш үйде отырасың. Тіпті ойнауға сыртқа да шықпайсың.
Міне, Айнұрға осындай «үкім» кесілді. Бұл әзір бұзылмайтын «үкім» еді. Осы сөз бойынша Айнұр бүгін сабақ аяқталу бойында үйге келді. Жуынды-шайынды. Оқу киімдерін шешті. Май жағып, бір тілім нан жеді. Лимонад ішті. Шамасы келгенше үйдің ішін жинастырды. Сосын сабаққа дайындалуға отырды. Шіркін, күнде бұл уақытта сыныпта асыр салып жүретін еді-ау. Амал не. Ұзақ отыра алмады. Ана тілін шала-пұла оқыды. Математиканың есептерін таза дәптерге көшірген жоқ. Іші пысты. Төргі бөлменің пердесін сырып, сыртқа қарап еді, бір-біріне қар лақтырып ойнап жүрген көршілердің балаларын көрді. Бәрі мәз. Дауыстап сөйлеп, айқайлап күледі. Олар еркіндікте. Бұл тұтқында. Айнұр шыдамады. Аяғының астына орындық қойып, балконның есігін ашты. Айнұрды балконнан көруі мұң екен, достары айқайға басты.
– Айнұр, кел бері, сырғанақ тебеміз. – Қар лақтырып ойнаймыз.
Айнұр көзі жаутаңдап қарай берді. Керемет қызықты. Бірақ амал жоқ. – Болмайды.
– Немене ауырып қалдың ба? – Жоқ.
– Енді не?
Ежіктеп түсіндіріп жату ұзақ. – Болмайды.
Сөйтті де үйге кірді. Кіруін кіргенмен, енді байыз тауып отыра алса, кәні. Далаға шығып ойнағысы келді. Қалай шығады. Бағанадан бері мамасы он рет телефон соққан шығар.
– Айнұр, үйдесің бе? – дейді. Бұл: – Иә, үйдемін, – деп жауап береді.
Қатты қадағалап тұр. Далаға шығып ойнап келейін деп рұқсат сұрау бүгін тіпті мүмкін емес.
Не істеу керек? Айнұрдың үйде отырғысы жоқ. Мамасы мен папасы жұмыстан келем дегенше әлі көп уақыт бар.
Бір айла тапқан жөн. Папасына екі рет телефон соқты. «Сабағымды оқып отырмын» деді. Негізгі шаруасын айта алмады, батылы жетпеді. Ойлап-ойлап басы қатты. Кенет тумбаның үстіндегі телефон нөмірлері жазылған қалың сары дәптер көзіне түсті. Қолына алды да бетін парақтады. Бір жерден Әшірбек Амангелдиев деген фамилияны оқып қалды. Папасының досы. Бір-бірімен жақсы араласып тұрады. Екеуі университетте бірге оқыған. Бір бөлмеде жатқан, әр кездескен сайын екеуі құшақтасып көріседі. Жақсы адам. Өзі мықты журналист. Қалада бір ғылыми журналда жұмыс істейді. Айнұрдың басына бір ой келді. Әшірбек ағаның жұмыс телефонын терді.
– Алло, Әшірбек аға ма екен? – Иә, менмін, – деді ар жақтан. – Саламатсыз ба, Әшірбек аға!
– Саламатпын. Иә, бұл кім екен? – Бұл мен ғой, Айнұр.
– Оу, Айнұр, халің қалай, сабағыңды жақсы оқып жүрсің бе? – Бәрі жақсы.
– Жәй ме? Неге телефон соқтың? Жұмысқа телефон соқпаушы едің ғой. – Аға, сізге бір өтініш айтқым келіп тұр. Сіз папамның досысыз ғой.
– Ол не өтініш? Иә, папаң екеуіміз доспыз. – Тек орындайтын болсаңыз ғана айтам.
– Жарайды, орындайын, бір қорап мармелад әкеп бер демексің ғой? – Жоқ. Басқа. Қиын.
Айнұр күрсінді. Әшірбек оның нәзік күрсінісін естіп қалды. – Не болды? Айта ғой, кәне.
– Аға, сіз көмектеспесеңіз...
– Жарайды, айт. Міндетті түрде көмектесем. – Уәде етесіз ғой?
– Иә, уәде етемін. – Шын сөзіңіз бе? – Иә, шын сөзім.
– Оллахи-білләхи деңіз. – Оллахи-білләхи.
– Онда былай: маған папам мен мамам далаға ойнауға рұқсат бермей қойды. Қазір балалардың бәрі далада. Жалғыз мен ғана үйде қамалып отырмын. Ішім пысты. Папам мен мамама айтыңызшы, маған рұқсат етсін.
– Сені неге шығармайды далаға? Бір нәрсені бүлдірдің бе әлде?
Айнұр күмілжіді: шындықты айтсам ба деп оқталды да, бірақ үндемеді. – Жоқ...
– Онда не?
– Білмеймін.
– Қазір онда папаңа телефон соғамын. Күт. Шамалыдан соң хабар беремін. Айнұр трубканы қондырғысына қойды. Не болар екен?
Әшірбек іле-шала Айнұрға телефон соқты. Айнұр телміріп телефонның қасында отыр еді. Бірден трубканы көтерді.
– Алло!
– Айнұр, сен бе?
– Иә, мен, аға?
– Айттым папаңа. Рұқсат берді. Шаққа көндірдім. Айнұр, бірақ кешегідей жәйт екіншілей қайталанбасын. Қалай қарайсың?
Айнұрдың беті қызарды. «Папам айтқан екен ғой». – Аға, екіншілей қайталамаймын...
– Жарайды. Уәдеңде тұрасың ғой? – Иә, тұрамын.
– Жақсы, онда жылы киініп ал да, далаға шыға ғой.
– Рақмет, аға. Бұл жақсылығыңызды ешқашан ұмытпаймын. Сау болыңыз! Айнұр қуана қоштасып, асығыс киініп, қол шанасын сүйретіп далаға шықты.