
Ақшақар
«Кәмпит алып бер!», «Балмұздақ жегім келеді!», «Қуыршақ керек!», «Жаңа көйлек киемін...»
Аузын ашса, Айнұрдың аузынан осы секілді сөздер шығады. Неше түрлі көйлегі бар. Бәрібір аз. Қуыршағы – бес-алтау, өзге ойыншығында да есеп жоқ. Айнұр сонда да сатып алып бер дегенін қоймайды. Көзіне дүкен шалынса болды – «ауруы» ұстайды, қиғылық сап мамасын дүкенге кіргізеді, қыңқылдап әйтеуір бір ойыншық алдырады. Мамасының алдаусыратқанына құлақ аспайды.
Айнұр бүгін және бір «өнер» көрсетті. Көрші үйдің терезесінің алдында отырған сүп-сүйкімді кішкентай бала мысықты көріп:
– Мама, маған бөпе мысық керек! – деді.
Ажар әуелде түсінбей, ойыншық мысық екен деп ойлап қалды.
– Ау, үйде қызыл барқыт Муркаң бар емес пе? Ол әлі жап-жаңа... – Жоқ, маған кәдімгі тірі мысық қажет!
– Оны қайдан табамын саған? – Бақытта бар.
– Бере ме ол? – Береді...
– Туһ, сен де қайдағыны шығарып...
Бақыт – Айнұрдың мамасымен бірге жұмыс істейтін келіншектің қызы. Үйлері қаланың бір шетінде. Автобус бір сағатта әрең жетеді. Алыс. Апасы олай-бұлай алдап көріп еді, Айнұр көнбеді.
– Одан да ертең әдемі қуыршақ сатып алып берейін... – Жоқ! Маған кішкентай бөпе мысық керек!
– Ертең көп қылып балмұздақ әкелейін... – Жоқ, маған...
Айнұр айтқанында қадалып тұрып алды. Алданбады. Жібімеді. Жұмсармады. Амал жоқ, қаланың бір шетіндегі Бақыттың үйіне баруларына тура келді. Ерке қыз. Айнұр мамасы екеуі автобусқа отырды...
Бақыттың үйінен мысықтың бір айлық кішкентай мішімін алып келді. Өзі әп-әдемі. Сүйкімді. Жүні үлпілдек, аппақ қардай. Бала мысық. Аяғын әнтек-әнтек басады. Айнұрдың қуанышында шек болмады. Секіріп шыр көбелек биледі. Алақанын шапалақтап шаттанды.
– Мама, атын кім қоямыз?
– Өзің кім деп қойғың келеді? – Мен бе?
– Иә, сен.
– Мен... Ақшақар деп қоямын!
– Жарайды, ендеше біз оны Ақшақар деп атаймыз.
Шынында да бала мысыққа ат дәл табылып қойылды. Үйдің ішінде құдды жып-жылы бір уыс ақша қар жүрген секілді.
Айнұр әбден бәйек болды. Өзінің кішкентай ойыншық темір табақшасына сүт құйып, Ақшақардың алдына апарды. Тәтті болсын деп, табақшаға бір қасық шекер де септі. Бірақ неге екені белгісіз, Ақшақар табақшаға ернін де тигізбеді. Тек жаутаңдап қарап-қарап қойды. Айнұрдың көңілінен маза қашты. «Неге ішпейді?» Бұдан соң сүтке езіп, жұмсартып нанның қиқымын берді. Ақшақар жемеді. Иіскеп-иіскеп қоя салды. Мұнысы несі? Неге көңілсіз? Бір жері ауыра ма әлде? Секірмейді. Ойнамайды. Қызық қылықтарын көрсетпейді. Құдды жауынның астында қалып, жаурап-тоңғандай бүрісіп, аяқтарын бауырына алып, басын кеудесіне тығып, диванның бұрышынан шықпайды. Жаңа қонысын бөтен санап, айналасына жатырқай қарайды. Жанында өзінің қамқор «мамасы» жоқ. «Қайда ғана келдім?» – деп таңдана мұңаятын секілді.
Айнұр кенет Ақшақардың нәзік ұп-ұзын кірпікті сарғыш дөңгелек көзінің шарасына тығылып, енді-енді ытып шыққалы тұрған моншақ жасты көрді.
– Мама, Ақшақар жылап тұр! – деді Айнұр даусы дірілдеп, өз-өзінен көңілі бұзылып.
– Кәне, кәне?
– Әне, көзіне қарашы. Неге жылап тұр? Қарны аш па?
Мамасы да қарады. Ақшақар шынында да үнсіз жылап тұр еді. Мөлдір көз жасы электр шамының сәулесімен жалт-жұлт етеді. Таң қалды.
– Жоқ, қызым, қарны аш емес. – Енді не?
– Неге дейсің бе? – Не деп жауап қайтарарын білмеді. – Неге дейсің бе?... Ол «мамасын» іздеп жылап тұр, «мамасы» анда – Бақыттың үйінде қалды ғой, ал Ақшақар мұнда...Екеуі екі жақта. Оңай ма. Егер қасыңда мен жоқ болсам, сен қайтер едің? Ол да сондай...
Осы сәт бағанадан бері тақылдап тұрған Айнұр үнсіз қалды. Кірпігі жыпылықтап, көзіне жас үйірілді. Пырс-пырс етіп:
– Мама, онда Ақшақарды Бақыттың үйіне апарып тастайық, – деді.
– Сонда қалай саған мысық керек емес пе?
– Керек емес... Ақшақар жылап тұр ғой... Қазір апарып тастайықшы... – Ертең апарамыз.
– Жоқ, қазір...
– Шаршап тұрмын.
– Мама, өтінемін... Қазір апарайықшы... Мені жақсы көретінің рас болса... Мамасы шаршап тұрса да, ерке қызының шын мәніндегі бұл өтінішін жерге
тастай алмады. Түн ортасы болса да Айнұрды жетектеп, автобус аялдамасына қарай беттеді. Қолында бала мысық – Ақшақар.