28.12.2022
  384


Автор: Сейітқұл Оспанов

Қызыл шана

Айнұр азанда ұйқысынан тұрды да, бірден терезеге қарады. Желтоқсан айы аяқталып қалған. Бірақ, неге екені белгісіз, әлі қар жауған жоқ-ты. Ал Айнұр қарды асыға күтіп жүрді. Содан күнде таңертең терезеге қарауды әдетке айналдырған болатын. Себебі түнде бұл ұйықтап жатқанда, қар жаууы әбден мүмкін ғой. Күнде терезеге қарайтын да: «Әлі қар жаумапты», – деп ренжитін. Бүгін арманы орындалғандай:


– Папа! – деп айқайлап жіберді. – Далаға қарашы, айнала аппақ! Қар жауыпты! Шана алып бер енді маған.


– Жарайды, – деді папасы.


– Міндетті түрде. Әйтпесе дос емессің. – Айттым ғой, алып берем.


Айнұрды мамасы балабақшаға алып кетті.


Лұқпан кешке Айнұрға базардың ішіндегі қабырғалары әйнекті үлкен дүкеннен қызыл шана сатып әкелді. Айнұрдың қуанышында шек болған жоқ. Папасының бетінен шөпілдетіп қайта-қайта сүйді.


Сөйтті де қалың киініп, далаға шықты. Үйдің артындағы кішкентай төбешіктің басы қарақұрым бала. У-шу. Төбе басынан шаналарымен сырғанап жатыр. Айнұр соларға араласты да кетті.


Қыстың күні бір тұтам. Әне-міне дегенше қараңғылық түсті. Папасы Айнұрды үйге шақырды. Ал оның қыңқылдап, мүлде қайтқысы жоқ. Қыстың қар жауған алғашқы күні. У-шу ойын. Әрі жаңа қызыл шана. Папасы Айнұрдың көңіл күйін түсінді.


– Жарайды, ендеше бір-екі кесе шай іш, сосын тағы да шамалы ойнарсың, – деді.


Айнұр бұл сөзге қуана келісті. Қызыл шанасын есіктің алдына қойды да, аяғын тарс-тұрс қағып үйге кірді. Ойыннан екі беті бал-бұл жанады. Шайдың үстінде:


– Мама, менің шанам бәрінікінен де жүйрік, – деп мақтанды. – Тура ертегідегі желаяқ секілді. Балалардың бәрі қызықты. Папа, қалада басқа мұндай қызыл шана жоқ па?


– Жоқ, – деді папасы күліп. – Жалғыз ғана.


– Дәл солай. Ешкімде де қызыл шана жоқ екен. Асығыс-үсігіс бір кесе шайды әрең ішті де, қолына екі түйір печеньені ұстап, далаға шығуға оңтайланды.


– Жеті түнде қайда барасың? – деді мамасы.


– Төбеге барып бір-екі рет сырғанап қайтамын. – Қорықпайсың ба?


– Жоқ, қорықпаймын.


– Лұқпан, өзің бірге бармасаң болмас. – Жарайды.


Айнұр папасы екеуі киініп сыртқа шықты. Бірақ шыққанымен не пайда... Міне, қызық. Айнұрдың сырғанақ тебем деген ойы іске аспады... Есіктің аузында қалдырған қызыл шанасы үшті-күйлі жоқ. Айнұр жерге бір, папасына бір қарады.


– Папа, шанам қайда кеткен?


– Білмеймін... – Лұқпан да аң-таң. Біреу ұрлап кеткен ғой деуге тілі бармады. Айнұрды алдаусыратты.


– Сен әлгінде қызыл шанам ертегідегі желаяқ секілді деп едің ғой, өзі бір жаққа кетіп қалған шығар. Ертегіде ондай оқиғалар бола береді емес пе?


Айнұр бұл сөзге алдарқанбады. Жылайтын сыңай білдірді.


– Жо-жоқ, ертегі деген тек кітапта ғана болады... Папа, жаңа менің қызыл шанама балалардың бәрі қызыққан, бәлкім, біреуі алып, төбе басында сырғанап жүрген болар, барып көрейікші.


Екеуі төбеге келді. Мұнда манағыдай емес, айқай-шусыз, балалар сиреген, үш бала ғана ойнап жүр. Айнұр олардың шаналарына үңілді. Басқа. Бірі көк. Екіншісі ағаш шана. Үшіншісі ескі.


– Менікі жоқ... – деді мұңайып. – Енді қайдан табамыз? – Қайдан табасың... Табу қиын.


Лұқпан терезелерінен шамдары самаладай жарқыраған айналадағы көп қабатты үйлерге қарады. Бәріне кіріп сұрап шығу мүмкін емес. Бәлкім, көршілердің балалары алмаған шығар. Көшеде кетіп бара жатқан әлдекім есік аузында тұрған әдемі шананы көрді де, қызығып сүйретіп әкетті... Кім екенін қайдан білесің. Үлкен қала. Шананы іздеу – бір мая шөптің арасына түсіп кеткен инені іздеумен бірдей.


Айнұрдың қуанышы су сепкендей басылды. Еңсесі түсіп үйге келді. – Қалай, ойнап болдың ба? – деді мамасы.


Айнұр тіл қататын халде емес еді. Оның сұрағына папасы жауап берді.


– Шанасын біреу алып кетіпті. Жоқ. Таппадық.


– Қап! Әлгінде үйге кіргізе салғандарыңда ғой, дәнеңе болмайтын еді. Ұрлап кеткен ғой. Ертең тағы да шана алмақсыңдар ма енді? Ақша деген су емес...


Айнұр қиын бір жұмбақтың шешімін тапқандай сәл ойланды да, мамасына қарады.


– Балалардың біреуі қызыққан ғой. Бәлкім, ойнап болғасын өзі ертең әкеліп беретін шығар.


– Әй, қайдам. – Жоқ, әкеледі.


– Шынымен сенесің бе? – Сенемін.


– Неге?


– Сол. Ол бала қызыл шананы үйіне алып барады ғой, сонда мамасы, я папасы «мынау кімдікі, қайдан алып келдің» деп сұрайды. Ол сонда: «Айнұрдікі», – дейді. «Сұрап алдың ба?» – дейді мамасы. Ол: «Жоқ, – дейді. – Есігінің алдында тұр екен, қызықтым да, алып кеттім». «Ештеңені сұраусыз алуға болмайды. Мұның ұят. Ертең кешірім сұрап, өзіне апарып бер», – дейді сөз жоқ. Әкелсе, әрине, кешірем ғой. Мамасы Айнұрдың аңқау үмітіне сенбеді.


– Әй, қайдам, ондай болса, жақсы. «Ой, мынау олжа шана, ертең Айнұрдың көзіне көрсетпей сырғана» десе қайттің мамасы?


– Олай деуі мүмкін емес! – Көрерміз...


Айнұр бір мезгілдің ішінде қызыл шаналы болып керемет шаттанып және көзді ашып-жұмғанша жоғалтып алып мұңайып, сосын қызыл шанасының ертең қолына қайта тиетініне кәміл сеніп ұйқыға жатты.


Айнұр шанасын әлдекім ұрлады дегенге сенгісі келмеді. Түнде түс көрді. Түсінде үлкен көшенің арғы бетіндегі Сергей атты кетік тіс, сепкіл бет кішкентай бала жанында Бобик деген сабалақ жүнді иті бар, жан-жағына сақтана қарап, қызыл шананы есіктің аузына қойып, әлдекім соңынан қуып ұстап алардай қашып бара жатыр екен. Бірақ бәрібір Айнұр біліп қойды. Себебі оның Бобигі шәу-шәу етіп үрді. Айнұр оянып кетіп, Сергейді сыртынан көріп қалды. Мейлі. Айнұр оны бәрібір кінәлаған жоқ. Ертең ешкімге де «Сергей ұрлықшы» деп айтпауға ішінен өзіне-өзі уәде берді... Ертеңіне осы жақсы әсермен оянып, Айнұр жүгіріп барып есіктің аузын қарады. Түсі айнымаған өңі сияқты еді. Бірақ бекер екен. Сергей қызыл шананы әкеліп қоймапты. Есіктің аузынан үйілген қардан өзге ештеңе көрінбейді. Бір түрлі ренжіп қалды. Балабақшаға да ренжіп кетті. Кешке дейін уақытты әрең өткізді. Кешке үйге тәтті үмітпен келді. Кірді де:


– Мама, шананы ешкім әкеліп берген жоқ па? – деді.


– Жоқ, – деді мамасы күліп. – Ешкім кешірім де сұрамады. – Шынымен бе?


– Иә, шынымен. Сен ойлағандай болады деп пе ең? Айнұрдың қабағы түйілді. Ештеңеге зауқы болмады.


Айнұр ертеңіне де қуанышқа бөленбеді. Қиялындағы адал ұрлықшы бала ұялғаннан беті қызарып, кешірім сұрап, қызыл шананы әкеліп берген жоқ. Босқа үміттенген екен. Ол енді күдерін үзді. Айнұр өз-өзінен әлденеге түсінбей күбірледі: «Үлкен қала. Әдемі қала. Астана. Сонда осындай қалада ұрлықшы балалар бар болғаны ма?»


– Әй, аңқауым. – Папасы басын шайқады.


Айнала ақ ұлпа қар. Қыстың сәні – шана. Онсыз қызық емес. Лұқпан Айнұрға және бір шана сатып әкеп берді. Бұл көк шана еді. Айнұр бір түрлі қызарақтады. Үш күнде екі шана. Қатты ұялды. Қызыл шананы ұрлап кеткен бала үшін ұялды.





Пікір жазу