28.12.2022
  309


Автор: Сейітқұл Оспанов

Сережаның значогі

 


 


Лұқпан Айнұрды балабақшадан алып, аялдамаға келді. Автобусты ұзақ күтті. Бір уақытта көз ұшынан бір автобус көрінді. Лұқпан Айнұрды қолынан ұстап, мініп кетуге дайындалды. Адам көп. Алдын ала әрекет қылмаса, қалып қоюлары мүмкін.


Бұдан кейін автобустың тағы қашан келетіні белгісіз.


Лұқпан кенет Айнұрдың сол қолынан әлдебір значокті көріп қалды. – Айнұр, бұл кімдікі? – деді.


– Сережанікі.


– Немене, өзі берді ме?


– Жоқ, жаңа ойнап жүргенімізде менде кетіп қалыпты. – Дұрыс болмаған екен.


– Ертең әкелем ғой.


– Әрине, ертең өзіне бересің, бірақ қазір іздейді ғой. Сені есіне түсіреді де, Айнұр қалай рұқсатсыз алып кетті дейді. Өткенде қызыл шанаң жоғалғанда, өзің қалай іздедің. Ол да солай.


Қызыл шанасын есіне алып еді, Айнұр Сережаның қазір басынан қандай күй кешетінін жақсы түсінді.


– Папа, ендеше, Сережа әлі кете қоймаған шығар, значокті жүгіріп апарып беріп келейін, – деді папасына қарап.


Осы сәт көптен күткен автобустары да жақындап қалып еді. – Жарайды, оқа етпес, ертең ұмытпай апарып бересің. Айнұр көнбеді.


– Жоқ, қазір тез апарып берем, ол іздейді ғой. Ұят қой... – Енді кеш. Автобус келді.


– Кеш емес!


Айнұр Лұқпанның қолынан сытылып шықты да, балабақшаға қарай жүгіре жөнелді. Бір кезде ентігіп келді.


– Папа, апарып бердім. Сережа рақмет айтты. ...Екеуі келесі автобусты тағы да жарты сағат күтті.


 





Пікір жазу